Шығыстың шымыр ұлы

Қазақ елінің мақтанышы, қасиетті Абай топырағында дүниеге келген Айбек Нұғымаров қазақ күресінен тұңғыш төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл атаққа осыған дейін бірде-бір балуан қол жеткізген жоқ.
Егемендіктің 25 жылында қазақ күресі қарыштап дамып, жетістіктер еселеніп келеді. Аспан асты елінде қазақ күресінден өткен VI әлем чемпионатында жерлесіміз Айбек Нұғымаров чемпион атанса, Мұхит Тұрсынов қола медальға ие болды. Алғаш рет түйе палуандармен боз кілемге шыққан Мұхит Тұрсынов та ел намысын қолдан бермеді. Әкесі Шыңғыс Тұрсынов қазақ күресінен «ШҚО аға жаттықтырушы» атанды. Жалпы түйе палуанға 21 мемлекеттен 21 палуан қатысқан Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысын дүбірге бөлеп, ондағы қандастар мен алыс-жақыннан ат шалдырған қонақтарға үш күн бойы тартысты белдесулер мен таңдай қақтырар тамаша сәттер сыйлаған VI Lүниежүзілік біріншілік те аяқталды. Бес салмақ дәрежесі бойынша өткен белдесулердің нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Атап айтар болсақ, 60 және 70 келі салмақта ағайынды Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар чемпион атанса, 80 келіде отандасымыз Дәулет Фахридинов жеңіс тұғырының биігіне көтерілді. Ал 90 келіге дейін салмақта Айбол Айтбектің жұлдызы жарқырады.
Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, арқаландsрып жіберген ауыр салмақтағы балуандардың белдесулері болды. Бұл бәсекеде атой салған бозкілем шеберлері «кім мықтыны?» анықтау үшін жан алысып, жан берісті. Апайтөстер «айқасында» жерлесіміз Айбек Нұғымаров пен грузин жігіті Левани Матиашвили финалға шықты. Екеуі де осал емес. Екеуі де талай додаға түсіп, топ жарып жүрген саңлақтар. Мәселен, грузиялық спортшы бірнеше мәрте дзюдодан Еуропа чемпионатында топ жарған. Ал Айбектің қазақ күресінде қарсылас шақ келтірмейтінін айтпасақ та белгілі. Дегенмен, қос мықты арасындағы ақтық бәсеке 3-2 есебімен басым түскен шығысқазақстандық балуанның пайдасына шешілді. Сөйтіп, ұлылар елінің ұланы Айбек Нұғымаров қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанды. «Ең мықты-мықты деген палуандар, белдесуде жоғары дәрежеге жетіп жүрген палуандар қатысты. Енді алтын бұйырып, өз салмағымда ұтып алдым. Жақсы дайындықта бардым, «ұтам» деген арманым болатын»,-деген еді Айбек жерлесіміз.
Осылайша 2013-жылғы және 2014-жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаздары ел мерейін үстем етті.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
