ҚОҢЫРӘУЛИЕ - ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛМАҚ

«Рухани жаңғыру: қастерлі мекен»

 «Әрбір халықтың, әр өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», - деген еді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Бұл орайда, мақтанышпен айтарымыз сол, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тікелей қолдауымен ауданымыздағы Қоңырәулие үңгірі жаңаша сипатқа енбек. Ем алуға, қастерлі мекенмен танысуға, үңгір тарихы арқылы осынау мекеннің өткеніне терең үңілуге келген туристтер үшін қолайлылық жасалмақ. Облысымыз бойынша Алакөл көлі жағалауы, Берел қорымы және Қоңырәулие үңгірі байтақ Отанымыздың қастерлі жерлері картасына енгізілді.

Осынау тарихы тұңғиық өлкеге, Шаған шайқасы болған мекенге, Қабанбай найзасын қадап, хан Абылай қалмақ шабуылын қайырған, Тобықтының туын құлатпаған батыр Тоқтамыс өткен бұл өлкеге алыс-жақын шет елдерден ат арытып келетін қонақтар аз болмайды. Тіпті, еліміздің түкпір-түкпірінен күнделікті келіп жататын туристердің де қарасы мол. Ел шежіресі мен жер тарихының сырына қанығып, таңғалысып жататыны  қаншама. Ендігі аралықта осынау жолаушы қауымның жолы тіптен ашыла түседі десек дөп айтқандығымыз. Өйткені, шілде айының 15-нен бері Қоңырәулие үңгірінің жаңғырту құрылысы бойынша құжаттары жасалып, республикалық деңгейде тарихи-мәдени қорғалатын нысан ретінде танылып, мемлекеттік тізімге тіркелген болатын. Ол туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы:

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­­дарламалық мақаласында таяу жыл­дар­да атқарылатын міндеттердің ішін­де «Қа­зақстанның қасиетті рухани құн­ды­лық­тары», «Қазақстанның ки­елі жер­ле­рі­нің географиясы» жобала­рын жү­зеге асыруға айрықша көңіл бөлінуде. Осы ретте, облыс басшысы Даниал Ахметов Абай ауданындағы Қоңырәулие үңгірінің абаттандырып, келуші қауымға қолайлы жағдай жасауға үлкен мән беріп отыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталып, үңгірдегі жерасты көліне баратын баспалдақтар жасалынып, жарық тартылып, келушілерге ыңғайлы бірегей демалыс орнына айналып отыр, - деді.

Расында да тарихы 13 ғасырды қамтитын тылсымы мол осынау үңгірге бір кездері келушілер от тұтатып алаулармен кіргені мәлім. Сол себепті тас қабырғалары мен төбесі әбден ыстанып, күйе басқан-ды. Жаңғырту жұмыстары аясында оның бәрі тазартылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, ұзындығы 120 метр болатын баспалдақты жол салынып, жарық бағандары тартылып, қуаттылығы жоғары прожекторлар мен фонарьлар құрылды. Бір бұл емес, жерасты көлінің суын ем ретінде қолданушылар үшін арнайы демалыс орындары да әзірленді. Ол туралы пікір білдірген аудандық мәдениет үйінің басшысы Сайлау Нұрпейісов:

-Ескерткіш ретінде арнайы жоба әзірленіп, облыстық жер қатынастары басқармасы комиссиясында қаралып, бекітілді. Облыстық мәдениет басқармасынан облыстық мәслихаттың шешімі бойынша Қоңырәулие үңгірінің жөндеу жұмыстарына 20 млн теңге қаражатқа сұраныс жасалып, нысанның жаңғыртылуының сметалық жобасы жасалынды. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарымен жерлесіміз «Ақши-Құрылыс» ЖШС-нің жетекшісі Қайрат Тайтөлеуов бастаған ұжым айналысып жатыр. Жобаның аяқталуы қыркүйек айының 5-не жоспарланған,  - деп атап өтті.

Ал осынау жұмыстар межесіне жетіп, құрылыс толығымен аяқталған соң аталмыш нысан Абай аудандық «Мәдениет үйі» КМҚК теңгеріліміне алынып, иелігіне берілетін болады. Демек, табиғаттың тылсымға толы төл туындысы қайта жаңғыртылған соң да  қараусыз қалмай, арнайы күтімде болады деген сөз. Өңірімізге туристер тарту үшін ерекше себеп болатын аталмыш жұмысқа туған өлкенің әрбір тарихи орынын қастерлейтін барша абайлықтар қуаныш білдіруде.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар