
Шүкір, бүгінде талабы мен таланты ұштасқан жастар Абай елінде де жетерлік. Биіктерді бағындырып, өнердің әр саласы бойынша еліміздің маңдайалдысы атанып жүрген өрендердің көптігі қуантады. Жуырда сондай жастардың қатары тағы бір есіммен толықты. Бұл жолы жерлесіміз Нұрқыз Мырзаханова топ жарды.
Сөз басында айта кетелік, осыдан біраз бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жарияланған "Дін және тарих тағылымы" жылы аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ақындар арасында "Бағытым-Ислам, Бақытым-Тәуелсіздік" атты діни жырлар мүшәйрасы ұйымдастырылған болатын. «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, республикамыздың әр түкпірінен кіл мықтылар қатысып, бақ сынаған айтулы байқауға Қарауыл гимназиясының "Ақсұңқар" ақындар сыныбының шәкірті, бүгінде Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің ІІІ- курс студенті Мырзаханова Нұрқыз да қатысқан-ды. Нұрқыздың айы оңынан туып, нәтижесінде аталмыш байқаудан жүлделі І-орынды иеленіп аудан абыройын асқақтатып қайтты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген мүшәйраға республиканың түкпір-түкпірінен жасы 18-ден асқан ақындар қатысып, өз жырларын ұсынған болатын.
Өскемен орталық мешітінде бас қосқан ақындар сол жерден таулы Алтайдағы көрікті мекен Теректіге жол тартты. Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданы, Теректі ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты барысында мүшәйраға қатысушылар, барша жамағат салтанатты жиын мен мерекелік концертті тамашалап, соңында марапаттау рәсіміне куә болысты.
"Бақ шаба ма, бап шаба ма" демекші, мүшайраға сайланып келген жиыны 60-тан астам жазба ақынның 26-сы іріктеліп, өзара қайта сайысқа түсіпті. Сөйтіп, төрт турдан сүрінбей өткен ақындар ақтық нәтиже бойынша жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтсақ, Бас жүлде - Умра қажылығына Әскерхан Ақтай ие болса, І- орынды Мырзаханова Нұрқыз, ІІ- орынды Игембаев Айдын, ІІІ- орынды Саят Қамшыгер иеленді. Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің арнайы жүлдесімен Ұларбек Дәлейұлы марапатталды.
Ал І- орынды қанжығасына байлаған Нұрқыз Мырзаханованы сөзге тартқанымызда "алдағы уақытта өлең атты қасиетті мекеннің шырағын сөндірмей, өнер атты өлкеде әрі қарай өрлесем деймін" деп тілек білдірді. Талапты жасқа біз де талантың мұқалмай биіктерге самғай бер деп ізгі лебіз білдіреміз.
Анар СӘРСЕНБИНА,
"Абай елі"
