Видео

}     

КӨПТІҢ НАЗАРЫ КӨКБАЙ АУЫЛЫНДА

Қашым мешітіне 10 жыл

 Ауданымыздағы шаруашылығы шалқыған, халқының дәулеті жыл санап артып келе жатқан іргелі елді мекендердің бірі Көкбай ауылдық округі. Халық саны мол һәм береке-бірлігі бекем ауылдың мәдени-рухани өмірінде де айтарлықтай зор жетістіктер мен жаңалықтар молынан орын алуда. Әсіресе, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жарқын мезеттер қатары тіптен артты.

Аталмыш ауыл бойынша ағымдағы айдың айтулы шаралары арасында Қашым мешітінің 10 жылдығына арналған іс-шараны айрықша атап өтуге болады. Бүгінде әсіресе жастарды төл дініміздің асыл құндылықтарымен сусындатып, ауыл халқының рухани қажеттілігін өтеуде маңызды орын алатын ғибадат үйі осыдан аттай он жыл бұрын белгілі кәсіпкер азамат Ауылбек Қашымұлының демеушілігімен бой көтерген болатын. Қазіргі күні тек Абай ауданы бойынша ғана емес, күллі облысымыздағы ауыл мешіттері арасында сәулеті келіскен еңселі құлшылық орны болып саналады. Бүгінде Көкбайдың келбетіне көрік қосқан аталмыш мешіт дәстүрлі дінімізбен орайластырып, бабалардан жеткен ұлттық құндылықтарымызды да насихаттауда. Қазіргідей алмай-ғайып заманда дін қызметкерлерінің жүргізетін тәрбиелік-тағылымдық қызметінің маңыздылығы аса зор екендігі белгілі. Ал аталмыш мешіттің 10 жылдығын жастар арасында спорттық шарамен атап өту осынау жайттарды жұртшылық алдында айғақтағандай еді.

Қашым мешітінің он жылдығына арналған сайыс күрестің дзюдо түрінен өтті. Сөз орайында айта кетейік, аталмыш спорт түрі бүгінде ауданымызда кеңінен қанат жайып келе жатыр. Балуандарымыздың облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарда татами төрінде белдесуге түсіп, қоржынға олжа салып жүрген жайы бар. Ұйымдастырушылардың дзюдоны бекерге таңдап алмағаны анық. Себебі, күрес өнері – пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті болып саналады. Бұл ретте түрлі айтулы шараларда ҚМДБ күрес сайыстарын өткізіп жүргендігі белгілі. Аталмыш сайысқа ауданымыздың әр ауылынан кіл мықталар іріктеліпті. Білек күшіне сеніп келген балуандар арасында облыстық біріншілікте топ жарып жүрген өрендер қатары да мол болды. Осыған қарап-ақ доданың қызу өтетінін аңғаруға болатын еді.

Күткеніміздей-ақ сайыс барысы мейлінше тартысты өрбіді. Алып та жыққан, шалып та жыққан балуандар қатары мол болды. Дзюдо – жекпе-жектің әлемдегі ең танымал түрі және айналысушылардың саны бойынша көш бастап тұрған спорттың бірі. Сондықтан да болар, аталмыш күрес бойынша қалыптасқан өзіндік әдіс-айла, түрлі тәсілдер де көп. Ал абайлық балуандардың осындай әдістерді шебер пайдаланатынына, дзюдоға әбден машықтанғанына, татами төрінде сауатты күресетініне осы жарыста тағы бір мәрте айқын көз жеткіздік.

Айта кететіні сол, дзюдоны қазақ күресімен айналысатындар, грек-рим, самбо, тіпті, айкидо мен джиу-джитсу сынды Шығыс жекпе жегімен шұғылданушылар да еркін меңгеріп, бірден күреске түсе алады. Барынша қолайлы, икемге ыңғайлы. Сондықтан да болар, жарыс жолына шыққан жастар арасында бәсекелестер қатары мол болды. Десек те, «күш атасын танымайды» деген. Күн ұзаққа созылған тартысты додадада кіл жеңімпаздар суырылып шықты. Айта кетер болсақ, 1999-2001 жылдары туғандар арасындағы сайыста бірінші орынды 42 келіде лицей оқушысы Байсиық Құмаров, 50 келіде Шәкәрім мектебінен Нұрасыл Толымханов, 55 келіде лицейлік Данияр Кеңесбеков, 66 келіде көкбайлық Толымқан аслан иеленді.

Сонымен қатар, 2002-2004 жылғы мектеп оқушылары арасында топ жарып бас жүлде алғандар арасында үздік өнерімен көзге түскен бірқатар жасөспірімдердің есімдерін атауға болады. Мәселен, 29 келі салмақта көкбайлық Тілеуғалиұлы Еркебұлан, 32 келіде Әуезов мектебінің оқушысы Сайлауханов Алтынхан, 35 келіде Айдынғали Айғали, 38 келілік көкбайлық оқушы Берікханов Береке, 42 келіде лицейлік Рахатұлы Қайсар бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, осы жылы туғандар арасында ауыр салмақта сынға түскен 60 келідегі лицей оқушысы Әділетұлы Арыстанды да айта кеткен жөн.

Ал 2005-2007 жылғы жасөспірімдер арасында жүлде қоры тіптен көп болды. Атап айтсақ, бас жүлдені 23 келіде Абай лицейінен Ернұр Медетбеков, 26 келіде Көкбай мектебінен Мейрамғалиұлы Арман,  29 келіде көкбайлық Батырханов Дамир, 32 келіде тағы да көкбайлық Ұлағат Абзал, 35 келіде көкбайлық Амантаев Ләззат, 38 келіде Шәкәрім мектебінен Жанарбекұлы Ерали, 42 келіде көкбайлық Әлем Шәкабай, 46 келіде Ш.Әбенов мектебінің оқушылары Мейірлан Тұрсынов пен +46 келідегі Мирас Сұлтанұлы зор абыроймен жеңіп алды.     

Әрине, бұл тізімді әлі де салғай түсуге болады. Себебі, бәсекеге түскен балуандар арасында салмақ айырмашылығы өте көп болды. Бір аңғарғанымыз, бірінші орынды еншілеген өрендер арасында көкбайлық оқушылардың қарасы көп болды. Осыған қарап-ақ аталмыш ауылдық округ бойынша спорттың, оның ішінде күрес түрлерінің жылдам қарқын алып келе жатқанын байқауға болады. Барша жеңімпаздар арнайы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын иеленді.

Аталмыш шара осылайша дүбірлі түрде өтті. Осы орайда аудандық жарыстың демеушілері жайында айта кету ләзім. Көкбайлық көпшілік қана емес, ауданымыздың әр ауылынан жиналған жанкүйер қауымға ерекше әсерлі сәттер сыйлаған жарысқа бірқатар азаматтар демеушілік жасапты. Атап айтсақ, сайыстың бас демеушісі, мәрт азамат Ауылбек Қашымұлының көмегін баса айтуға болады. Сонымен қатар, Тиыштықбайұлы Алтынбек, Нұралин шалқар, Әбілов Қалқабек, Мағауин Мақа, Әбілқасымов Оралғазы, Ақболатов Нұрлы, Амангелдин Бөпеғазы, Слямханов сағын, Қуанлықов Сымбат, Тайтөлеуов Бақтығазы, Көпжанұлы Серікқали, Алдажаров Алмас, Жаукенова Айгүл, Қанатбекұлы Қуат, Хафез Мұхит, Мұқажанова Жанар, Болатқазыұлы Біржан және 1987 жылы туған азаматтар демеушілік жасады.

Әрине, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Осынау ауқымды шараны өз деңгейінде ұйымдастырып өткізу үлкен күш-жігерді талап ететіні белгілі. Бұл ретте шараны өткізуге ат салысқан ауыл имамы Абзал Искаков пен Көкбай атындағы орта мектебінің қазақ күресі жаттықтырушысы Думан Шәкебайұлының сіңірген еңбектерін де ризашылықпен атап өткен жөн.

 

Ән мен жыр - көңіл ажары

 

Ауылдықтар көңіліне ерекше серпін әкелген шара бір бұл емес, әрине. Көкбайдың мәдени өмірі де әрдайым сергек. Елдігіміздің белгісі – егемендік мерекесі ауданымыздағы ауылдарда да өз мәнінде өткізіліп жатқаны белгілі. Осы ретте Көкбай атындағы орта мектеп ұжымының  ұйымдастыруымен аталмыш округтің мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік - ел тұғыры» атты мерекелік кеш болып өтті. Аталмыш шара сонымен қатар, Қашым мешітінің 10 жылдығымен де орайластырылған болатын.  

            Мерекелік салтанатты шара әсерлі басталды. Әуелгі кезекте Желтоқсан оқиғасына арналған шағын көрініспен байланысты әдеби монтаж көрермен назарына ұсынылды. Осыдан соң кеш шымылдығын мектеп оқушыларынан құрылған оркестр ашып, жиналған қауымға «Әлқисса» күйі тарту етілді.

Өнерпаздар жоғары даярлықпен келіпті. Атап айтсақ, осынау оркестрдің сүйемелдеуімен Ғылымбеков Жандос пен Айтанова Ұлжан фольклорлық үрдісте «Сағыныш» әнін өз мәнінде орындап берді. Ал әсем әуез кезегін Сайлаубеков Парасат пен Советбекова Әйгерім «Туған жер» әнімен жалғап, жас орындаушы Айгүл Орынбекова да «Қазақ елі осындай» рухті әнімен көрерменді бір серпілтіп тастады.

Жалпы, мерекелік концерттік бағдарлама барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар тың ізденіске барғаны көрініп тұрды. Яғни, оқушылардың шығармашылық ізденістері айқын аңғарылды. Мысал келтірер болсақ, аудан жұртшылығына жақсы таныс «Кербез» бишілер тобы бастауыш сынып оқушыларынан құрылған «Көркем» би тобын биге баулып жүр екен. Екі топтың бишілері қосылып «Ламбадамания» биін көрерменге тарту етті. Латын америкалық би мен жаңа заман биінің үрдісі әсем түрде үйлесіп, жарасымды попуриға айналды.

Бір бұл емес, «Кербез» бишілер тобы «Айша бибі» және «Ұйғыр биін», жас бишілер «Көркем» тобы «Қамажай» биін нақышына келтіре билеп берді.

Сондай-ақ, «Жаса, қазағым» әнімен Мағжан Сайлаубеков, қыздар ансамблі «Қаздар қайтқанда» әнімен, Сұлтан Баймусин «Қазағым» әнімен, Сайлаубекова Жанерке «Талас» күйімен, Сайлаубекұлы Парасат «Жүрегім қазақ» әнімен, мектеп ұжымын таныстырып жүрген Рақымжанова Әсел мен Аманғазы Қызы Күміскүл «Ал, құрбым» әнімен, Айтанова Ұлжан «Елбасы» әнімен көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мұнымен қатар, кеш барысында «Шығарма жазу» деп аталатын әзіл-сықақ көрінісі қойылып, көрерменді күлкіге кенелтті.

Кештің ең әсерлі тұстарының бірі жас әншілерден құрылған «Жасstar» тобының шырқаған әндері болды. Әсіресе, «Мама» әнін айрықша әсерлі сезіммен орындаған өнерпаздар көпшілікті ерекше күйге бөледі.

Мазмұнды өрбіген кеш барысында көркемсөз шебері Қордабаева Гауһар «Абылай хан монологын» мәнерлеп оқып, мектеп хоры «Атамекен» және «Көк тудың желбірегені» әндерін қалықтатты.

            Осынау кешке қатысқан қонақтар ауыл әкімі Шәріпқазы Санбайұлы мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Рауан  Шыңғысұлы Жарқын Жәукенов басқаратын ұжымның мерекелік концертіне жоғары баға беріп, алғыстарын жеткізді.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар