Бәрекелді!
ТАЛАНТЫМЕН ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВТЫ ТАҢЫРҚАТҚАН МЕЙІРЖАН
Күлкі – адамға қуаныш сыйлап қана қоймайды, өмір жасын да ұзартады. Ал, әзілдің астарлы болып, адамды тек жадыратып қана қоймай ой сала білуі – өнер. Осы ретте көрерменнің жүрегін жаулаған, еліміздегі ең үздік сатиралық бағдарламалардың бірі «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатов жуырда тың бастаманы қолға алған еді. Сатиралық топтар ішінде сарыны өзгешелеу құрылып, өмірден алынған өміршең әзілдерді өнерлеріне арқау ететін құрама өз тобын жаңа таланттармен толықтыру мақсатында көңілашар ойын-сауық отауының сыни іріктеу сайысын ұйымдастырған еді. Бағдарлама көгілдір экран арқылы күллі қазақстандықтар назарында болған-ды. Осынау өнер сайысына жерлесіміз, белгілі жайдарманшы Мейіржан Алтыбаев та қатысып, бабы мен бағы қатар шапқан додада бас жүлдені иеленді. Жастық жігері тасыған өнерлі жерлесіміздің жеңісін тамашалаған Абай елі ұлылар туған өлке ұланының осал болмасы әсте мүмкін еместігін айтып, «бәрекелді» десті! Барша Қазақ елі көз тіккен көңілашар сайысында 300-дей қатысушыдан оқ бойы озық шығып, өз қабілетін сан қырынан дәлелдеген Мейіржанның өнеріне Тұрсынбек Қабатовтай өнер саңлағының өзі тәнті болыпты. Осылайша ұланымыздың мәртебесі биік болып, мерейі тасып қайтты.
Қараша айының 3 күні аудандық жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов Елорда төрінде өнерімен талайды тамсантып қайтқан Мейіржанды қарсы алуға арнайы аудан жастарының басын қосып, көк туымызды жалаулатқан аппақ автокөліктермен Қарауылдың кіре беріс жолына бет алған еді. Қашанда көпшілік қуанышының бел ортасында жүретін Қаныша апа мен Уәсила әжелер бұл жолы да шашуларын ала келіпті. Көп күттірместен Мейіржан да асыға тосқан жерлестіріне қосылып, жастар мәре-сәре болысты. Әжелер шашуларын шашып, ақ тілектерін ақтарысты. Сөз алған жастар жанашыры Мейіржан Серікболсынұлы Абай елінің абыройын Астана төрінде қорғап, жүзден жүйрік шыққан жас таланттың талабына толағай табыс тіледі. Осылайша жастар көк туларын жалаулатқан автокөлік керуенімен Қарауыл көшелерінен шеру құрып өтіп, Би ата ауылына да арнайы барып, көпшілік назарын өздеріне аударды. Жерлестерінің жеңісіне қолдау білдіріп жатқан Жастар орталығының жас басшысы Мейіржан Серікболсынұлының әр бастамасы қашанда игілікке бастары анық.
Ал кешкілік Мәдениет үйінде Жайдарман ойындарының 1\2 кезеңі өтіп, жыл бойы іріктелген командалар арасында оқ бойы озып шыққан 9 құрама сахна төрінде аудан тұрғындарына арнап әзілден сыбаға тартты. Әуелгі болып сөз тізгінін алған жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов абайлық жас өрен Алтыбаев Мейіржанға жеңісі үшін жастар атынан сыйлық тарту етіп, құрметке бөледі. Өз кезегінде қуанышына ортақтасқан жерлестеріне ризашылық лебіз білдірген Мейіржан қолдау жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлына, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықовқа және ауыл әкімі Гүлнар Боранжановаларға алғысын жеткізді.
Осылайша жайдарман ойындарына кезек беріліп, әзіл сүйер жастарды күлкіге көмкерген командалар алғашқы айналым - әуенді әзіл және сәлемдесу кезеңдерінде өнерлерін ортаға салды. Финалға аз ғана уақыт қалғанын ескерсек бұл кездесу жайдарманшылардың жігерлерін қамшылаған сыңайлы. Себебі әзіл-қалжыңмен әдемі өрілген ойындары ерекше сүйсіндірді. Десек те, ойыннан іріктелген 5 команда ғана тікелей финалға жолдама алды. «Тамаша», «Есте қалар», «До мажор», «Азия» және «Қазақ жастары» құрамалары үздік деп танылды. Келесі кезеңде тіптен тартысты ойын өрнегін тамашалаймыз деген үміттеміз. Жастар арасында жарасымды кеш өткізіп, Жайдарман ойынын жандандыруға қолдау танытқан Жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұловқа өскелең буынның айтар алғысы шексіз.
Мейіржан Алтыбаев:
АБАЙ ЕЛІНІҢ ӘЗІЛКЕШТЕРІН РЕСПУБЛИКА ТАНИДЫ
Кезінде өнерге деген қызығушылығын Жайдарманнан бастап, бүгінде үлкен сахнада танылған Мейіржан Алтыбаевты біз де әңгімеге тартқан едік.
-Ең алдымен Мейіржан, сені үлкен сахнаға шыққан алғашқы қадамыңмен және де жүлделі жеңісіңмен құттықтаймыз. Осы сайыс жайында азды-кем тоқталып өтсең?
-Көңілашар бұл қазақ сатирасының бір бөлігі - әзіл жанры. Бұл әзілдің жілік майын шағатын Қабатов Тұрсынбек ағамыздың бастамасымен қолға алынған жоба. Биыл бірінші рет ұйымдастырылып, ұлттық арнадан көрсетілген сайыстың негізгі мақсаты еліміздің әр қиырында танылмай жүрген талантты жастарды тауып, үздіктерін анықтап, өз құрамасына қосу болатын.
- Ал осынау сайысқа жалпы саны қанша үміткер қатысты? Қарсыластарыңды жеңу қаншалықты қиын болды?
-Іріктеуде еліміздің әр өңірінен келген 300 талапкер бақ сынаса, ұлттық арнадан көрсетіліміне соның тек 84-і ғана қабылданды. Сайыс 1\16, 1\8, 1\4,1\2 және финалдық кезеңдерден тұрды. Әр бөлімде осал өнер көрсеткен ойыншылар сайыс шеңберінен шығып отырды. Ең ақырғы финалға 4 қатысушы қалып, өз қабілеттерін паш етті. Десе де әр әзілқой өзіндік болмысымен, әзіл айтудағы шеберліктерімен танылды. Бұл ақтық мәреге шығып, жүлдені еншілеу оңайға соққан жоқ. Ең алдымен басыма таудай бақ берген бір Алланың жәрдемі, содан соң өнеріме тілекші болған, қолдаған ата-анамның, жерлестерімнің және осыған дейін өнер сахнасында бірге шыңдалған достарымның да арқасы деп білемін.
-Ел Шығысынан өзіңмен бірге бәйгеге түскен өрендер болды ма? Республика жұртшылығына танылуыңа себеп болған бұл жобамен қалай таныс болдың?
-Облысымыз бойынша 8 өнерпаз қатысқан едік. Барлығы да финалға дейінгі кезеңдерге жетті. Жалпы бұл жобамен әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы құлағдар болып, өтініш білдірген болатынмын. Ең бірінші бөлімде өзімнің дайындап барған монологымды оқыдым, келесі бөлімде актерлік шеберліктерімізді сынға алды, тосыннан қойған сұрақтардан сытылып, әзіл құрастырып шығу керек болды. Тек 1\4 кезеңінде ғана екінші орын алып қалдым, ал қалған бөлімдерде бірінші орынды жеңіп отырдым. Жігіт деген сегіз қырлы бір сырлы болуы керек деп жатады ғой. Сол себептен әр қырымнан көрсетіп өзімді мойындатқаным мен үшін ерекше қуаныш.
-Ең алғаш әзіл әлемінде сахнаға шыққан сәтің есіңде ме?
-Иә, ең алғаш Өскемен қаласында өткен облыстық Жайдарманда бақ сынаған сәтім әлі есімде. Үлкен сахнаға шыққаннан соң дайындық та осал болмауы керек деп, өзіме күш түсіріп, тамағымның ауырып қалғаны бар еді. Сол кезде жүлделі 3 орынды иеленгенбіз.
-Сөз соңында бүгінге дейінгі әзіл әлеміндегі жеткен жеңістеріңмен бөліссең?
-Республикалық Жайдарманның чемпионы болу барлық жайдарманшының арманы. Бірақ мен биыл чемпион болмасам да вице-чемпион болдым. Қалалық, республикалық жарыстардың үздік ойыншысы атандым. Бірқатар ірі қалаларда әкім кубоктарын иелендік. Дегенмен жайдарманшы үшін ең басты жеңіс көрерменінің жүрегіне жол тауып, езуіне күлкі үйірілту деп білемін.
-Бізге берген сұхбатың үшін рахмет! Тағы да жеңісіңмен құттықтаймыз. Өнер аспанындағы бағындырар белестерің көп болсын!
-Сіздерге де үлкен рахмет. Өнерімді қолдаған ата-анама, жерлестеріме, әрине бірінші кезекте жастардың қолдаушысы Жастар орталығының директоры Мейіржандай ағамызға айтар алғысым шексіз!
Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Абай елі»
