Сәуір айының 26 күні Қарауыл ауылында аймақтағы белсенді жастардың басын қосқан іргелі жиын өтті. Атап айтсақ, «Нұр Отан» партиясының «Жастар Отанға» жобасы аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Нұрлы Болашақ жастары» атты тақырыпта облыстық форум ұйымдастырылды. Форумға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Абай ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, «Жас Отан» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Маржан Бахыт, облыстық «Жастар орталығының» басшысы Арайлым Керімбекқызы, ШҚО «Жасыл ел» жасақтары штабының жетекшісі Қуаныш Қасенов және аймағымыздағы аудандық жастар орталықтарының басшылары қатысты.
Еліміздің бүгінгі жастары үшін нағыз қайрат танытар шақ туды. Жаңа жағдайда, заманауи мемлекеттің сындарлы саясаты арқасында әлемдік деңгейдегі білім мен білікті игеріп, келешектің кілтін қолға алу міндеті күн өткен сайын артып келеді. Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер Тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ер жетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деп баса мән берген болатын. Қазіргі күні жастар қоғамдағы қозғаушы күшке айналды. Мұның себебі де бар, Елбасы жастар саясатына үлкен маңыз беру керектігін міндеттеген болатын. Сондай-ақ, жастармен нақты жұмыс істеудің үлгісін көрсетті.
Өскелең буынды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, патриотизмге баулып жүрген «Нұр Отан» партиясының, «Жас Отан» жастар қанатының, «Жасыл ел» жасақтарының және жер-жерлердегі жастар орталықтарының өткізіп жатқан іс-шаралары кемел елдің келешегі үшін маңызды екені анық. Осы тұрғыда ауданымыздағы Жастар орталығының да атқарып жатқан жұмыстары айтарлықтай. Талапты жас Мейіржан Смағұлов басқаратын бұл қоғамдық бірлестік бүгінде толайым табыстарға қол жеткізген. Жыл басынан бері сан түрлі байрақты бәсекелерде топ жарған өрендердің жетістіктері осының дәлелі. Ал облыстық форумның ауданымызда өтуі олардың мерейін тіптен еселеуде.
Ауданымызға ат басын тіреген форум қатысушылары ең әуелі Еуразия кіндігі Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім қажы кесенелерін зиярат етті. Шығыстың ең белсенді жастары одан соң Абай мұражайын аралап, халыққа қызмет көрсету орнындағы мәжіліс залында форум бағдарламасымен танысты. Осыдан соң Қарауыл ауылына жол тартып, «Жастар үйі» ғимаратымен, атқарып жатқан жетістікті қызметімен танысты. Мұнда ауданымыздың спорт, өнер, білім салалары бойынша ең үздік жастары сап құрып, қонақтарға қошемет білдіріп қарсы алды.
Осыдан соң барлық форумға қатысушылар Қазақстан Республикасының Туы мен «Нұр Отан» партиясының байрағын желбіреткен 15 ақ түсті көліктермен шеру жасады. Көліктер шеруі әуелі Абай ескерткішіне аялдап, делегация мүшелері гүл шоқтарын қойды. Одан кейін жастар Тәуелсіздік монументіне ат басын бұрды.
Бұл жерде аял жасаған форум қатысушылары жергілікті жастар лебізіне құлақ түрді. Аудандық жастар ісінің белсендісі, «Абай елі» газетінің бас редакторы Нұржан Байтөс жалынды сөз сөйлесе, «Мерғали Ибраев» атындағы ақындар сыныбының Хамида Сәметова мен Зарина Оралқызы сынды оқушылары өздерінің отты да жүрек жарды туындарын оқып, көпшілікті жігерлендіре білді.
Осылайша әуеге бейбітшіліктің символындай аппақ көгершіндер ұшырылып, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен «Нұр Отан» партиясының ШҚОФ бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхаметжановтың бастауымен Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтары қойылған бұл сәт форумға қатысушылардың есінде мәңгі қалары сөзсіз.
Бұл күні Шыңғыстау өлкесінің аспаны жастардың жалынды ұрандарымен жаңғырды. Қазақстандық патриотизмді ту еткен жастар Мамай саябағына бет алды. Жаугершілік заманда Тобықты елінің туын көтерген бәһадүрге арналған еңселі ескерткіш өткен жылы мүсінделіп, Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында тұғырға қонған болатын. Биыл осы саябақты абаттандыру жұмыстары жүйелі қолға алынуда. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін халқымыздың даналық сөзін ұлылар мекені де ұран етіп келеді. Жас шыбыққа жиі теңелетін жастар үшін де бұл үлкен өнегелі іс. «Жасыл ел» жасақтары үшін жұмыс маусымының дәл ашылар уақытына тұспа-тұс келіп отырған форум осынысымен де ерекшеленді десек артық айтқандық емес. Мамай батыр алаңына жиылған 500-ден астам жас осы күні аталмыш саябаққа 70 түп шырша көшеттерін отырғызды. Игілікті шараны облыс орталығынан келген қонақтар мен аудан басшылары бастап, жастар қауымы да қоларына күрек алып ел ағаларының ісін жалғады.
Ағаш отырғызу сәтінен кейін форум қатысушылары «Шыңғыстау» спорт кешенімен танысты. Арнайы бокс залы, күрес, самбо, дзю-до залдары, фитнес залы мен тоғызқұмалақшылар бөлімі аудан қонақтарының көңілінен шықты. Бұдан кейін меймандар аудандық мәдениет үйіне ат басын бұрды. Ол жерде алқызыл жолмен жүріп өткен қонақтарды, жергілікті тұрғындар қошеметтеді. Сондай-ақ әр салада республикалық, халықаралық жетістіктерге жеткен жастар да осы жолмен жүріп өтіп, форумға орай ұйымдастырылған баннер алдында БАҚ өкілдері фотосуретке түсірді.
Ал форумның негізгі бөлімі мәдениет үйінде өтті. Іргелі басқосуға қатысушыларға «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің мүшелері, ҚР мәдениет саласының үздіктері Жанат Хайсина, Еркін Жолжігітов «Жаса туған жерім!» әнін тарту етті. Форумның салтанатты ашылуында «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облысы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мұхтарханов Әнуарбек Мұхтарханұлы және Абай ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мүсәпірбеков Тұрсынғазы Жантұяқұлы құттықтау сөздерін сөйледі.
Мәдени шарада сондай-ақ «Қаламқас» халық ән-би ансамблі өнерпаздарының орындауында «Бірігіңдер-бірігіңдер» атты көне аспаптық шығарма орындалды. Сонымен қатар, «Қазақ елі байтағым» әнін халықаралық фестивальдардың лауреаты, «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің мүшесі Нұрбек Өмірбек нақышына келтіре шырқады.
Форумда сөз алғандар қатарында ауданның жігерлі жастары да жалынды сөз сөйлеп, баяндамаларымен таныстырды. Атап айтар болсақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында нәтижелі еңбек етіп жатқан Абай атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі, әдебиеті пәнінің ұстазыАдибаева Әйгерім, аудан оқушыларының спорттағы жетістіктеріне сүбелі үлес қосып жүрген «Абай ауданы бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» бапкері, жас спортшы Саят Нұрболат және Абай ауданының жастар орталығының директоры, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Смағұлов Мейіржан аудан жастарының жетістіктерін паш етті.
Көрермендер көңілін серпілткен жастар да сахна төрінен көрінді. Атап айтсақ, «Жайдарман» ойындарында топ жарып, аудан намысын қорғап жүрген «Жидебай жидектері» жайдарман командасы қалың көпшілікке жарасымды күлкі сыйлады.
Ал аталмыш форумның соңында барлық қатысушылар марапатталып, үздік номинациялар табысталды.
Нұржан БАЙТӨС
"Абай елі"
