Жұма, 02 Желтоқсан 2016 00:00

САЗ МЕКТЕБІНЕ ЖАҢА ҒИМАРАТ БЕРІЛДІ

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

 

 

 

                                            

Сүйінші!

Ел ішінің берекесі мол, бірлігі бекем болса барлық игілікке қол жеткізу оңай.  Атқарушы билік ықпалды болса, межелі мақсаттар да мерзімінде орын алмақ. Шыңғыстау өңірі ежелден бері өнерді қадір тұтқан мекен. Аға буыннан үйренері көп өрендері де өрелі. Атап айтсақ, «Қаламқас» ән-би ансамблі құрамында сахна төрінде өрнекті өнер көрсетіп жүрген жүрген Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің шәкірттерінен құралған «Айгөлек», «Өрнек» би топтары және аталған мектептің ұстаздар қауымынан тұратын ұлттық аспаптар оркестрі лайықты бағасын баяғыда-ақ алған еді. Жарты ғасырға таяу мағыналы тарихы бар мектептің жас дарындары қазірдің өзінде халықаралық, республикалық байқаулардың алдын бермей келеді. Жас өрендер Абай елінің атын биік сахналардан асқақтатып жүр.

            Аймақты елең еткізген айтулы жаңалық деп осыны айтуға болады, қарашаның 23-і күні Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің ұжымына жаңа ғимарат беріліп, өнерпаз қауымның мерейлері асқақтады.

            Қарауыл ауылының ортасында орын тепкен, заманауи жабдықталған қос қабатты нысаннан ендігі аралықта төгілген саздың, әуезді аспаптардың үнін еститін боламыз. Өнер әлеміне аяқ басқан жас жеткіншектеріміз осы жерде музыкалық білімдерін жетілдіретін болады. Осыған дейін бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі күні ішкі-сыртқы әрленуі көз тартады. Тойға жасанған арудың әдемі келбетіндей ерекше салтанат пен шаттықтың лебі сезіледі. Кеңестік кезеңде аудан басшыларының бас мекемесі (райком-әкімдік) болған бұл орынның өткенін алдыңғы толқын жақсы біледі. Нарық кезеңінен кейін де жеке меншік қолында болып, халыққа қызмет көрсетіп тұрды. Жаңаша кейіпке енген ғимарат туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлын сөзге тартттық:

-Жеке кәсіпкерден бұл ғимарат жергілікті бюджет есебінен 52 млн. теңгеге сатып алынып, қайта жаңғыртудан  өткізілді. Кең бөлмелерді ортасынан қабырғалармен бөліп, дәріс беруге қолайлы кабинеттер жасақтадық. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, 2 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа жаңадан парталар, орындық-үстелдер, қажетті жиһаздары алынды. Саз мектебіне жеке ғимарат берудің өзіндік себебі бар. Мәселен, осында тәлім алатын жас буын бүгінде бірқатар республикалық, халықаралық байқаулардан лауреат атанып, жүлдемен оралып жүр. Ал жаңа ғимарат кәсіби білім алуда жаңа қолайлылықтар туғызады. Қала берді жағымды көңіл күй қалыптастырады. Яғни, өнерпаз балғындарды тіптен қанаттандырып, мақсаттарына жетелей түседі деп сенеміз, -  деді бөлім басшысы.

Өз кезегінде мектептің белді ұстазы, домбыра сыныбының жетекшісі Қайралапов Асқарбек те жағымды пікір білдірді.

- Мен оқушы кезімде осы мектептің түлегі болғанмын, содан кейін оқу бітіріп келіп, осында қызметке тұрдым. Саз мектебінде қызмет етіп келе жатқаныма 35 жыл болыпты. Жұбайым да осы мектептің ұлағатты ұстаздарының бірі. Осы еңбек жолы өткен жылдарымызды сараласам, бүгінгі күн мен үшін, оқушылар үшін ерекше оқиға, тарихи мәні бар жайт болып табылады. Осы тұрғыда аудан басшыларының, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының өнерге деген жанашырлығы, жанды қолдауы бізді қуантады. Себебі, бұл мекен Абай елі болғандықтан, әрдайым өнерді жоғары қоятын өңір болғандықтан саз мектебіне жеке ғимараттың берілуі үлкен қуаныш. Бұл мектептің шәкірттері Елбасының қабылдауларында болды, білімдерін жетілдіріп бірден консерваторияға түскендері бар. Жылма жыл Л.Хамиди атындағы халықаралық байқауларда шәкірттеріміз лауреат атанады. Үш жылда бір өтетін жас орындаушылар конкурсында жүлде алып жүргендері де бар. Бұл байқауларды біз домбыра, қобыз сияқты аспаптарда ойнаушылардың Қазақстан көлемінде шеберлік көрсететін кең көлемдегі іс-шара деп қабылдаймыз. Осындай конкурстарда ұстаздар қауымының еңбегі мен жас орындаушылардың нәтижелері сараланады. Мектебімізде домбыра сыныптары жетілдіріліп, қылқобыз сыныбы ашылды. Әсіресе, қылқобыз аспабының сыныбы республиканы таңғалдырды. Өйткені, бұл өнер түрі елімізде дамымай кенжелеп қалған болатын. Осындай ілкімді істерді алға қойып, ұлылар туған жердің бүгінгі игілігі үшін еңбек етіп жүргенімізді біз, ұстаздар қауымы зор бақыт деп қабылдаймыз. Абай елінің бағасы өнер арқылы да арта береді деп сенеміз, - деп атап өтті.

Мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, алыс-жақыннан жиылған қонақтар, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шараның негізгі бөлімінде ауданымыздың тумасы, аудан мәдениетіне зор еңбегі сіңген жан, елге танымал белгілі шежіреші, этнограф Молдабеков Жанболат ағамыз бен ауданның абыройлы ақсақалы, «Абай ауданының Құрметті азаматы», еңбек ардагері Манатай Толғанбаев ізгі лебіздерін білдіріп, құттықтады. Соңынан жиылған жұртқа саз мектебінің өрендері өз өнерлерін ұсынды.

Мерекелік іс-шара барысында Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің директоры Әзімбай Зағипа Айтқазықызын аз-кем сұхбатқа тартқан едік.

-Бұл мектеп алғаш рет 1971 жылы музыка мектебі болып ашылған еді. 1995 жылы тума талант иесі, әнші, композитор, белді журналист болған Жәнібек Кәрменовтың аты берілді. Осы уақыт аралығында бұл мектеп көптеген дарынды өнер иелерін қанаттандырды. Күллі Алашқа белгілі күйші Айбек Бекбосынов, Президент оркестрінде еңбек етіп жүрген Қайралапов Бақытбек, әнші Байбуринова Мөлдір, сондай-ақ Балташева Әсем, Жакеева Әлия, Татенов Рифхат сынды шәкірттеріміз өнер жолын таңдап, қазақ еліне танымал болып келеді. Мектепте қазіргі күні 47 ұстаз еңбек етіп, 457 оқушыны саз өнеріне баулуда. Ауылдық округтерде бес филиалымыз жұмыс жасап тұр. Ол мектептерде домбыра, прима-қобыз, қыл қобыз, шертер,  дәстүрлі ән, вокал, фортепиано, скрипка, виолончель, би сияқты 12 бағыт бойынша тәлім берілуде. Ал, қолданысқа жаңадан берілген ғимарат біздің қазіргі мүмкіндіктерімізді еселей түседі деп сеніммен айта аламыз. Жарық, жылы ғимараттың қолайлылығы жоғары. Тіпті, акустикасының өзі саз мектебіне арналғандай. Ұстаздар мен оқушыларымыздың көңіл-күйі аспандап тұр десек те болады. Осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Саз мектебіне тарту еткен аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Шәкірттеріміз, олардың ата-аналары, тіпті күллі аудан жұртшылығы осы ғимараттың жас өнерпаздарға берілгеніне қуанышын білдіруде, - деп ризашылық пейілімен бөлісті.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Оқылды 570 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!