Ұлы Абайға 170 жыл

Ж. ӘУБӘКІР

«Әзірет Сұлтан»  мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-мұражайының директоры,

 филология ғылымдарының

кандидаты, доцент

Түркістан

 

 

Абайға қатысты қазіргі таңда сөз айтқанда ең алдымен ойымызға М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» деген мақаласындағы «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз»,-деген аталы сөзі оралады. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанымен де, ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай береріміз анық. «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облысында Абайды білмейтін адам жоқ,- дей келе Ахмет Байтұрсынов,- Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысына естілмеуші еді»,- дейді. Ал, Міржақып Дулатов болса: «Не шара! Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде алтын әріппен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, халыққа тарап, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен бес жыл өткенде басылды»,- деген еді.

Зер сала қарасақ Алаш арыстарының айтқан сөздерінде үлкен мән жатыр. Абай есімінің кең қазақ сахарасына таралуына, ұлы ақын сөздерінің «көкірегі сезімді, тілі орамды» «үлгілі жас» пен сөз танырлық адамына жетуіне басты себеп болған – тұңғыш жинақ екендігі тағы да айқын. Әйтпесе: «Мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім»,- деп  басындағы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай көзі ашық Алаш азаматтары толық тани алмас қалар ма еді, дәл заманында Абай жинағы жарық көрмесе, ақын өлеңдері қолдарына тимесе.

«1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең», - дейді Абай өлеңдерімен алғаш танысқан кездері туралы тағы да А.Байтұрсынұлы.

«1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі географический обществоның шығарған бір кітабында Ғалихан Бөкейханов Абайдың тәржіма халін жазды, һәм кешікпей кітабы басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады. 1909 жылы Абайдың балалары, һәм інілерінің ризалығы, һәм Ғалиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургта Бураганский баспасында басылып шықты. Бұл біздің қолымыздағы кітап сол бірінші басылым»,- деген еді Міржақып Дулатов.

Міне ұлылар мен алыптар үндестігі! Әлихан Бөкейхановтың зор ықпал әсерімен, Мүрсейіт Бікеұлының маржандай әдемі жазуымен көшіріліп, Турағұл мен Кәкітайдың құрастыруымен жарық көрген тұңғыш жинақ туралы пікір айтқан Ахмет, Міржақыптардың Абаймен тағы да бір рухани үндестігі, ортақ сабақтастық - олардың шығармаларының қалың көпшілікке бір жылда таралуы еді. 1909 жылы Абай жинағы жарық көрген кезде Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» Санкт-Петербургте, М.Дулатовтың «Оян қазағы» Уфа қаласында баспадан жеке-жеке басылып шыққан еді.

Бұл халқымыздың рухани өміріндегі, мәдени тарихындағы, әдебиет айдынындағы ерекше бір бағалы оқиға екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. Қазіргі заманда Абай ұлылығын, хакімдігі мен кемеңгерлігін барша адамзат танып білген шақта, оның 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағының қазақ халқы мәдениетінің тарихындағы сарқылмас ғажайып бастау бұлағы болғандығын терең де айқын сезінеміз.

Абай жинағының жарық көруіне қалтқысыз қамқорлық жасаған үлкен экономист-ғалым, әдебиетші-тарихшы, жалынды публицист, шебер аудармашы, алаш арысы Әлихан Бөкейханов басты назарын қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арнаған. 1903 жылы Петербургта белгілі ғалым Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің редакциясымен жарық көріп келе жатқан «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көп томды еңбектің 18 томы «Киргизский край» деген атаумен қазақ тарихына арналып шығады. Міне осы кітаптың «Население» деп аталған екінші бөлімін Әлихан Бөкейханов жазуға қатысқан. Онда қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, өткен тарихы мен танымы, мәдениеті туралы, мол ауыз әдебиеті жауһарларын, жекелеген ақындарды айта келе Абайға айрықша тоқталады. Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы ретінде бағалайды. Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов».

«Семипалатинские областные ведомости» газетінің 1904 жылғы 8 санында өткен жылғы, яғни 1903 жылғы Семей облысының статистика комитетінің атқарған істері туралы есебі жарияланған. Міне осы есепте Комитеттің толық мүшелерінің ішінде Абай мен Әлиханның есімдері қатар аталады. Сонымен қатар 1914 жылы Михаэлис қайтыс болғандағы қазанамада «Қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тура жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше «менің көзімді ашқан, маған жаны ашырлық қылған Михаэлис еді» деп айтып отыратын еді»,- [5,310] деуі Абай мен Әлиханның жақын таныс болғандығының айқын дәлелі.

Бұл сабақтастықтың тамырын бұдан ерте жылдардан іздесек, 1889 жылы «Дала уалаятының газетінде» шыққан мақаласында: «...Қазақ халқының өз алдына өлеңдері бар. Кім білмейді: қазақтың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман баланы, Шерниязды... Құнанбайды һәм хайриларын Қазақтарға осы ақындардың қайсысының сөзі күшті екенін білдіруге жөн бар ма!?»,- [6] дейді. Бұл ретте газет редакциясы Абайды жазарда әкесінің есімін келтіріп жібергені айқын.

Қайым Мұхамедханұлы Бөкейхановтың Абаймен, оның Турағұл, Кәкітай, Шәкәрім сияқты туыстарымен, Көкбай, Мұқа сынды шәкірттерімен таныстығын 1899 жылы оның Щербина экспедициясының бір мүшесі болып қазақ даласын зерттеуге шыққан кезінен бастайды.

Олардың таныстығы нақты қай жылдан басталғаны, неше рет кездескені анық болмаса да Әлиханның Абайды сүйіп оқығандығы айқын. Ол Абай өлеңдерін аузынан тастамай айтып, көптеген әдеби зерттеулерінде ақын сөздерін мысалға алып отыратын болған.

Ұлы ақын дүниеден озған соң «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген айдармен 1905 жылы «Семипалатинский листок», 1906 жылы «Семипалатинские областные ведомости» газеттерінде және 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Отдела императорского русского географического Общества» атты кітапта да Абай туралы берген алғашқы құнды мәліметтері қанша уақыт өтсе де өз ғылыми мәнін еш жойған жоқ.

Ә.Бөкейхановтың басты арманы – Абай жинағын жарыққа шығару, ақын мұрасын қалың ел арасына тарату еді. «1906 жылдың 9 қаңтарында жазықсыздан-жазықсыз тұтқындап, Павлодар түрмесіне жапқан кезде, Әлиханның портфелінен Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен қара сөздерінің қолжазбасы табылған. Абақтыға жабығаннан кейін, келесі күні жазған арызында ол өлең қолжазбаларының құны 5000 сом болғандығын және оны сақтауға шаралар жасауын өтінген»,- [5,18] дейді Сұлтанхан Аққұлыұлы.

Қорытындылай келе, Әлихан Бөкейханов – қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұңғыш абайтанушы десек еш артық айтқандық емес.

                           Абай Құнанбаевтың бәкісі 23 мың долларға саудаланып жатыр

Семей тұрғыны Абай Құнанбайұлының бәкісі 23 мың долларға сатпақ. Ислам Жұматаевтың айтуынша, ұлы ақын кезінде бұл пышақты оның атасына сыйлаған екен. Бірақ мұны ауызша айтқанымен, қарияның қолында нақты дәлел жоқ. Ал жергілікті мұражай мамандары қаншама дерек көздерін ақтарып көргенімен, оған қатысты мәлімет таба алмаған.

Мәтін: 1890 жылдары Абай елін қатты жұт жайлапты. Сол кезде үйір жылқыны аман алып қалу үшін Мейрамғали деген байдың қыстауында бір жыл отырған екен. Бәкі сол байдың баласына сыйға тартылған көрінеді. Енді ақсақал әулетте бір ғасырдан аса уақыт бойы сақталып келген құнды затты сатуға бекініп отыр. 

Ислам Жұматаев, Семей қаласының тұрғыны:

-Текке бермеймін. 23 мың доллар ақша. Маған сол үйіме жетпеген ақшаға жігіттер көмектессе, сол адамға беремін. Соншама жыл сақтап келіп, ешкімге тегін бермеймін.

Бәкі жезбен көмкеріліп, мұсылманша безендірілген. Жүзі әлі бір рет те қайралмапты. Ал жергілікті мұражай мамандары кезінде Абай елін жұт жайлап көшкенін растағанымен, бәкіні сыйға тартқаны жөнінде ешқандай дерек таппаған.

Мейрамгүл Қайрамбаева, Абай қорық-мұражайы директорының орынбасары:

-Біздің мұражай қорында сақталған естеліктер мен ұрпақтарының жазбаларының ешқайсында осындай затты Абай біреуге сыйға тартты деген дерек жоқ. Мүмкін, әлі іздеу керек шығар. Сонда мәліметтің табылып қалуы да ғажап емес. Бірақ бүгінгі күнге дәлелдеме негізі өте аз болып тұр.

Ақсақалдан бәкіні сатып алмақ түгілі мұражайға тегін өткіземін десе де, мамандар қабылдамаймыз деп отыр. Себебі, ол арнайы тексерістен өтпеген және бәкіге қатысты ешқандай нақты дәлел жоқ. Ал оны тексерістен өткізу қомақты қаражатты талап етеді. Ондай ақша ақсақалдың да және мұражай қызметкерлерінің де қолында жоқ.

Ақсақал бәкіні 2009 жылы Алматыдағы Әбілхан Қастеев мұражайы мен Мәдениет министрлігіне де апарып көрсеткен. Олар тек бұл затты шет жаққа асырмауды өтініпті. Енді тарихи затты елімізде сатып алушы табылмаған жағдайда Ислам Жұматаев, оны интернет арқылы аукционға шығармақ ниетте.

Деректер КТК сайтынан алынды

 

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚҰЛПЫТАС

Ұлы Абайға 170 жыл

 

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚҰЛПЫТАС

 

Қазана айының 15-і күні Жидебай қорық-мұражайында хакім Абай мен ғұлама Шәкәрім бабаларымыздың кесенесі жанында мән-маңыздылығы ерекше басқосу өтті. Тарихқа тағзым, өткенге құрмет ретінде орын алған шара ресми сипатқа ие болмаса да, танымдық, рухани мәні өте зор болды. Осынау күні тағы бір тарихи жәдігер өзінің байырғы орнына қайта оралды.

Сөз басын жоғарыда айтылған жәдігер жайлы өрбіткенді жөн көрдік. 1940 жылы кеңестік өкіметтің арнайы қаулысы шығып, бұрынғы Шыңғыстау ауданына Абай есімі беріліп, хакімнің бейіті де қайта жөндеуден өткен екен. Жөндеуден өткен мазар басына ақ мәрмәр тастан құлпытас қойылыпты. Ұлы Абайдың 95 жылдық мерейтойын нақты іспен атқару үшін арнайы комиссия құрылып, оның мүшелігінде заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те болған екен. Жазушы осынау шаралардың басы-қасында жүріп, ерекше мән берген деседі.

1904 жылы ақын дүниеден өткенде көтерілген мазардың бұл күні суреті сақталмаса да, 1940 жылы қайта жөндеуден өткен орынның суреті қолымызда бар. Осы мазарда сол жылы қойылған Абайдың есімі латынша, астында орыс әріптерімен жазылған құлпытас болған-ды. Ол құлпытасты Мұхтар Омарханұлы өзі орнатқан деген деректер де бар. Уақыт өте келе Абай мазары қайталама жөндеулерден өтіп, қазіргі таңда Сарыарқа төсінде жүзіп бара жатқан кеме үлгісіндегі ерекше пішінді кесенеге айналып отыр. Бірақ, бұрындары тұрған сол құлпытастың тағдыры туралы мәліметтер толық емес еді. Кейін келе, осы мұражайдың меңгерушісі Әсет Мырзақасым ол құлпытасты мұражай қоймасынан тауып, екіге бөлінген жәдігерді қайта қалпына келтіріп, кесенеге кіре беріс жерге қайта орнатты. Осылайша, көзден кеткен көне жәдігер тиісті орнына, көпшілік назарына қайта ұсынылып, 75 жыл бұрынғы тарихтан сыр шертіп тұр.

Жидебай қорық-мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасым өз сөзінде:

-Құлпытасты қойма төрінен шығарып, бұл жерге орнатқандағы мақсатымыз – бабалар басына келген көпшілік бұл жерден зәулім кесенені көріп, бұрынғы мазары қандай болған екен деген ойға қалады. Сондықтан тарихқа терең үңілу үшін 1904 салынған мазардың 1940 жылы жөнделген кезіндегі қойылған жәдігерді ел назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл мазар 1961 жылы қайта өзгертілген. Оның да суреті бар. Ал, 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай қазіргі кесене бой көтергендігін бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді. Сол себепті бүгін мұражай қызметкерлері болып, Жидебай тұрғындары болып, осы мәдени жәдігерді қайтадан орнына қою шарасын іске асырып отырмыз, - деп атап өтті.

Мәдени шара барысында, ескерткіш жәдігердің қайта оралуына орай лента қию құрметі бұл күндері мұражайға қызмет жасап жүрген осы ауылдың жасы 90-ға таяған Тоқтар ақсақалға, мұражайда ұзақ жылдар еңбек еткен бөлім меңгерушісі Ерғали Икеновке және осы қасиетті мекеннің шырақшысы болған Ғизат Күзембаев ағамыздың ұрпағы Ерік Күзембаевқа тапсырылды. Сондай-ақ, кешеннің байырғы қызметшісі, көп балалы ана Теңдік Бұршақбаева анамыз шашу шашты.

Келер ұрпақ үшін бағасы зор жәдігердің байырғы орнына қайта оралуы Абай әлеміне құрметпен қарайтын жұртшылық үшін де көңіл марқайтарлық қуаныш болды. Әсерлі шарада қатысушылар естелік суреттерге түсіп, жылы лебіздерін білдірді.

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Бәрекелді

«АБАЙ ЕЛІНІҢ» АБЫРОЙЫ АРТТЫ

 

            Осыдан небары 4 ай бұрын ғана «Абай елі» апталық басылымының ғаламтор желісіндегі электронды нұсқасы ашылған еді. Ол жайында газет бетінде оқырман үшін сүйінші хабар да жазылған болатын. Айтарлығы сол, аудан тынысынан мол хабар беретін жаңа сайт танымдық сұхбат, тұщымды мақала, аудио деректер, арнайы айдарларымен виртуалды оқырманның да көңілінен шыққанына куә болып отырмыз. Оған себеп 9 - қазан күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және Ақпарат комитетінің «Қазконтент» АҚ-ы «Абай елі» аудандық қоғамдық - саяси газетінің жеке сайтын салтанатты түрде марапаттады.

            Бүгінде ақпаратты нақты әрі жедел түрде жеткізу ісі - БАҚ-тың онлайн редакцияларының қарқынды дамуына себепкер болуда. Осы тұрғыда ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Қазконтент» АҚ-ның қолдауымен Астана қаласындағы «Дипломат» қонақ үйінің «Бәйтерек» конференц-залында «Баспа БАҚ-тардың онлайн редакциялары: өзекті мәселелер мен даму перспективалары» тақырыбында республикалық конференция өткен болатын. Жылдағы дәстүрге айналған іргелі басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен БАҚ өкілдері қатысты. Айта кетерлік жайт, «Қазконтент» АҚ «баспа түріндегі бұқаралық ақпарат құралдарын интернетке шығару» жобасын мемлекеттік қолдау негізінде қолға алынған бастама. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Ақпараттық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаның басты мақсаты – отандық ақпараттық кеңістікті дамытуға, сондай-ақ баспа БАҚ-ты интернетке шығару үшін интернет – ресурстарды жасау және мазмұн – редакциялау дағдыларын тегін оқыту екен. Соның аясында 2012 жылдан бері 1000-нан аса газет-журналдар ғаламторға көшіп, онлайн-нұсқаға ие болу мүмкіндігін алыпты.

Осы жоба аясында «Абай елі» қоғамдық-саяси газеті де мамыр айында өз сайтын ашуға мүмкіндік алған болатын. Төрт ай ішінде бағытын түзеп, жұмысын жандандырған сайт редакциясы өзінің онлайн-нұсқасында тартымды сұхбаттар мен тұщымды мақалаларды, тарихи деректерді оқырманға ұсынумен келеді. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың саясаты мен түрлі мемлекеттік бағдарламалардың Абай елінде жүзеге асу барысын да шынайы көрсетуде. Түйіндей айтқанда, аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларды оқырман назарына жинақы, әрі көркем түрде жеткізе білді. Мәселен, Абайдың 170 жылдық мерейтойы барысындағы іс-шараларды ақпараттандыру аудан тынысы «Абай елінің» ағымдағы жылы қолға алған негізгі бағыттарының бірі болатын. Мұндай мазмұндағы мақалалар «онлайн оқырмандардың» да жоғары бағасына ие болып отыр.

Жаһанданудың бір сипаты - ақпараттың оқырман үшін қол жетімділігі. Сол себепті де, ақпарат бәсекелестігі бүгінгі күні өте жоғары деңгейге жеткен. Конференцияда талқыланған негізгі тақырып та осы төңіректен өрбіді. Айтар болсақ, белгілі бір ақпаратты жылдам өңдеп, көркемдеп, медиа түрінде оқырманға ұсыну тәсілдері конференцияға қатысушыларды қызықтырған тақырыптың бірі болды.

Бас қосудың негізгі бөлігін белгілі журналист, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының медиадиректоры Қанат Әуесбай ашып, «Қазконтент»АҚ интернет жобалар бойынша басқарма директоры Жандос Өтемісұлы қатысушыларға зор алғысын білдірді. Сондай-ақ, жиында «BAQ.KZ» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Серғали Балажан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспа және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева, Л.Гумилев атындағы ЕНУ журналистика және саясаттану факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Асима Ишанова, «Today.kz» ақпараттық сайтының бас редакторы Дана Саудагерова және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Асхат Еркімбай мерзімді баспасөздегі контентті онлайнға бейімдеу жолдары тақырыбында кезегімен сөз алды.

Конференцияның екінші бөлімі практикалық тренингтерге ұласып, орыс тілді және қазақ тілді редакция өкілдері екі топқа бөлініп, мамандардың кеңесіне құлақ түрді. Тренингте фотосуретті дұрыс жасау, ақпаратты белгілі және нақты түрде беру сияқты кәсіби сабақ өткізілді.

Астана төрінде өткен жиынның жалғасы марапат тапсыруға ұласты. Арнайы құрылған сарапшылар алқасының қорытындысы бойынша ШҚО, Абай ауданының «Абай елі» редакциясы «Ұлы Абайға – 170 жыл» айдары үшін «Ең үздік арнайы жоба» номнациясын иеленсе, Қостанай облысының Қамысты ауданының «Камыстинские новости» газеті, Ақмола облысы Ақкөл ауданының «Ақкөл өмірі» газеті аудандық газеттер арасында ең белсенді онлайн-редакция номинациясымен марапатталды. Ал спорт тақырыбы бойынша белсенділігі үшін кезекті аталым Жамбыл облысының «Жамбыл спорты» редакциясына бұйырса, балаларға арналған ең үздік онлайн-редакция аталымы Астана қаласындағы «Түгел» пресс клубының «Құлыным» журналы редакциясына тапсырылды. Сондай-ақ, «ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы хабаршылары» журналы «Ең үздік ғылыми-танымдық онлайн редакция» деп марапатталса, Алматы облысының «Мектеп ұстаздарының әлемі» журналы ең үздік сервис және Ақмола облысының Жақсы ауданының «Жаксынский вестник» басылымы әлеуметтік желідегі ең белсенді онлайн редакция аталымына ие болып, Басқарма төрағасы Айдос Арғынбайұлының дипломымен марапатталды.

Сонымен қатар, конференция барысында мақала жариялап, ғаламтор желісінде талқылануға орай ұйымдастырылған конкурста «Абай елі» газетінің бас редакторына арнайы ескерткіш сыйлық табыс етілді.

Құрметті оқырман, аудан айнасына айналған басылымның бұл жеңісіне сіздің де үлесіңіз бар! Ақпараттық демеушіңіз, абайлықтар өмірінің жаңалық жаршысы бола білген «Абай елі» апталық газетінің жеке сайтын ғаламтордағы www.abayeli.kz мекенжайынан сіз де қарай жүріңіз.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»,

Қарауыл-Астана-Қарауыл

Туған мекенді танып біл!

Шежірелі Шыңғыстау сыр шертеді

Абай ауданы Шыңғыстау жері бұл күнге әлі де сырға толы тарихи деректер мен аңыз әңгімелерге бай мекен. Қазақ жұртының кім екендігін мәңгілікке танытып кеткен Ұлылардың кіндік қаны тамған – Шыңғыстау жері туралы Асан қайғы Сыр бойын аралап жүргенінде үш бұрылып артына қарап «Суы мен топырағы киелі жер, бұл жерден атағы зор ұрпақ туады» – деген сөзі бүгінде ақиқатқа айналды.

Шілде айында ұйымдастырылған Шыңғыстауға саяхат Ұлы Абайды, Шәкәрімді дүниеге әкелген Құнанбай әулетінің ұрпақтары мен аналарының бейіті, қора-жайларын Шабданұлы Серікқазының көрсетуімен фоторепортаж жасалынған. Бұл еңбегіміз келер ұрпаққа ата-қоныстарының қаншалықты құдіретті жер екендігін айшықтайтын сапар болды.

Абай ауданының тарихи өлке-тану мұражайының басшысы Малгаждар Жүнісжановтың ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Абайдың 170 жылдығына орай «Шежірелі Шыңғыстау сыр шертеді» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға Абай ауданының ақсақалдары мен Абай мектеп лицейі және Қарауыл Гимназиясының шәкірттері қатысты. Шыңғыстау бөктеріндегі Құдайберді, Күңке, Айғыз, Мүрсейіт, Халиолла қора-жайы мен бейітін түсірген фотолармен арнайы жасалынған презентация арқылы таныстырылды. Бірінші болып сөз кезегі берілген көнекөз қарт Шабданұлы Серікқазының Ахат Шәкәрімұлымен араласып жүргендегі естіген естеліктері бір төбе болды. «Бірде, Ахат Шәкәрімұлына 1980 жылы Семейден үй берілген кезде қайырлы болсын айта барғанымда әкесінің саятқорасына тас қой деген өтінішін орындап «Шәкәрім саятқорасы» - деп граниттен тас қойдым. Кезінде бұл қораға аттылы кісі құрықпен кіретін болған екен» - дейді. Сонымен қоса Құнанбаймен үзеңгілес жолдас болған Сүйіндік Жанкөбекұлының бейіті орналасқан жерін көрсетіп, Тоғжан ұзатылған Аққозының қыстауына және құлпытасына барып қайтқандығын оқушылар қауымына жеткізді.

Дөңгелек үстелге жиналған ақсақалдар қауымы әбден танып, игеріп толып, кемел шағында, еріккеннен емес, «келер ұрпақ алсын, білсін, зерделеп ұқсын» деген ардақты оймен келген болатын. Олар, ақын Советқазы Ысқақ, Қарауыл ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Шыңғыс Несіптай, Базарбай Бейсембаевпен аудан ақсақалдары жиын туралы пікірлерін білдірді. Пікір білдірушілердің бірі Әрхамов Төлеген Халиолла бейітінің орналасқан жері туралы өз естеліктерін алға тартып, Құдайберді мен Әкімбай бейітінің басында тұр деген деректер келтірді. Ендігі мақсат Халиолла бейітінің орналасқан жері туралы нақты ақпарат берілу үшін зерттеу жұмыстары жүргізілу болды.

         Қазаққа, тіпті адамзатқа, әлемге ордалы ойдан олжа салған Шыңғыстау ұрпақтарының адамзаттық, рухани өмірімен қоса жер тарихынан бәрімізге тамаша сый тартылды.                                    

                                                                                    Самал СЕРІКҚАЗИЕВА

                                                                                              «Абай елі»

ХVІ республикалық Абай оқулары

 

ӨРЕНДЕР ӨНЕРІНІҢ ӨЛШЕМІ - ХАКІМНІҢ АСЫЛ СӨЗДЕРІ

 

Биылғы өткен Абай оқулары жылдағыдан өзгеше. Оған себепте жоқ емес. Атаулы жыл ұлы хакімнің мерейтойлы жылы. Сол себепті, қазақтың бас ақынына деген құрметтің бір көрінісі болса керек, бұл өткен дәстүрлі байқаудың ерекшеліктері мол әрі біршама айшықты болды.

 

Бірінші күн

                                                 Қатысушыларды құшақ жая қарсы алды

Дәстүрлі ХVІ республикалық Абай оқулары жылдағы үрдіспен жаңа оқу жылының басы қыркүйек айының 10-ы мен 11-і күндері аралығына жоспарланған еді. Еліміздің түпкір - түпкірінен Абайдай алыпты дүниеге әкелген ұлы мекенге жол тартқан жыр жүйріктері әуелі Семей шаһарында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған І республикалық «Туады ерлер ел үшін» атты жыршылар байқауын тамашалап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Семей ядролық полигон құрбандарына арналған ескерткішіне тағзым жасаған болатын. Балғын меймандар тек келесі күні Ұлылар өлкесін бетке алды.

Қонақтардың біздің ауданымыздағы ең алдымен аялдаған жері Бөрілідегі М.Әуезов мұражайы болды. Ондағы тарихи һәм мәдени жәдігерлердің сырына қаныққан оқушылар театрландырылған көрініске де куә болды.

Абай жолымен жол тартқан меймандар ақынның кіндік қаны тамған туған жері Сырт Қасқабұлақ өлкесіне, соңынан Еңлік – Кебек ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалап, жырын кітаптан ғана оқитын балғындар Үй тастағы театрландырылған көрініске де көз сүйсінтті. Шілікті кезеңдегі Абайдың жары Шүкіманның (Әйгерім бұлағының) басында да ат шалдырды. Меймандар осыдан соң Жидебайдағы Абай мұражайын аралап, кесенелерге кіріп, тағзым жасады.

Аудан орталығында орналасқан Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйін бетке алған қонақтар осымен қатарынан 16-шы рет өткізіліп отырған ауқымы зор Абай оқуларының ашылу салтанатына куә болысты. Меймандарды Мәдениет үйінің алдында күтіп алған өнерпаздар жырмен өрнектеп, биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Әсіресе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар болып ұрпағына асыл сөздерін арнаған театрланған көрініс ерекше тәнті етті. Осыдан соң Мәдениет үйінің залында жалғасқан ашылу салтанаты жыр додасына қатысушы сайыскерлер мен жүйріктерге сәттілік тілеген құттықтау лебіздерге берілді. Сөз алған аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сайыскерлерге сәттілік тілеп: - Абай оқуларының басты мақсаты – ұлы ақын шығармаларын насихаттау, мектеп оқушыларының ұлтымызды, салт – дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды қастерлеуге тәрбиелеу. Бүгінгі ұрпақ үшін рухани ұстаз, ақыл, білім, өнеге беретін бастау бұлақ Ұлы Абай мұрасы, - деді өз баяндамасында аудан басшысы.

Абай оқулары - осы күнге дейін дәстүрлі түрде өткізіліп, өзіндік жолын бір ізге түсірген бірегей байқау. Бұл шара бір есептен ұйымдастырушылардың ерекше белсенділігімен жүзеге асуда десек болар. Осыған орай байқау тізгінін қолға алған ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ШҚО-ның білім басқармасы, ШҚ өңірлік ғылыми – практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдерінің тікелей араласуымен ұйымдастырылып отырған игі шара ақын мұраларын насихаттауда зор мәнге ие. Осы ретте ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Бас сарапшысы, Абай ауданының «Құрметті азаматы», абайшыл тұлға Роза Батталдың еңбегі де айрықша. Ашылу салтанатында Р.Мұхаметжанқызы баяндама жасап, қатысушыларға ақ жол тіледі.

– Ардақты Абай оқуларына қатысушы жас өрен! «Арттағыға сөзің мен ісің қалсын» деген өз өсиетіне өзі сай өмір сүрген, артына өлшеусіз, қымбат асыл ой, айшықты сөз қалдырып, адамзат тудырған алыптар қатарындағы дара тұлға, данышпан ойшыл ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толған мерейлі жылда ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен мектеп оқушылары үшін кезекті ХVІ республикалық Абай оқулары басталуда. Ең алғаш 2000 жылы кемеңгер ақынның 155 жылдығында ұйымдастырылған Абай оқулары содан бері жыл сайын өткізілетін дәстүрлі білім сайысына айналды. Осы жылдар ішінде қасиетті Қарауылға, киелі Жидебайға көкірегі сезімді, көңілінің көзі ашық мыңдаған жас дарындар қадам басып, жарқын болашаққа қанаттасып ұшты.

Абай әлемі жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс, бұрыстығын сараптай аламыз. Баршаңызды ХVІ республикалық Абай оқуларының ашылу салтанатымен құттықтап, бүгінгі жасқа кемеңгер ойшылдың асыл сөзін жеткізуді мұрат тұтқан ұлық поэзиямен ұрпақ жүрегіне жалғайтын алтын көпірге айналған осынау ізгі шараға сәттілік тілейміз, - деді өз сөзінде Роза Мұхаметжанқызы.

ШҚО-ның Білім басқармасының атынан құттықтау сөз арнаған басқарма бастығының орынбасары Искакова Сайран өз кезегінде сәттілік сайыскерлерге серік болуын тіледі. Кеште көрермендерге арналып Абай өлеңдері әр тілде оқылса, «Айгөлек» ән-би ансамблінің әдемі биі көпшілікті тәнті етті. Осылайша ашылу салтанаты соңына таяп, ал сайыскерлерді ертеңгі жыр бәйгесінің жауапты сәті күтіп тұрды.

 

Екінші күн

Жидебайдағы жыр бәйгесі

Келесі күні Жидебайдағы амфитеатр алаңында жыр аламанының нағыз қызған сәті, сайыскерлердің бірінен – бірі оза шауып, бәйге еншілеген мезеті көрініс тапты. Бұл республикалық жыр бәйгесіне аймақтық, облыстық байқаулардың кіл мықтылары сараланып келген болатын. Мұндайда ақтық бәсекеде жеңіс тұғырынан көріну оңайға түспесі анық. Оның үстіне қатал талапты қазылар алқасы биыл да толық құраммен өрендер өнерін қадағалауға алды. Алқа мүшелері құрамында ақын, республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Абай ауданының «Құрметті азаматы», қазылар алқасының төрағасы Мұратбек Оспанов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Роза Баттал, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Саржан Такиров, еңбек ардагері, әдіскер – ұстаз, «Абайтану» оқу – әдістемелік құралдарының авторы Шолпан Әбуева, ақын, Семей қалалық «Халық» ақындар орталығының жетекшісі, ҚР-ның мәдениет қайраткері, республикалық айтыстардың лауреаты, «Бірлік» медалінің иегері Дәметкен Омарбаева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Абайға, Жамбылға, Астанаға арналған жыр мүшәйраларының бас жүлдегері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Төлеген Жанғалиев, әдебиетші – ғалым, Республикалық Абай қорық мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір, ҚР-на еңбегі сіңген қайраткер, Абай ауданының «Құрметті азаматы», Бүкілодақтық, халықаралық фестивальдарының лауреаты, «Қаламқас» халық ән-би ансамбілінің әншісі, Абайдың ұрпағы Бақыт Шағатаева, сазгер, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері Елдар Оразалин төрелік етті.

Қатысушылар ортаға шақырылып, Абай оқуларының туы көтерілісімен, қазылар төрағасы Мұратбек Қабиденұлы байқауды алғысөзімен ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Бірден бірінші бөлімнің шымылдығы түріліп, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты алғашқы кезеңнің кіл жүйріктері ақын мұраларын жатқа оқудан сайысқа түсті. Еліміздің әр өңірінен барлығы 22 үміткер бақ сынаған бұл бөлім өреннің өрелігін танытар байқау еді. Себебі, сайыскерлер үшін ең ауыр бөлім де осы кезең болмақ. Әсіресе, дауыс дикциясын, оқу мәнерін, ең бастысы жатқа оқу қабілеті мен өлең санына көп назар тігетін қазылар алқасының сынынан сүрінбей өту маңызды. Олай болса алғашқы болып жарыс жолын бастаған Астана қаласы №68 орта мектебінің 6-шы сынып оқушысы Әдетхан Ринат Абайдың 146 өлеңін, 5 қара сөзін, 1 поэмасын және Шәкәрімнің 45 өлеңін, барлығы 197 шығарманы жаттап келген екен. Бірінші болып қазылардың сынына іліккен Ринаттың өзге өлеңдерден тосылмағанымен «Жаз» өлеңінен жаңылысып кетуі көңілдерді құлазытқаны анық. Ал, ұшқыр ойы мен таудай талабы талай жанды тәнті етпей қоймаған Нұрсұлтан есімді өжет те алғыр қатысушыны жоғары бағаламау мүмкін емес еді. Жарыс жолына екінші болып шыққан Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №48 орта мектебінің 6 – сынып оқушысы Қожағұл Нұрсұлтан Абайдың 115 өлеңін, 3 қара сөзін, 1 поэмасын, 19 аудармасын, Шәкірәм бабаның 25 өлеңін, жиыны 163 шығармасын жатқа біледі екен. Қай өлеңінен сұраса да тосылмаған өреннің өлең оқудағы дауыс мәнері де көрерменін сүйсінтті. Нұрсұлтандай ұланына көпшілік зор қошеметін толассыз жаудырып жатты. Біз де кішкентай қатысушымызды сайыс соңынан сөзге тарттық.

- Абайдың жыр маржандарын теріп, тұнығына бойлаған сайын тереңдей түсетін жауһардай асыл сөздерін өзіме өмірлік азық ете отырып, Абай әлемін тану мен үшін бақыт, - дейді Нұрсұлтандай өреніміз. Баласының бәйгеге түскен сәтінде тақымын қыса келген анасы Алмагүл Нұралиева да баласының бір бума болған марапаттарын, жетістіктерін бізге де жайып салып, ағынан жарылды. Жүлделі марапаттарына қарап еріксіз сүйсінесің. Анасының айтуынша бұл байқауға 1 жыл бұрын дайындық бастаған көрінеді. Ал, нәтиже тіптен тамаша.

Сондай-ақ, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектептің 7 – сынып оқушысы Рашитов Ермектің жатқа оқудағы қабілеті жоғары болғанымен қазылар тарапынан қысқа өлеңдерінің көптігі сынға алынды. Дегенмен өжет өрен ұзақ өлеңдерден де сұрауларын өтініп, толықтай жатқа білетіндігін жасырмады.

Кезек қасиетті жеті санына келгенде ШҚО Зайсан ауданы Шекарашы орта мектебінің намысын қорғап келген 10 – сынып оқушысы Дүйсенбекова Еркеназ есімді назды қызымыз ортаға шақырылып, өнерімен көптің көңілін өсірді. Өлең қоржыны да қомақты Еркежан Абайдың 205 өлеңін, 25 қара сөзін, 5 поэмасын, 40 аудармасын, Шәкәрімнің 100 өлеңін, жиыны 375 шығарманы жатқа білетін өреннің өзге қатысушылардан өлең саны да оқ бойы озық тұрды. Қазылардың да әр жерінен сұраған өлеңдерінен тосылмай жатқа оқуы дүйім жұртты тәнті етті. Мұнан соң іле шала Абай ауданының намысын қорғай шыққан Шәкәрім орта мектебінің 11 – сынып оқушысы Дінслямова Аружанның өнері тамашаланды. Ол Абайдың 175, Шәкәрімнің 90 өлеңін, 2 поэмасын, барлығы 267 шығармасын жаттап келген екен. Роза Мұхаметжанқызы тарапынан хакімнің бірде бір қара сөздерінің болмауы сынға алынса, артынша қара сөздері бола тұра тізімге кірістірілмей қалғандығы анықталды. Дегенмен абайлық өреннің қанжығасына төмен бағалар еншіленді. Осылайша кезекпе – кезек қатысушылардың өнерлері ортаға салынып, қазылар тарапынан сын ескертпелер де айтылып жатты. Мәселен, көп өрен Абай өлеңдерінің сөздерін өзгеше қылып айуы жиі көрініс тапты. Ең көп қатысушы топтасқан бірінші бөлімнің жалғасы түскі үзілістен соң қайта өрілді. Бұл кезеңде әскери мектеп ұландары мен мамандандырылған мектеп - интернатының оқушылары өнерлерін ортаға салды. Дегенмен қабілет – қарымдарының жеткені болар өлең қоржындары таяздау сезіліп жатты.

Алғашқы бөлім тәмамдалысымен, лезде ІІ – бөлім сайыскерлері «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша бақтарын сынады. Бұл бөлімде құлақтан кіріп бойды алған тамаша әндер шырқалып, байқаушылар талабы бағамдалды. Жарыс шымылдығын Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әнімен түрген Астана қаласы №51 орта мектебінің 8 – сынып оқушысы Жортуыл Ерасылғалидің өнерін жалғаған Ақмола облысы, Көкшетау қаласы №21 орта мектебінің 6 – сынып оқушысы Мукашева Инара Шәкәрім бабаның «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындады. Осылайша жарыс жолын өзіндік мақам, зор дауысымен, ән орындау стилімен көпті сүйсінткен әуендер жарыса шырқалды. Атырау облысы №36 орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Темірғали Жанғалидың орындауындағы Абайдың «Сегіз аяқ» әні зор әрі асқақ үнмен шырқалса, «Айттым, сәлем, Қаламқас» әнін опералық стильде орындаған ШҚО Семей қаласы №47 орта мектебінің 11 – сынып оқушысы Оразов Айдостың өнері қазылар тарапынан жоғары бағаланды. Одан соң абайлықтар сенімін үкілеп шыққан Абай мектеп лицейінің 11 – сынып оқушысы Орынжанова Ақберен «Ем таба алмай» әнімен тыңдарманын еліте білді. Қатарынан бірнеше сайыскерлер БҚО Асхатқызы Перизат, Жамбыл облысы Шухратова Алина, Қарағанды облысы Жанділда Жасмин Шәкәрім бабаның «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» әнін шырқап, жоғары ұпайлар еншілеп, тыңдармандарын да тамсантып, зор қошеметке бөленді. Бұл бөлімде әннен бөлек күйдің де майталмандары өнерлерін ортаға салды. Олар, Құрманай Әлибек пен Сатыбалды Наурыз күйлерді құйқылжыта шертіп, домбыра құлағында шебер ойнады.

Кезек ІІІ – бөлімге ойысқанда жыр дәптерлерін қойындарына қысқан жас ақындарға сахна төрі ұсынылды. Бұл бөлімде Мұратбек Оспанов, Дәметкен Омарбаева, Төлеген Жанғалиев сынды адуынды ақындардың сынына шыдас беру тек кесек ойлы, шабытты ақындардың ғана қолынан келері сөзсіз еді.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты бөлім бойынша 20 сайыскер бақтарын сынап, жыр маржандарын төгілтті. Ақындар бөлімінің шымылдығын алғаш болып түрген Астаналық Қанафин Әділет Абай заманының әлеміне киім үлгісімен бойлағанымен, ақындық қыры жағынан осалдық танытты. Ақтөбе қаласынан келген Қабасов Нұрдәулеттің «Бала қиял», Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған арнау жырлары тамаша өрілді. Абайдың ақындық бұлағынан сусындап келе жатқан жас өрен Қарауыл гимназиясының оқушысы Оралқызы Зарина «Күзгі бақ», «Абайға арнау» өлеңдері тыңдаушысын тауып, зор қошеметке бөленіп, қазылар тарапынан да жоғары ұпайларды қанжығалады. Маңғыстау облысынан жасын жырларын арқалай келген Қуанышұлы Асыланның «Бойы ұзын қыз» атты әзіл өлеңі тыңдарманын бір серпілтсе, кесек–кесек ойлы туындыларымен талабының ұшқырлығын танытты. Айта кетейік, өлең қорларындағы үздік деген 1-2 өлеңдерін оқыған өрендердің әлі де жұтаңдау тұстары көп-ақ екен. Оның үстіне лирикалық өлеңдерінің жоқтығы қазылар алқасын қынжылтты. Осылайша ІІІ – бөлім де соңына таяп, қазылар алқасы қорытындысын шығарғанша өрендер өнерлерін тамашалатты.

Осы тұста ІІ – бөлім бойынша өнері асқақ шыққан Шухратова Алинаның ішкі тебіренісімен бөліскен едік. -Киелі мекен Абай еліне бірінші рет келуім. Жол бойы тарихи өлкелер таныстырылып, хакім Абай жайлы көп мағлұматтар алдық. Бұл күндер мен үшін қайталанбас ерекше сәттермен есте қалмақ,- дейді бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы ішкі тебіренісін жасыра алмай.

Осылайша ең шешуші сәт те соңына таяған болатын. Жеңімпаздар есімдері көпшілік алдында құрметпен таныстырылды. Бас жүлдені «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде бағын сынаған зайсандық Дүйсенбекова Еркеназ жеңіп алды. Ал, І – орынды жамбылдық Қанат Дастан (І- бөлім), қарағандылық Жанділдә Жасмин (ІІ - бөлім), абайлық Оралқызы Зарина (ІІІ - бөлім) иеленсе, ІІ – орынға Мәсек Назерке мен Қожағұл Нұрсұлтан (І - бөлім), семейлік Оразов Айдос пен жамбылдық Шухратова Алина (ІІ - бөлім), маңғыстаулық Қуанышұлы Асылан мен БҚО-нан келген Құбашев Ақеділ (ІІІ - бөлім) тұрақтады. Сондай-ақ ІІІ – орынға Маңғыстау облысынан Мешітбаева Мадина, Ақмола облысынан Рашитов Ермек, Астана қаласынан Әдетхан Ринат (І - бөлім) ие болса, ІІ – бөлім бойынша Сатыбалды Наурыз, БҚО-нан Асхатқызы Перизат, абайлық Акберен Орынжанова, ІІІ – бөлімнен ОҚО – нан Шарап Ізет, ақтөбелік Нұрдәулет Қабасов, астаналық Әділет Қанафин иеленді.

 

Түйін: Биылғы Абай оқуларынан түйгеніміз көп болды. Ұйымдастырылу деңгейі де, оқушылардың талап үдесінен табыла білуі де жыл өткен сайын жаңаланып, соны қырынан көрініс тауып келеді. Ақынның асыл сөздерін бойына тоқыған саналы ұрпақтың саны да уақыт сайын өсе түсуде. Бұл ретте әлбетте, қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерінің ізденісі, педагогикалық тұрғыдағы еңбектері жемісті екені анық.

Қазіргі жаңа технология дендеген жаһандану заманында ұлттық болмысымызды өзгертпей сақтап, Абайдың сөзімен айтқанда адамшылық қасиеттерімізді ұштай түсуде Абай мен Шәкәрім шығармашылығы адастырмас шамшырақ. Ендеше Абай өсиеттерін келешегіне бағдар еткен жас өрендердің бұл талпынысына біз де зор қуаныш білдіреміз.

 

Нұржан Байтөс,

Тоғжан Нұғыбаева,

Самал Серікқазиева,

«Абай елі»

 

 

Аймағымыздағы бірегей мәдени мекеме Шығыс Қазақстан өнер мұражайы «Менің Қазақстаным» атты тұрақты көрме-конкурсты 2010 жылдан бері өткізіп келеді. Абайдың 170 жылдығы қарсаңында, яғни, өткен жылы өнер мұражайы «Нұр  Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп,  қылқалам шеберлері арасында «Абайды танып, біл!» атты облыстық байқау өткізген болатын. Биыл да жалғасын тапқан бұл игілікті шара тек Абай мерейтойымен ғана емес, Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып, симпозиум плэнер түрінде облыстық өнер мұражайының ұйымдастыруымен Ұлан ауданының Көктау демалыс-сауықтыру орталығында  өтті. Плэнерге  қатысқан қылқалам шеберлері ақынның туған күніне орай тағы да  ұлылар еліне  ат басын бұра келген-ді.  

Page 1 of 3

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!