Тың туынды
ШӘКІР КҮЙЛЕРІ - ЖИНАҚТА
Өнер сүйер көпшілік үшін жуырда жағымды жаңалық орын алды. Атап айтсақ, Астана қаласындағы Ұлттық музейінде әйгілі жерлесіміз Шәкір Әбеновтің күй мұрасына арналған тұңғыш туынды жарық көрді. Жинақты дайындаған және күйлерді нотаға түсірген «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, күй зерттеушісі Рүстем Нүркенов.
Аталмыш жинақ халық ақыны, қарт шежіреші, Елбасына тұңғыш рет бата берген батагөй қария Шәкір Әбеновтің туғанына 115 жыл толуына орай әзірленіпті. Оған абыздың өз орындауындағы авторлық күйлерінің және өзге халық композиторларының ноталары да енгізілген. Жинақта барлығы 19 күй ұсынылыпты. Соның ішінде Семей қаласындағы Абай мұражайынан аудиожазбасы алынып, алғаш нотаға түсірілген 7 күй бар. Олар: «Аңсаған ару», «Биші», «Ертіс», «Сергелдең», «Таңғы самал», «Еңлікке арнау күй» және «Қос келіншек» атты күйлер. Сондай-ақ, 1944 жылы Шәкір Әбеновтің орындауында Борис Ерзакович жазып алған 9 күй арнайы үш ішекті домбыраға лайықталып, қайта өңделіп беріліпті. Бұған қоса, жерлесіміз, талантты қыз, Шәкір абыздың шәкірті Нұргүл Әкімқожа жеткізген үш күй де аталмыш жинаққа қосылды.
Кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім: «Рүстем Нүркенов құрастырушылық жұмыстарынан да асып, музыкалық теориялық талғаммен жоғары кәсіби деңгейде дайындаған және үш ішекті домбыраның дамуы мен насихатталуына үлкен олжа салған құнды еңбек» деп жоғары баға бере келе, жинақтың екі құндылығын атап өтеді:
«Біріншіден: Шәкір Әбеновтың авторлық күйлерінің ноталық үлгілері кітап болып жарыққа шығып, музыка мәдениетіміздегі жаңалық ретінде халқымыздың көзайымына айналды. Екіншіден: Осы кітапта жарық көрген Шәкір Әбеновтың күйлерін орындау арқылы, үш ішекті домбырада орындаушылар, үш ішекті домбыраның алдағы дамуына жол ашады әрі үлес қоса алады» деп бағалы пікір айтыпты.
Шыны керек, өзімнің кіндік қаным тамған туған жерімнің, Құндыздының құнарлы құшағында тәлім алып өскен мен үшін де осы ауылдың абызы болған Шәкір атамның артында қалған мол мұраларының жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жарыққа шыққан осынау рухани құндылық төбемді көкке жеткізгені рас. Сол үшін де көзіқарақты оқырманнан, киелі Абай елінен сүйіншілей қолыма қалам алдым. Атамды өзім көзім көрді, әндерін де тыңдап өстім, 90 жылдық торқалы тойында сәби жүректен жыр арнағаным да есімде. Бүгінде ата ауылының ұрпақтары жыл сайын "Шәкір оқуларын" өз мәнінде жоғары деңгейде өткізіп те келеді. Елбасына тұңғыш рет бата берген абыз ақсақалдың өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін мұражай үйі де келушілерге айқара есігін ашып тұр. Сайып келгенде, бір өзі бір ғасырлық тарих болатын Шәкір абыздың есімі жас ұрпақ жадында мәңгі сақтала бермек. Осындай елдің даңқын арттырған аталарымыздың Сана, Арнұр сынды отын өшірмес ұрпақтары аман жүрсін деймін. Ал, Шәкір атамыздың күйлерін кітапқа енгізіп шығарған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, күй зерттеушісі Рүстем Нүркенов бауырыма ел атынан зор ризашылығымды білдіремін.
Аталмыш еңбек үш ішекті домбыраны тартушыларға, зерттеушілерге, музыкалық оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына және күй сүйер жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған. Айта кетер бір жайт, аталмыш жинақ арқылы Абай елінің кешегі абыз ақсақалының мұралары тың қырынан дәріптеліп, Шыңғыстау өңірінің ұлттық өнерге қосқан еселі үлесі айқындала түседі.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
