Даму даңғылында

Даму даңғылында (6)

 

 

 

                                            

Сүйінші!

Ел ішінің берекесі мол, бірлігі бекем болса барлық игілікке қол жеткізу оңай.  Атқарушы билік ықпалды болса, межелі мақсаттар да мерзімінде орын алмақ. Шыңғыстау өңірі ежелден бері өнерді қадір тұтқан мекен. Аға буыннан үйренері көп өрендері де өрелі. Атап айтсақ, «Қаламқас» ән-би ансамблі құрамында сахна төрінде өрнекті өнер көрсетіп жүрген жүрген Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің шәкірттерінен құралған «Айгөлек», «Өрнек» би топтары және аталған мектептің ұстаздар қауымынан тұратын ұлттық аспаптар оркестрі лайықты бағасын баяғыда-ақ алған еді. Жарты ғасырға таяу мағыналы тарихы бар мектептің жас дарындары қазірдің өзінде халықаралық, республикалық байқаулардың алдын бермей келеді. Жас өрендер Абай елінің атын биік сахналардан асқақтатып жүр.

            Аймақты елең еткізген айтулы жаңалық деп осыны айтуға болады, қарашаның 23-і күні Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің ұжымына жаңа ғимарат беріліп, өнерпаз қауымның мерейлері асқақтады.

            Қарауыл ауылының ортасында орын тепкен, заманауи жабдықталған қос қабатты нысаннан ендігі аралықта төгілген саздың, әуезді аспаптардың үнін еститін боламыз. Өнер әлеміне аяқ басқан жас жеткіншектеріміз осы жерде музыкалық білімдерін жетілдіретін болады. Осыған дейін бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі күні ішкі-сыртқы әрленуі көз тартады. Тойға жасанған арудың әдемі келбетіндей ерекше салтанат пен шаттықтың лебі сезіледі. Кеңестік кезеңде аудан басшыларының бас мекемесі (райком-әкімдік) болған бұл орынның өткенін алдыңғы толқын жақсы біледі. Нарық кезеңінен кейін де жеке меншік қолында болып, халыққа қызмет көрсетіп тұрды. Жаңаша кейіпке енген ғимарат туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлын сөзге тартттық:

-Жеке кәсіпкерден бұл ғимарат жергілікті бюджет есебінен 52 млн. теңгеге сатып алынып, қайта жаңғыртудан  өткізілді. Кең бөлмелерді ортасынан қабырғалармен бөліп, дәріс беруге қолайлы кабинеттер жасақтадық. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, 2 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа жаңадан парталар, орындық-үстелдер, қажетті жиһаздары алынды. Саз мектебіне жеке ғимарат берудің өзіндік себебі бар. Мәселен, осында тәлім алатын жас буын бүгінде бірқатар республикалық, халықаралық байқаулардан лауреат атанып, жүлдемен оралып жүр. Ал жаңа ғимарат кәсіби білім алуда жаңа қолайлылықтар туғызады. Қала берді жағымды көңіл күй қалыптастырады. Яғни, өнерпаз балғындарды тіптен қанаттандырып, мақсаттарына жетелей түседі деп сенеміз, -  деді бөлім басшысы.

Өз кезегінде мектептің белді ұстазы, домбыра сыныбының жетекшісі Қайралапов Асқарбек те жағымды пікір білдірді.

- Мен оқушы кезімде осы мектептің түлегі болғанмын, содан кейін оқу бітіріп келіп, осында қызметке тұрдым. Саз мектебінде қызмет етіп келе жатқаныма 35 жыл болыпты. Жұбайым да осы мектептің ұлағатты ұстаздарының бірі. Осы еңбек жолы өткен жылдарымызды сараласам, бүгінгі күн мен үшін, оқушылар үшін ерекше оқиға, тарихи мәні бар жайт болып табылады. Осы тұрғыда аудан басшыларының, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының өнерге деген жанашырлығы, жанды қолдауы бізді қуантады. Себебі, бұл мекен Абай елі болғандықтан, әрдайым өнерді жоғары қоятын өңір болғандықтан саз мектебіне жеке ғимараттың берілуі үлкен қуаныш. Бұл мектептің шәкірттері Елбасының қабылдауларында болды, білімдерін жетілдіріп бірден консерваторияға түскендері бар. Жылма жыл Л.Хамиди атындағы халықаралық байқауларда шәкірттеріміз лауреат атанады. Үш жылда бір өтетін жас орындаушылар конкурсында жүлде алып жүргендері де бар. Бұл байқауларды біз домбыра, қобыз сияқты аспаптарда ойнаушылардың Қазақстан көлемінде шеберлік көрсететін кең көлемдегі іс-шара деп қабылдаймыз. Осындай конкурстарда ұстаздар қауымының еңбегі мен жас орындаушылардың нәтижелері сараланады. Мектебімізде домбыра сыныптары жетілдіріліп, қылқобыз сыныбы ашылды. Әсіресе, қылқобыз аспабының сыныбы республиканы таңғалдырды. Өйткені, бұл өнер түрі елімізде дамымай кенжелеп қалған болатын. Осындай ілкімді істерді алға қойып, ұлылар туған жердің бүгінгі игілігі үшін еңбек етіп жүргенімізді біз, ұстаздар қауымы зор бақыт деп қабылдаймыз. Абай елінің бағасы өнер арқылы да арта береді деп сенеміз, - деп атап өтті.

Мектептің ашылу салтанатына аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, алыс-жақыннан жиылған қонақтар, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шараның негізгі бөлімінде ауданымыздың тумасы, аудан мәдениетіне зор еңбегі сіңген жан, елге танымал белгілі шежіреші, этнограф Молдабеков Жанболат ағамыз бен ауданның абыройлы ақсақалы, «Абай ауданының Құрметті азаматы», еңбек ардагері Манатай Толғанбаев ізгі лебіздерін білдіріп, құттықтады. Соңынан жиылған жұртқа саз мектебінің өрендері өз өнерлерін ұсынды.

Мерекелік іс-шара барысында Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің директоры Әзімбай Зағипа Айтқазықызын аз-кем сұхбатқа тартқан едік.

-Бұл мектеп алғаш рет 1971 жылы музыка мектебі болып ашылған еді. 1995 жылы тума талант иесі, әнші, композитор, белді журналист болған Жәнібек Кәрменовтың аты берілді. Осы уақыт аралығында бұл мектеп көптеген дарынды өнер иелерін қанаттандырды. Күллі Алашқа белгілі күйші Айбек Бекбосынов, Президент оркестрінде еңбек етіп жүрген Қайралапов Бақытбек, әнші Байбуринова Мөлдір, сондай-ақ Балташева Әсем, Жакеева Әлия, Татенов Рифхат сынды шәкірттеріміз өнер жолын таңдап, қазақ еліне танымал болып келеді. Мектепте қазіргі күні 47 ұстаз еңбек етіп, 457 оқушыны саз өнеріне баулуда. Ауылдық округтерде бес филиалымыз жұмыс жасап тұр. Ол мектептерде домбыра, прима-қобыз, қыл қобыз, шертер,  дәстүрлі ән, вокал, фортепиано, скрипка, виолончель, би сияқты 12 бағыт бойынша тәлім берілуде. Ал, қолданысқа жаңадан берілген ғимарат біздің қазіргі мүмкіндіктерімізді еселей түседі деп сеніммен айта аламыз. Жарық, жылы ғимараттың қолайлылығы жоғары. Тіпті, акустикасының өзі саз мектебіне арналғандай. Ұстаздар мен оқушыларымыздың көңіл-күйі аспандап тұр десек те болады. Осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Саз мектебіне тарту еткен аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Шәкірттеріміз, олардың ата-аналары, тіпті күллі аудан жұртшылығы осы ғимараттың жас өнерпаздарға берілгеніне қуанышын білдіруде, - деп ризашылық пейілімен бөлісті.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Абай елі, ұлылар жері де алаштың маңдайына біткен бірегей өлке. Бұл атырапта тылсымы терең, табиғатымен тамсандырар жерлер баршылық. Ал қолда барды бағалап, қадіріне жете білгенге не жетсін?!. Иә, Шыңғыстаудың тарихы тереңде, өткені мазмұнды. Маң даламыз шежіреге толы мазарларымен, тарихи көне жәдігерлерімен де құнды. Кейінгі буын біле жүрулері үшін, жадыларына түйе жүрулері үшін барлығына да белгі қою керек. Түгендеп, көздің қарашығындай қорғап, кейінгі буынға, келергі ұрпаққа аманаттау қажет.
Сол орындардың ішіне Қарауылдан 32 шақырым қашықтықта орналасқан Оспан көлі де кіреді. Жаз бойы көлге қарай сабылатын халық нөпірі тіптен көбейеді. Соңғы жылдары алыстан ат арытып келетін турис-тер де Жидебайдағы тарихи құнды жерлерді аралап шыққаннан кейін Оспан көліне бет бұратын игілікті үрдіс қалыптастыруда.
Тарихтан аз-кем тәбәрік. Жидебайдағы Абай қорық мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасымның айтуынша, атышулы Мұсақұл шайқасынан соң Бөжей мен Құнанбай арасындағы айтыс-тартыс бірде өршіп, бірде бәсеңсіп, ақыры бұл «мәселе» 1850 жылдары Құнанбай ұрпақтарының иелігіне бір жолата көшеді. Жидебай өңірінің тағдыры осылайша өзге арнаға түседі.
Аға сұлтандықтан түссе де Тобықтыға әлі де пәрмені жүретін, әрі би ретінде билігі бар Құнанбай 1861 жылы үш баласы Тәңірберді, Ысқақ, Абайды бір күнде үйлендіріп, сырт жайлауда құда күтіп, отау тіккізіп ұлан асыр той жасайды.
Тойдың да, жайлаудың да қызығы тарқап, ел бауырға түсерде Құнанбай үш баласына теңдей енші беріп, «алыс Ақшоқыны қоныс қыласыңдар» деп ұйғарым жасайды.


Құнанбайдың тағы бір шешімімен Ұлжаннан туған кенжесі Оспан мен Айғыздан туған Смағұлға Жидебай бұйырады.
Осы тәртіппен Жидебайда Құнанбайдың қос әйелі Ұлжан мен Айғыз тұрақтап, кәрі әже Зере осы үлкен отауда қалады. Кейіннен Зере әжеге, Ұлжан анаға топырақ та осы Жидебайдан бұйырады.
Оспан – Құнанбайдың кіші ұлы, Абайдың інісі. Құнанбай өз ұлдарына енші ретінде жер бөлу кезінде Жидебай қорығы аумағын Оспанға берген. Оспан ер жетіп, үйленіп Жидебайға иелік жасап, шаруашылығын бірден дөңгелетіп әкетеді. Малы өседі, айналасына ықпалы артып, саудамен айналысады. Төңірегіне ел жақсыларын жинап, Оспан-жомарт, Оспан-бай, Оспан-болыс атанады. Бұл жасы келген Құнанбайдың билікке араласпай Ақшоқыны қоныс қылып, дүние сөзі емес, құдай мен Құран сөзін ұстап, елден оқшауланған тұсы еді.
Сөйтіп, дәуірлеген, шалқыған Оспан 1892 жылы 40 жасында кенеттен қайтыс болып, артында үш әйелі, сол кездегі өлшеммен 2 мың жылқы, 800-дей түйе, 3 мыңдай қой қалады. Бұл әлбетте үлкен дәулет болатын.
Дүниесі түгел болғанымен үш әйелінен ұрпақ болмағанын Оспанның өзі де, айналасы да үнемі өкінішпен айтып отырады екен. Жесір қалған жұбайы Еркежан Әубәкір мен Пәкизатты тәрбиелеп өсіреді...
Оспан көлінің бұрынғы атауы – Боқтыкөл. 1885 жылы Жидебай қонысы Оспанның еншісіне тиген соң көл Оспанның иелігіне өтеді. Сөйтіп, соның атымен аталып кеткен екен. Көл Жидебай қорығының оңтүстік-батыс аумағында орналасқан. Көлге шығыс жағынан бару мүмкін емес, өйткені ол аумағы батпақты, сазды болып келеді. Көлдің суы аса тұзды. Сол себептен де емдік қасиеті бар. Ел арасындағы әңгімеге сүйенсек, қышыма қотыр мен аллергиялық сырқаттарға, тері аурулары мен бе-зеуге таптырмас ем екен. Әрине, Оспан көлі Абай елі үшін үлкен мүмкіндік. Анығырақ айтқанда, ауданға туристер тартуда әлеуеттілік әкелетін бірегей жоба қарастыруға болады.
Бұл ретте алғашқы бастама жасалынып та жатыр. Мәселен, Абай ауданының құрметті азаматы, мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер, ауданымызда талай іргелі шараларға демеушілік жасаған Ардақ Белібаев ағамыз осы Оспан көлінің бойынан демалыс орнын ашуға бар мүмкіндікті жасауға тырысуда. Іскер ел ағасының бастамалары қатарында «Оспан көлінің жағалауын ретке келтіріп, туристік орынға айналдыру» міндеті де бар. Бүгінде екі катамаран, 1 үрмелі қайық, 2 киім ауыстыратын жер, 2 әжетхана, балалар үшін суға түсуге арналған киімдер алғызған кәсіпкер Оспан көліне келушілерге тек қана соңына қалдырған қоқыстарын жинап, тазалықтың сақталуын қатаң ескертеді. Осы орайда, «Жасыл ел» жасағының жастары осымен бірнеше рет жұмыла көмек көрсетіп, көл айналасын тазартып, елеулі шара жүргізгенін де айта кетуіміз ләзім.
Десекте, Оспан көлінің көркейер келешегі алда тәрізді. Мәселен, келесі жылы көл жағасына келушілер игілігіне арналған вагонды тұрғын үйлер мен киіз үйлер құрылмақ. Сонымен қоса, аудан кәсіпкерлерін көл жағасында сауда жасап, тағам, сусындар сатуға шақырған кәсіпкер алда тағы талай шаруаның қолға алынатындығын айтады.
Заманында Жидебайда Құнанбай құдығының қайта жаңғыртылуына мұрындық болған белгілі кәсіпкер алдағы уақытта Құнанбай қажыға да ескерткіш орнатуға демеушілік жасайтынын алға тартады. Иә, Абай ауданында емге шипа, тұзды көл бар дегенге сенбейтіндер де бар шығар. Мұндай түсініктің қалыптасуына Оспан көлінің БАҚ беттерінде айтылмай, ел арасында дұрыс жарнамаланбай жүргені себеп дер едік. Бұл ретте, Павлодар облысындағы Шошқалы, Үржардағы Алакөлге сабылатын абайлық қауымның өзі де іргеміздегі Тәңірінің тартуына ат ізін салғаны, жаз қызығын көл жағасында өткізгені абзал дер едік. Рас, осы орайда ауданымыздағы аталмыш көлдің суына лабораториялық сараптама жүргізіп, шипалылық деңгейін, минералды құрамын анықтау да күн талабында тұрған жайт. Амандық болса, ол туралы да танымдық мақала әзірлерміз.
Ал сіздерге айтарымыз, келіңіздер, Ұлылар елінің ұлы тұлғаларына зиярат етіп, саф ауасымен тыныстап, Жидебайдағы Оспан көліне шомылып, жанға дәру, тәнге шипа тауып, демалып қайтыңыздар!
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»

Мамыр айының 18-24 күндері аралығында облыс орталығы Өскемен қаласында ШҚО әкімінің жүлдесіне арналған XX-шы халықтық спорттық ойындар байқауы өткізілген еді. Аймағымыз бойынша маңызы жоғары осынау дүбірлі дода ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Байрақты бәсекеде Абай ауданының құрамасы жалпы командалық есеп бойынша жүлделі 3-ші орынды жеңіп алды. Есептік көрсеткіштердің қорытындысы бойынша жеңімпаз спортшыларға медальдар тапсырылды. Бұл жолғы жеңістің жөні бөлек. Себебі, осыған дейін аталмыш байқауда мұндай жоғары орынға қол жеткізген жоқпыз. Аймақтың өзге аудандарының азулы командаларына есе жіберіп жүрдік.

Осы орайда аталмыш байқау барысы, аудан спортшыларының жетістіктері жайында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықовтан сұхбат алған едік.

 -Еркебұлан Серікбосынұлы, бұл жолғы өткен ШҚО әкімінің жүлдесіне арналған XX-шы халықтық спорттық ойындары бағдарламасына қандай спорт түрлері енді? Жетістіктер қатарына тоқталып өтсеңіз.

- Сөз басында айтып өтелелік, бұл жолғы байқау спорттың 17 түрінен өтті. Соның ішінде бірінші кезекте футболға баса мән берілді. Бір қуантарлығы аяқдоп ойынынан біз бірінші орынды ешбір аудан мен қалаға бермедік. Осыған дейін Жарма ауданында командалық іріктеуден өткен футболшыларымыз үздік өнер көрсетті. Үржар, Ұлан, Жарма аудандарын жеңіп, финалдағы алтылыққа өтті. Сөйтіп, облыс орталығында өткен ақтық сында Бесқарағай, Зайсан ауданы командаларымен ойнап, ұпай айырмашылығымен ұтып отырдық. Десекте, ең шешуші ойында аймақтың азулысы Аягөз футболшыларымен шеберлік байқасып, пенальти арқылы 4-1 есебімен жеңіске жеттік.

Дегенмен, әлсіз тұстарымыз да осы ойындар барысында аңғарылып қалды. Мәселен, спорттың ерлер арасындағы волейбол түрінен 7-ші орынды місе тұтуға тура келді. Жалпы, бұл ойын бойынша финалға шығуға спортшыларымыздың әлеуеті бар еді. Әйтседе, сайыс төрешілерінің өзіндік шешімі бізді бұл мүмкіндіктен айырды.

Тағы бір айтатын жайт, волейболшы қыздарымыз да 7-ші орынға табан тіреді. Мектеп қабырғасында түрлі сайыстарға қатысып, тәжірибе жинаған қыздардың даярлығына жақсылап көңіл бөлсек, кейін аудан намысын жоғары деңгейде қорғайды деп есептеймін. Осы салаға баса мән беру керек.

Сондай-ақ, баскетбол ойынына да тоқтала кетейін. Бұл жолы осы спорттан 5-ші орын алдық. Бұл біз күтпеген меже. Аймақтық сайыста Күршім мен Катонқарағайды ұтып, финалға шықтық. Ақтық сайыстардағы ең мықты деген командалармен доп түйістірдік. Мойындау керек, орыс ұлтының өкілдері мол Шемонайха сынды аудандар баскетболшылары шебер ойнайды екен. Дегенмен 5-ші орын да аз олжа емес. Ең бастысы мықты командалармен ойнап, мол тәжірибе жинадық дей аламын.

Биыл Өскемен қаласының қонақтары мен тұрғындарын Абай ауданы тіккен ақшаң үйі де қызықтырды. Төрт жапсарлас бөлмеден тұратын киізүйде ұлттық тағам түрлерін таныстыратын ас бөлме, өлкеміздің жәдігерлерін ел назарына ұсынған мұражай бөлмесі және рухани мекенді жіті таныстырған кітап көрмесінен құрылды. Аудан өнерпаздары арнайы құрылған комиссияға және облыс басшыларына әдеби монтажға негізделген қойылымдар ұсынды. Нәтижесінде Абай ауданы тіккен киізүйге 200000 теңге көлеміндегі сертификат пен Гран-При дипломы табысталды.

-Бәрекелді, құтты болсын! Аталмыш байқаудың тағы бір қыры – ұлттық ат спортына да ерекше мән беріледі. Бұл ретте споршыларымыздың қандай жетістіктерімен бөлісе аласыз?

-Иә, ұлттық ойындар аталмыш байқау бағдарламасының негізгі бөлігін құрайды. Бұл ретте көкпар ойынынан алтыншы орын алдық. Ал тоғызқұмалақтан командалық есеп бойынша бесінші орынға тұрақтадық. Осыған дейін республиканы ұтып жүрген тақталы ойын шеберлеріне бұл жолы Семей мен Өскемен қалаларының халықаралық сайыстарда өнер көрсетіп жүрген мықтылары қарсы тұрды. Яғни, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанған спорт шеберлерімен  жекпе-жек шығу оңайға түспеді.

Сөз орайында қазақ күресіне де тоқтала кетейін. Бұл спорттан аймақтың алдымыз. Дегенмен моральдық кедергілерге қарамастан жеңістерге жол аштық. Мәселен, Қуаныш Искаков алтын медель тағынса, Сейпілұлы Айдос үшінші орын алды. Кәкенов Мақсат та осы үдеден табылды. Команда бойынша күрестен аудандар арасында екінші орын алдық.

-Балуандарымыз екінші орын алды дедіңіз. Осы орайда, біздің аудан командасын алға сүйреген ойын түрлеріне баса тоқталсаңыз.

-Сауалыңыз орынды. Бұл сұраққа тоқталар болсақ, спортшыларымыз негізінен спорттың күрес түрлерінен аймақ бойынша мықты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір ғана қазақ күресі командамыздың рейтингін жоғарылатты. Сондай-ақ, дзюдо күресінен бір алтын, бір күміс, үш қола медаль алдық. Бұл ойындар бойынша алдағы сайыстарда бас жүлдені еншілеуге толығымен әлеуетіміз жетеді.

-Ал алдағы уақытта қандай спорт түріне кеңінен ден қоюды қажет деп санайсыз?

- Жеңіл атлетика бойынша 13-ші орын алдық. Өнер көрсеткендердің барлығы өз ауданымыздың қыздары мен ұлдары. Рас, әлі де даярлықтарын шыңдаулары қажет. Қол күресінен іріктеуден өтіп, 11-ші орынға табан тіредік. Үстел теннисінен, гір көтеру, шахмат-дойбы ойынынан да жоғары әзірлік жасап, күш салу керек деп санаймын.

15 шақырымдық топ бәйгеде мәреге жіберілген 40-тан аса тұлпар арасында ең соңғы айналымға жеткен жүйрігіміз тоқтап қалды. Аламан бәйгеден де сондай сәтсіздікке жолықтық. Мәреге не бары 100 метр қалғанда үкілеп қосқан сәйгүлігіміз аяғын сындырып, шабандозымыз жүлделі орынға іліге алмады.

Ал «Киізүй байқауы» сайысында қосымша ретінде өзге ұлттар спорты түрлерінен де сын өтті. Городки, кураш, берд, човган, биік бағанаға шығу бойынша да ойындарға белсене қатыстық.  Сонымен қатар, «Үздік клуб меңгерушісі» сайысы бойынша архаттық мәдениет ошағының меңгерушісі Армангүл Имашева бас жүлдені еншіледі. Мұның барлығы түйіндей айтқанда аудан командасының мерейін еселей түскен шаралар болды.

Жалпы халықтық спорттық ойындарына барлық жиыны 150-дей спортшы қатысты. Ұйымдастырушылық ісі жоғары деңгейде деуге толық негіз бар.

-Сұхбатымыздың соңында биылғы өткен ШҚО әкімінің жүлдесіне арналған XX-шы халықтық спорттық ойындар байқауында белсенділік танытқан спортшылар қатарына тоқталсаңыз...

- Әрине, бабы мен бағы сай келген жеңімпаз жүлдегерлер мен аталмыш байқаудың ойдағыдай ұйымдастырылуына ат салысқан жандар қатары мол болды. Мәселен, 100 келіден жоғары абсолюттік салмақта Қыдырманов Шыңғыс пен 60 келі дәрежесінде өзін жоғары белестен көрсеткен Амангелді Айсұлтан татардың ұлттық күресі кураштан 1-ші орын алды. Бұл көп мысалдан біреу ғана. Өзге палуандарымыз да ерледі. Ауданды алға сүйреген спортшыларға, жалпы барлық қатысушыларға айтар алғысымыз зор.

-Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Аудан спортшыларының жеңісті күндері әрдайым мол болғай!..

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

«Ашық есік күні»

         Микроқаржылық ұйымның мерейлі күні

 

         Қазақстандағы ірі микроқаржылық ұйым болып табылатын КМF-тің құрылу тарихына келсек, бұл несиелік орталық 1997 жылдан басталып Орталық Азиядағы, Кавказ, ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында микроқаржы саласының көшбасшысы болып табылады. Компанияның Бас кеңсесі Алматы қаласында болса, Қазақстан бойынша 98 кеңсесі бар, олардың 18-і филиал, 98-і бөлімше, оның ішінде 70 бөлімше ауылдық жерлерде орналасқан.  

Соның бірі бүгінде Қарауыл ауылында өз қызметін жүйелі түрде атқарып жатыр. КМF тұтынушыларына кепілді және кепілсіз кредиттерді бизнес, егін және мал шаруашылығы, түрлі тауарлардың өндірісі, қызмет көрсету, сондай-ақ тұтынушылық мақсатында беріледі. Семей қаласы «Қараул» бөлімшесіндегі КМF микроқаржылық ұйымның құрылғанына 5 жыл толуына орай тамыз айының 26 күні «Ашық есік күні» өткізілді.

         «Ашық есік күні» дегеніміз – компанияның, филиалдың соңғы жетістіктері туралы ақпараттандыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында компания тұтынушыларына арналған жыл сайын өткізілетін шара. Бұл шарада «Қараул» бөлімшесінің тұтынушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, компанияның әрі қарайғы жұмыс барысын жақсарту мақсатында жетістіктері жайлы баяндалды. Бүгінгі күнде КМF-те 136 715-тен астам белсенді тұтынушылар бар. Ал, «Қараул» бөлімшесі өз қызметін 2012 жылдың ақпан айынан бастап табысты қызмет етуінің арқасында тұтынушыларының жалпы саны 750 болса, оның ішінде 650 бейілді тұтынушы болып табылады. Шараға 30-ға жуық тұтынушылар қатысып, компанияның тыңғылықты атқарылып жатқан жұмыстарына алғыстарын білдіріп, қызметкерлерінің жұмыс атқару салтын жоғары деңгейде деп бағалады. Бұған дәлел, қазақы салт-дәстүрді әр жерде қалыс қалдырмай келген компанияның тұрақты тұтынушысы Нұрғалиева Қанша апаның компания ұжымын мерейлі күнімен құттықтап, шашу шашып, толағай табыстар тілеп, филиал жұмысының өркендеуіне ақ батасын беруі де ұйым мүшелерінің мерейін тасытқаны анық.

         Шара шеңберінде Семей филиалынан арнайы келген Альмира Сайпитенова «Пікірлер жәрмеңкесін» өткізу барысында өмірден келтірген шынайы мысалдарымен әрбір отбасы өз қаржыларын бір жүйеде ысырапсыз жұмсамауына бағыт-бағдар берді. Әрбір тұтынушылардың пікірі қарастырылып, сәйкес келген жағдайда қолданысқа енгізілетін болатындығын да сөзге тиек ете кетті. Сондай-ақ өз сөзінде КМF-тің Басқарма Төрағасы Шалқар Жүсіповтың сөзін де мысалға ала өтті. Атап айтсақ, биылғы жылы «Ашық есік күні» компанияның 18 филиалында жүргізіледі деп жоспарланған екен. «Біз өз қызметімізді клиенттермен ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас құру үшін айтарлықтай күш жұмсаймыз. Компания өз қызметінде Smart Campaign бастамасымен жүргізілетін клиенттерді қорғаудың 7 қағидатын басшылыққа алады, сондай-ақ «КМF-Демеу» Корпаративтік Қорымен бірлесіп, тұрғындар арасындағы қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырады», - дейді басқарма төрағасы.

         Осы шара шеңберінде тұтынушыларымыз «Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі» бағдарлама туралы көбірек ақпарат алып, жақын күндері қаржылық сауаттылықты арттыру шеңберінде тегін сабақтарға қатыса алады. Ауданымызда бөлімше ретінде ашылғандарына 5 жыл болған аталған несиелік орталықтың жергілікті тұрғындарды несиелендіруде маңызы зор екендігін де айта кеткен орынды. Алдағы уақытта бұл ұйымның қызметін тұтынатын тұрғындар қатары түгесілмей, керісінше арта түседі деген сенімдеміз.Егер аталмыш орталық жайында толығырақ ақпарат білгіңіз келсе, Компанияның филиалынан немесе бөлімшесінен алуыңызға болады.

Компания филиалдары немесе бөлімшелері жайлы ақпаратты http//kmf.kz/contacts/ сілтемесі арқылы біле аласыздар.

 

Самал Серікқазиева

«Абай елі»

 

«Ашық есік күні»

         Микроқаржылық ұйымның мерейлі күні

 

         Қазақстандағы ірі микроқаржылық ұйым болып табылатын КМF-тің құрылу тарихына келсек, бұл несиелік орталық 1997 жылдан басталып Орталық Азиядағы, Кавказ, ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында микроқаржы саласының көшбасшысы болып табылады. Компанияның Бас кеңсесі Алматы қаласында болса, Қазақстан бойынша 98 кеңсесі бар, олардың 18-і филиал, 98-і бөлімше, оның ішінде 70 бөлімше ауылдық жерлерде орналасқан.  

Соның бірі бүгінде Қарауыл ауылында өз қызметін жүйелі түрде атқарып жатыр. КМF тұтынушыларына кепілді және кепілсіз кредиттерді бизнес, егін және мал шаруашылығы, түрлі тауарлардың өндірісі, қызмет көрсету, сондай-ақ тұтынушылық мақсатында беріледі. Семей қаласы «Қараул» бөлімшесіндегі КМF микроқаржылық ұйымның құрылғанына 5 жыл толуына орай тамыз айының 26 күні «Ашық есік күні» өткізілді.

         «Ашық есік күні» дегеніміз – компанияның, филиалдың соңғы жетістіктері туралы ақпараттандыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында компания тұтынушыларына арналған жыл сайын өткізілетін шара. Бұл шарада «Қараул» бөлімшесінің тұтынушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, компанияның әрі қарайғы жұмыс барысын жақсарту мақсатында жетістіктері жайлы баяндалды. Бүгінгі күнде КМF-те 136 715-тен астам белсенді тұтынушылар бар. Ал, «Қараул» бөлімшесі өз қызметін 2012 жылдың ақпан айынан бастап табысты қызмет етуінің арқасында тұтынушыларының жалпы саны 750 болса, оның ішінде 650 бейілді тұтынушы болып табылады. Шараға 30-ға жуық тұтынушылар қатысып, компанияның тыңғылықты атқарылып жатқан жұмыстарына алғыстарын білдіріп, қызметкерлерінің жұмыс атқару салтын жоғары деңгейде деп бағалады. Бұған дәлел, қазақы салт-дәстүрді әр жерде қалыс қалдырмай келген компанияның тұрақты тұтынушысы Нұрғалиева Қанша апаның компания ұжымын мерейлі күнімен құттықтап, шашу шашып, толағай табыстар тілеп, филиал жұмысының өркендеуіне ақ батасын беруі де ұйым мүшелерінің мерейін тасытқаны анық.

         Шара шеңберінде Семей филиалынан арнайы келген Альмира Сайпитенова «Пікірлер жәрмеңкесін» өткізу барысында өмірден келтірген шынайы мысалдарымен әрбір отбасы өз қаржыларын бір жүйеде ысырапсыз жұмсамауына бағыт-бағдар берді. Әрбір тұтынушылардың пікірі қарастырылып, сәйкес келген жағдайда қолданысқа енгізілетін болатындығын да сөзге тиек ете кетті. Сондай-ақ өз сөзінде КМF-тің Басқарма Төрағасы Шалқар Жүсіповтың сөзін де мысалға ала өтті. Атап айтсақ, биылғы жылы «Ашық есік күні» компанияның 18 филиалында жүргізіледі деп жоспарланған екен. «Біз өз қызметімізді клиенттермен ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас құру үшін айтарлықтай күш жұмсаймыз. Компания өз қызметінде Smart Campaign бастамасымен жүргізілетін клиенттерді қорғаудың 7 қағидатын басшылыққа алады, сондай-ақ «КМF-Демеу» Корпаративтік Қорымен бірлесіп, тұрғындар арасындағы қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырады», - дейді басқарма төрағасы.

         Осы шара шеңберінде тұтынушыларымыз «Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі» бағдарлама туралы көбірек ақпарат алып, жақын күндері қаржылық сауаттылықты арттыру шеңберінде тегін сабақтарға қатыса алады. Ауданымызда бөлімше ретінде ашылғандарына 5 жыл болған аталған несиелік орталықтың жергілікті тұрғындарды несиелендіруде маңызы зор екендігін де айта кеткен орынды. Алдағы уақытта бұл ұйымның қызметін тұтынатын тұрғындар қатары түгесілмей, керісінше арта түседі деген сенімдеміз.Егер аталмыш орталық жайында толығырақ ақпарат білгіңіз келсе, Компанияның филиалынан немесе бөлімшесінен алуыңызға болады.

Компания филиалдары немесе бөлімшелері жайлы ақпаратты http//kmf.kz/contacts/ сілтемесі арқылы біле аласыздар.

 

Самал Серікқазиева

«Абай елі»

 

ҰБТ - 2015

 

ҚАРАУЫЛДА ҰБТ ӨТКІЗУ ПУНКТІ АШЫЛДЫ

 

Биыл Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттері туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 12 наурыздағы №115 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Аталмыш бұйрыққа сәйкес, Қазақстанның бірнеше аймақтарында жаңадан «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктерін» ашты. Мұндай нысандар Шығыс Қазақстан бойынша Семей, Курчатов қалаларында және Абай ауданында жергілікті атқарушы органдар қаржысы есебінен ашылды.

Қарауыл ауылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті «Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицей» КММ базасында орналасқан. №870 ҰБТӨП-нің жетекшісі Бауыржанұлы Марғұлан, эксперті болып Айтбекұлы Айбек тағайындалды.

Қазіргі күні Абайлық түлектер емтихан сынағына даярлық үстінде. Маусым айының 6 күні ауданымыздың 132 түлегі аталмыш пунктте сынақ тапсыратын болады. Орталық – қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. ҰБТ өткізу пункті толықтай талапқа сай етілуде. Түлектерге сәттілік тілейміз.

 

Абай ауданының №870 ҰБТ өткізу пункті

  

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар