Қаламқастың қарлығаштары
Өнер өріндегі 45 жыл
Сәуірдің 25-і күні Семей қаласында Абай атындағы сазды-драма театрда Абай елінің «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің кезекті шығармашылық концерті болып өтті. Өнер ұжымының әсем сазын сағынған шаһар жұртшылығы бұл жолы да театрдың кең залына молынан жиналды. Көрермен қауым иін тіресіп, ине шаншарға орын болмаған осынау кеште халық ансамблі айрықша қошеметке бөленді.
Өнер әлемінде бір адамның ғұмыры дерлік 45 жылға тарта өзіндік тарихы қалыптасқан «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің бұл жолғы бағдарламасы тың тартуларға толы болды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Нұрбек Өмірбек, аудандық «Абай» халық театрының бас режиссері, ҚР мәдениет үздігі Дулат Қабдолдин, «Шыңғыстау» ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі Нұргүл Төлемісова, ансамбльдің балетмейстрі, ҚР мәдениет үздігі Ария Айтбаева, әйгілі «Өрнек» би ансамблінің жетекшісі Зайра Кәріпжанова мен ансамбльдің музыкалық жетекшісі Дамир Бекмұханбетовтер кезекті бағдарламаның ұйымдастырушылары екен.
Сазды кешті фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Шаңды жорық» күйі дүбірлі әуенмен ашты. Аталмыш оркестр сонымен қатар, Нұрбек Өмірбектің орындауындағы «Абай ұрпақтары әні», Майнұр Өнерханның репертуарындағы халық әні «Алқоңырды» да сүйемелдеді.
Ал, Қабышев Қайрат Біржан салдың «Айтбайын» орындаса, бишілер тобы «Аққу» биін ел назарына ұсынды.
Бұл жолғы бағдарламада Нұрғиса Тілендиевтің «Абай табиғаты» композициясын қобызшылар тобы көркем үлгіде, ерекше шеберлікпен орындаса, ансамбльдің өнерпаздары ұсынған этнографиялық «қыз-жігіт айтысында» халық әндері әсерлі орындалды.
Әлбетте, осынау ерекше кеште «Қаламқастың» күллі қазақ жұртшылығы таныған өнерпаздарының ән шырқамауы мүмкін емес еді. Бұл ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағатаева «Көш қызығы» халық әнін тарту етсе, Нұрбек Өмірбеков пен Ақбота Кәрменова «The prayer» әнін арнады.
Бүгінгі Абай елінің төл мәдениеті тек ән мен биден ғана тұрмайды. Ауданымызда көне ұлттық аспаптар да қайта жаңғырып, рухани мұралар қатарын толықтыруда. Аталмыш орайда, ұлт аспаптар ансамблі өнерсүйер қауымды айрықша тамсантты. Нақышына келтірілген «Дүр қамшы» туындысын көрермен асқан сүйсініспен қабылдады.
Сондай-ақ Дәулет Сағатов «Құшақ жайған қандай адам» әнін, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тамара Көзбаева «Жақсы адамдар» әнін, әншілер квинтеті испанның «Passera» әнін ұсынды.
Кеште «Қаламқас» қатарындағы жас өнерпаздар да қошеметке бөленді. Балдырғандардан құралған «Саз» триосы мен «Өрнек» би тобы әзірлеген «Көкке өрле» композициялық қойылымы талғампаз қауымды тәтті еткені сөзсіз. «Дала сазы» фольклорлық ансамблі «Дайрабай» күйін әуелетіп, өнерді серік еткен Елдос Советханұлы мен Қарлығаш Сейдахметова «Әлия» әнін әр жүрекке жеткізе білді.
Бір бұл емес, талғампаз семейлік көрермен қаламқастық бишілердің «Алтын адам» композициясына да таң-тамаша қалысып, қошемет білдіріп, ұзақ қол соқты. Расында, өнердің мәйегі қалыптасқан, алаш елінің руханияты мен мәдениетінің астанасы саналатын кірпияз Семей жұртшылығын таңырқату оңайға соқпайтыны белгілі. Бұл ретте, осынау кешті ұйымдастырушылар әр нөмірді орнымен сәтті таңдап, ал өнерпаздар қатары жоғары даярлықтары себепті көңілден шыға білді.
Осылайша, кеш барысы да мәреге таяған болатын. Концерттік бағдарламаны ансамбль әншілерінің орындауындағы «Семейім менің» атты асқақ үнді ән тәмамдады.
Өнер кешін тамашалаған көрермен арасынан 45 жылға аяқ басқан осынау мерейлі ұжымға арнап Семей қаласының әкімі Ермак Салимов пен Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ықылас гүлдерін табыстап, құрмет білдірді. Сонымен қатар, жерлесіміз, әйгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, М.О.Әуезов атындағы педогогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіріп, ізгілікті лебіздерін арнады.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
Өнер сапары
Абай елінің халықтық өнердегі мақтанышы болған «Қаламқас» ансамблі қырық жылдан аса уақыт бойы мәдени қызмет көрсетіп келеді. Өнерге кенен ел ішінен іріктеліп шыққан өнерпаздар жыл өткен сайын репертуарларын жаңғырып, сахна төрін түрлендіруде. Сондай-ақ, бұл шығармашылық ұжымда ерекше дауыс иелері, тума таланттар жетерлік. «Қаламқас» бүгінде өнер көкжиегінде өрістеп, құлашын кеңінен жайып, жаңа толқынмен толыға түсуде. Төл мәдениетіміздің бастауындай болып жүрген ансамбль әсіресе, ұлт аспаптарын, дәстүрлі ән өнерін насихаттап келеді. Содан болса керек, бұл өнер ұжымына көпшіліктің ықыласы да ерекше.
Қазіргі таңда ұжымның өнерін жоғары бағалап, әндерін жылы қабылдайтын көрермендер қатары көп. «Қаламқастың» әр талантын насихаттасақ та артық етпейді. Аталмыш абайлық ансамблмен бірге мен де журналист ретінде өнер сапарларына бірге шығып, өзге аудан, қала тұрғындарының ілтипатына бөленген сәттеріне сан мәрте куә болдым. Өнер деген киелі ұғымды қастерлеп, ұлылар елінің мәйекті мәдениетін өрге сүйреп жүрген «Қаламқастың» көрермені қашанда мол.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында Абай елінің мақтанышына айналған «Қаламқас» халық ән-би ансамблі 20-21 қыркүйек күндері Күршім ауданына концерттік бағдарламамен барып қайтты. Бұл жолы да ансамбль репертуары аса мол болатын. Шығыстың талғампаз жұртшылығын тәнті ету үшін жоғары деңгейде даярлық жұмыстары жасалған еді.
Күршім ауданының мәдениет және ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Өлмесеков бастаған аудан зиялылары абайлық өнерпаздарды ілтипатпен қарсы алды. Әуелгі кезекте Күршім ауданының тарихымен таныстырды, сондай-ақ Барақ батыр ескерткішіне тағзым жасады.
Ал ән мен жыр кеші аудан орталығындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Күршімдіктер өнерді жоғары бағалайды екен. Үлкен залда ине шаншар орын болмады.
Шығысым сол қазақтың бас даласы
Алты Алаштың рухани астанасы.
Абай, Мұхтар, Шәкәрім тұрған кезде
Біздерге ешкімнің де жоқ таласы.
Әуелетіп ән – жырмен ел аспанын
Қашанда қыздырамыз қазақ қанын.
Қай кезде де «Қаламқас» самғап ұшып,
Атырады өнердің азат таңын.
Өлеңнің де, өнердің бесігі біз,
Ән, жырсыз ашылмайды есігіміз.
Әлемнің әр жерінде қалықтап жүр,
«Қаламқас» деген әсем есіміміз!, - деген асқақ дауыспен кеш шымылдығын түрген «қаламқастықтар» өрісті өнерлерімен күршімдік көрермендерді бірден баурап әкетті. Есті әуеннің ырғағына елтіген көпшілік кейбір сәттерде абайлық әншілердің әндерін қосыла шырқады.
«Естір құлақ болса ән табылар», - демекші, құнарлы топырақта өнген дәстүрлі өнерді тамашалау үшін келген халық қошемет көрсетуге жомарт екен. «Қаламқасқа» деген шексіз құрметінің, сүйіспеншілігінің белгісі болар, сахнадағы әр нөмірді ду қол шапалақпен шығарып салып отырды.
Бұл күні Күршім аспанын ән кернеді. Бишілер тобының «Алтын адам» биі қайталанбас әсер қалдырса, Абайдың «Сегіз аяқ» әнін нақышына келтіре орындаған дәстүрлі әнші Қайрат Қабышевтің, халық әні «Гауһар тасты» жүрекке жеткізе білген әншілер триосының, Н.Тілендиев «Аққу» биін билеген бишілер тобының, Л.Хамиди «Қазақ вальсін» кең дауыста шебер орындаған Ақбота Кәрменованың, халық әні «Екі жирен» әнін әуелеткен Дәулет Сағатовтың, қазақы дәстүрді
қалыптастыратын «Ассаламағалейк
ум» әнін шырқау көгіне жеткізген Еркін Жолжігітовтің, Нұртуған жыраудың «Өсиет» термесін тұла бойды шымырлата жеткізген Жанат Хайсинаның өнеріне дүйім жұрт дуылдата қол соқты.
Сондай-ақ, А.Қоразбаев «Сарыарқа» әнін селдеткен Космонавт Төлеуханға, Қ.Айтбаевтың «Астана вальсі» әнімен еліткен әншілер ансамбіліне, көне ұлт-аспаптар күмбірімен құлақ құрышын қандырған ансамбьлге көрермен ілтипаты ерекше болды. Жас талант Таңнұр Жақсыбековтың орындауындағы «Қазағым-ай» әні, жерлес әншіміз Г.Саринаның «Жақсы адамдар», Е.Әбдіхалықованың «Өмір деген» әндерін тамсандыра орындаған ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тамара Көзбаеваның, әншілер квинтетінің «Скажите девушки», Испан әні «Passeraсы» да жұрт жүрегін жаулап алғаны сөзсіз.
Ұлттық нақышқа өрілген ән-шашу да сол үдеден табылды. Қобызшылар ансамблі орындаған Н.Тілендиевтің «Абай табиғаты» күйі зор әсерге бөледі.
«Қаламқас» ансамблінің бетке ұстар, ең таудаулы әншісінің бірі, ұлы Абайдың ұрпағы, бұлбұл көмей әнші Бақыт Шағатаева күршімдіктерге Л.Хамидидің «Бұл-бұл» әні мен халық әні «Қос жеңге» әнін тарту етсе, Нұрбек Өмірбеков халық әні «Дүние-айды» орындап талғампаз тыңдарманды тамсантып тастады.
Концерт соңы бишілер тобының «Балбырауын» биімен және әншілердің «Мәңгілік ел» әнімен асқақтата тәмәмдалды. Рухани тұрғыда сергіген, сан түрлі сезімнің қайнарынан қанып ішкен күршімдіктер ақжарма алғыстарын жаудырып жатты. Ансамбль мүшелерінің орындауындағы ән, би және күйлер көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласпен гүл шоқтарын сыйлады.
Осы ретте 40 жылдан астам тарихы бар әйгілі «Қаламқас» халық ән-би ансамбліне қолдау көрсеткен аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына көрермен жолдаған зор алғысты жеткізе кету ләзім. Сонымен қатар, осынау өнер ұжымын Күршім ауданына бастап апарған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Болатұлы мен мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісовке де өнер ұжымы дән риза.
Концерттің қорытынды сәтінде Күршім ауданы әкімінің орынбасары М.Халелов абайлық өнерпаздардың өнерлеріне ризашылығын білдіріп, өнерлеріне шығармашылық табыс тілеп, ізгі лебіз білдірді. Мұнымен қатар, Күршім ауданының әкімі С.Чукаевтың атынан «Қаламқас» халық ән-би ансамбліне Алғыс хат тапсырып, сый-сыяпат жасады. Осылайша, Күршім төрін ән-жырға бөлеп қайтқан өнер ұжымы таулы Алтай баурайынан үлкен тебіреніспен оралды. Алда да осындай өнер сапарлары жалғасын таба бермек деген ойдамыз. Бұл сөз жоқ «Қаламқас» ән-би ансамблінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған елеулі тартуы.
Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,
«Абай елі».
