Өнер өріндегі 45 жыл
Сәуірдің 25-і күні Семей қаласында Абай атындағы сазды-драма театрда Абай елінің «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің кезекті шығармашылық концерті болып өтті. Өнер ұжымының әсем сазын сағынған шаһар жұртшылығы бұл жолы да театрдың кең залына молынан жиналды. Көрермен қауым иін тіресіп, ине шаншарға орын болмаған осынау кеште халық ансамблі айрықша қошеметке бөленді.
Өнер әлемінде бір адамның ғұмыры дерлік 45 жылға тарта өзіндік тарихы қалыптасқан «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің бұл жолғы бағдарламасы тың тартуларға толы болды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Нұрбек Өмірбек, аудандық «Абай» халық театрының бас режиссері, ҚР мәдениет үздігі Дулат Қабдолдин, «Шыңғыстау» ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі Нұргүл Төлемісова, ансамбльдің балетмейстрі, ҚР мәдениет үздігі Ария Айтбаева, әйгілі «Өрнек» би ансамблінің жетекшісі Зайра Кәріпжанова мен ансамбльдің музыкалық жетекшісі Дамир Бекмұханбетовтер кезекті бағдарламаның ұйымдастырушылары екен.
Сазды кешті фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Шаңды жорық» күйі дүбірлі әуенмен ашты. Аталмыш оркестр сонымен қатар, Нұрбек Өмірбектің орындауындағы «Абай ұрпақтары әні», Майнұр Өнерханның репертуарындағы халық әні «Алқоңырды» да сүйемелдеді.
Ал, Қабышев Қайрат Біржан салдың «Айтбайын» орындаса, бишілер тобы «Аққу» биін ел назарына ұсынды.
Бұл жолғы бағдарламада Нұрғиса Тілендиевтің «Абай табиғаты» композициясын қобызшылар тобы көркем үлгіде, ерекше шеберлікпен орындаса, ансамбльдің өнерпаздары ұсынған этнографиялық «қыз-жігіт айтысында» халық әндері әсерлі орындалды.
Әлбетте, осынау ерекше кеште «Қаламқастың» күллі қазақ жұртшылығы таныған өнерпаздарының ән шырқамауы мүмкін емес еді. Бұл ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағатаева «Көш қызығы» халық әнін тарту етсе, Нұрбек Өмірбеков пен Ақбота Кәрменова «The prayer» әнін арнады.
Бүгінгі Абай елінің төл мәдениеті тек ән мен биден ғана тұрмайды. Ауданымызда көне ұлттық аспаптар да қайта жаңғырып, рухани мұралар қатарын толықтыруда. Аталмыш орайда, ұлт аспаптар ансамблі өнерсүйер қауымды айрықша тамсантты. Нақышына келтірілген «Дүр қамшы» туындысын көрермен асқан сүйсініспен қабылдады.
Сондай-ақ Дәулет Сағатов «Құшақ жайған қандай адам» әнін, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тамара Көзбаева «Жақсы адамдар» әнін, әншілер квинтеті испанның «Passera» әнін ұсынды.
Кеште «Қаламқас» қатарындағы жас өнерпаздар да қошеметке бөленді. Балдырғандардан құралған «Саз» триосы мен «Өрнек» би тобы әзірлеген «Көкке өрле» композициялық қойылымы талғампаз қауымды тәтті еткені сөзсіз. «Дала сазы» фольклорлық ансамблі «Дайрабай» күйін әуелетіп, өнерді серік еткен Елдос Советханұлы мен Қарлығаш Сейдахметова «Әлия» әнін әр жүрекке жеткізе білді.
Бір бұл емес, талғампаз семейлік көрермен қаламқастық бишілердің «Алтын адам» композициясына да таң-тамаша қалысып, қошемет білдіріп, ұзақ қол соқты. Расында, өнердің мәйегі қалыптасқан, алаш елінің руханияты мен мәдениетінің астанасы саналатын кірпияз Семей жұртшылығын таңырқату оңайға соқпайтыны белгілі. Бұл ретте, осынау кешті ұйымдастырушылар әр нөмірді орнымен сәтті таңдап, ал өнерпаздар қатары жоғары даярлықтары себепті көңілден шыға білді.
Осылайша, кеш барысы да мәреге таяған болатын. Концерттік бағдарламаны ансамбль әншілерінің орындауындағы «Семейім менің» атты асқақ үнді ән тәмамдады.
Өнер кешін тамашалаған көрермен арасынан 45 жылға аяқ басқан осынау мерейлі ұжымға арнап Семей қаласының әкімі Ермак Салимов пен Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ықылас гүлдерін табыстап, құрмет білдірді. Сонымен қатар, жерлесіміз, әйгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, М.О.Әуезов атындағы педогогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіріп, ізгілікті лебіздерін арнады.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
