Абай елі

Абай елі

Сейсенбі, 25 Сәуір 2017 00:00

ҮКІЛІ КӘМШАТ, БҮРМЕЛІ КӨЙЛЕК...  

Арулар байқауы

                          

Бүгінде әр саладағы даму көрсеткіші бойынша көш басында келе жатқан ауданымызда жетістіктер де, оң өзгерістер де мол. Тіл, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, ортамызға оралған ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға мұраға қалдыру бағытында әлі де аянбай еңбек ете беру қажеттілігі туып тұр. Бұл ретте соңғы жылдары Абай елі бойынша «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» байқауларымен қоса  «Келіндер сайысының» да жиі ұйымдастырылуы осының айғағы. Жуырда аудандық мәдениет үйінде Жастар орталығы белсенділерінің бастамасымен «Абай аруы-2017»  аудандық байқауы болып өтті.

«Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе - елдің көркі» дейтін дана халқымыз көркі мен ақылына сай қыз тәрбиелеу ісінде аса байыпты болған. Қыз баланы қонақ деп төрге отырғызған, аялаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп оның әдептілігіне, сөзіне, жүріс –тұрысына сын көзбен қараған. Себебі, қыз бала болашақ ана, бір әулеттің түтінін түтетер келіні, ұрпақ жалғастырушы. Міне, бүгінгі қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысын, рухани келбетін дәріптеу мақсатында өткізіліп отырған осынау байқауға ұлт дәстүрі мен мәдениетін, ұлттық өнерді тал бойына жинаған, қазақ қыздарына тән ибалылық, ізеттілік қасиеттерді бойына сіңірген, әр ауылдық округтен 10 ару қатысты.

       Тоқтала берсек, аталмыш байқаудың аясы мейлінше кеңи түседі. Атап айтсақ, қазақстандық патриотизмді дамыту, жастар саясатын насихаттау, қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даналығы мен терең саналылығын бойына дарытқан қазақ қыздарының табиғат берген көркемдік әдемілігі мен сұлулығын дәріптеу басты мұрат саналды. Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.  Сонымен қатар, аналар мектебіне тән қасиет - қыздардың танымдық және  шығармашылық қабілетін, эстетикалық  талғамын, шеберлігін дамыту, көпшілік алдында өзін ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу де мақсат етілді. Осынау орайда биылғы байқау жылдағыдан өзгешелеу өтті. Бұл жолы жалынды да жайдарлы жастар жаңаша тұрғыда ұйымдастырып, іс-шараны әзілмен көмкере отырып көрермен көңіліне жол табуды ұйғарыпты.

 

Осылайша зал толы көрермен бір кезде сахна төріне шыққан, қос етекті бүрмелі әсем қазақ көйлектерімен, нәзік қимылдарымен тербеле, жайқалған қырмызы гүлдей құлпырған  ару қыздарымызды көріп тамсана  қол соқты.  Көпшіліктің сүйсінгендері айдан анық. Талай дүбірлі сайыстар өтетін аудандық мәдениет үйінің концерттік залында ине шаншар орын болмады.  Байқауды жүргізуді қолға алған Мейіржан Смағұлов бастаған ауданның «Жастар» орталығы сайысты ойдағыдай өткізу үшін тыңғылықты даярлық жасапты.

Сондай-ақ, сайысты жүргізуде жаңашылдық танытқан  «Рахмет»  жайдарман  ойыншылары Талант Берікболов пен Сырым  Жұмағали және «Қаламқас» ансамблінің жас әншісі Думан Болатов  шараның жоғары деңгейде өтуіне елеулі ықпал жасады.  

Сөз орайында сайысқа қатысқан он аруды атай кетсек, 2010 жылы Шәкір Әбенов атындағы орта мектепті бітіріп, 2011-2014 жылдары М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжін ағылшын тілі мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі уақытта Шәкір Әбенов атындағы орта мектепте аталмыш пән мұғалімі болып қызмет ететін  Ерзатқызы Толғанай, Қасқабұлақ ауылынан  келген, бүгінде  Шәкәрім университетінде инженерлік технологиялық факультетінде білім алып жүрген 17 жастағы Дүйсенбаева Мадина, Тоқтамыс ауылынан келген,  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің  инженерлік технологиялық факультетінде оқитын студент Уалитова Айдана,  Қарауыл ауылынан 2011-2015 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде оқып информатика пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазіргі таңда Баян Байғожина атындаға ясли бала –бақшасында тәрбиеші қызметін атқаратын өнерлі қыз Толымбекқызы Назгүл де бақ сынауды ұйғарыпты. Сондай-ақ,  2011 жылы Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп лицейін тәмамдәп, 2011-2015 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті мамандығын бітіріп, бүгінде Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп лицейінде мұғалім болып қызмет атқаратын  және Қазақ гуманитарлық иновациялық заң университетінің магистранты Нұрланова Айжан, Би ата ауылы, Абай колледжінің атынан келген  Еркінқызы Айдана да келіпті. Шәкәрім атындағы мектебін бітіріп, Абай колледжінде ауыл-шаруашылығы мамандығының 2 курс студенті болып жүр. Ал, Қарауыл ауылынан қатысқан Айгерім Сайлаубек Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп- лицейінде білім алып,  2009-2013 жылы Құрылыс колледжінде  Құрылыс технологиясы мамандығын аяқтаған, қазіргі таңда Абай ауданының сәулет құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінде әдіскер болып жұмыс істейді. Қарауыл ауылынан Динара Болат есімді  тағы бір үміткеріміз де жасанып шығыпты. Ол 2012 жылы Қарауыл Гимназиясын бітіріп, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжге түсіп 2015 жылы тәмамдаған. Қазіргі таңда Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінде теориялық музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді екен.  Ал, 2012-2015 жылдары «Авиценна» колледжін бітіріп, өзі туған ауылы Саржал ауылында «Толғанай»  ясли-бақшасында медбике болып қызмет атқаратын Арай Құмашева мен Медеу ауылынан сайысқа түсуге келген М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 4 курс студенті Сайлаубаева Әлия байқауға үлкен мән бере, зор дайындықпен келгендіктерін байқатты.

Жеребе бойынша реттік нөмірлерін таңдап алған арулар мен  сайысқа төрелік етуші қазылар алқасы да  көпшілікке таныстырылып өтілді.  Атап айтсақ, алқа төрағасы  Абай ауданы әкімінің орынбасары Тәттібеков Бауыржан Болатұлы бастаған әділ-қазылар алқасының мүшелері:   ҚР «Құрмет» орденінің  иегері, Баян Байғожина атындағы бала-бақша меңгерушісі Орынғожина Лаура Советқызы, Абай халық театрының бас режиссері, ҚР мәдениет саласының үздігі Қабдолдин Дулат Қабдешұлы, Абай ауданы мәдениет және саз мектебінің хореографы Кәрібжанова Зайра Жұманқызы, Абай ауданы Жастар орталығының директоры Смагулов Мейіржан Серікбосынұлы әр бөлім бойынша сайыскерлердің жалпы өнеріне, біліміне баса назар аударып отырды.

Мұнымен қатар, «Қаламқас» ансамблінің Таңнұр Жақсыбеков, Еркеназ Мәненова, Ақбота Кәрімбекова сынды жас әншілері әсем әннен шашу шашып отырды.

Айта кету ләзім, дүбірлі сайысқа арналған сый-сияпат та қомақты тігіліпті. Бас жүлдеге тоңазытқыш болса, І- орынға  газ плита, ІІ- орынға кір жуатын машина, ІІІ- орынға шаңсорғыш сынды бағалы сыйлықтар ұйымдастыру ісінің жоғары деңгейін көрсетті.

Жалпы, аталмыш қыз  сыны 5 бөлімнен тұрды. Алғашқы «Мен қазақтың қызымын» атты бөлімде ару қыздарымыздың тіл көркемдігі,  сырт келбеті, ұлттық киімі үлгілерін насихаттауы, жүріс-тұрысы, қазақы ибалығы, сондай-ақ, өзін таныстыра білуі бағаланды. ІІ бөлім «Халқын сүйген – салтын сүйер» деп аталып, бұл бөлімде аруларымыз салт-дәстүр, Қазақстан тарихы, жергілікті тарих айлы сауалдарға және ситуациялық сұрақтарға жауап береді. Сайыстың бұл түрі билет алу тәртібінде өткізілді.

Ал,  ІІІ шарт бойынша «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде  ару қыздар ән салып,  би билеп бойларындағы өз өнерлерін паш етті. Мұнымен қоса, төртінші шарт бойынша бір әулеттің түтінін түтетер болашақ ана атанар қыздарымыз  «Қонақ күте білеміз бе?» тақырыбында  ас әзірлеу сайысында сыналды. Бұл бөлімде аруларымыз өз қолдарымен жасалған бір-бір тағам ұсынды. Оларға тағамды дайындау тәртібі және не себепті осы мәзірді тандағанын түсіндіру міндеттелген болатын.

Кезекті «Қыздарға әсемдік жарасады»  атты бесінші бөлімде аруларымыз бүгінгі заманға сай тігілген кешкі киім үлгісін киіп, қысқаша түсіндірді. Әрі шаш үлгілеріне де ерекше мән берілді. Басты шарт көйлектің ұзындығы тізеден төмен болуы қажет еді.

Осылайша, алғашқы болып сахнада өнер көрсеткен Медеу ауылынан келген  ару қыз Әлия Сайлаубаева құлаққа жағымды дауысымен өзін таныстырып, көсемсөздің шебері екендігін дәлелдеді. Екінші нөмірлі Би ата ауылынан келген Айдана Еркінқызы да  өрелі әулеттің қызы екенін дәлелдеп, есесін жібермеді.

Ал үшінші болып сахна төрінен орын алған сүйкімді де сан қырлы талант иесі Назгүл Толымбекқызы «Ақ Баян» әнімен, ақ күймелі құрбыларымен бірге қалықтай ортаға  келіп, өзінің осы байқауда  өнер көрсетуде аянып қалмайтынын жеткізсе, құндыздылық жас ұстаз Ерзатқызы Толғанай өзін үш тілде тамаша таныстырып өтті.

Тоқтамыстық ару Уалитова Айдана да тіл білгірі екенін дәлелде. Өз кезегінде саржалдық сәбилердің  медбикесі, тұла бойына өнер тұнған Арай Құмашева да әнімен әуелете озық таныстыру үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, Қарауыл ауылының Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің жас ұстазы Болат Динара, әкімдіктен Сайлаубек Әйгерім де әсем назды қылықтарымен қоса көрермен жүрегіне жол таба білді. Ал, лағыл жырларымен лапылдата өзін таныстырған қасқабұлақтық Мадина Дүйсенбаева өзінің әдемілігімен қоса, биязы мінезімен, жүріс-тұрысымен байқау басталғаннан көрерменді бірден баурап әкеткен-ді.

Сайыс барысы тартымды өрбіді. Алғашқы бөлімде Мадинамен бірге Назгүл Толымбекқызы және құндыздылық Толғанай Ерзатқызы біріңғай 5 ұпайды еншілеп, жоғары ұпай жинады. Келесі «Халқын сүйген – салтын сүйер» атты қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, тарихына байланысты сұрақтар қойылған  ІІ сайыста да аруларымыздың біразы  ұтқыр жауаптарымен таң қалдырса да, сұрақтан сүрініп «әттеген-ай» дегізген аруларымыз да кездесті. «Өнерлі өрге жүзер» атты ІІІ бөлім бойынша сынға түскен арулар ұлттық өнерге бейімділігін анықтатып, өз өнерлерін ортаға салды.

Бірі ән айтып, бірі мың бұрала би билеп, бірі монолог оқыған аруларымыз  көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор  ілтипатқа кенелді. Әсіресе, Назгүл Толымбекқызының титтей бүлдіршін шәкірттерімен билеген «Балапандар» биі көпшіліктің жүрегін жаулап алды.

Қазақтың «Қара жорға» биін келістіре билеген саржалдық А. Құмашева мен қасқабұлақтық М.Дүйсенбаеваның өнеріне  де  көрермен дуылдата қол соқты. Саз мектебінің музыканты Д. Болат күйсандықта тамаша әуен орындаса, Абай мектеп-лицейінің жас ұстазы А.Нұрланова тәжік биін төгілте биледі.  

Осылайша, ІV бөлімге де аяқ басып, сайыскер арулар  «Қонақты  күте білеміз бе?» сынында аспаздық өнерлерін көптің алдына салды. Қазақы дастархан жайып, қымыз ұсынған, қазы –қарта, жал-жая, Наурыз көже,  әсіп, көк бауыр, бауырсақ, балқаймақ сынды ұлттық тағамдарының түр-түрін әзірлеп әкелген аруларымыз оның жасалу жолдарын да баяндап берді.

Келесі кезекте  сайысқа түсуші қыздар қазіргі заманға сай кешкі киім үлгілерін көрсетіп, тамаша ою-өрнекті қазақ киімдерімен ерекше назар аудартты. Той көйлектерінің жалт-жұлт еткен тастармен, қазақы өрнектермен зерленуі сахна көркін ажарландырып жіберді. Сахнадағы ғажайып уақыт осылайша  білінбей сырғып өтіп, Қарауыл жұртшылығы мен ауыл қонақтары сайыстың өз мәресіне жеткенін байқамай да қалды.

Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Қасқабұлақ ауылынан келген ару, студент  Дүйсенбаева Мадина айқын басымдықпен қанжығасына байлады.  Ал, жүлделі І-орынды қарауылдық ару қызымыз, «Б.Байғожина» ясли-бақшасының тәрбиешісі   Толымбекқызы Назгүл жеңіп алса, ІІ- орынды ауданымыздағы Абай атындағы мектеп-лицейінің жас ұстазы Нұрланова Айжан иеленді. Жүлделі ІІІ- орын қарауылдық өнерпаз  ару, Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің  жас ұстазы Болат Динараға бұйырды.  

Барша жеңімпаздар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, әділ-қазылар алқасының ұйғаруымен қарауылдық  Әйгерім Сайлаубек  «Көрермен көзайымы» деп танылса, тоқтамыстық Айдана Уалитова «Қылықты ару», Саржал ауылынан келген Құмашева Арай «Өнерлі ару», құндыздылық Ерзатқызы Толғанай «Білімді ару», медеулік Әлия Сайлаубаева «Бесаспап ару», Би ата ауылынан келген Еркінқызы Айдана «Инабатты ару» номинацияларына ие болып, олар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

  1. S. Иә, кешегі текті аналардың бүгінгі сарқытындай саналатын арулар Абай елінің ары мен ажары. Ал, арулар сайысы осылайша, араға жыл салып көрерменмен қайта қауышуы көпшілікке қуаныш сыйлағаны хақ. Оған залдағы жұртшылықтың қошеметі бірден-бір дәлел. Бұл сайыста әр ауылдан келген ару қыздарымыз бар өнерлерін салып-ақ бақты. Бойындағы өнерлерін көрсетуге тырысты. Шалғайдағы жатқан ауылдардан байқауға мән бере, арнайы келіп қатысуларының өзі неге тұрады?

Қыз бала ұлттың ертеңгі анасы! Оған бүгінгі күні берілген ұлттық тәрбие ертеңгі күні сөз жоқ ұрпақ бойынан көрініс табады. Осыны ескерген ұйымдастырушылар игілікті іс жасады деп білеміз. Ал, сынға қатысушы бойжеткендеріміздің халқымыздың салт-дәстүрін қаншалықты деңгейде меңгергендіктері анық көрінген сайыс – ересектер қауымына да ой салғаны анық. Бүгінгі жас буын қыздарымызға нені үйрете алмай жатырмыз? Олардың бойынан нені көргіміз келеді? Қыздарымыздың бойында  қандай қасиеттер кемшін соғып жатыр? Міне, осы сауалдарға аталмыш қыз сыны нақты жауап берді. Ертеңгі күні «әлемді тербетер» бүгінгі аруларымыз қазақы қасиеттен арылмас екен! Ұлттық дәстүрге қанып өскен қыздарымыз мол болсын дейміз.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

  

Сейсенбі, 25 Сәуір 2017 00:00

«Алаш ДЕСЕ, АБАЙ ДЕП ҚАРАЙДЫ АДАМ»

Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

 қорық-мұражайының директоры

                

Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге мәшһүр еткен Ұлы Абай тұлғасы біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырып, шоқтықтана түседі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген терең ұлағаты жүрегімізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Соған орай, осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы және біздің қызметіміздің айнымас Темірқазығы болып табылады.

Алда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан Ұлы ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы ағымдағы жұмыстарды еңсере отырып, алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер  жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша және сол жауапкершілікті жұмыста әрқайсымыздың сезініп  отырғанымыз да шындық. Осыған енді өткен, 2016-шы жылдың туған Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен атап өтілгенін, ал биыл Астанамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылатынын айтсақ, иықтағы міндет жүгінің бұрынғыдан да салмақтырақ екені түсінікті.   

Ұлы Абайдың киелі шаңырағы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы үшін, сондай-ақ 2017-жыл – ұлы даланың ұлы перзенті – Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық  мерейтой жылы. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш ектен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

Сонымен музейдің биылғы жылғы жоспары республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып жасалып, ғылым, білім орталықтары және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия Ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушыларымен қатар енді студенттері үшін де Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің  қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы  қаңтар айынан бастап, Абай өмірі мен шығармашылығына арналған  «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, сондай-ақ Еуразия Ұлттық  және Шәкәрім атындағы Семей университеттерімен  бірлесе отырып М. Әуезовтің мерейтойына арнап, биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия Ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен  кеңесе келе музейдің бір бөлімі –  Ұлы Абайдың алақанының табы қалған «Алаш  арыстары – М. Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері, жиырма жыл бос тұрған бірінші қабатында басталған реэкспозиция жұмыстары былтыр жүргізілген ағымдағы жөндеудің қисынды қорытындысы дер едім.  

Ал, халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына, ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жылдық жоспарымызда жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының  алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын мен орыс тілдерінде ашылған  «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.    

Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығы ғана емес, сауатты бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр, айталық,  21-ші сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың да туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етіледі .

Демек, күнделікті жұмыста қарбаластыққа жол бермей, қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы  экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы күндерінде музейге тарту еткен  «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозияция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

                    Осылайша «Абай арманы» залы былтырғы 22-ші ақпанда Семейге келген республиклық «Мәңгілік ел» пойызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақтауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан әрі Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен Қазақстан Конституциясын ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.

   «Абай арманы» экспозициясы, сондай-ақ Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан  болған, былтыр 150 жылдығы атап өтілген Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы, 30 жыл толған Желтоқсан көтерілісінің   мән-маңызы арқылы пайымдатады.  Былтыр көмейіне қорғасын құйылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін  деректі материалдармен көз алдымызға жайып  салады.

Музейге келушілер  «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақбатасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын музейіне тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.

Музей ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа ала отырып, кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған   мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары  облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.

Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні – 23-ші тамызда музейдің бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы–Қаршоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылып, қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншіліген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.

 Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал, өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы «1 наурыз –  Алғыс күні» паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында музей қорындағы 600-ден астам суреттердің ішінен  іріктеп ала отырып 100-ден астам туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда. Онда Абай еліне арнайы шақырылған Қазақстан суретшілері симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің туындылары лайықты орын алды.

Былтыр 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арнап, ғалымның туған күні 5-ші қаңтарда тұсауы кесілген шаралар керуені оның өзі егемендігін зарыға күткен елінің Астанасында жалғасып, абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин,  мен «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә. Марғұлан атындағы  40-шы мектепте ашылған көрмелер арқылы танысты.

Сондай-ақ, «Абай» журналының арнаулы шығарылымы Абай туралы естеліктерге арналып, Астанада және Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып, ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітшы шығады аңға...» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен (президенті Н.Өнербай) өзара келісім жасалды.

Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу үшін, ең алдымен, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры мейлінше қолайлы әрі қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орынға көшірілді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде жалға беріліп, қызмет сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.

 Жұртшылықты елеңдетіп отырған Абайдың 175 жылдық мерейтойы да енді алыс емес. Сол себепті өзіміз құрамына кіретін Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше мәселені бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және  Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне Республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-музейінде құрылыс және көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыру мүмкін болады. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын  атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдары түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы  жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы биыл бюджетті нақтылау кезінде бізге бөлінген күнде, бұл - Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды.  Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа, ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

               

 

 

 

 

Бөлім басшысымен сұхбат

 Абай ауданындағы пайдалануға жарамды жер алабының басым бөлігі тек жайылымды ғана құрағандықтан, бұл өлке ежелден ата кәсіпке қолайлы мекен саналады. Сол себептен де, төрт түлікке ерекше көңіл бөлетін ауданымыздың экономикасын тіреп тұрған бірден бір сала - мал шаруашылығы. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігіне кенелген шаруашылық иелері әсіресе түлік басын асылдандыруға кеңінен көңіл бөліп, тындырымды іс атқарып жүр. Осы ретте, ауылшаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жаңашылдықтар жайында ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Думан Нариманұлымен сұхбаттасқан едік.

 

-Елбасының биылғы Жолдауының негізгі басымдықтарының бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын қалыптастыру екені белгілі.  Бұл игі істен  ешбір сала қалыс қалмауы тиіс.  Ал осы ретте, негізгі құжаттамасы қағаз жүзінде жүргізілетін ауыл шаруашылығы саласы да жаңашылдыққа бой үйретудің жолдарын қарастыруда. Атап айтсақ, қазіргі күні тиісті ведомства субсидия берудің екі бағытын ғана электронды жүйеде іске асырса, көп ұзамай құжат рәсімдеу түгелдей заманауи форматқа көшпекші. Осы жаңашылдықтың жай-жапсарына тоқтала кетсеңіз.

            -Сөзіңіз орынды, Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында баса айтылған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласы да жаңа жүйеге бет бұруда. Осыған орай биылғы жылғы субсидия қағидаларына  да бірқатар өзгерістер енгізілді. Айталық, әрбір ауылшаруашылығы тауар өндіруші субсидия алуға өтінімді жеке электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦП) мен ақпараттық талдау жүйесі (ИАС) арқылы тиісті өтінімді қалыптастырады және  электронды түрде облыстық ауылшаруашылығы басқармасына өзі тікелей өтінім жолдайды. Ал, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөліміне түскен электронды өтінімді қайта қарап толықтыру мен тексеру үшін басқарма аудандық ауылшаруашылығы бөліміне жолдайды. Ал, аталмыш бөлім келіп түскен өтінімнің талаптар мен өлшем-шарттарына сәйкестігін (мал басы; аналығы, төлі) салыстырып тексеру үшін жұмыс тобын құрып, өтінім берген шаруашылыққа барып сәйкестігін салыстырып, тексерудің нәтижесін алып, басқармаға құжатты қайтадан жібереді. Яғни, жіті тексерілген құжат тағы да электронды түрде жолданады. Егер тексеру кезінде сәйкессіздіктер кездескен жағдайда ауылшаруашылығы бөлімі басқармаға себебін көрсетіп, электронды хат жолдайды. Әйтседе, шаруашылықтың сәйкессіздікті түзеп және толықтырып қайта өтінім беруіне толық мүмкіндігі бар. Міне, аңдағандарыңыздай, құжатты өткізуге облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ. Жаңа бағдарламаның тиімді тұсы құжат рәсімдеу кезіндегі заманауи форматқа көшу арқылы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын қалыптастыру екені айқын.

             -Жаңа жүйе интернет игілігі дендеп ене қоймаған шалғайдағы шағын ауылдардағы азаматтарымыз үшін қолайсыздықтар әкелмей ме? Ол үшін қандай нақты шаралар қабылдануда?

-Дұрыс айтасыз, бұл тұста біраз келеңсіздіктердің бары жасырын емес. Себебі көптеген ауылдық округтердегі интернет желілерінің сын көтермейтіндігі аталмыш жаңа жүйемен жұмыс жасауда қол байлау болары анық. Алайда, аудан орталығына келген шаруашылық иелері үшін екі жерден шаруа қожалықтарына ақылы қызмет көрсету орталықтары жұмыс жүргізетіндігін ескерте кеткіміз келеді. Яғни, іске мықтап ден қойған азаматтар үшін жаңа жүйе қол жетімді болмақ. Ал, қазіргі күні бұл жүйе тиімділігін түсіндіретін топ жұмыс істеуде. Бұл орайда жоғарыда айтылған қос бірдей қызмет көрсету орталығының жұмысынан шаруалар хабардар деген ойдамыз.

-Осы ретте туындайтын бір заңды сауал бар. Жаңа жүйені түсіндіру шаралары бойынша құрылатын ақпараттық насихаттық топ құрамына қандай құзырлы орындар өкілдері енеді? Топтың жұмыс жасау тәртібі қандай?

-Жаңа жүйе жайында бүгінде ауыл-ауылдарда ақпараттық түсінік жұмыстары жүйелі түрде  жүргізілуде. Қазіргі күні арнайы жасақталған мамандар Архат ауылдық округіне жол тартқандығын да айта кеткен жөн. Бес адамнан тұратын жұмыс тобы құрамында Жер қатынастары бөлімі, аудандық Ветеринария бөлімдерінің мамандары бар. Олар арнайы түрде ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру шараларын жүргізуде. Бұл дегеніміз азаматтар аталмыш жаңашылдық төңірегінде туындаған сауалдарына толыққанды жауап ала алады деген сөз.  

-Бүгінде ауданымыздың шаруалары негізінен қандай бағыт бойынша субсидия алып келеді? Жалпы, қазіргі уақытта еліміз бойынша мал шаруашылығын субсидиялаудың қанша түрі бар? Ал алдағы уақытта жаңа жүйеден қандай тиімділіктер күтілуде?

-Ауылшаруашылығына қолайлы аудан болғандықтан көбіне асыл тұқымды ірі қара малы мен жылқы, қой-ешкі төлдеріне де субсидия алуға ниетті шаруалар қатары көп. Бүгінгі күні аудан бойынша асыл тұқымды мал сатып алудың құнын арзандату бойынша, селекциялық жұмыстар жүргізу және мал шаруашылығы өнімінің сапасын жоғарылату мақсатында субсидия қаражаттарына қол жеткізуде мол мүмкіндіктер барын айта кеткен орынды. Жұмыс барысымызға тоқтала кетсек, мәселен, МІҚ малының аналық басының селекциялық жұмыстарына өтінім 1-мамырдан  1-ші шілде аралығында қабылданса, әрбір аналық басқа 10 мың теңге төленетіндігін айта кеткен жөн. Ал, төліне өтінім 1-шілдеден бастап 20-қараша аралығында қабылданады және 80% төл алынған жағдайда қосымша әр аналыққа 8 мың теңгеден, ал 80 пайыздан төмен алынса әр аналық  басына  6 мың теңгеден қаражат төленеді.

Шаруашылық иелерінің қой малының  селекциялық жұмыстарын субсидиялауға ағымдағы жылдың 1 қырүйегінен желтоқсан айының аралығында өтінім беруге мүмкіндіктері бар. Асыл тұқымды саулықтардың селекциялық жұмыстарына 2500 теңге, ал тауарлы шаруашылықтың  саулықтарының селекциялық жұмыстарына 1500 теңге төленеді.

            Асыл тұқымды 18 айдан аспаған тайыншалар мен 26 айдан аспаған бұқашықтарды сатып алған жағдайда әр ірі қара басына 150 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Асыл тұқымды 18 айға дейінгі қой малын  сатып алған жағдайда әр басқа  8 мың теңге, ал қошқар басына 20 мың теңге субсидия қаражаты төленетіндігін ескертеміз.

            Сондай-ақ, асыл тұқымды 5 жасқа дейінгі айғыр сатып алған жағдайда 100 мың теңге және 3 жасқа дейінгі байталдарға 40 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Қозы етін өндірудің құнын арзандату бойынша әр басқа 1,5 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Алайда, оған қойылатын өзіндік талаптар да бар. Мәселен, бірдейлендіру нөмірлерінің тіркелуі, сойылған сәттегі қозылардың жасы 12 айдан аспауы, зоотехникалық есептері мен ветеринариялық санитариялық іс-шаралардың жүргізілуі, қой ұшаларын стандартқа сай бөлшектеуді қамтамасыз ететін ет өңдейтін өндіріс орындарына өткізу сынды талаптар орындалуы шарт.

Сонымен қатар, биыл Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілетін «Береке» бағдарламасына да өзгерістер еніп отыр. Несие мақсаты мүйізді ірі қара малын семіртіп, ет өнімін өндіруге бағытталған. Ол үшін 20 адамнан кем емес адамдар немесе шаруа қожалықтары несиені алып кооператив болып құрылуы қажет.

-Осы ретте туындайтын сауал, ауданымызда құрылған кооперативтер саны қанша? Оларға берілетін мемлекеттік жеңілдіктер көлемі арта ма?

-Құрамында 20 адамнан кем емес тұлғалар біріге отырып, кооператив құра алады. Оларға берілетін өзіндік жеңілдіктер де қарастырылған. Біріккен тұлғалар несие алып, мал бордақылау алаңдарын ашса, оған ет тапсыруға мол мүмкіндіктер берілері анық. Сондай-ақ, кооперативке берілетін негізгі басымдықтар ішінде бұқашықтардың бордақылау шығындарын арзандату мен құрама жемнің (комбикорм) құнын арзандатып беру қарастырылған. Десек те, ауданымызда құрылған 5 кооператив, кейбір міндеттелген талаптар шеңберінен шыға алмауы істі бастауға кедергі келтіруде.

Етке тапсырылған әр бұқашыққа 20 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Ол үшін қойылатын талаптар мен өлшем-шарттары орындалуы тиіс. Алайда, біздің бірқатар аудандар үшін осы талаптардың орындалмауы салдарынан бұл іске әлі де қол жеткізе алмай отырмыз. Мәселен, тоңазытқышпен жабдықталған мал сою пунктінің болуы және есептік нөмірі бар ветеринариялық зертхананың болуы тиіс делінген. Ал, өкінішке орай бізде ол талаптар орындалмай отыр. Осы ретте айта кетсем, жуырда облыс орталығында өткен алқалы жиында осынау талаптар шеңберінде түрлі сауалдар жолданып, бұл міндеттемелер қайта қаралатын болды. Және де құрама жемнің құнын арзандату үшін де өзіндік қойылатын талаптар мен өлшем-шарттар бар. Құрама жемнің сапасын анықтайтын сараптау зертханасы бар және есептік нөмірі бар құрама жем өндіретін зауыттан  сатып алынған жағдайда 1 тоннаға 20 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. 

-Еліміз бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгені белгілі. Осынау жаңа жобаның ауылшаруашылығын субсидиялауға қатысты жаңа талап-тәртіптерін қысқаша түсіндіріп өтсеңіз.

- Иә, негізінен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ілкімді бағдарламалар қатары мол десек артық айтқандығымыз емес. Солардың бірі 2017 жылғы 27 қаңтардағы №30 АШМ бұйрығымен қабылданған мемлекеттік бағдарлама негізінде жұмыстар жүргізілетін болады. Ол шаралардың ілкімдісі жоғарыда атап өткенімдей кооперативтер құру арқылы кіші шаруашылықтарды ірілендіру болып табылады.

-Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, агроөнеркәсіп – ел дамуының драйвері. Бұл сала өндірісін әртараптандыру арқылы еліміздің, қала берді облысымыз бен ауданымыздың ауылшаруашылық тауары экспортын арттыру алдағы міндет. Бұл ретте, Жолдау жолындағы мол мүмкіндіктің иелері – кәсіпкерлер екені анық. Ал, олардың мемлекет тарапынан берілер көмек пен көптеген игілікке қол жеткізулері үшін алдағы уақытта қандай кешенді шаралар жүргізілмек?

-Ауданның басты бағыты мал шаруашылығы оның ішінде ет бағытында болғандықтан ет өндірісін дамыту негізгі жолға қойылып отыр. Шаруа қожалықтары ғана емес жеке қосалқы шаруашылықтарды да жұмысқа тарту несиелер беру арқылы мал бордақылау алаңдарын құра отырып және кооперативке біріктіріп, бәсекеге қабілетті ет өндіріп, ет экспортын дамыту сынды кешенді шараларды жүргізу жоспарда бар. Бұл ретте кәсіпкерлерге, жалпы агроөнеркәсіпке мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер беріліп отырғандығына өздеріңіз де куәгерсіздер. Сол бағытта жүйелі жұмыс жасауда біз де сала мамандары ретінде аянып қалмаспыз.

-Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Іргелі бастама

 

         Арғын-Тобықтының көрнекті ел билеушісі, қарадан хан атанып аға сұлтан болған, күллі мұсылман қауымның қастерлі мекені Меккеге барып қажы атанып, тәкие салдырған, Қарқаралыда мешіт тұрғызған кең жүректі қайраткер, хәкім Абайдың әкесі, Үш жүзге аты мәлім ұлы тұлға Құнанбай Өскенбайұлына арнайылап мүсін соғу бастамасы осыдан біраз уақыт бұрын басталған болатын. Тек осы бастаманы қолдаушылар тұрғысынан қолбайлау мәселелер туындап отыр.

         Қазіргі күні мүсіннің кесімі мен ол тұратын алаңның жобасы да әзір екен. Мүсінді саржалдық скульптор Нұрбол Қалиев қашап, орнатпақшы. Ескерткіш құрылысын қаржыландыру үшін қажы бабаның атына арнайы қор ашылып, қор жұмысын мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Ардақ Белібаев жүргізіп келеді. Бірлік, берекесін ту еткен аудан тұрғындары бүгінде сол қорға өз үлестерін қосып, шаруа шыңдала түскен. Қор төрағасы өз сөзінде:

-Алыс-жақын ағайын бұл бастама туралы құлағдар болып отыр екен. Көбі қолдау білдіріп қоңырау шалып жатыр. Соның ішінде кешегі Ізғұтты ұрпағы, қазіргі уақытта Алматы қаласында тұратын Дәулетхан Ешмұратұлы, сонымен қатар жерлесіміз Қайрат Қасымжанов хабарласып қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Қазірдің өзінде қорға 1 млн 614 мың қаражат құйылып, сең қозғалды. Кең жүректі жомарт жандар да атсалысып жатыр. Айтар болсақ жеке кәсіпкер Нысанбек Дінсләмұлы 100000 теңге көлемінде қаражатты аударды. Бұл игі бастамаға ат салысқан жандардың қамқорлықтарын қасиетті бабамызға деген құрмет деп білемін,-деп пікір білдірді.

         Десек те, кей мекемелер бұл іске көмек қолын созуға тырыспайтын сияқты. Айтар болсақ, ауданымыздағы Қазақстан Халық Банкі филиалы, «Риза» КММ-сі, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Абай аудандық аумақтық инспекциясы, жер кадастрлық бөлімі, аудандағы «Қазақтелеком» филиалы, №49 өрт сөндіру бөлімі мен ауданның төтенше жағдайлар бөлімі, ауданымыздағы «Қазпошта» филиалы мәселе турасында салғырттық танытуда екен.

 Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

КІРІСПЕ

 

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық.

Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.

Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.

2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.

Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.

Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім.

 

І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.  

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын.

Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­тын атап өтер едім.

 

  1. Бәсекелік қабілет

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады.

Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында.

Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.

 

  1. Прагматизм

Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес.

Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.

Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.

Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.

Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.

Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.

Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.

Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идео­логиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.

Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.

Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

 

  1. Ұлттық бірегейлікті сақтау

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.

Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін?

Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі­сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре­тінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.

Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте  болмайды.

Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға­ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.

Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отыр­ғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

 

  1. Білімнің салтанат құруы

Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.

Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маң­дайалды университеттерінде оқытып, дайын­дадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдар­ламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгей­дегі бірқатар университеттер ашылды, зият­керлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.

Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ор­тақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себеп­­тері бар. Технологиялық революцияның беталы­­сына қарасақ, таяу онжылдық уақыт­та қазір­гі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.

Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.

Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.

Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлі­нетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санаты­на қосылып отырмыз.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

 

  1. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр ау­ма­ғын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айын­дағы оқиғаға 100 жыл толады.

Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкі­ніс­терге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлт­­­тар­ға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгерт­ті.

Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.

Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да еш­кім­нің қақысы жоқ.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.

Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады.

Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері эко­ло­гиялық апат аймақтарына айналды.

Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.

ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді.

Индустрияландыруды, әлеуметтік және өнді­рістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа ин­теллигенцияның қалыптасуын осыған жат­қызуға болады.

Бұл кезеңде елімізде белгілі бір  жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаң­ғы­руы еді.

Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен  мазмұны түбегейлі өзгерді.

Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақи­қатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өр­кен­деуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.

Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.

Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.

Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп,  болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.

Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, эко­номикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.

Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйе­сінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұ­мысының бір бөлігі.

 

  1. Сананың ашықтығы

Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.

Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпей­тіндей.

Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?

Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жа­һандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің бас­ты шарты.  

Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Са­наның ашықтығы зерденің үш ерекшелігін біл­діреді.

Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.  

Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.

Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қы­тай­дың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пай­даланудың нағыз үлгісі.

«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – та­быстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсет­кіш­терінің бірі.

Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шық­пай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.

 

ІІ.  ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.

Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.

Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.  

Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер.  

VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды.

Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.

V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.  

Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құ­жат­тары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.

Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады.

Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.

Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқын­далып келді.

Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.

Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз.  

Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз.  

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­семіз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауы керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.      

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.  

Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады.  

Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.

Оның мәні мынада:

1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.

2. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.

3. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.

Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?  

Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз.

Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге не­ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.    

Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қо­ғам­да ор­нықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім орда­ларының аудиторияларында қаланады.        

Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.

Бұл – мемлекеттің міндеті.  

Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек.

Үшіншіден, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.

Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.

Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.

Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс.

Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.

Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.

Бұл жерде де көп жұмыс бар.  

Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.  

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.

Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағ­дар­ламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.

Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.

Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.

Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.

Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.

Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.  

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.

Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ды.

Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.    

Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:

1. Аталған «Мәдени-географиялық бел­деу­дің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.

2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.

3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы­мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түр­­кістан немесе Алтай – ұлттық немесе құр­лықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн­дылықтар.

Бесіншіден, заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың енші­сінде.

Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.

Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.

Бұл жоба нені көздейді?

Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.

Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.

Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.  

Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал.

Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қол­дау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министр­ліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.

Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.

Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкіл­дері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анық­тап алуымыз керек.  

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін ірік­теп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдерін өткіземіз.  

2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды ай­қындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тың­ғылықты жүзеге асырамыз.  

Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құр­лық­тарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.

Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.

Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.

Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.  

Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.

Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.  

Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.

Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек.

Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шы­найы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқи­ғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құрал­дарының басты нысанасына айналуға тиіс.  

Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн.  

1. Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту.

2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал ету­­дің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тас­тыру.

3. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек.

Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс.

Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.

Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді.

 

Дүйсенбі, 10 Сәуір 2017 00:00

СПОРТ ЖАРШЫСЫ

Бокс

РИНГ ТӨРІН БАҒЫНДЫРДЫ

 

            Наурыз айының 13-17 күндері аралығында Алматы облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылында 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында спорттың бокс түрінен Қазақстан Республикасының аймақтық чемпионаты өтті.

Бұл байқауда еліміздің әр түкпірінен балғын білекті былғары қолғап шеберлері жиналып, ринг төрінде өнер көрсеткен болатын. Осынау жарысқа Абай ауданының құрама командасы сапында барып, шаршы алаң төрінде жасындай жарқылдаған Шайкенов Еркебұлан (58 кг салмақта), Сайлаубеков Айдар (44 кг салмақта) ІІ орынды иеленіп, арнайы мадақтама, медаль, кубоктармен марапатталды.

Өрендеріміздің жатықтырушылары Жанболат Ұлан, Мадибеков Нұрбол шәкірттерінің жетістікті өнер көрсетулеріне зор ықпал етуде.

 

Самбо күресі

ӨРЕНДЕР ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ

 

            Өткен наурыз айы аймағымыз бойынша спорттық шаралар қатарына толы болды. Сәйкесінше, абайлық жастардың салауатты өмір салтын серік етудегі жетістіктері де толыға түсті.

Жуырда наурыздың 17-18 күндері  Семей қаласында самбо күресінен 1999-2000 жылы туған жасөспірімдер арасында Шығыс Қазақстан облысының ашық  Чемпионаты болып өтті. Аталмыш сайысқа аймағымыздың әр түкпірінен іріктелген балуандар қатысып, өзара бақ сынасты.

Сайыс Абай елінен барған балуандар үшін нәтижесіз болған жоқ. Атап айтсақ, 70 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Жұматаева Талшын (Әуезов орта мектебі) І орынды қанжығаға байлады. Сонымен қатар, 52 кг салмақ дәрежесіндегі Жұматайұлы Қуанышбек (Лицей), 65 кг салмақтағы Жақсыбеков Ералыбек (лицей) ІІ  орынды  бағындырды. Ал,   42 кг салмақ дәрежесінде шеберлік сынаған Құмаров Байсиық (лицей) ІІІ орын иеленді.

Барлық жеңімпаздарға алдағы өтетін сайыстарда да жеңіс тұғырынан табыла берулеріне тілектестік білдіреміз.

 

 

Қазақ күресі

ЗАЙСАННАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

         Осыдан біраз бұрын, наурыз айының 27-29 күндері аралығында Зайсан қаласындағы «Жекпе-жек» күрес залында қазақ күресінен «Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне» арналған жасөспірімдер арасында Зайсан ауданының ашық біріншілігі болып өтті.

 

Бұл жарысқаАбай ауданы, Аягөз, Көкпекті, Тарбағатай, Күршім, Зайсан аудандарынан және Семей қаласынан жалпы саны 135 палуан қатысты. Осынау сайыс қорытындысы бойынша 42 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Рахатұлы Қайсар (Абай лицей), 46 кг салмақ дәрежесіндегі Асланұлы Ислам (Тоқжігітов орта мектебі), 66 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Манарбекұлы Жоламан (Көкбай орта мектебі) І орынды жеңіп алды. Ал 38 кг салмақ дәрежесіндегі Несіптаев Ертілеу (Әуезов орта мектебі), 66 кг салмақ дәрежесінде Шалабаев Мақсат (Әуезов мектебі) жүлделі екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, 55 кг салмақ дәрежесіндегі Қайыржанұлы Серікжан (лицей) үшінші орынды місе тұтты.

Жеңімпаз өрендеріміздің жаттықтырушылары Нұғыманов Айбек, Ахметжанов Азамат, Әкішев Медет, Шәкебай Думан, Кәкенов Мақсат, Ермекбаев Рауан, Сәрсенбаев Шалқар сынды бапкерлерге алғыс білдіреміз.

 

РУСЛАН – ЧЕМПИОН АТАНДЫ

 

         Ағымдағы жылдың 30 наурызы мен 2 сәуір күндері аралығында ел Батысы Ақтөбе қаласында  қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Чемпионаты болып өтті.

 

Аталмыш байрақты бәсекеге еліміздің 14 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан арнайы іріктелген балуандар қатысты. Республикалық чемипионат  облыс құрамасы сапында өнер көрсеткен абайлық балуандар үшін де айтарлықтай нәтижелі болды. Атап айтсақ, үш күнге созылған тартысты жарыста 81 кг салмақ дәрежесінде белдесуге түскен жерлесіміз Жарқынбаев Руслан Қазақстан Республикасының Чемпионы атағына ие болды. Жеңімпаз өреніміздің жаттықтырушысы Нұғыманов Айбектің еңбегін де айта кеткен орынды. Русланды осынау жеңісімен құттықтай отырып, әлі де биіктерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз.

 

Тоғызқұмалақ

 

АЙМАҚ НАМЫСЫН ҚОРҒАДЫ

 

        Тоғызқұмалақ ойыны бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес сыйы, рухани құндылығы, аманаты екендігі хақ. Жасөспірімдерді дене шынықтыру тәрбиесіне баулу арқылы ақыл-ойын дамыту ісінде аталмыш ұлттық ойынның берері мол. Бүгінгі таңда республика бойынша қазақтың төл ойыны - тоғызқұмалақпен айналысатындардың саны жүз мыңға жетіпті. Бұл үлкен көрсеткіш.

 

     Қазіргі күні осынау ұлттық ойынымыз халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен фестивальдар бағдарламасына еніп, әлем және құрлық чемпионаттары ұйымдастырылып, жаһандық деңгейде таралуда.

      Тоғызқұмалақ ойыны Абай елінде де жоғары деңгейде дамып келеді. Оған келтірер дәлеліміз мол.

Ағымдағы жылдың 24-31 наурыз күндері аралығында Семей қаласында тоғызқұмалақтан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты болып өткен-ді. Аталмыш біріншілікке ауданымыздан Әлемқызы Әмина, Кеңесбекова Ақбота, Оралқанов Бағнұр, Назымқызы Айзада, Оразалин Нұрсұлтан сынды ойыншылар қатысып, жоғары деңгейдегі жетістіктерімен қуантты.

       Атап айтсақ, 10 жастағы ұлдар тобында Оралқанов Бағнұр жүлделі екінші орын алып, Қазақстан Республикасының күміс медальіне ие болып, Шығыс Қазақстан облысының және Абай елінің мерейін үстем етті. Сонымен қатар Бағнұр спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.

     Алдағы уақытта білікті бапкер Күзембай Назым жаттықтыратын абайлық жас тоғызқұмалақшылар биік белестерді бағындырып, аудан абыройын жоғары деңгейде қорғай береді деп сенеміз.

 

Арнайы спорт жаңалықтарын әзірлеген              Анар СӘРСЕНБИНА,

                                                                                           «Абай елі»

 

 

 

Республикалық байқау

 

Осыдан біраз уақыт бұрын Республикалық «Аяла» қайырымдылық қоры «Эйр Астана» әуе компаниясының қолдауымен ел журналистері арасында «Жақсылықтың  баспасөз қызметі» атты республикалық шығармашылық байқау жариялаған болатын.  «Жақсылық туралы айтайық, сонда әлем жақсара түседі» ұранымен ұйымдастырылған аталмыш шара байтақ Отанымыздың әр түкпірінде ізгі ниеттен туған қайырымдылық шараларын сәтімен жүзеге асырып жүрген осынау қордың құрылғанына 10 толуына арналған болатын.

Айта кету керек, республика журналистеріне арналған бұл байқаудың тағы бір мақсаты телеарна көрермендері мен мерзімдік басылымдар оқырмандарына Қазақстандағы жүзеге асырылып жатқан игі істер мен қайырымдылық шаралары туралы хабардар ететін шығармашылық жұмыстарды анықтау мақсатында өткізілген-ді. Сол себепті де, аталмыш конкурсқа телевизиялық сюжеттер, бағдарламалар, баспасөз және электрондық БАҚ-тағы жарияланымдар түріндегі жұмыстар қабылданған еді. Ал осынау бәйгеге аудандық «Абай елі» газетінің атынан жауапты хатшы, мол тәжірибелі, өз мамандығының  мықты маманы журналисіміз Анар Сәрсенбина қатысып, байқау биігінен табылды. Анар Қабдуәлиқызы осыған дейінауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс тақырыбын жиі қозғап, тағылымдық тұрғыдағы сүбелі мақалалар жариялап келген болатын. Міне, төл басылымымызда жарық көріп келе жатқан осынау материалдар байқау талабының үдесінен табылып, жоғары бағаланыпты.

-Аталмыш конкурска Шығыс Қазақстан облысынан жалғыз мен ғана қатыстым. Жалпы саны республика бойынша 200-ден аса жұмыс қаралып, оның ішінде үздік деп танылған мақалалар иелерінен 20 журналист таңдалып алыныпты. Алайда, жүлде тек төртеу ғана. Қалған жеңімпаздарға ынталандыру сыйлықтары мен арнайы сертификаттар тарту етілді. Дегенмен, біздің газетімізде жарық көрген материалдар қазылар алқасының көңілінен шығып, заттай арнайы сый-сияпат берілді. Осы орайда республикалық  байқауға  баруға зор  қолдау көрсеткен аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына, мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлына, аппарат басшысы Серік Бимұратұлына, Қарауыл ауылдық округінің әкімі Құсман Берлешұлына  шексіз ризашылығымды білдіремін. Қойнауы құтты, ұлылардың ізі қалған қастерлі мекеннен барып қатысқанымның өзі мен үшін үлкен мәртебе, - дейді Алматы қаласынан оралған  әріптесіміз. Тоқтала кетсек, байқау талаптары қатаң. Яғни, мақалаларда игі істер және қайырымдылық жасаушылар туралы оң ақпарат қамтылуы тиіс, қайырымдылық жасаушылардың аттары аталуы керек, материал авторлық, өзекті, ақпараттық тұрғыдан толық болуы тиіс екен. Сонымен қатар, тағы бір талап, игі істер туралы материалдардың жүйелі түрде шығуы да барынша құптарлық саналыпты.

Ал осынау байқау нәтижелерін құрамына  Алматы «Аяла» қайырымдылық қорының, «Эйр Астана» әуе компаниясы  және «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығы өкілдері кіретін қазылар алқасы бағалапты. Осы орайда, «Жақсылықтың  баспасөз қызметі» атты осынау байқаудың конкурсанты атанған әріптесімізді алған марапаттарымен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да ізгілік пен қайырымдылық жолында қалам қарымымен қызмет атқара беруіне тілектестік білдіреміз.

 «Абай елі» газеті ұжымы

 

Тіл айлығы аясында

 

 

«Тілін білмеген - түбін білмейді» деген халық нақылы бүгінгі Абай елінде де өміршең. Ұлт болып ұйысудың түп төркіні ана тілдің ізгілікті қасиетінде жатса керек-ті. «Өз ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деп толғамды пікір білдірген қабырғалы қаламгер, әйгілі тіл жанашыры Ғ.Мүсірепов тілден артық қазына, тілден асқан руханият тірегі жоқ екендігін дәлелдеп кеткен-ді.

Алайда, бүгінгі таңда ана тіліміздің қолданылу аясы қандай, тілдің қадір-қасиетін, құндылығын өз деңгейінде бағалап жүрміз бе? Әсіресе, қоғамдық орындарда тіл қадірін түсіретін келеңсіз көріністерге орын беріліп жатқан жоқ па? Осыған орай, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен қолға алынған тіл айлығы үстіміздегі ақпан –наурыз айларында «Қате жарнамаға жол жоқ!» акциясымен бастау алса, наурыз-сәуірде «Тектілікті сақтау-ата дәстүріміз» атты тағылымды шараларға толы, ауқымды тағы бір акциямен жалғастық тапты.

Екі айға жоспарланған осынау айлық барысында тілге деген ерекше құрметтің үлгісін сезініп, тіл жанашырлары ұйымдастырған танымдық кездесулерге куә болдық. Сондай бір басқосу орталық аудандық емхана бірлестігінде ақ халатты абзал жандардың басқосуымен өтті.

Жиынды алғысөзбен ашқан ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары, тектінің тұяғы Елдар Оразалы айлық барысымен құлағдар еткен соң, аталмыш бөлімнің жетекші маманы Әсет Жанатұлы тақырып аясында көңілге қонымды баяндамасын көпшілік назарына ұсынды.

Әр ғасырлардағы кемел ойлы данышпандардың өнегелі сөздерін тілге тиек еткен Ә.Жанатұлы ата дәстүріміздің бір құндылығы саналатын тектілік турасында толымды пікір білдірді.

Сонымен қатар, тіл тазалығына ерекше көңіл бөлу, тектілікті сақтау, тегін қазақыландыру барысында сөз сабақтаған АХАЖ бөлімінің бас маманы Үміт Тәшенова Елбасының «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығын басшылыққа ала отырып, ақ халатты абзал жандармен бірлесе қызмет істейтін бөлім маманы өмірге келген нәрестеге берілетін қазақы тек пен есімнің қатесіз әрі қазақы нұсқада дұрыс жазылуы жайында айтып өтті. Әсіресе, Ү.Қалиқызы өзін қынжылтатын әрекеттердің бірі сәбиге берілетін есімдердің көбі басқа елдердің сүйікті телесериалдарының кейіпкерлері екендігін жеткізді. - Бұл да қазақылығымызға төнген қауіптің бірі және ұлт ретіндегі сипатымызға түскен дақ екендігі даусыз, - деп атап өтті.

Және де кезіндегі кеңес үкіметінің отарлау саясатымен қанымызға сіңісті болып кеткен -ова, -ева, -ин, -ина, -ов, -ев жалғауларының орынын қазақы текпен алмастыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Бұл бағытта ілкімді шаралар орын алыпты.

Ата дәстүрімізді кейінгі буынға насихаттауда нәтижелі жұмыстар атқарып жүрген «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиева анамыз да тектілік жайында әсерлі ойымен ортақтасты. Қаймағы бұзылмаған, қадір-қасиетін құлатпаған, қариясының көңіліне қаяу салмаған қазақы ауданның тектілігін жоғалтуы әсте мүмкін еместігін жеткізген ақ кимешекті ана «ұлттық болмысымызды жоғалтпайық!» деген баталы тілегін білдірді.

Шара соңында емхана ұжымы атынан сөз алған директордың орынбасары Шолпан Мұхаметжанова айлықты ұйымдастырушы бастамашыл топқа ақжарма алғысын жеткізді. Ал, «Тектілікті сақтау ата дәстүріміз» атты айлық аясындағы ауқымды шаралар алдағы уақыттарда әлі де жалғаса бермек.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

Дүйсенбі, 10 Сәуір 2017 00:00

 АТА-ТЕККЕ АЙРЫҚША НАЗАР КЕРЕК

 

 

Ауданның рухани-мәдени өмірі тағы бір сатыға жаңарды деуге негіз бар. Атап айтсақ, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Тектілікті сақтау-ата дәстүріміз» атты айлығы аясындағы семинар-кеңес 17 наурыз күні Қарауыл гимназиясының мәжіліс залында өтті. Аталмыш басқосуға ауданың АХАЖ бөлімінің мамандары,  аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы өкілдері мен қатар жергілікті журналистер шақырылды. Сонымен қатар семинар кеңеске білім ошағының ұстаздар қауымы мен жоғарғы сынып оқушылары  да қатысты.       

Тіл айлығына арналған жиынды аталмыш бөлімінің жетекші маманы Ә.Қайроллаев кіріспе сөзбен ашып,  айлықтың маңызын-мақсатын түсіндіре келе тектілік, қазақы болмыс, ұлттық құндылықтар турасында баяндама жасады. Сондай-ақ, келесі кезекте, маңызды мәселе бойынша АХАЖ қызметінің бас маманы Ү.Тәшеноваға сөз берілді. Ол өз сөзінде семинар-кеңеске қатысушыларға  айлықтың мақсаты Қазақстан  Республикасы Президентінің 1996 жылғы   2 сәуірдегі «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлеріне сәйкес келтіру бағытында екендігін айрықша атап түсіндірді.

Осындай тақырыппен дәл осы күні Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінде де алқалы басқосу болып өтті. Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту,   дене   шынықтыру және спорт бөлімінің  ұйымдастыруымен  аталған шараға -  ауданның АХАЖ бөлімінің мамандары,  аудандық «Нұр Отан»    партиясының өкілдері мен қатар БАҚ өкілдері  шақырылды. Сонымен қатар семинар кеңеске білім ошағының ұстаздар қауымы мен жоғарғы сынып оқушылары  қатысты.

Тіл айлығына арналған семинар-кеңесті ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Ә.Қайроллаев кіріспе сөзбен ашып,  айлықтың маңызын-мақсатын түсіндіре отырып тектілік, қазақы болмыс, ұлттық құндылықтар турасында баяндама жасады. Маңызды мәселені көтерген семинар кеңесте аудандық АХАЖ қызметінің бас маманы Ү.Тәшеноваға сөз берілді. 

-Бүгінгі күндері дүниеге келетін сәбилерге ат қою, 16 жасқа толған ұлты қазақ азаматтар төл құжат алу кезінде, сондай-ақ 25 жасқа және 45-ке келген ұлтжанды азаматтар өз тегін, атын, әкесінің атын дұрыс, қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлеріне сәйкестендірсе, қазақы болмысымыздың жоғалмауына қосылған зор үлес болар еді, - деп ой тарқатты.

Семинар кеңесте аудандық  мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының орынбасары Е.Оразалы сөз алып: Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі 2017 жылдың 14 наурыз – 14 сәуір аралығында «Тектілікті сақтау-ата дәстүріміз» атты айлық жариялағандығын хабардар етті. Айлық барысында жолға қойылған шараларды тізбектеп, аталмыш игілікті шараға көпшіліктен  белсене қатысуды сұрады.

Сонымен қатар, тектілік адам баласына берілетін ізгі сипаттың бір түрі екендігін, ата-бабамыздан келе жатқан жақсы әдетті бойға сіңіру керектігін және бүкіл өмірге осыны азық ету қажеттігін түсіндірді.

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Е.Ахметов та балаға ат қою жөнінде өзіндік ойларын ортаға салды. Ол өз сөзінде адам есімінің жағымды, үйлесімді болуы Ұлы Жаратушының алдында зор мәртебе екендігін, оған хадис-шәрифте де мән берілгендігін, халқымыз ат қою үрдісінде әсіресе ұлы тұлғалардың есімін көбірек қойғандығын алға тартты. Бұл өскенде ұлы тұлғалар сынды болып өссін деген жақсы ниеттен туған ой  екендігін жеткізді.

Семинар-кеңес барысында ұстаздар қауымынан Г.Болатқызы өзін мазалған сауалына тұшымды жауап алды. Яғни, зейнеткерлікке шығар сәттегі өзінің құжаттарының қаншалықты деңгейде дұрыс екендігіне көз жеткізді.

Ал аудандық «Абай елі» газетінің жауапты хатшысы, журналист А.Сәрсенбина бүгінгі таңда жастардың өз ана тілін сүюге, ұлттық рухты оятуда әлі де көптеген жұмыстар жүргізу керектігін айтып, ұлтын, өзін қадірлейтін намысы бар әрбір адам осы мәселені ерікті түрде шешу керектігін айтып өтті.

Сондай-ақ өз ойын ортаға салған мектеп оқушысы Құмарғазин Дінмұхаммед кеңеске қатысып отырған жастар - қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлерін сақтауға шақырып, әр азамат өзінің тегін, атын, әкесінің атын қазақша жазуда аз да болса үлес қосатын болса, аталған бастамаға оң ықпалын тигізетінін сөз етті.

Осылайша, семинар-кеңес соңында бөлімнің жетекші маманы Ә.Қайроллаев «басқосуды қорытындылап тіл жанашырларына алғыс білдірді.  

Аталмыш басқосуға қатысқан өскелең буын өкілдері үлкен тағылым алғаны анық. Жалпы, осындай маңыздылығы жоғары айлықтар мен акциялар, семинар кеңестер арқылы Тәуелсіз Қазақстанның Отаншыл ұландарының бойына патриотизм ұшқынын дарытып, ұлтжандылық сынды бүгінгідей жаһандану заманында аса қажетті сезімдерді сіңірудің қажеттілігі жоғары. Күнделікті мерзімдік баспасөз беттерінен кездестіріп жүргеніміздей, кейбір ұлты қазақ азаматтардың өз бабаларының есімін, яғни, тегін дұрыс жаза алмай, тіл шұбарлығына салып, бұрмалап жүргендерін көргенде жүрегіміз ауырады. Сондай-ақ, есім қоюда да батыстық үлгідегі, ұлттық болмысымызға жат ұл-қыз аттарын кездестіріп жатамыз. Осының өзі, қазақ елінің кешегі тарихына, өткенімізге, ата-текке деген құрмет сезімінің әлі де болса әлсіз екендігін айғақтайды. Ал, тіл жанашыры ретінде қосарымыз, Тәуелсіздік таңымен бірге ұлттық құндылықтарды қайта қарастырып, соның арасында тек мәселесіне де зор көңіл бөлген орынды.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Спорт сенің серігің

 

 

Әулет - ұлттың іргетасы. Ал, «Отбасы - шағын мемлекет» деген нақылға сүйенсек, жанұядағы бірліктің бекемдігі бірінші кезекте бағаланбақ. Осы орайда, сәуірдің алғашқы жұлдызында Қарауыл ауылындағы «Шыңғыстау» спорт кешенінде аудандық деңгейдегі «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты мән-мағынасы ерекше жарыс өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған қызықты сайысқа Абай еліндегі спортты серік еткен белгілі әулеттер өкілдері қатысты. Аталмыш додаға 13 әулет, яғни, 13 команда сайланып келген екен. Білек түре кіріскен барша спортшы әулет намысын қолдан бермеуге тырысып бақты.  

Ауданның «Жастар орталығы» ұйымдастырған осынау турнирға Белібаевтар отбасы, Орынбаевтар, Ахметовтар, Тайтөлеуовтер, Исахановтар, Батырбаевтар,  Жұмабаевтар, Алтыбаевтар, Арғынбековтер, Мәдібековтер, Мырзақасымовтар, Жапаловтар және Қадыровтар әулеттері қатысты. Осы орайда, идеяның авторы Алтай Исаханов екендігін баса айтып өткен жөн.

Жалпы, жарыстың негізгі мақсаты әр отбасыны отансүйгіштікке, салауатты өмір салтын ұстануға тарту және спортқа баули отырып, әулеттік рух қалыптастыру болатын. Сайыс барысы көрсеткендей, баба аты, әулет атауы намысқа түскенде жігерленбейтін жанұя мүшесі болмайды екен. Сайыс осынысымен де қызықты, әрі мейлінше тартысты өтті.

Бірінші кезекте айталық, шағын футболдан өткен жарыстың әсері  бұрынғы бәсекелерден бөлек болды. Тіпті, көрермен нағыз аяқдоп спектаклін тамашалап, қызыққа батты десек қателеспейміз. Себебі, әр ойыншы өзінің және командасының ғана емес, ең маңыздысы өз әулетінің намысы сынға түсіп жатқанын айқын сезінді. Сондықтан болар, жігерін намысына жаныған қатысушылардың тер шүмектетіп, барын сала ойнағанына куә болдық.

Асылы, ауданның спорттық командалары бірін-бірі жақыннан таниды. Анығырақ айтсақ, футболдағы әдіс-айласы, шеберлік деңгейлері, шабуылдау немесе қорғаныс комбинациялары өзара баяғыдан мағлұм. Ал, бұл жолғы сайыстың жөні тым бөлектеу болды. Бұрындары бір команда құрамында ұжымдасып өнер көрсеткендер ендігі аралықта әулет намысы үшін қарсыластарға айналған болатын. 

Десекте, делебе қоздырған дода спортсүйер көрерменнің көңіл хошын қандырып барып тәмамдалды. Бұл сайыста финалдық кездесуді тең есеппен қорытындылаған Исахановтар мен Тайтөлеуовтер әулеті сауатты ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз пенальти тебу арқылы ғана анықталды.

Сонымен бір күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Исахановтар әулеті үздік атанып, І орынды жеңіп алды. Ал, Тайтөлеуовтер әулеті жүлделі ІІ орынды, Жұмабаевтар әулеті ІІІ орынды еншіледі.

Сондай-ақ, жарыс барысында үздік өнер көрсеткен Белібаев Русланға «Үздік ойыншы», Батырбаев Дарханға «Үздік қорғаушы», Жұмабаев Бейімбетке «Үздік қақпашы» және Арғынбеков Қуанышқа «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша арнайы марапаттар табысталды. Осы орайда айта кетелік, команданың сұрмергені Қуаныш жарыс аясында қарсыластар қақпасына 14 допты дөп кіргізіп, дара танылған болатын.

Әйткенмен, сайыстың «әттеген-ай!» дегізген тұсы да болғанын айту ләзім. Тартысты бәсеке аудандық деңгейде өткізілсе де Кеңгірбай би ауылы мен Тоқтамыс ауылынан өзге округтардың қалыс қалуы осынау шараны ұйымдастырушыларды қынжылтты. Жанкүйерлерді, спортсүйер көпшілікті елең еткізген осынау жарысқа бұл жолы да спорт саласы бойынша сынға көп ұшырап жүрген округтер келмепті. Оған «қандай себеп болды екен?» деген сауал көпшіліктің көкейінде кеткені анық.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Page 5 of 29

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар