М.Ибраевтың туғанына 75 жыл
Биылғы жыл - Абай елінің руханият саласы үшін, қалаберді поэзия әлемі үшін айрықша атаулы жыл. Себебі, ақын, сазгер, жазушы, драматург Мерғали Ибраевтың туғанына алдағы маусым айында 75 жыл болса, атауы осы ақынның құрметіне қойылған «Ақсұңқар» ақындар сыныбының ашылғанына аттай 20 жыл толыпты. Осынау ерекше мезетке орай Қарауыл ауылында аймағымыздағы мектеп оқушылары арасында «Жас жүрек жайып саусағын» атты облыстық деңгейдегі жыр мүшәйрасы болып өтті.
Ауданымыздың мәдени өміріне ерекше серпін берген шараға даярлық күні бұрын басталған-ды. Алыс-жақыннан жиналған меймандарды аудан басшылары мен Абай елінің зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы топ Жидебай ауылынан қарсы алды. Мерғали ақынның құрметіне орай ұйымдастырылған жыр додасына облысымыздың Тарбағатай, Жарма, Аягөз т.б сынды аудандарынан жас өрен жыр жүйріктері үміттерін үкілеп келген екен. Ал, мәртебелі меймандар арасында Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің қызметкері, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Атантай Акпаров, Семей қаласынан ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, Астана қаласынан «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сарин, республикалық «Мөлдір бұлақ» халықаралық балалар журналы редакторының орынбасары, «Серпер» сыйлығының иегері, танымал ақын Саят Қамшыгер, әдебиет институтының қызметкері Еркін Ғалымов, Ұлан аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі, ақын Аслан Ғафуров және жерлесіміз, жас ақын Арман Шеризатовтар болды.
Алыс-жақыннан жиналған меймандар әуелгі кезекте Мерғали ақын мазарын зиярат етіп, қаламгер рухына Құран бағыштап, қол жайып, дұға қайырды. Бейіт басына гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң меймандар мінген көліктер Қарауыл ауылын бетке алып, бүгінде күллі аймағымыз бойынша бірегей руханият ордасына айналған Қарауыл гимназиясына келіп тоқтады. Аталмыш мәдени шараның беташар рәсімінде осынау ақындар сыныбы мұражай болып ашылып, ресми түрде тұсауы кесілді.
Айта кеткен жөн, қазақы қара сөзден қаймақ сүзетін бұл сынып жас буынның әдеби ортасы. Бұл жерден өлең-сөздің теориясын меңгеріп, табиғи талантын ұштаған сан ақын түлеп ұшқан болатын. Аталмыш сыныптың жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиевтің тәлімін көрген Сағадиев Ұлан, Имантаев Айдос, Нұржан Байтөс, Байболов Бақытжан, Алдажаров Мерей, Шеризатов Арман, Жұмакүлбаева Жадыра, Зарина Сайлаубекова, Қуаныш Еркін, Қуат Айтқали, Жайдар Жақсылықов сынды тағы көптеген талантты жастар өсіп шыққан болатын. Бұл орайда, жас ақындардың бапкері Төлеген Жанғалиев түстен кейін өткен мәдени шара барысында аталмыш сыныптың кешегісі мен бүгіні жайлы баяндама жасап өткен болатын.
Тоқтала кетер болсақ, аталмыш ақындар сыныбы Төлеген ағаның мұрындық болуымен 1996 жылы қоғамдық негізде Қарауыл гимназиясының қасынан ашылды. Кейіннен 2000 жылы аудан әкімінің қолдауымен арнайы штат бөлініп, Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбы деп аталды. Айта кетерлігі сол, шәкірттердің алды облыстық, республикалық мүшайралар мен ақындар айтыстарының жеңімпаздары. Сонымен қатар, республикалық Абай оқуларында да жүлде бермей келеді. Халықаралық байқаулардың да жеңімпаздары осы сыныптан тәлім терген болатын.
- «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп өшпес нақыл қалдырған кешегі дана Абайдың өмірлік ұстанымын мен де мақсат етіп алдым. Ол - өлеңге таласы бар жастардың талабын шыңдау. Менің міндетім – тек қазақ өлеңінің құдіретін түсінуді үйрету, өлең жазуға баулу. Жас өрендердің қазақтың қара сөзі мен өлеңін кеудесіне түйіп, түсіне білетін азамат болуы зор мәртебе, - дейді Абайдың ақындық мектебінің түтінін түтетіп отырған Төлеген ағамыз. Ал, осынау бірегей руханият орталығына Мерғали Ибраев есімін беру ақын ағаға деген өшпес құрметтің белгісі екен. Сол тәрізді сынып атауынан жоғарылатып, мұражай атандыру да артта із қалсын деген ізгі ойдан туыпты. Бұл ретте аталмыш шара Мерғали ақынның 75 жылдығымен орайластырылған.
Аталмыш мұражайды жабдықтап, талап үдесіне сай ету үшін мәдениет саласының жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғали Мүсәпірбеков қолдау көрсеткен екен. Яғни, аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, кабинет іші қайта жарақтандырылды. Мұражай төріне осы сыныптан шыңдалған шәкірттер жетістіктерінен арнайы көрме әзірленіпті. Қысқаша айтқанда, күні кешегі Абай, Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс сынды өлең дүлдүлдерінің бүгінгі сарқытындай болған Төлеген ағаның ақындық мектебінің түлектері алған белестер туралы мол мағлұмат бар.
Мұражай үшін әкелінген тарту-таралғылар да мол болды. Соның ішінде, заманында аталмыш ақындар сыныбының ашылуына қолдаушы болған, сол жылдардағы аудан әкімі Қонысбай Төлеубековтың атынан шетелдік теледидар тарту етілді.
Бұл күнгі шара барысында зиялы қауым өкілдерін елең еткізерлік бір жаңалық Мерғали Ибраевтың жаңадан жарық көрген «Жұмбақ жолаушы» атты жинағының тұсауы кесілді. Алматы қаласынан «Әдебиетті қолдау» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан аталмыш кітап 2200 дана екен. Яғни, еліміздің барлық кітапханаларын толық қамти алады деген сөз. Ақын жинағын құрастырған оңтүстік астанадағы М.Әуезов атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Еркін Ғалымов.
Тұсаукесер рәсімге қатысқан Мерғали Ибраевтың көзкөргендері ақын есімінің де, оның шығармашылығының да ғұмырлы болатынына сенім зор екендігін айтып жатты.
Әйтседе, бұл күнгі шараның мәйегі түстен кейін өрбіген жыр мүшәйрасында айқын көрініс тапты. Айтулы байқау барысында Алатаудың етегінен келген Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Атантай Акпаров Төлеген Жанғалиевке бауырлас елдің атынан құттықтау лебіз білдіріп, шығармашылық шабыт тілей келе сый-құрметтің белгісі ретінде арнайы шапан жапты.
Ал, мектеп оқушыларының жыр мүшәйрасына келер болсақ, қазылар алқасының төрағасы танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов бастаған шара меймандары болды.
Мүшәйрада әр ауданнан келген 14 дарын өзара бақ сынасты. Өлең өлкесінде өзіндік өрнек салып үлгерген жас ақындардың да бар екеніне анық көзіміз жетті. Жауқазын жырларына Мерғали ағаларының есімін де арқау етіп, сөз маржанын төгілткендер болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, көп ұзамай мүшайраға қатысқан жас ақындар ішінен дараланған шалқар шабыт иелері анықталды. Атап айтсақ, қорытынды бойынша Бас жүлдені Қарауыл гимназиясының 11 сынып оқушысы Зарина Оралқызы жеңіп алды. Жас өреннің өлеңдерінде отты екпін, ерекше леп бар екен. Ал, бірінші орынды Тарбағатай ауданынан келген Аяжан Қамзаева иеленді. Ал, жүлделі екінші орынға екі өрен ұсынылыпты. Олар Қарауыл гимназиясының оқушысы Диана Садырбекқызы мен тарбағатайлық Медеу Ғарифолла сынды сөздің майын ағызған жалынды жас шайырлар болды.
Үшінші орын алғандар қатарында Жарма ауданының К.Кәкенов орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қайрат Есентай, Шәкәрім атындағы орта мектеп оқушысы Бағжан Кәріпбаева және Медеу мектебінің оқушысы Қорлан Берікқазиналар болды. Ал, қалған қатысушылар ынталандыру сыйлығын алды. Бас жүлдені еншілеген өренге 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»
