ТӘУЕЛСІЗДІК - ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ
(ОЙ ТОЛҒАУ)
Тәуелсіздік! Осы бір қасиетті де қастерлі ұғымға табынбайтын, тебіренбейтін, толқымайтын адам баласы жоқ шығар, сірә!?
Өйткені ешкімге тәуелсіз болмай, азат дүниеде еркін өмір сүру – қай халықтың болмасын ежелден аңсаған ұлы арманы. Тіпті адамзат тарихының өзі сонау көне заманнан үзбей жалғасып келе жатқан азаттық пен тәуелсіздік жолындағы халықтар күресінің саналуан шежіресі десек те, артық айтпаймыз. Тарих көшінде тәуелсіздікке, азат өмірге қолы жете алмай кеткен халықтар қаншама!? Сондықтан да бодандық бұғауынан босап, тәуелсіз ел болу – жер бетіндегі барлық халықтар үшін қашанда қастерлі ұғым болып қала бермек.
Тәуелсіз ел болуды қазақ халқы да сан ғасырлар бойы армандап, аңсап келген. Қазақ халқының мыңдаған жылдар бойғы тарихына көз салып, ой елегінен өткізсек, осынау Ұлы Даланы ежелден мекендеген көшпелі елдің, ата-бабаларымыздың бүкіл өмірі ел тәуелсіздігі үшін жанталасқан күреспен өтіпті. Тарихымызға бір сәт көз жүгіртіп көрейікші... Тарихын тасқа қашап жазып кеткен Күлтегін, Тоныкөк, Елтіріс сынды қағанат қаһармандарының тәуелсіздік жолындағы жанкешті жорықтары... Алғаш «қазақ» атын шығарып, қазақ хандығының туын көтерген Керей мен Жәнібектің, Қасым хан мен Есім ханның, Салқам Жәңгір мен Әз Тәукенің елі мен жері үшін сіңірген ұлы тарихи еңбегі... Бертін келе қанқұйлы жоңғар шапқыншылығына қарсы Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек сынды көптеген батырлардың аңызға айналған ерлігі мен айбынды жеңістері... Жалпы қазақ халқының қайсар рухты жауынгер ұлт екенін айқын дәлелдеген хандық дәуірді Елбасымыз: «Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі» - деп жоғары бағалаған болатын.
Сол ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында арайлап атқан еді... Сонау сақ, ғұн, түркі, қыпшақ замандарынан бері уақыт көшімен бірге жарысып келе жатқан, сол ұзаққа созылған ұлы жолдардың табанында мың өліп, мың тірілген халқымыз:
«Бүгінгі күн – тәуелсіздік алған күн,
Асқақ арман алау болып жанған күн!
Бүгінгі күн – қазағымның басына,
Бақыт құсы мәңгілікке қонған күн.
Бүгінгі күн – теңдесі жоқ ғажап күн,
Ата-бабам армандаған азат күн!
Тыныштық пен татулықта, бірлікте,
Желбіресін көк байрағы қазақтың!» -
деп, өз тарихындағы ең қастерлі күнді, тарих шежіресінде алтын әріптермен айшықталып жазылатын ұлы күнді шексіз қуанышпен қарсы алып, бақыт құшағына бөленді!
Бұл күні біз сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қарсы келген жауын қақырата жеңіп, ұшқан құстың қанаты талатындай ұлан-байтақ даланы аманат етіп, еншімізге қалдырып кеткен бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаумен өткен асқақ арманына қол жеткізіп, қазіргі заманғы тәуелсіз мемлекет құруға қарай тыңнан батыл қадам бастадық. Ғасырлар бойы ғажайып қиял, тәтті сөз болып қана келген Тәуелсіздік енді текті сөзге, қасиетті ұғымға айналды. Тәуелсіз ел, Тәуелсіз Қазақстан, Тәуелсіздік алаңы, Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік монументі сынды сөздер құлаққа жағымды естіліп, қашанда көңілге қуаныш сыйлап тұрғандай болады бүгінде.
Міне, Тәуелсіздік алғанымызға, егеменді ел атанғанымызға жиырма бес жыл толып отыр. Ширек ғасыр! Ширек ғасыр, әлбетте, дәуір деңгейінен қарағанда тым көп те мерзім емес. Бірақ осы жиырма бес жылда біздің тәуелсіз еліміз, жас мемлекетіміз ғасырға бергісіз жеңістерге толы жасампаз жолдан өтті. Ғасырға бергісіз болатыны, біз осы жылдары бұрынғы жүз жылдықтар аумағына әсте сия бермейтін орасан зор істерге құлаш ұрып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Жас мемлекетіміз аз уақыт ішінде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда адам сенгісіз биік белестерден, асқар асулардан өтті. Қазақстанның әлем қауымдастығын құрайтын БҰҰ-ға мүше 193 елдің қатарына енуі өз алдына, ол жер-жаһанның жұрты санасып, елі ақылдасатын белді де беделді мемлекеттердің біріне айналды. Қазақстанның қысқа мерзімде қол жеткізген табыстарын барша отандастарымыз да, шетелдік небір танымал тұлғалар да, сұңғыла саясаткерлер де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ұлы еңбегі деп біледі және жоғары бағалайды. Өйткені ол тәуелсіз Қазақстанның негізін қалады. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көшбасшысы атанды. Президент ретінде елін әлемге танытты, әлем оны аса ірі саяси тұлға ретінде таныды. Бүгінде көптеген елдердің саяси қайраткерлері мен әлемге танымал сарапшылары, сондай-ақ ғылыми-талдау орталықтары Қазақстан Президентінің іргесі берік, болашағы айқын тәуелсіз мемлекет құрудағы, көпұлтты мемлекетте ынтымақ пен бірлікті нығайтудағы және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі «Қазақстандық жол» деп бағаланған еңбегі мен тәжрибесіне қызыға да қызғана да қарап, жан-жақты зерттеуде, үлгі алуда.
Әрине, бүгінгі жетістіктер оңайшылықпен келген жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы жағдай мен қазіргі өмірді бір сәт салыстырып қарар болсақ, жер мен көктей айырма бар екенін көреміз. Қираған экономика, тұралаған өндіріс орындары, тауар тапшылығы, жаппай жұмыссыздық, инфляция, ішкі жалпы өнімнің құлдырауы... Тәуелсіздігіміз енді қолға тиген және жоғарыда айтылғандай қиындықтарды бастан кешіп жатқан ел егемендігінің алмағайып жылдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі қиын жағдайдан, дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар».
Қиын-қыстау кезеңде халық өз тағдырын Президентке сеніп тапсырды. Ол кезде тәуелсіз республикаға қажетті экономика, материалдық-техникалық база, тіпті мемлекетті басқаратын тәжрибе де жоқ еді. Осының бәрін рет-ретімен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жасады. Тарих иығына артқан аса жауапты да батпандай ауыр міндеттерді Елбасымыз нағыз хас батырдай көтере білді! Сол бір тәуелсіздіктің алғашқы аласапыран жылдарында Елбасы: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті ауыр. Не істесек те, ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді... Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық, Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» - деген еді. Көреген басшының айтқаны айнымай келіп, ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен еліміз Елбасының дана басшылығымен бүгінгі бақытты күнге жетіп отыр.
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған ғасырлар бойғы асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Арамызда аракідік естіліп қалатын: «Тәуелсіздік бізге оңай, ешбір қан-төгіссіз, жеңіл келді»,-деп жүргендердің сөзі –текті сөздің тереңіне бойламай, ұшқары айтылған бос сөздер дегім келеді. Бұл арғысын айтпағанда күні кеше ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жалынды жастардың ерік-жігері, көз жасымен келген Тәуелсіздік. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Жиырма бес жыл ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің бар екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Ширек ғасыр ішінде өзіне тәң барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.
Жыл сайынғы ел Президентінің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті. Жалпы, республикамыздың жиырма бес жылдағы шежіресін барлап қарасақ, Елбасы мен Тәуелсіздіктің ажырамас біртұтас ұғым екеніне көзіміз жете түседі. Тәуелсіздіктің әрбір жылы небір маңызды оқиғаларға толы болғанын көреміз. Соның бірі және алғашқысы – қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Семей полигонының Президент Жарлығымен жабылуы. КСРО ыдырап жатқан тұста, барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Елбасымыз егемен елдің ертеңі үшін үлкен тәуекелге барды. Сөйтіп, ядролық державалар басшыларына тағылым көрсетіп, қарусыз әлемнің көшбасшысына айналды.
Халқы ауқатты, жақсы тұратын тәуелсіз мемлекеттің руханияты да мықты болмағы анық. Бұл жайлы Елбасының жазба еңбектерінде айтылған. Ел экономикасын аяғынан тік тұрғызып, сауда ұйымына мүшелік етуімізде де алдын-ала жоспарланған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының орны ерекше. Бәсекеге қабілетті жаңа мемлекеттің соны идеологиясы мен бағыт-бағдары, өзіндік тәжірибесі бар болуы шарт еді. Міне, ол күнге де жеттік! Енді, тарихи шегініс жасап көрейікші. Керей мен Жәнібек хандық құрған тұста халық кемеңгері Асан Қайғы (Асан Сәбитұлы) қазақ елінің өніп-өсер шұрайлы мекенін, яғни, «Орда» болып орналасар орынын іздеді. Мақсаты, қазаққа «Мәңгілік» мекен болар «Жерұйықты» табу еді. Асан Қайғының осы бір арманы бес ғасырдан кейін Тәуелсіз қазақ мемлекетінің идеологиялық тұғырына айналды. Идеологиялық тұғыр деп отырғанымыз – әрине, егеменді еліміздің бүгінде ұстанып отырған «Мәңгілік Ел» саясаты. Осы сөздің астарында тарихтан тартқан тамыр бар, болашаққа бағыттар мақсат пен мүдде бар.
Мәңгілік – ол мемлекет. Мәңгілік – ол жер. Мәңгілік – ол Ел. Мәңгілік – ол ұрпақ. Мәңгілік – ол сана. Олар мәңгілік үстемдік құрған елде Тәуелсіздік ұғымы мәңгі жасай бермек!
Тәуелсіздік – тарихым, шежірем ол, өткенім,
Ақтабаннан аман қап, асқан асу, өткелім.
Тәуелсіздік – ғасырлар қойнауынан бүгінге,
Арманы асқақ қазақ боп аман-есен жеткенім!
Армандардың асуын зор сеніммен аттаған,
Елім үшін мен бүгін кеуде керіп мақтанам.
Гүл жайнаған өмірге қарап тұрып шаттанам,
Міне, осы Жерұйық Асанқайғы таппаған!
Бектөлеу Имантаев,
