ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ЖӘНІБЕК

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ЖӘНІБЕК

Өнерпазды еске алу

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ЖӘНІБЕК

 

Қараша айының 25 күні Қасқабұлақ ауылында қазақтың біртуар перзенті, дәстүрлі ән өнерінің саңлағы, сазгер, өнер зерттеушісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған елеулі шара болып өтті. Жыр дүлдүлі Жәнібек Кәрменов есімімен аталатын саз мектебінің Қасқабұлақ ауылдық саз филиалының ұйымдастыруымен өткен әсерлі кеш әуелі дәстүрлі ән өнерін насихаттау мақсатындағы «Қалыпты дәстүр, үлгілі үрдіс жалғасы» атты семинар сабақпен шымылдық түрді.

Әсіресе жас буын игілігі үшін дәстүрлі ән өнерін насихатшысы болып келе жатқан бұл білім ордасының ауданымыздағы өнер мектептері арасында алар орны орасан. Бүгінде аталмыш оқу орынының тек аудан орталығында ғана емес, Қасқабұлақ, Құндызды және Саржал ауылдарында филиалдары бар, қанатын кеңге жайған үлкен қара шаңыраққа айналған. Сондай-ақ дәстүрлі ән өнерін насихаттауда нағыз талантты ұстаздар қатары да осы білім ошағында жұмыс жасауда. Солардың бірқатары аталмыш семинарда әр тақырыпты қамтыған сабақтарын жүргізіп, дәстүрлі өнерді оқыту тәсілі мен шеберліктерін паш етті. Қасқабұлақ саз филиалының оқытушысы Қабланов Қанат «Қазақ халқының ән өнері» атты тақырыбында ашық сабағын жүргізсе, Саржал саз филиалының ұстазы Әліпбаев Жұмабек «Арқаның әншілік мектебі» оның ішінде Біржанның әні «Жанботаны» өзінің сабағына арқау етіп, тақырыбын сан қырынан аша білді. Ауданымызға келгеніне көп болмаса да Мұхит мектебін насихаттап жүрген саз мектебінің оқытушысы Мыңбаева Ақмаралдың семинар сабақтағы тақырыбы «Батыстың әншілік мектебі» жайында болды. Арқаның мектебіне бейім шәкірттерді батыстың мақамымен тәрбиелей отырып, ән үйретудің өзіндік ерекшеліктерімен ортақтастырған оқытушының шеберлігіне семинарға қатысушы ұстаздар да жоғары баға беріп жатты.

Осыдан соң келген қонақтар мектептің акт залында ұйымдастырылған «Ән аманат»кешіне жиылды. Бұл әсерлі кешті дәстүрлі әнші Амангелді Жікенов жүргізіп, өзіне аманаттап қалдырып кеткен кешегі көзін көрген, сырлас болған Шәкір Әбеновтың әндеріндегі әуезділікті, Көкбай Жанатайұлының әндерінде ұшырасатын ұқсастықтарды зерделей отырып, әр әннің ара-жігін аша келе, үлкен тағылымдық рухани аса бай дүние тарту етті. Кеш барысында Шәкір ақынның «Кәрілік» әнін бірде баянмен сүйемелдеп классика жанрында орындаса, енді бірде қара домбырасын күйлеп, дәстүрлі ән мақамымен шырқап берді. Сондай-ақ «Әнші моласы», «Жастық шақ» әндерін де сөзіне астар ете отырып, асқақ үнмен әуелете салып, кеш шырайын аша түсті. Танымдық сипаты басым осынау кешке арнайы шақырылған Семейдегі Абай мұражайы өкілдеріне Амангелді ағамыз жәдігер қорларын толықтыру мақсатында үнтаспа тарту етті.

Кешке арнайы келген Жәнібек Кәрменовтың апайы Құрышева Рымғайша апай, сыныптас достары ақын Төлеген Жанғалиев, әнші Баян Сағымбаева,қызметтес болған әріптестері, әншінің көзін көрген ауылдың қариялары Әбдеш Имаханов бастаған ақсақалдар қауымы шараға қатысып, ән өнері төңірегіндегі өзіндік ойларымен бөлісіп, талай жылғы арқалап жүрген аманатын орындаған Амангелді Жікеновке ризашылықтарын жеткізді.

Кеш барысында Жәнібек Кәрменовтың апайы Рымғайша Құрышеваны сөзге тартып, естеліктерінен сыр алысқан едік. Жәнібек жайлы сөз қозғағанда жанарына еріксіз жас алған апайы бауырының ғұмырының қысқалығына қынжылыс білдіріп, халқына берері көп азаматтың бірі болғандығын жеткізді.

– «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ»,- деп Абай атамыз өзінің екі анадан тарағандығын жеткізсе, біз де дәл осылай өрбіген отбасымыз. Жәнібекпен біздің әкеміз бөлек болғанымен, бір құрсақтан шыққан туыспыз. Жәнібек өмірінің соңғы жылдарындаауылға жиі ат басын бұрып, ата-бабаларының басына барып, Құран оқытып жүрді. Сол кезде бізбен де қоштасып жүрген екен. Бұлай тым ерте кетерін кім білген? Сол жылдары шеттен көп ірі-ірі тұлғалы азаматтар келіп, ауданымызға қонақ болып жатқанда Жәкеңнің бір өзі дамыл таппастан Абайдың жиырма өлеңін шырқап бергені әлі құлағымнан кетпейді. Дауысы қандай еді, шіркін?!.Бала кезінде өте зерек, талапшыл болатын. Өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын. Бес жасынан шыбықты домбыра етіп, халық әндерінің қалпын бұзбай шырқайтын еді. 1958-1959 жылдары сахнаға шыға бастады. Кейбір деректерде Жәнібектің туылған жері бұрмаланып қате көрсетіліп жүр. негізі Қаражартаста дүние есігін ашқан болатын,-дейді апайы Рымғайша Құрышева.

Кеш соңынан жиылған қауым мектеп асханасында берілген Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған қатымға қатысып, қол жайып, талантты тұлға жайындағы ескірмес естеліктерімен ортақтасып, сыр бөлісті.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, болмысынан бір мін таппайтын бауырмал туыс, сыйлас дос жайында ақтарылған жылы естеліктерін жеткізді.

Түстен кейін ауылдық мәдениет үйінде оқушылар арасында «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты аудандық дәстүрлі ән байқауы өз жүйріктерін анықтады. Жәнібектің ізін жалғастырушы жас таланттар да өсіп келе жатқандығын жыр додасынан байқадық. Қатысушыларүш кезең бойынша сайысып, ең әуелі халық әндерін, халық композиторларының әндерін және Жәнібек Кәрменовтың әндерін шырқап, сахна төрін күйлі әуендермен көмкере білді. Кешті алғысөзімен ашып берген Зәматай аға Жәнібектің тұлғалы қасиетін сөз етіп, кешегі арамыздан кеткен абзал азаматтың есімін өшірмей, ұлықтау мақсатында еске алу кештерін қолға алуды мақсат тұтқандарын жасырмады. Осынау ойдың аясында ең бірінші облысқа, елімізге танымал жерлесіміз, Алаштан ән оздырған Жәнібек Кәрменовтей өнер саңлағынан бастау орынды деп ұйғара келе, өткізіп отырған шара жалғасы мұнымен шектелмейтінін де айтып өтті. Әрине, өмірден ерте кеткенімен кейінгіге сарқылмасмол мұра қалдырған қасиетті өлкенің талантты тұлғалары баршылық. Бұл бастамашыл істері халықтың да қолдауына ие болғанын жаны жомарт демушілер мен кешке жиылған қауымның қарасынан да аңдадық. Осынау кеште жомарттық танытып, демеушілік білдірген азаматтарға алғыстар айтылып, ескерткіш сый ретінде Жәнібек Кәрменовтың портреттері қойылған картиналар табысталды.

Жәнібектің де Абай еліндегі өнер саласына қосып кеткен үлесі қомақты.Кезінде клуб меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, халықтың көңілін бір серпілтіп, кеш барысында жырларын төгілтіп тастайтын қасиетін ауылдастары да жиі еске алады. Слайд арқылы Жәнібек жайлы жылы естеліктер, ескі фотосуреттер тамашаланып, көпшілік көңілдеріндегі сағыныштарын бір басқандай болды.

-1992 жылы аяқастынан Жәнібектен айырылып қалғанымызды естіп, жанарға жас іркіліп, түнімен ұйықтай алмай, ертеңінде Алматыға жол тартып, ақтық сапарға шығарып салған едік. Қазір сіздерге үлкен тұлға болып көрініп тұрған азамат, қыршыннан қиылған сол бір кезде небәрі 43 жаста ғана еді. Кішкентайымнан Ақтоғайда бірге өскен досымның қабірінің басына Абай атасының басынан алған бір уыс топырақты, аяқ жағына Ақтоғайдың басынан алған уыс топырақты салып, қаралы Қарауыл халқының көңілін жеткізіп қайтқан болатынмын. Сонда иін тірескен халық менің сөзіме емес, туып өскен жерінен жеткен бір уыс топырақты көріп, көздеріне ыстық жас алды. Сол кезде күллі Алаш аспаны күңіреніп тұрғандай еді,- дейді Жәнібектің ақырғы сапары жайында сөз қозғаған досы, ақиық ақын Төлеген Жанғалиев. Сан қырлы қасиеті бар досының ақындық, жазушылық қырына тоқталған ақын ағамыз оның сөз саптауындағы, ұйқас қолдануындағы ерекшеліктерін де сөз етті. Шарада сондай-ақ ыстық естеліктерімен бөліскен, бала кезінен бірге өскен досы Махмутбай Санбаев Жәнібектің шешендік сөздеріне тоқталды.Сөз, өнер, махаббат, адамгершілік жайлы жазылған нақыл сөздерінде үлкен философиялық ой жатқандығын айтады. Ол сол кездің өзінде ұлт жайында өзекті тақырыпты қозғап, жікшілдік туралы «Сол дерттен ел өлсе, кейінгі ұрпақ не болады» деп күйінгендігінен-ақ үлкен ой түюімізге болады»,-дейді досы М.Санбаев.

Осылайша Жәнібек жайлы жарқын естеліктерге толы бірінші бөлім саз мектебінің ұстазы Әлімбай Жұмабектің орындауында «Әнің қайда, Жәнібек» атты тамаша әнмен қорытындыланып,екінші бөлім жыр додасының бәсекесіне берілді.

Жәнібек өзінің сөзіне ән жазып, тыңдарман жүрегін еліте білетін тамаша сазгер де еді. Алайда, қысқа ғұмыры талантын толықтай тануға мүмкіндік бермеді. Десе де артындағы өнерін насихаттаушы, жолын жалғастырушы ұрпағы барда Жәнібек есімі әсте өшпек емес. Осынау кеште саз мектебінің оқытушысы Ораз Сыздықовтың Жәнібек Кәрменовтың сөзіне жазылған «Арызың бар ма тағдырға» атты жаңа әнінің тұсауы кесіліп, тыңдармандары арасында ерекше ықыласқа бөленді. Жәнібектің туған апайы Рымғайша Құрышева ұйымдастырушыларға үлкен алғысын жеткізе келе, Жәнібектей бауырының атына өткізіліп жатқан үлкен шараға қолғабыс еткен ауыл азаматтарына зор ризашылығын жаудырды. Көзіне жас алған ақ жаулықты ана қимас бауырының айтылмай кеткен, жазылмай кеткен жырларын қайта жаңғыртып жүрген ұрпағына ерекше ықыласын жеткізе келе, Ораз Сыздықовтың иығына шапан жауып, құрметке бөледі.

Байқауға қатысқан сайыскерлер Алтынбекұлы Бекнұр, Жетпісбаев Мәди, Сәметова Хамида, Амангелдин Ерсін, Саржал саз филиалының оқушысы Қапан Есбол, Қасқабұлақ саз филиалының оқушылары Әбілқасымова Ұлжан, Әділбекова Жанерке, Доғалбеков Темірлан 3 кезең бойынша бақтарын сынап, үздіктерін сараптады. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Қапан Есбол жеңіп алса, ІІ орынды Әбілқасымова Ұлжан, ІІІ орынды Әділбекова Жанерке иеленді. Қалған қатысушылар арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл өнерпаз өрендеріміз үшін үлкен байқаудың алды деп білеміз.

Өмірін өнерімен өрнектеген, дәстүрлі әннің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған кеш бір мезеттік болса да, жан дүниесі мөлдір, қарапайым, мейірімді, бауырмал тұлғаның есімін артында қалған елі ешқашан ұмытпақ емес.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар