Құнанбайға арналған құнды кітап
Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты игілікке бастайтын жаңа бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Абай елінде де елеулі шаралар қолға алынуда. Соның бір парасы ретінде жуырда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы аудан төрінде кеңінен аталып өтілді. Абайлықтар жерлес қаламгердің тойын ерекше дайындықпен есте қаларлықтай өткізді.
Бұл күні табиғат та ерекше тамылжып, күн нұры молынан төгілді. Ұлылар мекеніндегі ұлы дүбір 15 қыркүйек күні М.Әуезов атындағы орталық кітапханадан бастау алды. Талай-талай тарихи оқиғалар мен небір дүбірлі тойлардың куәсі болған киелі Шыңғыстау тағы бір мәрте ерекше сәттің куәсі болды. Олай дейтініміз, бұл күні Құнанбай баба ескерткішінің тұңғыш рет бой көтеруі орын алды. Сондай-ақ, дәл осы күні Құнанбай бабаға арналған ерекше кітаптың да тұсаукесері өтті. Аталған туындыны жинақтап, құрастырушы жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасым. Кітап осыған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Тұрсынғазы Жантұяқұлының бастамасымен, демеушілердің және аудан халқының қаржылай қолдауымен шығарылды.
«Дала данышпаны – Құнанбай» - атты кітапта қажы, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының өмір жолы мен қилы тағдыры жайлы жазылған зерттеу мақалалар, естеліктер мен ел аузындағы әңгімелер, арнау өлеңдер енгізілген.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда облысымыздың әкімі Даниал Ахметовтың басшылығымен облыс, аудан көлемінде «Рухани жаңғыруға» арналған игілікті істерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар шаралар атқарылып, жүзеге асырылуда. Бүгінгі «Дала данышпаны – Құнанбай» атты кітаптың жарыққа шығуы, Құнанбай баба ескерткішінің тұңғыш бой көтеруі - «Рухани жаңғыру» бағытында ауданда атқарылған игілікті істердің дәлелі болып отыр. Осы орайда, «Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы кітап болуы тиіс» деген Мұхтар Әуезовтың нақыл сөзі кімге болсын ой тастайтындай. Ендеше, дала кемеңгеріне арналған кітаптың дүниеге келуі – өткенге құрмет, ұрпаққа ұлағат болары даусыз. Елбасының: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады» деген қанатты сөзі осыны айғақтаса керек. Бұл ретте көптеген шаралардың басын қайырып, ауданның гүлденуіне аянбай еңбек еткен Тұрсынғазы Жантұяқұлына алғыс айтуымыз абзал!
Айрықша шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков бастаған аудан басшылары, мекеме басшылары, бөлім меңгерушілері, ауыл әкімдері, ауданымыздың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ақ жаулықты аналарымыз бен қазыналы қарттарымыз, көптеген кітапсүйер қауым қатысып, алыс-жақыннан сыйлы қонақтар, мәртебелі меймандар қуанышымызға ортақтасты. Сондай сыйлы қонақтарымыздың бірі, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, жазушы, ғалым, профессор Совет-хан Ғаббасов ағамыз және абайтану ілімін насихаттаушы Анарбек Байдабеков Алматы облысынан дүбірлі мерекемізге арнайы келіп қатысты.
Іс-шараны мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының орынбасары, асылдың сынығы, тектінің тұяғы, мәдениет пен өнердің шын жанашыры Елдар Кәменұлы Оразалин өз мәнінде жүргізіп отырды.
Ең алдымен «Дала данышпаны - Құнанбай» атты кітаптың тұсауын кесу рәсімі өткізілді. Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы, ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының дамуына айтулы үлес қосып, өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген, «Абай ауданының Құрметті азаматы» Мүсәпірбеков Тұрсынғазы Жантұяқұлы, кешіміздің қонағы, сонау Алматыдан келген профессор Совет-хан Ғаббасов ағамыз, Құнанбай бабамыздың ұрпағы, «Абай ауданының құрметті азаматы», балалық шағын Мұхтар Әуезовтың қолында өткізіп, ғұлама жазушының тәлім-тәрбиесін көрген ардақты ағамыз Толғанбаев Манатай Балтақайұлы жаңа кітаптың тұсауын кесіп, «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының әзиз әжелері шашу шашып думанға ұластырды.
Осынау әсерлі шараның құрметіне арнап «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншісі Қайрат Қабышев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қалықтатты. Келген қонақтар кітап жайлы өз пікірлерін білдірді.
Осыдан соң «Абай аманаты", "Абайдың əдеби хатшысы" кітаптарының, "Абай жолымен" журналының авторы, осы кітаптың шығуына өз үлесін қосқан, жинақты құрастырушы, әрі жауапты редакторы, әдебиетші, драматург, Қазақстан Республикасы Мәдениетіне еңбегі сіңген озық қызметкер Әсет Медеуханұлы сөз алып, бұл кітаптың Абай ауданы әкімдігінің ұсынысымен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында қабылданған іс-шара бағдарламасына орай шығарылып отырғанына кеңірек тоқталды.
Келесі сөз Алматы облысынан келген қонақ, медицина және педагогика ғылымдарының доқторы, жазушы, ғалым, профессор Совет-хан Ғаббасов ағамызға берілді. Қадірменді мейман ризашылығын білдіріп, аудандық Мұхтар Әуезов атындағы кітапханаға өз туындыларынан кітаптар сыйға тартты.
Бір күннің, бірер сәттің ішінде ұлылар елінде ұлылыққа тағзым еткен осынау шара тамаша туындысымен тарту етіліп, келген қонақтар да аса риза көңілмен тарасты. Иә, Құнанбай бабамызға деген осынау құрмет – баршамыз үшін қуаныш, әрі қайталанбас тарихи оқиға болып қалмақ. Олай болса туған халқына жол тартқан «Дала данышпаны - Құнанбай» атты кітаптың ғұмыры ұзақ, егемендігіміз мәңгілік болғай!
Осыған дейін жарық көрген ел мен жер шежіресінен тағылымды сыр шертетін бірнеше кітаптардың авторы Әсет Мырзақасымды тұнып тұрған энциклопедия дерсіз. Аса құнды, бағалы кітаптары қалың оқырманның ыстық ықыласына ие болып үлгерді. Алда да жазары мол кітап авторы Әсет Мырзақасымға шығармашылық табыстар тілейміз. Өскелең жас ұрпаққа әліде береріңіз көп! Қаламыңыз ұшқыр болып тарихи құнды шығармалар көбейе берсін демекпіз.
ҚҰНАНБАЙ БАБАМЫЗДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ
Дәуірінің дара тұлғасы, өз заманының ақылшы биі, дін Исламның қызметшісі, ұлы Абай атамыздың әкесі - Құнанбай Өскенбайұлына, алты алаштың ұрпақтары Абай жерінде ескерткіш орнатты. Тарихи оқиға саналатын осынау айтулы шара хакім Абай атамызды әлемге танытқан ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы аясында орын алды. Ескерткіш авторы Абай елінің азаматы, Саржал ауылының тумасы, аз уақыттың ішінде танылып үлгерген шебер мүсінші - Нұрбол Қалиев. «Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса алғанда 9 метр, салмағы 12 тонна болады және Балқаштың таза мысынан жасалды», - дейді туындының авторы.
Атаулы шара барысында ескерткіштің лентасын қию құрметі Абай ауданының құрметті азаматтары Тұрсынғазы Жантұяқұлы, Амантай Мұқатаев, Байбота Орынбаев және құрметті қонағымыз, мүсінші - Қалиев Нұрболдың әжесі Сағила Темірбаеваларға берілді. Ақ жаулықты әжелеріміз шашуларын шашып, ескерткіштің алдына гүл шоқтары койылды. Абай ауданының Құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы, Мұхтар Әуезовтың тәрбиесін көріп тәлімін алған Манатай Толғанбайұлы, қонақтарымыз - Балхаш қаласынан келген жазушы Жарылғапов Махмұт, Павлодар қаласынан келген Бейсенғазы Ғазизұлы, Қарағанды қаласынан келген жерлесіміз Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы, Семей қаласы Шәкәрім университетіннен келген Аман Тілеубаевтар құттықтау сөздерін жеткізіп, сый- сияпаттарын табыстады.
Шара барысында сезімге толы ерекше сәттер де орын алды. Атап айтсақ, мүсінші Қалиев Нұрбол мен Құнанбай қажы қорының төрағасы Белібаев Ардаққа Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушысы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы абайлықтар ризашылығын жеткізе келе, Алғыс хатпен марапаттап, оқалы шапан жапты. Сондай-ақ, белді кәсіпкер жерлесіміз Рақымжанов Ербол Арғынғазыұлы мен Әзімбаев Ернұр, Абай ауданына автокөлік сыйға тарттып, көліктің кілтін Бас имам Болат Самырбайға табыстады. Салтанатты жиынның соңында жерлесіміз Әзімбаев Ернұрдың “Құнанбай қажыға арнау” әні Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық ән байқауының жүлдегері, халықаралық “Шабыт”фестивалінің бас жүлдегері Әлімханов Сәкен Ерланұлының орындауында шырқалды.
Құнанбай бабамыздың ескерткішін орнатуда қолдау білдірген облысымыздың басшысы Даниал Ахметовке және Абай елінің барша құрметті азаматтарына біз де ел атынан алғыс білдіреміз!
Ауданымыздың ажарын ашқан-стадион
Дәл осы күні заңғар жазушымыздың 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс тұсауы кесілген тек бір бұл емес, күннен күнге көркейіп келе жатқан ауданымыздың ажарына ажар кіргізер орталық стадионның ашылу салтанаты өтті. Әдебиет пен мәдениеттің нағыз ошағына айналған Абай ауданы спорттан да кенде емес. Заман талабына сай аудан орталығында стадионның күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан халық игілігіне берілуі-баршамыз үшін маңызды оқиға екені даусыз. Ескерткіштің салтанатты ашылуынан соң халық бірден су жаңа стадионға ағыла бастады.
Осылайша жаңа нысанның лентасын қию құрметі аудан әкімі міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы мен ауданымыздың бұрыңғы әкімі, Абай ауданының Құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы сондай-ақ қоғам қайраткері Нәубат Қалиевқа берілді. Өз кезегінде Тәттібеков Бауыржан Болатұлы: «-Бүгінгі күні ашылып отырған осынау нысандар баба тойының қуанышын еселеп отыр. Ұлы жазушыны ұлықтау, ұлағатын ұмытпау біздің қасиетті парызымыз.Қымбатты ағайын! Мұхтар –тойы, халық-тойы құтты болсын! баршаңызға береке-бірлік тілеймін! Ұлы жазушыға деген құрметіміз арта берсін!»- деп қорытты сөзін аудан басшысы. Сонымен қатар, жерлесіміз, саясаттану ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Нәубат Қалиев мырза:- Абай салған, Мұхтар салған дара жол – біздің де қасиетті жолымыз болсын, ашылып жатқан жаңа нысан жастардың тынысын кеңейтіп, денсаулықтарына дем беретін халықтың құтты орынына айналсын деген тілектерін жеткізді. Ал, Абай ауданының құрметті азаматы Кошкин Сайлау өз кезегінде қалың жұртшылықты торқалы тоймен құттықтап, игі істің басы-қасында жүріп, тікелей ұйымдастыруға мұрындық болған Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен аудандық әкімшілікке зор алғысын жеткізе кетті. Осындай айтулы мерекеде қуанышымызды еселеп, Абайдың киелі топырағынан нәр алып ел намысын, жер намысын қорғап жүрген даңқты ұлымыз ЕКСПО 2017 аясында өткен «Әлем барысы» 2017 турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаровты Абай жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды. Ел сенімін асқақтатқан оғланымыздың әлемді бағындыруына зор ықпал еткен бапкері Серік Сәпенұлымен бірге сахна төріне шақырылып, аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы мен Абай ауданының құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы құттықтап Айбекке 1 млн теңгенің ал, бапкеріне 500 мың теңгенің сертификатын тарту етті. Осы орайда ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев алты алаштың алыбы, атағы әлемге шарлаған батыр ұлға ел атынан жырдан шашу шашып, ақ батасын берді.
Орталық стадионның ашылу салтанатында «Спорт даңқы» аллеясы да халыққа таныстырылды. Аудан спортының тарихында елеулі еңбектерімен мәңгілік ел есінде сақталып қалған тұлғалар туралы спорт ардагері Майдан Мұқанов түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақ білсін, көрсін, көңілге түйсін деген ниетпен театрландырылған көрініс арқылы Әуезовтың өмірі, шығармашылығы ұлықталды. «Әлем таныған Әуезов» атты театрландырылған қойылым ұлы Мұхтардың мәртебесін марқайтып, әсіресе, Бала Мұхтардан – дана Мұхтарға дейінгі М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесіне арналған көрініс жиналған көпшілікті Әуезов әлеміне сүңгігітіп әкеткедей.
Қазақ футболының ғасырдан астам тарихы барын қазіргі жеткіншектердің бірі білсе, бірі білмес. Қазақ топырағында тұңғыш ресми футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол – Ярыш (Жарыс) деп аталған болатын. Оның құрамында қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы – М.Әуезов ойнаған. М.Әуезов – қазақтан шыққан тұңғыш футболшы болғанын таңданып та, мақтанып та айта жүргеніміз артық емес. Қазіргі жеткіншектер күрделі жөндеуден өткен жаңа стадионда спорттың әлемге танылған түрі – футболға құмартумен, шұғылданумен қатар, оның тарихын да біле жүргені абзал. Әсіресе, Биылғы жыл – егемен еліміздің футболы үшін айтулы белес. Жазушының 120 жылдық мерей тойымен қатар, стадионның да бой көтеруі Баба рухымен үндестік десек артық айтқандық емес.
Өнер биігінде
«ҚАЛАМҚАСЫ» ХАЛЫҚТЫҢ 45-ТЕ
Өнер әлемінде халықты ән-жырмен сусындатып қалтқысыз қызмет етіп жүрген әйгілі «Қаламқас» биыл 45 жылдығын тойлауда. Қазіргі таңда Абай ауданда бір аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі және 5 ауылдық клуб үйі, 4 халық театры, 2 халықтық ән-би ансамблі ел игілігі жолында қызмет көрсетуде.
«Қаламқас» ансамблінің тарихы тым тереңде. Өнер ордасы 1972 жылы құрылды. Құрылған жылдан бастап ансамбль өркендеудің сара жолына түсті. Оған негізінен жергілікті өнерпаздар тартылып, ауданда басшылық қызмет атқарып жүрген ел ағалары қолдап, жәрдемші болды. Осылайша, «Қаламқас» көп жыл өтпей-ақ аудан көлемінен тысқары жерлерге де таныла бастады. Облыс, республика, қала берді одақ көлемінен асып, шетелдерге әйгілі болғанын Абай елі бүгінде жақсы біледі. Алғаш рет ансамбль Чехославакияның Старжница қаласында өткен халықаралық фольклорлық фестивальға қатысып, көрермен назарын бірден өзіне аударды. Бүгінде «Қаламқаста бір «Қазақтан Республикасының мәдениет қайраткері», үш «Мәдениет қайраткері», он бес «Мәдениет саласы үздіктері» қызмет етуде. Осының өзі көп жайтты айғақтаса керек-ті.
Қазіргі күндері ауданның мәдениет саласында да жаңғырулар орын алуда. Аталған шара аясында Венгрия, Чехославакия, Ресей елдерінің конкурстарының лауреаты «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жылма- жыл дәстүрлі түрде Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларының белгілі сахналарында, ШҚО аудандарында өзінің шығармашылық концерттерін қойып жүрген ұжым қазіргі уақытта жас өнерпаздармен толығып, жетістіктерге жетуде.
Ауданымызда өткен М.Әуезовтің 120 жылдық тойына келген қонақтар, аудан халқы өрттей өнерімен аспандаған «Қаламқас» ансамблі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, сазды әуенге куә болды.
Дарынды жастары бар бүгінгі «Қаламқас» кешегі Төкен, Роза, Ғаббас сынды тағы көптеген өнер саңлақтарының көзіндей іздерін жалғастырып келеді. Қырық бес жылдық тарихы бар «Қаламқасқа» қанша мақтау, мадақ айтсақ та жарасады. Ұлы Абайдың үлгі өнегесін, өсиетін ұлықтап, елінің мақтанышына айналған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 45 жылдық өнер мерекесінің шымылдығы «Шыңғыстау» ұлт-аспаптар оркестрінің «Шаңды жорық» күйімен түріліп, өнер саласы қызметкерлерінің марапаттауларына ұласты. «Қаламқастың» алғашқы қарлығаштары Баян Сағынбаева, Зайра Қабышева, Нағия Бұланбаева, Тамара Көзбаева, Бақыт Шағатаева тағы көптеген ансамбльдің іргетасын қалаушы майталмандары мен бүгінгі жас әншілеріне аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Тәттібеков облыс және аудан басшылығының Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
Көңілдерге нұр сыйлаған осынау мәртебелі марапаттаулардан соң «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, әнші Нұрбек Өмірбеков «Абайдың елі» әнімен шашу шашты. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әніне композициялық қойылым көрсетіліп, ән шырқалса, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Біржан салдың «Айтбай» әнін әуелетті. Бұдан соң әншілер мен бишілер А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Той бастар» әнін тарту етті. Сахна төрі сән-салтанатқа ұласып ерекше көңіл-күйге бөледі. Ал, домбыра мен қобыздың, дауылпаздың үні астасқан «Бірігіңдер» әні «Дала сазы» көне ұлт аспаптар ансамблінің орындауында күмбірлей, ерекше бір рухпен айтылып, көрерменіне көнеден қалған есті сөзді жеткізе білді.
Қазақы рухтың лебі ескен «Қаламқас» ансамбльінің мерекелік концерті әнші Жанат Хайсинаның орындауындағы «Ұлы дала» әнімен жарасым тапты. «Өрнек» тобының жас өрендерінің «Көкке өрле» әні де әр көңілге шаттық сыйласа, әншілер квинтетінің орындауындағы Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әні лирикалық сезімге жетелегені анық. Ансамбльдің майталман әншісі Тамара Көзбаева «Жылдар-жылдар» әнін орындап, қайтып келмес сол бір сағынышқа толы жылдар кино лентасындай көз алдында тізбектеле өтіп, тыңдармандарымыздың жүрегінен жылы орын алды. Сондай-ақ, әншілер «Тербеледі тың дала» әнін, жас әнші Елдос Советханұлы халық әні «Қараторғай», Абайдың ұрпағы, бұлбұл әнші Бақыт Шағатаева Ыбырайдың «Гәккуін», қобызшылар ансамблі «Абай табиғаты» шығармасын тамылжыта орындап, халықтың ыстық ықаласына бөленді.
Концерт соңы ансамбль әншілерінің «Қаламқастың әнімен» тәмәмдалды. Тамашалаушы тыңдарман тамсана, үлкен жүрекпен дуылдата қол соғып өздерінің алғыстарын ду қол шапалақпен білдіріп жатты.
Осылайша, ғұлама жазушының 120 жылдық мерейтойы атағы үш жүзге мәлім қажы, аға сұлтан, ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға ескерткіш қоюымен құндылығы артып, ауданымызда сәулеті келіскен стадионның бой көтеруіне де септігін тигізді. Одан бөлек қажы ұрпағы Ернұр Əзімбаев Шəкəрімнің өзі қолданған заттарын "Әзірет Сұлтан Мемлекеттік Қорық-музейіне тапсырып, рухани құндылықтарды ел игілігіне, халық назарына ұсынды. Өзіндегі, туыстарындағы, анасындағы құнды дүниелерді музей қорына тапсыруына зор ықпал жасаған азаматтың бұл игілікті ісін абайлық көпшілік жоғары бағалады. Мұнымен қоса, оның «Құнанбай қажыға арнау» атты жаңа әні көпшілікке жол тартты. Рухты ән ескерткіш ашыларда да, «Қаламқас» ансамблінің мерекелік концертінде де, Қарауылтөбеде де қалықтап, тіпті Мұхаңның тәлім-тәрбиесін көрген абыз ақсақалымыз Манатай Балтақайұлының 80 жас мерейтойында да Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлде иегері, халықаралық «Қазақ дауысы» конкурсының Бас жүлде иегері, республикалық «Әміре Қашаубаев» атындағы конкурстың Бас жүлде иегері әнші Алимханов Сәкен Ерланұлының орындауында бірнеше қайтара тыңдарман жүрегінен жол тапты. «Абай елі» газетінің жауапты хатшысы, журналист Анар Сәрсенбинаның ән авторы Ернұр Мұсабайұлымен сұхбат жүргізіп, қалың көпшілікке аудиожазбасы таратылғанын журналист ретінде еліне қосқан тағы бір үлесі деп білеміз. Ырғызбай ұрпақтары Құнанбай қажы атындағы мешітке автокөлік сыйлады. Мұхтар Әуезовтің есімімен аталатын киелі кітапханада зиялы қауым өкілдерінің, жақсы-жайсаңдардың қатысуыменен жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасымның «Дала данышпаны- Құнанбай» атты құнды кітабының тұсауы кесілді. «Мұхтар тойы –халық тойы» деген ұранмен орталық стадионда ұлы жазушының бала күніндегі, жігіттік кезіндегі және әлемге танылған шақтары, шығармаларына елдің сүйікті кейіпкерлеріне айналған тұлғалар арнайы декорациямен сахналап, жазушы шығармалары насихатталып, өмір жолынан үзінділер келтірілді. Ал аудандық кітапханада заңғар жазушы, классик, ұлы Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов әлемі кітап көрмесіне сай ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Қарауылтөбедегі дүбірлі дода
Қарауыл төбеде жалғасын тапқан тойдың түскі мезгілінде киіз үйлер қалашығында дала данышпандарына арналып ас беріліп, мереке ұлттық спорт ойындары түрлерінен жарыстарға жалғасты. Жиналған жұрт түс ауа Қарауылтөбеге ағыла бастады. Осындай ұлы дүбірлі мереке әрбір қазақтың қаны қызатын аламан бәйге мен түйе палуансыз, өтпейтіні белгілі. Бабамыздың таңертеңнен басталған тойы түс ауа қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ат жарысына ұласты.
Жарыс тай жарысынан басталды. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер ат тұяқтарымен таудың баурайын дүбірлетіп 5 шақырым қашықтыққа жүгірді. Тай жарысынан Сәйгүліктердің ішінде Қарқаралыдан келген Қаршалов Мәдидің «Гауһартас» деген аты жүйріктігін танытып бірінші келді. Ал Үржар ауданынан келген Рысбалкин Алексейдің «Желі» атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі үшінші орынға Медеу ауылының келген Шаймарданов Зекеннің «Аққыз» деген тұлпары ие болды.
Тай жарысын жалғастыра топ бәйгенің сәйгүліктері жарыстың көркін қыздырды. Осылайша Семей қаласынан келген Жұмағазы әулетінің шабандозы Ербұлан мәре сызығына бірінші болып жетіп, топ бәйгенің жүлдесін жеңіп алса, Бородулихадан келген Оқжирен атты сәйгүлік екінші болып келіп, Шыңғожалық Еркебұлан Ерланның аты үшінші болып мәре сызығын кесті.
Ал аламан бәйгеден Шыңқожадан келген Шериязданов Адайдың Құралай атты сәйгүлігі Баба тойының бас жүлдесін қанжығалады. Жармадан келген Имадилов Ерболаттың сәйгүлүгі екінші орынды, Семейлік Туртугулов Рахаттың шабандозы үшінші орынға ие болды.
Баба тойының жарғасы әрмен қарай боз кілемде жолыққан Түйе палуандарының күресімен жалғасты. «Күш атасын танымас» дегендей Қажұмықан, Балуан Шолақ аталарының жолын қуған жауырындары жерге тимейтін мықтылардың ғана жолы болды. Нәтижесінде Мұхтар тойының бас палуаны атағына Ерасыл Қажыбаев лайық болып, 300 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. екінші орынды- Марат Нұғмаров, ал Семей қаласынан келген балуан Асхат Құсайынов үшінші орынға тұрақтады.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей тойға дейін қаншама қыруар шаруалар атқарылды. Халық тек мінсіз атқарылған істің нәтижесін ғана көреді, ал оның арғы жағында кімдердің қалтқысыз қызмет еткенінен бейхабар күйі қалады. Ұлыны ұлықтау – ұлт мерейі, ұрпақ парызы мен намысы деп білетін Абай елі осылайша терең талант иесі, дала данышпаны- Мұхтар Әуезовтың тойын ел болып, дүркіретіп атап өтті. Осындай қасиетті топырақтың қазіргі текті ұрпағының өнегелі істері ұзағынан сүйіндірсін дейміз біз де.
Анар СӘРСЕНБИНА,
Тоғжан ҚАЛЫМОВА,
Тоғжан НҮРИДЕНОВА,
«Абай елі»
