Салтанатты кеш
Тәуелсіздік халқымызға оңайлықпен келген жоқ. Осынау ұлы жолда кешегі кең байтақ ұлан-ғайыр атыраптағы шашыраған ұлтымыздың басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстырып, азат ел болуды көздеген Абылай ханның, қаймана қазағын қара өлеңмен оятқан алаш зиялылары мен желтоқсанның ызғарына тоңбастан егемендік үшін жанын құрбан еткен боздақтардың жазықсыз төгілген қаны бар. Сан мәрте күрестің нәтижесінде қазақ деген ұлт қалыптасты, Тәуелсіз мемлекет кереге тіктеді. Біз үшін дәл осы қастерлі күн ерекше қайталанбас мерекеге айналды. Осыдан тұп тура жиырма бес жыл бұрын 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің дербес мемлекет екендігін жариялады. Осы күннің ақ таңын көру бүгінгі ұрпақтың бағына бұйырды.
Бүгінде егеменді ел ретінде бой түзеп, Отанымыздың шекарасын шегендеп, ұлттық құндылықтарымызды бүтіндеп, төл рәміздерін қалыптастырған, құқықтық заңдарын бекіткен мығым мемлекеттің іргетасы қаланды.
Тәуелсіздік таңының арайлап атқанына бүгінде ширек ғасыр толып отыр. Осынау қастерлі күн елімізде айшықты деңгейде аталып өтуде. Береке-бірлігі жарасқан, сәні мен салтанаты келіскен Абай елі де елдік мерекені айшықты мәнде қарсы алуда. Жыл басынан бастау алған шаралар легі «25 жылға 25 жұлдызды күн» атты сан-салалы тақырыпты қамтыған тағылымды мезеттермен толығуда.
Желтоқсан айының 12 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде «Тәуелсіздік - Мәңгілік ел мұраты» атты салтанатты кеш ұйымдастырылып, жиында табанды қызметтерімен танылған ел ағалары, жылдың үздік мамандары марапатталып, мерейге бөленді. Салтанатты басқосуда сонау елорда төрінен келген мәртебелі меймандар Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ішкі әкімшілік департаментінің директоры Безлер Владимир Михайлович, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сафиоллинова Райфа Сафиоллақызы болды. Сонымен қатар, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков бастаған басшылар мен мекеме, бөлім жетекшілері, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, аудан жұртшылығы қатысты. Кеш шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы 25 жылда жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталып, жемісті істер жайында айтып өтті.
-Ержүрек бабалардың, ақжүрек аналардың аңсап күткен арман тілегі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шетсіз-шексіз байтақ өлкемізге Тәуелсіздік өздігінен келген жоқ. Қазақ халқының әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп. Сол сияқты «мың өліп, мың тірілген» халқымызға армандаған азаттық таңы талықсып барып жетті, бұл жолда талай қан төгіліп, жас боздақтар қыршыннан қиылып, шейіт болды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін өткенімізге тәу етіп, бүгінгімізді саралап-салмақтап, келешегімізді бағдарлай алуымыз керек. Сонда біздің тік көтерген шаңырағымызды ешкім де шайқалта алмайды, іргеміз берік болады, - деп атап өткен аудан басшысы баяндамасын 25 жылдық белестегі Абай елінің мерейімен де сабақтады.
Атап айтсақ, абайлықтар үшін ең құнды байлық - ел Тәуелсіздігімен бірге түлеген дана Абай мен Шәкәрім мұраларының қайта жаңғыруын, ғасыр кесапаты – Семей ядролық сынақ атом полигонының тоқтатылуын және де азаттық жолындағы Алаш арыстарының абыройлы істерінің ақталып, халқымен қайта қауышуын сөзіне тиек етті. Осылайша ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып өтті.
Кеңес үкіметі кезіндегі ауданымызда өрістеген мал санына бүгінде тек қой саны жетіп қалғандығы, ал, қазіргі таңда сол дәуірмен салыстырғанда мүйізді ірі қара саны 11,5 есеге, жылқы саны 3 есеге жуық артып отырғандығы бұл саланың қалыпты дамып келе жатқандығын көрсетеді. 1991 жылы аудандағы кеңшарлар мен ұжымдарда мүйізді ірі қара 4450 бас болса, 51291 басқа, яғни 11,5 есеге өсті. Жылқы түлігі 11326 бас болса, қазіргі уақытта 31972 басқа артып, үш есеге жуық өсті. Тәуелсіздік жылдары аудан бойынша жаңадан үш мектеп, бес балабақша ашылды. Спорт саласы бойынша бір спорт модулі, «Шыңғыстау» спорт кешені, бір мектеп жанындағы спортзал салынды. Барлық ауылдарда жаңадан футбол алаңдары, хоккей кордтары пайдалануға берілді. Медицина саласы бойынша жаңадан бір дәрігерлік амбулатория салынса, аудандық емхана, поликлиника ғимараты және барлық ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін жеткізген аудан басшысы өнер, спорт, білімде жеткен жетістіктерді де жіктеп берді.
Бір кездері тек аудан орталығы мен Медеу ауылдық округінде ғана болған мәдениет ошақтары қазір барлық ауылдық округтерде қамтылған. Бүгінгі таңда тозығы жеткен ғимарттар жаңартылып, заманауи үлгіде қолданысқа енгізілген. Мәселен, орталық кітапхана, өлкетану мұражайы, Жидебайдағы Абай музейі күрделі жөндеуден өтіп, «Қызмет көрсету кешені» іске қосылды. Мұнан бөлек Қарауыл мен өзге ауылдардағы негізгі көшелер асфальтталып, жарықтандырылды. Ауылдық саябақтар қайта жасақталып, алты балалар саябағы, Мамай батыр, Әнет баба, «Еңбек аллеясы» парктері ашылып, Жеңіс саябақтары қайта жаңғыртылды. Барлық ауылдарда мобильді байланыс іске қосылып, бірқатар ауылдар интернет желілерімен қамтамасыз етілген.
Осынау атқарылған ауқымды еңбек өз деңгейінде бағалануда. Оған дәлел ретінде білім саласында, өнерде, спортта үздік еңбек еткен қызметкерлердің жыл сайын үкіметтік марапаттарға ие болуын айтсақ жеткілікті. Тұрақтылықтың арқасында тегеурінді табыстарға қол жеткізген ауданымыз мемлекеттік бағдарламаларды да жүйелі жүргізіп келеді. Осылайша, ауданымыздың ширек ғасыр ішіндегі ауыз толтырып айтарлықтай айқын істеріне көз жеткізген көпшілік көңілі бір демделіп қалды.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ішкі әкімшілік департаментінің директоры Безлер Владимир Михайлович қазақы үрдістің қаймағы бұзылмаған өңірі абайлық қауымды қазақша құттықтап, ілтипатын білдірді.
Осыдан соң мерекелік шара барысы жылдық қорытындыға негізделген мерейлі марапаттар кезегіне берілді. Бұл орайда хакім Абайдың сөзімен айтсақ, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иелері атанған бірқатар жерлестеріміз еселі еңбек, жігерлі қызметтері нәтижесінде абыройлары асқақтады. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен: Жағыпар Жүнісжанов, Амантай Мұқатаев, Марат Түңлікбаев, Ерлан Лдибаев, Гүлнар Боранжанова, Тұрар Көзбаева, Амангелді Жікенов, Жарқын Жаукенов, Асқар Мұқатаевтар марапатталды.
Ал Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін Қуат Қалиев, Назым Күзембай, Ұлан Жанболат өңірлеріне тағып, арнайы куәлік иегерлері атанды. Сонымен қатар, ерекше сезімге толы осынау сәттерде Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Темірова Рыскен, Имашева Армангүл,Төлемісова Нұргүл, Сәрсенбаева Дана марапатталып, жерлестері алдында мерейлері асқақтады.
Ал полиция майоры Әзіхан Қазбек Нұрисламұлы Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің Грамотасына ие болса, ауданның мәдениет саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін еңбек ардагері Қапсаламұлы Шайқсләм аудан әкімінің Грамотасымен марапатталды.
Марапаттар кезегі мұнымен толас тапқан жоқ. Салтанатты жиынның шарықтау сәтінде жылдағы дәстүрмен жылды үздік қорытындылаған сала мамандары да құрметтелді. «Жыл үздігі - 2016» номинациясы бойынша ауылшаруашылығы саласының үздігі - Балтабаев Рысқали («Жаңабай» шаруа қожалығының жетекшісі), «Үздік ауыл әкімі» - Садырбай Ақылтай (Тоқтамыс ауылдық округінің әкімі), «Медицина саласының үздігі» – Мұхамеджанова Шолпан (орталық аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары), «Үздік кәсіпкер» – Әкімбаев Сәлім («Жарылғасын» шаруа қожалығының жетекшісі, Саржал ауылы), «Үздік мемлекеттік қызметкер» – Сағындықова Нұргүл (аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы), «Үздік полиция қызметкері» – Мұқанов Айбек (жергілікті полиция қызметінің Саржал ауылы бойынша учаскелік полиция инспекторы-полиция капитаны), «Білім саласының үздігі» – Қарақабаева Мадина («Балдәурен» ясли-балабақшасының директоры), «Мәдениет саласының үздігі» – Төлендиев Ерқанат (Құндызды клуб үйінің меңгерушісі) атанды.
Расында еңбегімен мерейлі абайлықтар қатары жетерлік екен. Бұл тізім қатарын толықтырғандар легіне тоқталар болсақ, «Үздік спорт маманы» – Әділханов Серік (Шәкәрім орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі), «Жалынды жас» – Амангелдин Арнұр (Абай аудандық Жастар орталығының әдіскері) марапатталды.
Мұнымен қатар, аудан әкімінің Алғыс хатын иеленген сала қызметкерлері де көпшілік алдында құрметке бөленді. Слямбекова Фурхад, Нұғымбаева Нұрбек, Жеделғазина Бақтыгүл, Байжұманов Марат, Тәліпов Арман, Маратұлы Думан, Жәкішбекова Нұрсұлу, Смаилова Совет, Өкімханова Еңлік, Мұсаханов Елдар мерейге кенелді.
Көңіл толқытқан салтанатты жиында Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған азаматтар ресми түрде ант қабылдап, қызметте адал болатындықтарына серт берді. Олардың қатарында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып Сағынбаев Тілек, Тоқтамыс ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Закариянов Мерей, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы қызметіне Қайроллаев Әсет қабылданды. Бұл қайталанбас сәт жас мамандардың жадында осынау мерейлі күннен естелік болып мәңгілікке сақталып қалатыны анық.
Тәуелсіздікке арналған әсерлі кеш «Қаламқас» халық ән-би ансамбілінің мерекелік концерттік бағдарламасымен тәмамдалды. Әсіресе, патриоттық тақырыптағы әндер шарықтаған шара барысында әйгілі абайлық сахна саңлақтары өнер көрсетті.
- S. Осы ширек ғасыр ішінде елімізді айтпағанда, талай белестерді бағындырған ауданымыздың көркею жолындағы кемел істеріне кеш барысында айқын көз жеткізгендей болдық. Елдігіміз айшықталып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық. Бұл жолда әлбетте жерлестеріміздің қосқан қомақты үлесі, төккен маңдай тері жатыр. Енді осы асылдарымызды бағалап, оларды қастерлеу ұрпақтарға жүктелетін ұлы міндет. Іргетасы берік қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, тұғырлы Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
Тоғжан Рахымбекқызы,
«Абай елі»
