Қоғамдық шараға белсенді түрде қатысу әр азаматтың бойындағы патриоттық сезімнің, өз елі алдындағы жауапкершіліктің жоғары екендігін айғақтаса керек. Ел игілігі жолында жан аямай еңбек қылатын жандар Абай елінде де баршылық екен. Сәуір айының 19 күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Парламенті Мәжілісі мен деңгейлі мәслихаттар депутаттарының сайлауында «Нұр Отан» партиясы үміткерлерін сайлау науқанына белсенді қатысқан бірқатар штаб мүшелері салтанатты түрде марапатталды.
Айта кетейік, саяси науқан алдында ауданымызда да қоғамдық штаб құрылып, үгіт-насихат жұмыстары кесте бойынша жүйелі түрде жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде болар, өңіріміз Елбасы төрағалық ететін саяси партияғааса көп мөлшерде дауыс бергендігі де халық жадында.
Әкімдік залындағы алқалы жиынды алғысөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев ең алдымен саяси партияға зор сенім білдірген абайлық қауымға зор алғысын жеткізе келе, ауданымыздың бірқатар азаматтарына «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың және партия төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахановтың алғыс хаттарын табыстады.
Атап өтсек, Елбасының марапатына «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, штаб төрағасы Қайырғазы Дүрмекбай, штаб мүшелері Жанұзақов Шалқар,Төкенова Маузира, Белібаев Мейрамбек, Рахымбекқызы Тоғжан, Амангелдин Арнұр, Байшеров Сұлтан, Байжигитова Айгүл, Жанпейсова Айжан, Мұқанқызы Гүлжанат, Балтабеков Болат, Әзімбай Зағипабөленді. Алпартия төрағасының бірінші орынбасары «Алғыс хатымен» Ақылбеков Айдос,Тұрысбеков Талғат, Магденов Ербұлан, Орынбекұлы Нұрлыбек, Қуандықов Аманбек марапатталды. Сондай-ақ жиында сөз алған Қайырғазы Нұрлыбекұлы мерейге бөленген жандарды құттықтай келе, сайлауға ат салысқан мекеме, мектеп басшылары мен ауыл әкімдеріне де ризашылығын жеткізді.
Ел азаматтарының, қала берді ауданымыздың тұрғындарының ауызбіршілігін, ертеңгі күнге деген сенімін айғақтаған саяси шарада белсенділік танытқан жандар қашан да құрметке лайық.
«Абай елі» ақпараты
