Руханият
Тұсаукесер
Абай елінің рухани қазынасы тағы бір аса құнды кітаппен толықты. Арттағы ұрпаққа жол көрсетер тағылымы мол бұл туындының авторы ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қария, 92 жасты алқымдаған Жағыпар Жүнісжанов. Сенсация демеске лажыңыз жоқ!
Аудан орталығындағы «Димаш-Еңлік» кешенінде өткен осынау шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері мол жиналды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі абайлық ақын Төлеген Жанғалиев алғысөзбен ашып, жүргізіп отырды.
Ең қызығы автор кітапті оқырман қауымға 20 күн бұрын таратып беріпті. Сондағы қалағаны, туындының «жүректерге терең бойлап», оқырмандардың пікірлері мен сындарын есту екен. Өмірлік тәжірибесі мол қаламгердің бос уақытын қауырсын тербеумен өткізетіні, ең бастысы келер ұрпаққа қажетті жазбаларды қалдырып жүргені баршамызды толғандырды. Шараның негізгі бөлімінде жасы жүзге аяқ басқан абыз ана Күләш Жақыпқызы мен Абай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Болатұлы кітаптің лентасын қиып, көпшілік қошемет білдірді.
«Көп ауырып, көп жасаудың құпиясы» атты жаңа кітап ғылыми туынды емес, абыз қарияның өмір тәжірибесінен алынған пайдалы кеңестерді қамтиды. Яғни, ақсақал өзін өмір сындарында сынау арқылы ғылымнан жоғары дүниені жарыққа әкелгеніне еріксіз келісесің. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра!» деген нақылдың шынайы екендігін кітап мазмұнымен таныс адам есіне түсірері анық. Себебі, ұзақ ауырған, алайда, өзіне күтім жасап, дұрыс өмір сүру салтын ұстанып, денсаулық сақтау, түрлі сырқаттармен күрес, тамақтану, адамдармен қарым-қатынас саласында өзіндік жаңалықтар ашқан қарияның кеңестері өте құнды. Бұл ретте өмірден түйген сырларды өзімен бірге ала кетпей, арттағы ұрпақ кәдесіне жаратсын деген мақсатпен кітап жазған 92 жастағы ақсақалдың бұл ісін ерлікке балауға болады. Ядролық полигон сынақтарынан көп зардап шеккен аймақ тұрғындары үшін бұл кітап адастырмас компастай құнды екендігін де айтқанымыз жөн. Расында, қаламгер қарт осыған дейінгі тың мағлұматтарға толы деректі туындыларымен де оқырманын тәнті етіп қана қоймай, таңырқата білген еді. 90 жасында арттағы өмір белестерін бір сүзіп шығып, қалам арқылы бір кітапқа жүк ету - таңғалдырар жайт екені анық.
Сондай-ақ, тұсаукесер рәсімі барысында ұзақ жылдар Қарауыл гимназиясында еңбек еткен ардагер ұстаз, жаңа кітаптің корректоры Мейрамгүл Қасымжанова тұшымды баяндама жасап, кітап туралы көзқарасын білдірді. Пікір білдірушілер қатарындағы еңбек ардагері Манатай Толғанбаев, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Байбота Орынбаев, әдебиетші, драматург Әсет Мырзақасым, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазы және бірқатар ауыл тұрғындарымен өзге де кітап оқырмандарының сөздерінен көп жайтты аңдауға болады. Осы орайда, батагөй қарияның өзі тәрізді аталмыш кітабы да өміршең болсын деген тілекпен, туындының корректоры, ардагер ұстаз Мейрамгүл Қасымжанованың ой-толғамын назарларыңызға ұсынамыз.
Құнары мол құнды кітап
Орыс педогогы Сухомлинскийдің «Адам қанша өмір сүргенімен емес, қалайша өмір сүргенімен бағаланады» - деген сөзі – Ұлы Отан соғысы ардагері, батагөй қариямыз, қолынан әлі қаламы түспеген қарт журналист, Абай елінің «Құрметті азаматы» Жақаң атамыздың өнгелі мол өмірі мен ұрпағына қалдырған мұраларын бағалауға лайық ұлағатты сөз. Олай дейтініміз, ұзақ жасауымен ғана емес, қарттық жасына жеткен шақта тың дерек, мол тағылымға толы кітаптар жазуымен де қайран қалдыратын қария тағы буын сүбелі туындысымен таңғалдырды.
Атамыз зейнетке шыққалы бері барша жерлестерінің қала берді әр ұлтжанды қазақ баласының қолынан түспейтін, той-томалақта бата берушінің кәдесіне жарап жүрген «Бата бере білесің бе?», «Батагөй атаның батасы» баталар жинағы, ел, жер, шежіресін насихаттайтын, «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы», «Отыз әулет, мың ұрпақ» еңбектері – әлі сан жылдарға, талай ұрпаққа қызмет жасап, өресін өрістететін, ерлікке ұлтжандылыққа, тектілікке жетелейтін тамаша туындылар. Ал, бүгінде қолымызға тиіп отырған «Көп ауырып, көп жасаудың құпиясы» деген еңбегі – Аллаһ берген өзінің адалдық, адамдық, азаматтық ұстанымымымен мағыналы тірлік жасап келе жатқан бабамыздың өз өмір тәжірибесінен түйгенімен медицина ғылымын зерделей оқып, жазған тұжырымдары мен тұщымды ойлары баяндалған біз үшін құнды еңбек.
Кітап – басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жүгінер, тамаша ақыл-кеңестерімен, ұсынған ем-дом түрлерімен бағалы еңбек 3 бөлімнен тұрады. Автор: «Менің бұл жазғандарым ғылым мен жаңалық та емес, көркем шығарма да емес, өмірден іріктеліп, тәжірибеден алынған қарапайым әңгіме» деп ағынан жарылған алғы сөзінде әеңбегінің мақсатын айқындап көрсетіпті. Жас кезіндегі тұрмыс тауқыметімен денсаулығының күтімсіздігінен өкпе және тыныс алу жолдарының ауруы, ас қорыту жүйесінің бұзылуына, атеросклероз ауруына, баршамыз кейде елей бермейтін шаншу, жүрек қан тамырлары сияқты т.б. аурулардың пайда болу себептерін, әр аурудың түрлі кезеңдеріндегі белгілерін (симптомдарын) ашып жаза келіп, одан емделудің жолдарын таратып әңгімелейді. Атаның әңгімесінен өзімнің түйгенім: бар аурудан сақтанудың алғашқы жолы - жақсы әдеттердің жан сақтайтын құпиясы бар екендігінде. Ол әдеттердің алғашқысы дұрыс тамақтануды қатал ұстау деп ескертеді.
«Артық ішкен тамақ - у», деп артық салмақтың дұшпандығынан сақтандырады. Ағзаға қажет дәрумендер қандай тағам түрлері арқылы толықтырылатынын, оның мөлшеріне дейін көрсетіп жазған. Олар мынадай тақырыптарда баяндалады. «Жасартып, өмірді ұзартатын ғажайып көкөніс», «Таза су адам өмірін ұзартады», «Ұзақ жасаудың құпиясы –жылқы еті мен қымызында», «Шәйдың да берері мол», «Еңбек - ұзақ өмір сүрудің кепілі», «Ашығу - құдіретті күш», «Пайдалы кеңес» айдарымен берілген әңгімелері өте құнды
Келесі жан сақтайтын таптырмас әдет «суықтан сақтан», денеңді спортпен шынықтыр,- дей келе, ұрпақтарына өнеге болар өз әдеттерін былайша баяндайды: «Менің осы жасқа жеткенім қиыншылықты көп көріп, әбден шыныққандығым, салауатты өмір салтын сақтағандығым, жаман әдеттерге салынбағандығым, тынымсыздығым, еңбекшілдігім, мүмкіндігімше еңбекті көп жасайтындығым, адалдығым, ешкімге қиянатымның жоқтығы, темекі тартпаймын, насыбай атпаймын. Қомағай емеспін, тамақты шақтап ішемін.
Ақылды, білімді, адал еңбекпен байлыққа жеткен адамдарды сыйлаймын. Байлық пен мансапты қызғанбаймын және күндемеймін. Өзім жеткен дәлет пен дәрежеге ризамын. Дүниеқор емеспін. Біреудің байлығы мен мансабына қызғанышпен қарау, көре алмау, ашу-ыза тудырады. Күйзеліске апарады. Ызақор адам ұзақ жасай алмайды. Қазір ойлап отырсам, өмірде кездескен қиыншылық пен тауқыметке ғажап шыдамдылығым осы жасқа жеткізген екен».
Келесі жақсы әдет «Дұрыс ой- ұзақ жасаудың кепілі», «Нерв жүйесі –денсаулықтың қамалы». Халық арасында «барлық ауру нервтен» деген ұғым бар. Сондықтан нервті бұзбай, көңіл-күйді дұрыс ұстау керек» деп ескертеді. Адам болмысында жақсы әдеттерді қалыптастыратын жағымды, жағымсыз қасиеттерді санап берген, оның соңын ала, «Өмірден сұрыпталып алынған тұжырымдарын» әр адам қойын дәптеріне түртіп алуға болатындай көркем, образды тілмен, қанатты ғақлия сөздерін ұсыныпты. «Дені сау адамның кедей болуға қақысы жоқ», «Ең алдымен өзіңді таны, өзіңнін осал жағыңды біл және оны мойында», «Өзіңнін жақсы жақтарынды елге айтудан ұялма, біреулер одан үлгі алады». Аурудан ағзаңды сақтайтын жақсы әдеттерден кейін ауырғанға жанға дерттен арылудың әлдешене жолдарын ұсынады. Дертпен күресудің алғашқы жолын «ауырсаң, жедел емдел» дей келіп, әр ауру түріне әсер ететін дәрі–дәрмек түрлерін тап басып, белгілі уақыт ішкеннен кейінгі әсер етуін медициналық білімі бар дәрігердей баяндап жаза білгеніне таңғалдым. Автор медициналық емінен кейін де рухың күшті болса, ауруды жеңесің деген ой қорытады.
Қазақта «қарты бар үй - қазына» деген сөз бар. Замандастарым Малғаж бен Гүлнардың мол қазынасы - әкесі. Өмірден көргені, түйгені көп, оқығаны мен көңіліне тоқығаны мол әкейдің болмысына осы кітапты оқыған кез келген жас қызығары анық. Бұл ойыма тарихи мәліметі мен қызықты дерекке толы мына бөлімдері дәлел. «Туған өледі, ол-жаратылыс заңы».
- Тас ғасырларында адамдар орта есеппен 18 жыл өмір сүрген
- Рим империясы заманында адамдардың орта есеппен өмір сүру жасы 30ға әрең жеткен.
- Орта ғасырларда 40 жас қарттар санасына жатқызылған.
- XX ғасырдың аяқ шенінде ғана орта жас 75 жылға жеткен.
Тақауда бір газет 21 ғасырда туғандар 100 жылдан көбірек өмір сүреді деп жазады. Неміс және Дат ғалымдары дамыған экономикасы бар елдерде 20 ғасырда өмір сүрген ұзақтығы 30 жылға өскенін анықтаған. Осы үрдіс қазірде де сақталып отыр. 2004-2005 жылдардағы зерттеулердің нәтижелері бойынша дамыған елдерде адамдардың ұлғайған жастан өлетінін байқауға болады. Мысалы, адам ең ұзақ өмір сүретін елдерде Жапонияда 80 жасқа жеткен әйелдердің жартысына көбі 90 жасқа толу тойын тойлайды. Қазір жер жүінде 7 миллиардтан артық халық бар көрінеді.
ІІ бөлім «Қиыншылықта шыңдалған балалық шағым» деп аталған атауына лайық атаның автобиографиялық әңгімесі өрбиді. «Алдымен анамды аузыма алайын» деп басталып, жарық дүние сыйлаған анасы Мұғиланы есіне алып, 14 жасында анасынан айырылғандағы қаралы көңілін ақтарған өлеңімен балалық сағынышын жеткізіпті.
Өң үзіп, омыртқаңды таптың ана,
Мәпелеп балапандай бақтың, ана
Емізіп ақ сүтіңді, тыным таппай,
Төрт бөліп, түн ұйқыңды жаттың, ана
Маңғазы бұл жалғанның едің, ана
Біз үшін уайым-қайғы жедің, ана
Жалғызым Жағыпардың өсіп өніп,
Жеткенін көремін бе? дедің, ана.
«Әкем туралы» әңгімесінде Жүнісжан әкеден тараған ұрпақтар, олардың тірлігі арқау болған.
Кітаптың соңғы 3-бөлімі «Ғибадатты ақыл», «Кабуснамадан» деп аталған. Бұл бөлімде 1083 жылы жарық көрген аса бағалы педогогикалық туындының адамзатқа тәрбиелік мәні бар, ұзақ жасауға қатысы бар, пайдалы кеңес моральдық тәрбие, шариғат жолына насихат беретін тараулары енгізілген. «Алла тағаланы тану туралы», «Пайғамбардың қасиеті туралы», «Алла тағаланың бергеніне шүкіршілік ету туралы», «Тағат, ғибадат туралы», «Ата-ананы құрметтеу туралы», «Қарттық және жігіттік туралы», «Нәпсіні тыюдың шарапаты мен тағам жеудің тәртібі туралы» айтылады.
Ортаңғы 2 бөлімінде «Ел қорғаған атам, қабыл болсын батаң!» деген айдармен Абай атындағы мектеп-лицейінің түлегі Сүйеуғалиева Аймара Валериқызының осыдан он жыл бұрын атаммен, Клавдия апаммен сұхбаттасып, қиыншылықпен өткен жастық шағы, сұрапыл соғыс жылдарындағы және бейбіт өмірдегі еңбегі мен өмірбаяндық деректері жасұрпақ көзқарасымен баяндалған әсерлі мақаласы берілген.
Қорыта келе айтарым, аталмыш кітаптың тілі өте шұрайлы, мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркес оралымдары өте мол. Стилі, жанрлық сипаты ерекше, әсіресе, мақала түріндегі тұщымды әңгімемен де өрбіткен. Ең бастысы артқы ұрпаққа, артындағы өскелең буынға берері, үйретері көп даналық сырға толы ғажайып туынды.
Мейрамгүл ҚАСЫМЖАНОВА,
жаңа кітаптың корректоры.
Қарауыл ауылы.
Атаулы күн
ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ ОЗАДЫ
Қазан айының алғашқы хабаршысындай келіп жететін Қарттар күні де әне – міне дегенше орын алып үлгерді. Қарт дегеннен шығады, «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі, көненің көзі, ақылдың кені саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды. Ежелден үлкенін сыйлап, ауызы дуалы ақсақалдардан бата алып, халықты бірлікке, елдікке шақырған тәрбиелі сөздерін, аталы сөздерін тыңдап өскен ұрпақ қарттарын қазынаға балағанын осы сөздерден көреміз.
Халқымыздың рухани құндылықтарының ішінде жасы үлкенді құрметтеу, олардың өнегелі өмірінен тәлім алу - тарихи тұрғыда қалыптасқан дәстүр. Осы атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт - халықтың береке бірлігін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақпен ұйысып, ел болуға ықпал ететін құндылық. Өнегелі өмірімен жұртына сыйлы ақсақал көп. Абай елі де ақылы дария қариялардан кенде емес. Аудандық ардагерлер кеңесі, 9 бастауыш ардагерлер ұйымы өңірдегі атқарылып жатқан барлық келелі бастамаларға, аудан өркендеуі үшін жасалатын қандай да бір жұмыстарға белсенді атсалысып, мақсатты іске халықты жұмылдыруда ерен еңбек сіңіріп келеді. «Көп жасаған қария - ақылы теңіз дария» демекші, мұндай жандардың қатары біздің ауданымызда жетерлік. Аға буын өкілдерінің ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық ерлігі, одан кейінгі тұралаған өндіріс пен халық шаруашылығын қалпына келтіру, басқадай да сан-салалы жұмыстарды атқару кезіндегі ерен еңбектері өскелең ұрпақ тарапынан ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс.
Ерік - жігерін ұрпағының жарқын болашағы үшін сарп еткен қарияларымызды қадірлеу - баршаның міндеті. Ұрпақ үшін тағылымы мен тәрбиесі мол әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін 1 қазан - Халықаралық қарттар күні Қарауылда да биыл айрықша аталып өтті.
Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының ұйытқы болуымен аудан басшылары, ауданның игі жақсылары қатысқан ауданымыздағы «Атамекен» тойханасында өткен осынау шуақты мерекеге саналы ғұмырлары жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық қариялар жиналды. Жастары 75-тен 100-ге дейінгі аралықтағы ақ жаулықты әжелер мен көкірегі шежіреге толы қазыналы ақсақалдар, аудан басшылары қатысты.
«Атамекен» тойханасында өткен мерекелік шарада ауданымыз бойынша жасы 75- тен асқан қарияларға арналып арнайы дастархан жайылып, сый- сияпаттар үлестірілді. Жайшылықта қарыс қадам шыға алмайтын, дария кеуде, тау мүсін қазыналы қарттарымыз мерейлі мерекелерінде өзара бас қосып, өткен кеткенді әңгіме етіп, арқалары кеңіп, шүйіркелесіп, бір жасап қалғаны рас. Әсіресе, залда қойылған ата-әжелеріміздің шебер қолдарынан шыққан көне бұйымдар көрмесі де көпшілікті тамсандырып, көз қанықтырды.
Қарттар күнінің әр ауылдық округтерде мерекеленіп жатқаны, тіпті мекеме
лерде де өткізілуі - оларға деген өскелең ұрпақтың құрметі екені даусыз. Жылдағы дәстүрге сай ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Сағдат Тәтиева басқаратын ұйымшыл ұжым бұл күні де үлкен даярлық жасапты. Оны қарттардың әжім әдіптеген жүзіндегі қуаныштан анық аңғаруға болатын еді.
Қарттарға арналған мерекелік кешті ақын, ҚР мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев аудан жетістіктерін, оның ішінде аға буын өкілдерінің қоғамға қосып жүрген үлестерін жеткізе келе өз мәнінде жүргізіп отырды.
Мерекелік кеш ең алдымен «қаламқастық» әншілердің тамаша әнімен бастау алды. Қазыналы қарттарды ең алдымен аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ақ самайлы аналарымыз да мерекелік шарада ақ тілектерін ағытты. Еңбек ардагері, ұзақ жыл «Казпотребсоюз» мекемесінде кәсіподақ ұйымының хатшысы болған аяулы ана Өмірзақова Бақытжамал, тоқсан жастан асқан қарт ұстаз Күләш Жакупова сынды тағы бірқатар аналар барлық қарттарды ақылшы болып, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап жүре берулеріне тілектестік білдірді.
Осылайша, ата-әжелер айтқан ақжарма лебіздер баталы тілекке ұласты. Көкіректері ояу, кеуделері орден- медаль мен тұңғиық сырға толы, кейінгі ұрпаққа мақтан болатындай ұлағатты істерімен сыйлы қазыналы қарттарға арнап Қайрат Қабышев, Еркін Жолжігітов, Ақбота Кәрменова, Еркеназ Мәнненова, Таңнұр Жақсыбеков сынды «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілері әсем әндер шырқап, күмбірлете күй тартып, көңілдеріне шуақ сыйлады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі «Қаламқас» халық ән-би ансамблі ғана емес, қарттарымыз да ән шашудан қалыспады. Өз мерекелерінде өнерлерімен тәнті еткен аға буын өкілдерінің ізгі ісі көпшілікке, әсіресе жастарға үлгі болғаны хақ. Атап айтсақ, Секен Қалиев, Нұрдырахман Қасабай, Ақыл Нұрмұхамбетов, Әсауира Құрышева, Нағила Шаңбаева, Қадиша Қадырова, Жаңылхан Аманжолова, Майра Сіләтаева, Дәметкен Әлиясқарова және ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ерен еңбек сіңіріп жүрген «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері шырқаған әндердің құлақ құрышын қандырғаны анық. Құдды бір ән бәйгесі дерлік әсер қалдырды. Иә, қариялар жағы ерекше көңілді еді. Бір дастархан басында шүйіркелесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрысып, әсем ән тыңдап, сый-сияпатқа кенеліп бір жасап қалды.
Ақын Т.Жанғалиев жетекшілік ететін М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбы шәкірттерінің жүрекжарды жырларын ұйып тыңдаған қариялар бастау-бұлақтан сусындағандай ма дерсіз.
Ата-әжелеріміз осындай әсерлі кеш сыйлаған Абай елінің басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлына, аудан басшыларына, Сағдат Әбікенқызы бастаған әлеуметтік сала қызметкерлеріне, келесі жылы құрылғанына 45 жыл толатын, өнері республикаға танымал «қаламқастық» өнерпаздарға алғыстарын жаудырып, береке-бірлікпен алда талай асуларды асып, ауданымыз бұдан әрі көркейіп, жақсылықты істердің куәсі бола берейік деген ілтипатты ниеттерімен де бөлісті.
Мерекелік кеш соңында облыс әкімінің Абай ауданы бойынша кеңесшісі, аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқан ардагер ақсақал Байбота Орынбаев тебірене сөз сөйлеп, ҰОС ардагері, қарт журналист, ел абызы, Елбасына бата берген батагөй ақсақал Жағыпар Жүнісжанов ұлағатқа толы бата берді. Емен-жарқын, жайдарлы жағдайда өткізілген басқосудан қарттарымыз риза көңілмен тарасты.
«Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деген екен Бұқар жырау. Ұлағатты сөзді зейініне зерделеген ұрпақ қашанда қарттарын қадірлейтіні анық. Лайым, қарттарымыз қамықпасын!
Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,
«Абай елі»
Заңғар жазушыға -119 жыл
«М.Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен. Мұхаңды құрметтеу – елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямау» деп мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, бүкіл әлем таныған заңғар жазушыны құрметтеу - парызымыз.
Осыған орай жазушының туған күні қаламгердің есімі берілген аудандық кітапханада балалар бөлімінің меңгерушісі Оразова Серікгүл Әбенайқызының ұйымдастыруымен ұлы суреткер, әдебиетші-ғалым, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, қоғам қайраткері, мұхиттай Мұхтарға арналып «Мәңгілікпен үндескен ұлылық» атты әдеби-сазды кеш өтті.
«Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой» деп Бержерон баға бергендей, расында да біз бақыттымыз. Осы тақырыпқа сай қойылған кітап көрмесі де кеш маңызын арттыра түсті.
Мұхтар Әуезов феномені туралы айтылып, жазылып жүрген ой-пікірлер, зерттеулер баршылық. Дегенмен, қаншама жиі айтылған сайын мұхтартанудың проблемалары артып, тереңдеп өсе береді. Жаңа сыр-қыры ашылып, тың міндеттер жүктеле түсері сөзсіз.
«Абай жолы» роман-эпопеясын Луи Арагон XX ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі деп бағаласа, Шыңғыс Айтматов XX ғасырды - Әуезов ғасыры деп атады. Ал, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Әуезовті тану - қазақты тану, Қазақстанды тану деп бағалаған болатын. Шын мәнінде М.Әуезов XX ғасыр әдебиетінде ғажайып құбылыс, феномен екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оның мәңгілік туындыларын жан-жақты терең зерттеп тану ғасырдан ғасырға жалғаса береді. М.Әуезов творчествосының тұтас тұлғасының қадір-қасиеті, құдіреті неде? Оның өзгешелік, ерекшелік сыр-сипатын қалайша тауып, тани аламыз? Бұл - өте күрделі, дәуірлік мәселе. Оны әрбір кезең, әрбір ұрпақ өзінше таниды. Керек болса, әрбір жеке оқырманның өз Әуезові бар.
М.Әуезовтің тұтас бүтін бітімін танып білу үшін алдымен оның сан қырлы творчестволык мұрасын жекелей, сатылай тануымыз керек.
Қазiрше, басы ашық объективтi жағдай: Әуелi, М.Әуезов тумысынан, табиғатынан айрықша дарынды болып жаратылған. Екiншiден, туып-өскен ортасынан, айналасынан алған тәлiм-тәрбиесi, бойына терең сiңiрiп өскен нәрi өте құнарлы болған. Үшiншден, мұсылманша медресе мен орыс мектебiнен, Ташкент, Петербург университеттерiнен түбегейлi терең бiлiм, таным алып жетiлген. Төртiншiден, жастайынан үлкен қоғамдық, мемлекеттiк қызметтер атқарып, ел тiрлiгiнiң тұтқасын ұстап, келелi мәселелерiне араласқан. Бесiншiден, семинарияда оқып жүрген кезiнен бастап, күнделiктi газет журналдарды шығарысып, үзбей ат салысып еқбек еткен, қаламгерлiк өнерге ерте жетiлген. Алтыншыдан, әдебиет пен өнер-ғылымның, мәдениеттiң адам өмiрiнде, қоғам тiрлiгiнде атқаратын қызметiн ерте танып, кәмiл түсiнген.
Міне, осы аталған объкетивті жағдайлар Әуезовтің терең де заңғар, нәрлі де нәзік суреткерлігінің негізгі бір қыры - оның кемеңгерлік ойшылдығында, ғұлама ғалымдығында, өткір сыншылдығында жатқандығы да анық.
Жазушы әлеуметтану, мәдениеттану, әдебиеттану мәселелеріне байланысты өмір бойы үзбей қалам тартып, бас-аяғы үлкенді-кішілі 500-ге жуық мақала, зерттеу еңбектер жазған екен.
Әдебиет пен өнердiң көп ғасырлық тарихынан мәлiм, көрнектi суреткерлердiң көпшiлiгi дерлiк әдеби-сын мақалалар жазып, жалпы әдеби процеске, әдебиеттануға да еңбек сiңiрiп, мол үлес қосқан. Мұның, әрине, өзiндiк объективтi және субъективтi себеп заңдылықтары бар. Ол, негiзiнен, әдебиеттiң, сынның өз мiндетi, мүддесiнен туындаса керек. Аталмыш басқосу барысында осы тәрізді ой-пікірлер мен толғамдар кеңінен айтылып, еркін талқыланды.
Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары мәдениет, әдебиет жанашыры, Мұхтар Әуезов жайлы «Абайдан соң» атты төрт томдық романдар цитррологиясын дүниеге әкелген жазушы Кәмен Оразалиннің ұлы Елдар Кәменұлы әсерлі кешті кіріспе сөзбен ашып, кітапханашы С.Оразоваға сөз кезегін берді. Балалар бөлімінің меңгерушісі жазушы жайлы тың деректер келтіре отырып, баяндама жасады. Ғұлама жазушы жайлы көрсетілген слайд та, ол жайлы түсірілген кино да көпшілікке ұнағаны сөзсіз. Жүрекке жылы тиетін жазушының өз дауысы тыңдалып, парасаттылығы мен тілінің шешендігіне көз жеткізілді. Әсіресе, ұлт мақтанышына айналған Мұхтар Әуезов жайлы тереңнен сөз қозғаған, жазушының үйінде тұрып оқып, білім алған, тәлім-тәрбиесін көрген, тың естеліктер толғаған Манатай Толғанбаев ақсақалдың әңгімесін жұртшылық ұйып тыңдады.
Жақында ғана жазушы жайлы газет бетіне көлемді танымдық мақаласы жарық көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаевтың ой-толғауы, Баян Мәлікқызы жетекшілік ететін Қарауыл гимназиясының 8 «а» сынып оқушыларының жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталған әдеби монтажы, сондай-ақ жазушыға арнап шығарған арқалы ақындардың жырларын жатқа оқыған оқушылар өнері де тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.
Әсерлі әдеби кеш ән шашумен шырайланып, ауданның Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің өнерлі жас өрендері Арқашев Ақжігіт Абайдың «Сегіз аяқ», Қалиханова Ділназ бен Баймуринова Тоғжан халық әні «Гүлдерайым», Баймуринова Тоғжан Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндерін әуелетсе, Арқашев Ақжігіт «Сылқым қыз» күйін күмбірлетті. Осылайша, әдеби кештен әдемі де әуезді ән тыңдап, Әуезов әлеміне саяхат жасаған көпшілік кітапхана ұжымына разы көңілмен тарасты.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
ДАЛАНЫҢ ДАРА ШАЙЫРЫНА АРНАЛДЫ
Биылғы жылы шежірелі қарт, батагөй қария, даланың дархан мінезді ақыны Шәкір Әбеновтың туғанына 115 жыл толады. Кешегі ұлылардың сарқытындай болған қадірменді ақсақалдың арамыздан кеткеніне көп бола қоймаса да оған деген жұртшылықтың құрмет-ілтипаты, сағынышы әлі де суып үлгерген жоқ. Қайта рухани мұраларын жыл сайын жаңғыртып, жаңа буынға жаңа қырынан танытып, өнеге тұтуда. Бұл ретте ақынның торқалы тойы абыз ақсақалдың туған мекенінде, қаймағы бұзылмаған қазақы өлке Құндызды ауылында болып өтті.
Салтанатты кеш аталмыш ауыл төріндегі Шәкір атамыздың мұражай үйінің алдында мерекелік іс-шарамен шымылдық түрді. Шара беташарында кіріспе сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев пен ауыл әкімі Тілек Үркімбаевтар құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік жиынды ашып берді. Аталмыш іргелі басқосуға ауданымыздың көзіқарақты зиялы қауым өкілдері, мекеме-ұйымдар басшылары мен ақынның туыстары, Құндызды ауылының тұрғындары мол жиналған болатын.
Тартымды өрбіген кештің маңызын арттырған жайт Шәкір атамыз жайлы толғанған естеліктер болды. Әсіресе абыз ақынның туысқан інісі, бүгінде өзі де ауылдың қадірменді ақсақалына айналған Көлембай Әлімбеков тағылымды әңгіме өрбітіп, Шәкір атамыздың өмірінен қызықты естеліктер айтты.
Сонымен қатар, құндыздылық жас дарын ақындар жиналған қауымды аталарының жыр-өлеңдерімен сусындатты. Расында, кешегі жыраулар үлгісімен жазылған, қуатты ойдан құралған, көркем кестелі ақын шығармалары бүгінгі күні де маңызын жоймаған.
Құндызды ауылының тумасы, ұзақ жылдар бойы Шәкір атамыздың шәкірті болған, Алматы облысына қарасты Қапшағай қалалық Мәдениет үйінің директоры Серік Бекбосынов аталмыш шараға арнайы келген болатын. Қадірменді мейман абыз ақынға арнау өлеңін оқыды. Бір бұл емес, жергілікті ақын Қожағұлов Еркін де жүрекжарды туындысын көпшілік алдында паш етті.
Кеш барысы осылайша әсерлі өрбіді. Шәкір атамыздың 115 жылдық тойы Абай елі үшін елеулі мереке. Сондықтан да болар, ақынның артындағы ұрпағы, жалғыз тұяғы Сана апайымызға қазақы дәстүрмен ақ орамал тарту етіліп, камзол кигізілді. Мұндай сый-сияпат Көлембай Әлімбеков, Абай елінің бас ақыны Төлеген Жанғалиев, туысы Тоқтарбек Күнғалиев және осынау тойды ұйымдастыруға ат салысқан, басы-қасында жүрген ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайырбек Тайтөлеуовке, қасиетті ұлылар мекенінде, Құндызды елінде еңбек еткен, Шәкір атамыздың қасында талай жыл бірге жүріп, інісіндей болған Меллат Дүйсенбаевқа да көрсетіліп, құрмет ретінде қазақы салтпен оюлы шапан жабылды.
Мұнымен қатар, бүгінде атамыздың ән-жырын насихаттап жүрген бірегей шәкірті Амангелді Жікенов те көпшілік алдында сөз сөйлеп, кезінде үйренген екі әнін нақышына келтіре орындап, тыңдарман көңілдерін серпілтті. Одан кейін жас әнші Қайрат Қабышев Шәкір атаның жұртшылық арасында танымалдылыққа ие бірқатар әндерін тамылжыта орындады. Өз кезектерінде мектеп оқушылары да жергілікті сазгер Ақылбек Нұрахметовтың «Шәкір ұрпақтарының үні» атты әнін ерекше жігермен орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Аталмыш кеш әдеби композициямен де көркем өрбіді. Бірнеше оқушы «Шәкіртану» сабағында үйренген Шәкір ақынның тақпақтарын мәнерлеп жатқа айтып, көпшіліктің алғысына бөленді. Расында, ақын өлеңдері осынау ұрпақтармен өміршең.
Салтанатты шара аяқталғаннан кейін жиналған көпшілік қауым қыр басында тұрған Шәкір атамыздың зиратына барып зиярат етіп, сүре оқып, дұға бағыштады.
Сонымен қатар, ауылымыздың тойханасында ақын рухына арналып, үлкен ас беріліп, Құран бағышталып, қатым түсірілді. Бұл жиында да абыз ақсақалдың көзкөргендері сөз сөйлеп, Шәкір жайлы естеліктер айтылды. Ал соңын ала Шәкірдің ұрпақтары Сана мен Арнұр ауыл азаматтарына алғыстарын айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Түс ауған соң ақын тойы жаңаша сипатпен жалғастық тапты. Анығырақ айтсақ, қазақтың аламан бәйгесі, құнан, тай жарыстары ұйымдастырылды. Жүлде қоры да қомақты екен. Аламан бәйгеге «жигули» автокөлігі тігілді.
Бір бұл емес, осынау ұлан-асыр шара барысында ұлттық ойындар: қазақ күресі, жаяу жарыс, қол тірес өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Аламан бәйгеде бас жүлдені Құрманғазин Ерсіннің «Дос» сәйгүлігі иеленсе, құнан жарысында Нұғымаров Мараттың «Құндызды қасқа» аты және тай жарысында Мамытұлы Айбектің «Жалын» аты сәгүлігі І орынды еншіледі. Шабандоздар тиісінше сый-сияпатқа кенелді.
Қол күресінен ерлер арасында Нұғымаров Айдос І орынды жеңіп алса, жаяу жүгіру жарысы бойынша Еңсебаев Айдын жүлделі жеңісті қанжығасына басты. Нағыз ұлттық ойын қазақ күресі екені хақ. Түйе палуан сайысынан І орынды Нұғымаров Марат, ІІ орынды Батырбаев Аян, ІІІ орынды Еңсебаев Айдын иеленді.
Осы спорт түрінен 25 келі салмақ пен 55 келі салмақ арасында шеберлік байқасқан құндыздылық жас балуандар белдесуі де тартысты өтті. Бұл жарыста І орынды Серікханұлы Роллан, ІІ орынды Дарынұлы Біржан, ІІІ орынға Сұлтанұлы Мирас ие болып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Ауыл халқы осынау іс-шараларды тамашалап, бек риза болысты. Думанды шара мұнымен тәмамдалған жоқ. Кешкі сағат 20-00-де Жастар саябағында «Қаламқас» ән-би ансамблінің гала-концерті ұйымдастырылды. Соңынан Құндызды ауылының талантты жастарының әні мен биі орындалды. Әсіресе, көрермендердің сұрауымен Шәкірдің шәкірті Алмаз Мадиева мен тікелей ұрпағы Арнұр Шәкеровтың бірнеше әндері орындалды.
Бұл дүбірлі той көптің көмегімен орын алып отыр. Шәкір атамыздың 115 жылдығы құрметіне арналған шараны ұйымдастырып, ойдағыдай өтуіне ауылымыздың 1973 жылдан 1993 жылға дейінгі туған азаматтар мен Шәкір атаның туыстары, «Наз» ұрпақтары, ынталы ауыл тұрғындары демеушілік көрсетіп, атсалысқан болатын-ды. Осы тойды ұйымдастырушы ауыл азаматтары қатарында 2013 жылғы «Қазақстан барысы» жеңімпазы Айбек Нұғымаров және «Наз» ұрпағы Сырым Дүйсекин, ауыл әкімдігі мен клуб үйінің қызметкерлерінің қосқан үлестерін баса атап өткен ләзім. Ал аталмыш шараның сценарийін жазып, ұйымдастырып өткізген Құндызды ауылының клуб үйінің меңгерушісі Төлендиев Ерқанаттың да еңбегі зор.
Абыз ақсақалға, оның мұраларына деген құрмет – ұрпаққа ұлағат. Бұл ретте заманының біртуар шайыры Шәкір Әбеновтың торқалы тойы Шығыс жерінде, Абай еліндегі Құндызды ауылында тұңғыш рет ауыл тұрғындарының демеушілік жасап, атсалысуымен ұйымдастырылып өткізілді. Бұл сөз жоқ, елдігіміздің, береке-бірлігіміздің кемелдігінің бір белгісі екендігі анық.
«Абай елі» ақпараты

Шүкір, бүгінде талабы мен таланты ұштасқан жастар Абай елінде де жетерлік. Биіктерді бағындырып, өнердің әр саласы бойынша еліміздің маңдайалдысы атанып жүрген өрендердің көптігі қуантады. Жуырда сондай жастардың қатары тағы бір есіммен толықты. Бұл жолы жерлесіміз Нұрқыз Мырзаханова топ жарды.
Сөз басында айта кетелік, осыдан біраз бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жарияланған "Дін және тарих тағылымы" жылы аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ақындар арасында "Бағытым-Ислам, Бақытым-Тәуелсіздік" атты діни жырлар мүшәйрасы ұйымдастырылған болатын. «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, республикамыздың әр түкпірінен кіл мықтылар қатысып, бақ сынаған айтулы байқауға Қарауыл гимназиясының "Ақсұңқар" ақындар сыныбының шәкірті, бүгінде Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің ІІІ- курс студенті Мырзаханова Нұрқыз да қатысқан-ды. Нұрқыздың айы оңынан туып, нәтижесінде аталмыш байқаудан жүлделі І-орынды иеленіп аудан абыройын асқақтатып қайтты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген мүшәйраға республиканың түкпір-түкпірінен жасы 18-ден асқан ақындар қатысып, өз жырларын ұсынған болатын.
Өскемен орталық мешітінде бас қосқан ақындар сол жерден таулы Алтайдағы көрікті мекен Теректіге жол тартты. Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданы, Теректі ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты барысында мүшәйраға қатысушылар, барша жамағат салтанатты жиын мен мерекелік концертті тамашалап, соңында марапаттау рәсіміне куә болысты.
"Бақ шаба ма, бап шаба ма" демекші, мүшайраға сайланып келген жиыны 60-тан астам жазба ақынның 26-сы іріктеліп, өзара қайта сайысқа түсіпті. Сөйтіп, төрт турдан сүрінбей өткен ақындар ақтық нәтиже бойынша жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтсақ, Бас жүлде - Умра қажылығына Әскерхан Ақтай ие болса, І- орынды Мырзаханова Нұрқыз, ІІ- орынды Игембаев Айдын, ІІІ- орынды Саят Қамшыгер иеленді. Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің арнайы жүлдесімен Ұларбек Дәлейұлы марапатталды.
Ал І- орынды қанжығасына байлаған Нұрқыз Мырзаханованы сөзге тартқанымызда "алдағы уақытта өлең атты қасиетті мекеннің шырағын сөндірмей, өнер атты өлкеде әрі қарай өрлесем деймін" деп тілек білдірді. Талапты жасқа біз де талантың мұқалмай биіктерге самғай бер деп ізгі лебіз білдіреміз.
Анар СӘРСЕНБИНА,
"Абай елі"
Ұлы Отан соғысының ардагері, 40 жылдан астам ұстаз болған әкем Қапақов Қабдуәли Қайнар-Абыралы өңіріне де сыйлы жан еді. Осы өңірдегі «Социалистік Қазақстан», «Келдібай» жерлерін сағынышпен еске алып айтып отыратын-ды. Атом алапаты басталған тұста Қайнар өңірінен Құндызды ауылына көшіп келген екен. Әкем марқұм Қайнар өңірінің, Абыралы ауданынан болғандықтан ба ақын Төлеужан Ысмайыловты, ауданымыздағы тұңғыш дәрігер Сарбас Исақұлының есімдерін, оған қоса Камал Махметұлы мен Рақыш тәтені, ұлы Совет ағаны да жиі аузынан тастамаушы еді. Қарауылға келгенде жолыға қалса қауқылдасып, өткен-кеткенге ой жіберіп бір жасап қалатын. Бала кезімде әкемнен бір елі қалмайтын мен де Совет ағаны жақсы танып өстім. Ағамыз «Совхоз туы» газетінде қызмет етіп жүргенде мен мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушы едім. Аудандық «Совхоз туы», кейіннен «Абай ауылы» газетіне мақалаларым мен өлеңдерім жарияланып тұрды. Газеттің сол жылдардағы қос қабатты ғимаратына ақ тер, көк терге малынып баспалдақтарымен жоғары көтеріліп, редакторы Мейрамбек Жанболатов ағамен алғаш рет әңгімелескенім де есімде қалыпты. Әйтеуір қалам ұстаған ағалар мен апайлардың ақылын тыңдап, соларға болмасақ та ұқсап бағуға тырыстық. Әкеммен жақсы сыйласқан сондай ақылшы да, аптал ағаларымыздың бірі осы бір мен үшін қадірлі жан Совет Махметов дер едім.
Әдебиет пен мәдениеттің, руханияттың өлкесі саналатын Ұлылар елі өнер иелеріне, оның ішінде қаламгерлерге бай ел. Олардың барлығын тізбелеп жатудың қажеті болмас, көпшілігінің есімдері кейінгі ұрпақтың құлағына сіңісті дей аламыз. Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналистер қатарындағы Совет ағамызды барша абайлықтар да жақсы біледі. Қасиетті Ораза айтының қарсаңында Абай елінде ағамыздың есімімен байланысты ерекше жаңалық орын алды. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханада КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, «Қазақстанның еңбегі сіңген мемлекеттік қызметкері» орденінің иегері Совет Камалұлының «Тек» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұдан бұрын да, 2011 жылы Ресейдің Новосібір қаласындағы баспадан «Тұяқ», «Ел ағалары» атты әңгімелер мен эсселер кітабы жарық көрген болатын. Қаламгердің «Тек» атты тектілікті паш еткен үшінші кітабы да өмірден алынған шынайы кейіпкерлерімен құнды болмақ.
Редакциямызға келген мақалалардың ішінде Совет Махметовтің қолтаңбасы бізге етене таныс. Олай дейтініміз әрбір жазған эссе, мақалаларының басына өлең шумақтарын эпиграф етіп қойып шығарманың мазмұнын арттырып, айшықты ой беретін.
Байсалды да сабырлы, өзінің салмақты мінезімен әр нәрсені саралап, салмақтап сөйлейтін, көргені мен өмірден түйгенін қағазға түсіретін Совет ағаның «Тек» атты кітабының тұсаукесеріне аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Төлеген Жанғалиев, сондай-ақ ардагер ағалар мен мекеме басшылары, мұрағат ұжымы, кітапхана қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Елдар Кәменұлы Оразалы шығармашылық кешті кіріспе сөзбен ашып, өз мәнінде жүргізіп отырды. Сол жылдарда «Совхоз туы» газетінде Совет ағамызбен бірге қызмет еткен ақын Төлеген Жанғалиев «Тек» атты жаңа кітаптың мән-мазмұнына, құндылығына тоқтала келе, ел тіршілігінің елеулі тұстарын, ауданның абзал азаматтары есімін жас ұрпақ санасына жаңғыртып жүрген қадірлі інісіне қаламының мұқалмауын тілеп, ізгі лебізін арнады.
Бұдан соң сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Б.Болатұлы алып, спорттан да қара жаяу болмаған қаламгер ағамыздың еңбегіне мол табыс, жанұясына бақыт тілеп, қаламының қарымды болуына тілектестігін білдірді.
«Кітап - руханияттың кәусар бұлағы» десек, «Тек» атты жаңа кітаптың лентасын қию құрметі Ұлы Абайдың туысы, еңбек ардагері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Манатай Толғанбаев, еңбек ардагері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Байбота Орынбаев, спорт ардагері, аудандық спорт мектебінің тұңғыш директоры, «Абай ауданының құрметті азаматы» Майдан Мұқановқа берілді. Ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Нағила Шаңбаева ұлттық рух есіп тұрған тұсауы кесілген жаңа кітаптың құрметіне қазақы дәстүрмен шашу шашып, сый-сияпатын ұсынып, жылы лебізін жеткізіп кеш ажарын арттыра түсті. Осылайша, салтанатпен жаңа кітаптың лентасы қиылып, шашу шашылған бұл күн құттықтау тілектермен толыға түсті. Ауданымыздың сыйлы ақсақалдары Манатай Толғанбаев, Байбота Орынбаев, Қарауыл ауылының әкімі Құсыман Берлешов, Абай қорық мұражайының меңгерушісі, әдебиеттанушы Әсет Мырзақасым, аудандық тарихи-өлектану мұражайының меңгерушісі Малғаждар Жүнісжанов, спорт ардагері, аудандық спорт мектебінің тұңғыш директоры, «Абай ауданының құрметті азаматы» Майдан Мұқановтар ақжарма тілектерін ағытты. Бірі шығармашылық жолдағы жетістіктерін әңгімелесе, бірі спорттағы қадамдарын алға тартты.
Мағыналы да әсерлі кеште дәстүрлі әншілер әсем әндерден шашу шашты. Абайдың «Көзімнің қарасы», Мейрамбек Жанболатовтың «Ән домбыра» әндерін нақышына келтіре орындаған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншісі Қайрат Қабышев пен Ж.Кәрменовтің «Толғау» әнін төгілткен ансамбльдің әншісі Қонысбек Байдашевке көпшіліктің ықылас-ілтипаты ерекше болды.
Тұсаукесер кештің соңында кітап авторы қорытынды сөз сөйлеп, аудан кітапханасына және жекелеме адамдарға өз қолтаңбасы жазылған кітаптарын сыйға тартты. Пайғамбар жасынан асып, тектілерден нәр алып, текті жандардың қадір-қасиеттерін, еңбектегі, өмірдегі жолдарын әдеби тілмен көркем түрде өрнектеп жүрген Совет ағамызға біз де ел құрметіне бөленіп, абырой шыңнан көріне бергейсіз деп тілектестік білдіреміз.
Мамыр айының 4-ші жұлдызында мәдениет үйінде Республикалық XVII Абай, Шәкәрім оқуларының аймақтық кезеңінен іріктелген өрендердің аудандық деңгейдегі бәсекесі болып өтті. Сөз өнерін серік еткен кіл жүйріктер байқауында аудан намысын алдағы күзде өтетін Абай, Шәкәрім оқуларының республикалық кезеңінде қорғайтын өрендер дараланды.
Сонымен, жыл сайын дәстүрден жаңылмай ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш бәсекенің биылғы жеңімпаздарымен таныстырайық. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімі бойынша Мамай негізгі орта мектебінің 4 сынып оқушысы Маржан Карчалова мен Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Мадина Мәденовалардың бабы келісіп, биіктен көрінді. Өрендер осылайша жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Ал ІІ орын Ж.Молдағалиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Лаура Айдынқызы мен Көкбай орта мектебінің 4 сынып оқушысы Заңғар Нұртасұлына бұйырды. Сондай-ақ, І орынды Шәкәрім орта мектебінің 6 сынып оқушысы Гүлбақыт Ақшекина жеңіп алып, үлкен сынға жолдама алды.
Айта кету керек, даналарымыздың 156 өлеңін жатқа меңгерген Гүлбақыт өз білім-білігін сахна төрінде жоғары деңгейде дәлелдеп шықты. Көкбайлық өрен Заңғар да биылғы маусымға тыңғылықты әзірленіп келген екен. Абайдың «Ескендір», Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмаларын еш мүдірместен мәнерлеп оқып шықты. Дауыс ырғағын нақышына келтіре, әр әріпті айқын айтқан көркемсөз шеберлерінің өздері жаттаған өлең нақылдарын көңілге түйіп, көкейге тоқығандарын әсерлі образ, ойлы пішіндерінен айқын аңғардық. Аталмыш байқаудың бір мұраты осы екенін ескерсек өрендердің бағы жанды.
«Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша саз өнерінен сынға түскен Медеу орта мектебінің 6 сынып оқушысы Айзере Қабышева, Қарауыл гимназиясының 6 сынып оқушысы Жаннұр Жанатқалиқызы, саржалдық Хапан Есбол ІІІ орынды өзара бөліссе, Әуезов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Жанерке Әділбекова, архаттық Қаламқас Әкімбаева, құндыздылық Жібек Амангелдина ІІ орын тұғырына көтерілді. Ал І орынды Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейі иеленді.
Келесі кезектегі «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімі бойынша жас ақындар өз өлеңдерін ортаға салып, сайыс нәтижесінде қасқабұлақтық Әділет Айтмұхамбетов пен Шәкәрім орта мектебінен келген Бағжан Кәріпбаева жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ал, ІІ орын тоқтамыстық Аружан Мейрамғалиева мен Ордадан келген Байқуат Төкеновке бұйырды. Сондай-ақ, І орынды Қарауыл гимназиясының 9 сынып оқушысы Ажар Уатжанова иеленді.
Ендігі аралықта жас өнерпаздар күллі Республикадан жиналған жыр жүйріктерімен сынға түседі. Алдағы бәсекеде бабы да, бағы да келіссін деп тілейміз!
Жүлделі болған жас ақындар өлеңдерін оқырман назарына ұсындық.
Ұлтымыздың ұлы тұлғалары туған құнарлы топырақтан жаралған қазақтың тағы бір көрнекті ақыны, сазгер, әнші әрі күйші, сал-сері, батагөй қария Шәкір Әбенов. Атамыз тар жол, тайғақ кешкен тағдырды басынан өткерсе де артына мол мұра қалдырды. Сол асыл мұрасын өшірмеу мақсатында жылма жыл Шәкір оқулары өткізіліп келеді. Көзінің қарашығындай болған жалғыз қызы Сана, ақын атындағы мектеп ұжымы ақын мұрасының өміршең болуына атсалысуда.
«Халық ақыны Шәкір Әбеновті құрметтеу - Қазақ елін құрметтеумен бірдей» деген екен заманында жазушы Әзілхан Нұршайықов. Жылдағы дәстүрге сай ақын шығармашылығына арналған байқау биылғы жылы да ақынның туған ауылы Құндызды ауылындағы клуб үйінде өткізілді. Өлең жырдың өлкесі Жүрекадырда бас қосқан жас таланттар Шәкір абыздың 115 жылдығына орай ұйымдастырлған «Ән мен жырым халқыма сыйым» атты байқауда жырдан бұлақ ағызып, ән- термелер төгілтті. Үкілі үміткерлер зор дайындықпен келгендіктерін байқатты.
Байқау беташарында мектеп директоры Серік Кемерханов, қазылар алқасының төрағасы Бектөлеу Имантай жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Жалпы, Шәкір оқуларына ұзын саны 40-қа жуық өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Төрелік жасаған қазылар алқасының құрамында төрағасы, Абай ауданының білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантай, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы, Шәкер Әбеновтың інісі, шәкіртанушы Көлембай Әлімбеков, «Қаламқас» ән-би ансамблінің дәстүрлі әншісі Қайрат Қабышев және осы мақаланың авторы өнерпаз жеткіншектердің талабы мен өрісін, қарымының өлшемін сараптап, өнеріне лайықты бағаларын берді.
Бұл байқаудың бір өзгешелігі, бұған дейінгі сайыстарда айтыс көрігін қыздыратын өрендер ендігі арада халықты Шәкір абыздың әндері мен термелерімен сусындатты.
«Қаламқас» халық ансамблінің дәстүрлі әншісі Қайрат Қабышев Шәкір әндерін шебер орындаушылардың бірі. Әннен байғазы сұраған көпшілікке бірнеше ән орындаған әнші ыстық ықыласқа бөленді. Әншінің жұбайы Ақмарал Маңғыстау өңірінің тумасы, Махамбет жырларын өз мақамына салып орындағанда арқаланбайтын жан жоқ сірә да.
Жаратылыс сыйлаған дарыны өнер,
Өлсеңде өнер өлмес, өмір сөнер.
Мен үшін өлеңдерім сен жауап бер,
«Мен кіммін?» - деп сұраса кейінгілер,- деп өзі жырлап кеткендей, байқаудың «Өлең-өнер, ойыншық, емес ермек» атты І- бөлімінде жиыны 14 қатысушы Шәкір өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл бөлімде әсіресе ақын атындағы мектептің кішкентай бүлдіршіндерінен бастап таңдайлары тақылдап тақпақ айтқандықтарының куәсі болдық. Сонымен қатар ақынның 35-45 өлеңіне дейін жатқа соғатын Көкбай, Шәкәрім атындағы мектептің шәкірттері де осал еместіктерін көрсетті. «Әсерлі ән арбайды тыңдаушыны» атты ІІ- бөлімде жиыны 11 сайыскер композитор Шәкірдің ән әлеміне бойлап, жүрекке жылы тиетін ойнақы да әсерлі әндерді бірінен соң бірі тарту етіп жатты. Бұл бөлімде ұлттық аспапты шебер орындайтын саржалдық жас әнші Хапан Есбол өзінің ән айту мәнерімен де, дауысының әсерлігімен де көпшілікті бірден баурап алды. Сондай-ақ бұл сайыста мектептің гимніне айналған «Шәкір ұрпақтарының әні» өлеңінің авторы Ақылбек Нұрахметов ұстазының баянмен сүйемелдеуімен «Ал, Дауа», «Гек кідік-ай» әндерін тамылжыта орындаған Қажыбекова Гүлнұр мен Шадаева Назымның өнеріне сүйсіне қол соқпаған жан болмады. Ал «Ақында бар тілі өткір, алмас қылыш» атты жас ақындар сайысында көмейінен жыр, жүрегінен сыр төгілткен дүлдүлдер тыңдармандарын селт еткізіп, көңілдерге шуақ шашты. Абай елі ақыннан кенде болған емес. Сайыста бақ сынаған 13 ақынның алғашқысы болып сахна төріне шыққан ақын Төлеген Жанғалиевтің шәкірті, Қарауыл гимназиясының М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті Садырбекқызы Диана кең сарайдай көңілін паш етіп, жүрегінен сарқырай құлай аққан жырларымен ерекше әсерге бөледі. Тау суындай мөлдір тұнық жырлары жүрекке там-тұмдап жетіп жатты. Жас ақындар қатарында Молдағалиев орта мектебінен Рамаазанова Айпара, Тоқжігітов орта мектебінен Болатова Айзада, Көкбайлық Тілеуғабыл Нұрлы, Ш.Әбенов орта мектебінен Төкенов Айбар, Ақылтаев Дархан, Қажыбекова Гүлнұр сынды дарындардың болашағынан мол үміт күтуге болатындығын байқадық.
Сайыс барысында мектеп оқушылары өнерлерін орта салып, әннен шашу шашып, би биледі.Сайысты тамашалауға жиылған көпшілікке Шәкір ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд көрсетіліп тұрды.
«Алуан - алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын». Елбасына бата берген ел ардақтысына арналған сайыс та өз мәресіне жетіп, бағалау, марапаттауға да кезек келген-ді. Сахна төрінен орын алған қазылар алқасы жүректері лүпілдеп, сайыс нәтижесін асыға тосып, толқып тұрған үміткерлердің қуаныштарын еселеп, мерейлерін үстем етті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демей ме, сонымен, сайыс қорытындысы нәтижесінде І- бөлім «Өлең-өнер, ойыншық, емес ермек» бөлімі бойынша жүлделі І- орынды Ш.Әбенов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Серікқалиұлы Қайсар қанжығасына байласа, ІІ- орын даусыз- ақ абыз ақын атындағы мектептің 3-сынып оқушысы, барлық өлеңдерін мүдірмей мәнерлеп оқып шыққан сүйкімді Лаура Мұратжанова мен Шәкәрім орта мектебінің 7-сынып оқушысы 45 өлең жаттаған зерделі де зейінді Бағжан Кәріпбаеваға тиесілі болды. Ал жүлделі ІІІ- орын Көкбай орта мектебінің 10-сынып оқушысы, абыз ақынның 35 өлеңін білетін Айнұр Төлеутаева мен М.Әуезов орта мектебінің 6-сынып оқушысы Шуақ Серікқалиеваға бұйырды. «Әсерлі ән арбайды тыңдаушыны» тақырыбындағы ІІ- бөлім қорытындысы нәтижесі мынадай, жүлделі І-орынды саржалдық, Тоқжігітов орта мектебінің 6-сынып оқушысы, талай өнер сайыстарының жеңімпазы Хапан Есбол иеленсе, ІІ- орын екеу: әнді нақышына келтіре орындаған Шәкір мектебінің шәкірті Қажыбекова Гүлнұр мен ғұлама Мұхтар мектебінің шәкірті Сәкенова Нұрдана иеленді. Ал, ІІІ- орынға Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінің шәкірті Алтынбекұлы Бекнұр мен С. Бекбосынов атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Төлеуғазин Олжас лайықты деп танылды.
Шәкір Әбеновтің әндерінің ерекшелігі сол, тек домбырамен ғана емес, эстрадамен де, баян, әр түрлі аспаппен құйқылжыта салуға болатындығы бізді қайран қалдырды. «Әнді сүйсең, менше сүй» дегізген бөлім осылайша шын таланттарын танытты.
Сайыстың «Ақында бар тілі өткір, алмас қылыш» атты ІІІ- бөлімінің қорытынды нәтижесі бойынша жүлделі І- орынды «Ақсұңқарлық» жас ақын Диана Садырбекқызы өзінің отты жырларымен жеңіп алса, ІІ- орынды ойлары озық Тілеуғабыл Нұрлы мен Ақылтаев Дархан, ІІІ- орынды жырлары мәнді, мағыналы саржалдық Айзада Болатова мен тоқтамыстық Айпара Рамазанова иеленді.
Сайыста үздік өнер көрсеткен өнерпаздарға ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Ш.Әбенов орта мектебінің 1-сынып оқушысы, атасының 15 өлеңін жаттаған Серікқызы Аяжан, «Геккідік-ай» әнін әуелетіп, әдемі қылығымен сүйсіндірген Назым Шадаева, осы мектептің 10-сынып оқушысы Секенова Жадыра, медеулік Қорлан Берікқазина, Шәкәрім орта мектебінен Кәріпбаева Назгүл, жас термешілер көкбайлық Қалиев Дәулет, құндыздылық Асхатұлы Ерназдарға үлкен үміт артылды.
Байқауға қатысушылар мен ұстаздар мектептегі мұражаймен танысып, ауыл тынысынан мол мағлұмат алды.
Мен ризамын, өскен жер, өз еліме,
Жырдан мәйек сіңірген өзегіме.
Мен кеткен соң мадақтап кейінгі ұрпақ,
Орын берер тарихтан өлеңіме...
— деп ақын өзі айтқандай бүгінгі ұрпақ Шәкір атамызды жадынан шығармауы тиіс. Осы орайда айтпағымыз үлкенді-кішілі шаралар көпшіліктің көмегінсіз өтпейтіні белгілі. Қашанда ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен ел ұтады. Сайысқа демеушілік жасап, қол ұшын созған елжанды, жомарт пейіл, мәрт жандарды атап өтсек, атамыздың туыстары Қошқарбаев Мұхамедияр, Әлімбеков Көлембай, әкеден қалған жалғыз тұяқ Шакерова Сана, Әлімбекова Гүлжанат, Еңсеханов Мақсат, Дүйсекин Айдар, Қошқарбаев Батыржан, Айтмұханбетов Төлеуқасым, Саржанов Нұрлан, Рәмиаш апа, Көкіләй апай, Жүнісов Болат, Хайруллин Сабыржан, Кемерханов Серік, Мұхаметқалиев Мұхит, жеке кәсіпкерлер: Мағауин Махмұт, Сыдықова Динара, Егеубаева Айман және ауыл әкімшілігіне ел атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Осылайша, «Талаптыға нұр жауар» демекші, Шәкір баба шығармашылығы шарықтаған бұл күні сан шәкірттер мерейге бөленіп, куә болған барша жұрт баба мұрасының тұнығынан сусындады.
Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,
Қарауыл-Құндызды-Қарауыл
«Абай елі»
