Руханият

 

Байрақ боп өткен бабалар

 

Батырлықтың белгісі,

                                                                                                             Оққа қарсы шабады.

                                                                                                            Ақыл - ойдың белгісі,

                                                                                                             Ойласа ақыл табады.

(Сүйінбай).

 

     Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біздің ұлттық мәдениетімізде жалпы азиялықтарға тән биязылық, өткенге салауаттық жасау, үлкенді сыйлау, жасқа қамқорлық, қысылғанға қол ұшын беру, ағайынның ауызбірлігін сақтау – бәрі-бәрі бар. Сол ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың міндетіміз»,- деген еді. Біздің бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар, әлемдік өркениет жауһарлары қатарына енетін мәдени мұраларға да бай ел. Ұлан - ғайыр даламызды жандарын шүберекке түйіп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған хас батырларымыз да қаншама. Сондай ел қорғаған батыр бабаларымыздың бірі - Көкенай Үмбетейұлы. Ол шамамен 1648-1728 жылдарда өмір сүрген,Тобықты руынан шыққан әрі батыр, әрі би, өз заманында есімі қалың қазаққа аян болған адам. Шәкәрім «Шежіресінде» Сарыдан: Үмбетей, Мәмбетей, Мәмбетсопы, Кішік тарайды. Әнет баба Кішіктен тараған Көкенайдың би ағасы.

       Ақын Қалихан Алтынбаев «Мамай батыр» дастанында Көкенай батыр туралы:         Көкенай қолбасшының біреуі еді,

                     Айбары Тобықтының тіреуі еді.

                     Қалмақтың бес - алтауын жайратты да,

                     Оқ тиіп аттан түсіп жүреледі,

                     Сол кезде Мамай батыр он үш жасар,

                    Жаспын деп көрінбейді жаудан қашар.

                     Найзамен бір қалмақты түйреп - жаншып,

                     Жасаған тұңғыш рет жүрек жалғар- деп батырдың бір ұрыстағы ерлік қимылдарын тілге тиек етеді. Көкенай батыр ұрыс даласында ауыр жарақаттан көз жұмған екен. Халқының тәуелсіздігі жолында көптеген жорықтарға өзінің егде тартқан жасына қарамастан қатысқан. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс» дастандары мен тарихи деректерінде Әнет баба, Мамай, Тоқтамыс батырлармен қоса, Көкенай батырдың ерліктері де ерекше ілтипатпен айтылады.

                     Көкенай – Мәмбетейдің бастаушысы,

                     Өзі батыр, мінезі қатты кісі,

                     Сол кісінің алдынан тараушы еді

                    Әнет бабадан соң бұл елдің көп жұмысы. (Қалқаман-Мамырдан)

Ә.Исахановтың «Көкенай-батыр, әрі би» кітабының алғашқы тарауында батырдың арғы тегі, батырлық қимылдары, жанкешті ерліктері өлең сөздерімен былайша өрнектелген:

«Көкеңнен Мамай бата алған,

                                         Туын да қолдан түсірмей,

                                         Шыңғысқа дейін апарған.

                                         Ауысты сол ту басқа ерге,

                                           Оза бір шыққан қатардан.

                                           Одан соң елдің ішінде,

                                           Тоқтамыс туы атанған.

                                           Солардың бәрі кезінде,

Батырлар болды қаһарман.»

Ел үшін жанын қиған Көкенай, Мамайдай батыр бабаларымыз қасиетті Түркістан жерінде мәңгілік тұрақ тапқан. Бұл халқымыздың өзінің біртуар қаһарман ұлдарына деген құрметі.

       Көкенай Үмбетейұлы жаужүрек батыр ғана емес, билік те айтқан би болған. Бірде Қазақ елінен мал ұрламақ болып келген қалмақтың бір топ жігіттері ұрлық үстінде қолға түсіпті. Қазақ елінің әз Тәуке хан жариялаған тәртібі бойынша мұндайлар ел биінің алдынан өтіп, тиісті жазасын алуы керек екен. Осы жөн бойынша қолға түскен қалмақ жігіттерін жазалау билігін Ұлы би Әнет баба Көкенайға міндеттеп, «Айтқан сөзі атқан оғындай мүлт кетпес батырым, мына қалмақ елінен келіп арандатып жүрген жігіттердің жазалау билігін өзің шеш, жөнсіз қан шығармай жазаласаң деймін»,- деген екен. Сонда Көкенай: «Жекпе-жекке шығар ері болса бір сәрі, болмаса мініп келген аттарының жал – құйрығын тұл қып күзеп, сол аттарымен еліне қайтарылсын»,- деп билік айтқан екен. Осы айтылған билік орындалыпты. Ол заманда билік дұрыс болмаса, би деген атқа да, әрі қарай билік айтуға да құқығы болмайды деседі. Көкенайдың билігі дереу орындалып, қалмақ жігіттері құйрық-жалы сымпия күзелген аттарымен еліне қайтарылыпты. Малын алдырған Байбөрі деген бай Көкенайдың билігіне наразылық білдіріп, «тым құрыса ол нағылет жауғырларға дүре соғып, бір атқа екіден мінгестіріп, жартысының атын алып қалу керек еді, құйрық – жалын күзеп, аттың жазығы не?»- дегенде, Көкенай тұрып: «Тынысы тар тұңғиыққа сүңгісе тұншығады, әлін білмей қамшы ұрған тұтылады. Бас аяғымыз жиюсыз жайылып жатқанымызды біліп отырған қалмақтың әдейі сойқан шығаруға жасап жүрген ілгішектері аз емес, бізге көрші елмен соғысудың, араздасудың жолы тарылып тұрған кез, сондықтан асыра сілтеу жөн емес. Олардың мініс аттарының жал – құйрығын күзеттіргенім, ат иелерінің тірі болса да өлтірілді деген белгісі. Екі елге де мәлім бұл ырымды білетін қалмақтарға енді аяқ басса тірі қайтпайтынын сездіруім. Қорқақты қамыс сылдыры тоздырады, елдің амандығын тыныштық оздырады. Ақылды іс-саулығың, қисынсыз іс-өзіңе істеген жаулығың болар»,-деп ұғындырыпты. Жеті Момын ішінде байлығымен даңқы шыққан Байбөрі бай Көкенайдың төрелігіне риза болып қайтқан екен дейді. Тобықты ішінде Мәмбетейдің қызы Мамыр мен Кішік атаның Әйтегінен туған Қалқаман сөз байласып, қазақтың жеті атаға толмай үйленуге тыйым салатын заңын бұзғанда Әнет баба Көкенайға «Қалқаманды жазалаудың оңды түйінін өзіңе бердім»,-депті. Сонда Көкенай «Оқ байлау» жазасын таңдаған екен. «Оқ байлауда» тірі кетсе, қайта жаза жоқ екен. Бұл құралайды көзге атқан мерген Көкенайдың Қалқаманды өлімге қимауынан болса керек-ті.

           Көкенайдың жаужүрек батырлығымен, әділ айтар билігімен қоса ел аузында шешендік, тапқыр сөздері мен нақылдары да қалған. Ел басына күн туған қатерлі кезеңдерде тұлпар мініп, ту алған тұғырлы тұлғалардың бірі де бірегейі – Көкенай Үмбетейұлы. Ол елдің шапқыншылық заманында алға шығарар батыры, халықтың тап басып айтар әділ биі болған дара тұлға.

       Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» атты Жолдауында 2015 жылы елімізде ресми түрде төрт мерекенің атап өтілетінін айтқан болатын. Сол әр мерекенің ел тарихында алатын орны ерекше. Солардың ішінде – Қазақ хандығына 550 жыл толатын атаулы күнді айрықша деуге болады. Өйткені, Қазақ хандығы өзінің алғашқы күнінен бастап, Қазақ елінің қабырғасын қатайтып, іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеді. Сол жолда жан аямай тер төккен, азаттықты ту еткен ерлерімізді келер ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз. Осыған орай Саржал ауылында Қазақ халқының біртуар батырларының қатарында аталатын, қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи қабірнамасында Шығай хан, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тарақты Байғозы, Тобықты Мамай батырлармен бірге жерленген Көкенай батырға арналған ескерткіш тақта батыр атымен аталатын көше бойында орналасқан орталық паркте қойылған. Халық батырларының ерлік істері, күрескерлік қасиеттері еліміздің азаттық, еркіндік жолындағы тарихының құнды беттері болып саналады.

Жұман АСҚАРОВ

«Саржал ауылдық округі әкімінің аппараты»

ММ бас маманы

 

Көкбай ақынға құрмет

ТАҚЫРДАҒЫ МҰРАЖАЙ ТЫҢ ЖӘДІГЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

            Мамырдың 28-і күні аудан әкімінің орынбасары Ерлан Лдибаев Көкбай ауылдық округіне қарасты Тақыр жерінде орын тепкен Көкбай Жанатайұлы атындағы мұражайға ақынның бюстін табыс етті. Қолөнер туындысын қабылдап алған Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, мәдениет саласының үздігі Жандос Мағазбекұлы ерекше сыйлыққа алғыс білдірді.

           

Бүгінде аталмыш мұражайдың жәдігерлер қоры өте бай. Олардың ішінде Көкбай Жанатайұлының өзі қолданған тарихи мәнге ие экспонаттар да мол. Сол жәдігерлер қорын толықтырған «жаңа мүсін» мұражайдың дәл төрінен орын алды.

Мүсінді бейнелеген жерлес скульптор саржалдық Ертіс Исайылұлы екен. 32 жыл еңбек өтілі бар, Ш.Тоқжігітов орта мектебінің сурет пәнінің ұстазы, мүсінші Ертіс ағамыз бүгінде Саржал ауылдық округіндегі 30-ға тарта мүсіннің авторы.

Ертіс Исайылұлын әңгімеге тартқанымызда, Көкбай Жанатайұлының мүсінін құюға асқан жауапкершілік пен тыңғылықты жұмыстың қажет болғанын айтып өтті. Қолөнер шебері биіктігі 50 сантиметр болатын бюстті ақынның ескі фотосуретіне қарап жасап, екі ай көлемінде аяқтаған екен. Шебер өз қолынан шыққан туындының мұражайға қойылғаны үшін Ерлан Арнаұлына ризашылығын да жеткізді.

            Көкбай мұражайында өткен бұл шараға Жидебайдағы Абай қорық-мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасым да қатысты. Бюстті тұғырға қондырған Жандос Әубәкір:

- Осындай игі істер қатары алдағы уақытта да жалғасын таба берсе екен дейміз. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы осы тартуы арқылы Абайдың ақын шәкірттері арасында шоқтығы биік тұлға Көкбай Жанатайұлына деген азаматтық құрметін көрсетті деп санаймыз, - деп шынайы ризашылық білдірді.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»,

Қарауыл-Көкбай-Қарауыл.

 

Оңғар Сыдықбайұлы:

 

ӘКЕЙДІҢ ҚАБІРІН ТАБУ ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ АРМАНЫМ ЕДІ

 

Бүгінде Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, сұрапыл жылдарда ұрыс даласынан қайтпай қалған майдангер аталары жайлы мәліметтер іздестірген сан ұрпақ мол мұралармен қауышқаны белгілі. Араға аттай 70 жыл салып, іздегені табылып, өшкені қайта жанғандай күй кешкен жандардың бірі Қарауыл ауылының тұрғыны, зейнеткер Оңғар Сыдықбайұлы. Соғыстың аласапыранында хабар-ошарсыз кеткен әкесі жайлы деректер нақтылана салысымен сәуір айының басында Ресейдің Новгород облысы, Демян ауданы, Кипина ауылындағы әкесі жерленген бауырластар зиратына барып, Құран бағыштап, рухына тағзым етіп қайтқан еді. Майдангер Сыдықбай Жайлауовтан бүгінде қалған жалғыз тұяқ - ұлы Оңғар Сайлаубайұлынан арнайы сұхбат алған едік.

 

- Аға, алдымен осы сапарыңыз жайлы, көптен бергі орындалмай жүрген арманыңызға қол жеткізгендегі әсеріңіз жайлы ортақтассаңыз?

- Соғыстың жүректерге салған жарасы өте ауыр. Қаншама отбасы қара жамылды, қаншасы әкеден, баладан, бауырдан, сүйгенінен айырылып, қан жұтты, қабырғалары қайысты. Менің де әкем сұм соғыстың құрбаны болған жандардың бірі. Ол кезде баламын ғой. Көп нәрсе есімде жоқ. Бертін келе бала-шаға өсіп, немере ер жеткен соң, етек-жеңімізді жинап, әкем жайлы мәліметтерді жиыстырумен болдым. Заманның ағымына қарай, ғаламтор арқылы ұл-қыздарым да іздестіріп, бірлі- жарым деректер табылған соң оны нақтылай түстік. Өткен жылдың қараша айынан бастап қарқынды жұмыс жүргіздік. Ақырында тың дерек тауып, ұлым Ержанмен бірге сәуір айында әкем жерленген бауырластар зиратына барып қайттық. Ең алдымен жолымызды оңғарсын деген ниетпен ұзақ сапарға Құран-хатым түсіріп барып аттандық. Әуелі Семейден Астанаға, одан Мәскеуге жол тартып, онда ұлым Ержанның курстас досы Талғат Уалханов келіншегі Айжанмен бізді күтіп алып, үйінен дәм татырып, Мәскеуден Кипино ауылына дейін апарды. Барғанымызда алдын-ала құлағдар болып отырған сол жердегі әкімшілік қызметкерлері де құшақ жая қарсы алып, бізге арнайы Уаз көлігі мен техникалық машина қосып берді. Тас жолдың екі жағы қалың ну орман, белуардан келетін сазды батпақ екен, арнайы техниканың көмегімен ғана діттеген жерімізге жете алдық. Өз күшімізбен бұл жерге келу мүмкін болмас еді. Осылайша, әкемнің жатқан жерін өз көзіммен көріп, жанарға жас алып, басына белгі орнатып, туған жердің бір уыс топырағын сеуіп, Құран бағыштап қайттық. Тағы бір айта кетерлігі, біз бірінші болып әкеміздің аты-жөні мен туған және қайтыс болған күндері жазылған фотосуретін қойыппыз. Талай жылғы арманым, әке алдындағы парызым орындалды десем болар. Туған жеріме әкем жатқан жердің бір уыс топырағын алып келіп, шешемнің басына сеуіп, құран оқып, қатым түсірдік.

- Кешегі әкеңіздің толарсақтан саз кешкен ізімен сіз де жүріп өтіп, арнайы белгі тақта орнатып, ұрпақ парызын өтепсіз. Осы сапарыңызда әкеңіз жайлы қандай деректер біле алдыңыз?

- Бізді арнайы сол жерге жеткізген әкімшілік қызметкері Павлов Александр деген азамат жол бойы бізге көп жайтты әңгімелеп берді. Ленинград түбі қоршауда қалған тұста, көмек келгенше аянбай соғысып, қатты ұрыстан екі жақтан да талай жауынгер опат болған екен. Сол жердегі мұражай директоры Евгений Анатольевичтың айтуынша, ғылыми жоба қорғауға келетін студенттер экскурсия жүргізіп, жер астынан талай мүрделер мен зілдей ауыр қару-жарақтар тауып, мұражай қорына табыстапты. Ал бауырластар зиратында құрбан болған майдангерлердің есімдері жазылған қос бірдей тақта орнатылған екен. Соның ішінде менің әкем де бар. Тек аты-жөні қате жазылған. Сондай-ақ, көзіме оттай басылған екі қазақ азаматының да есімдері жазылып тұр. Бірі Жаймұханов Ирғали (07.02.43 ж) және Жураев Төлепжан (17.09.42) деп жазылған. Сіздерге арнайы айтып отырған себебім, мүмкін біреудің туысы, туғаны болар. Біз де осы мұражай қорына әкеміз Сыдықбай Жайлауовтың өмірбаянын және Ұлылар елінен келген соң ауданымыздағы мүсін өнерінің майталманы Сәтбек Сьязхановтың Абай, Шәкәрім, Мұхтар бюстін табыстадық. Өз кезегімізде Сәтбекке зор алғыс білдіргіміз келеді.

- Оңғар аға, кезінде әкеңізге халық жауы деген жала жабылған екен. Осы жайында толығырақ тоқталсаңыз?

- Әкем 1928 жылы құрылған Шыңғыстау аудандық партия комитетінде осы ауданнан шыққан алғашқы он коммунисттің бірі болған екен. 1930 жылдары қазіргі Қасқабұлақ ауылының маңындағы Күлмен ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңа талап» колхозында бастық болған. Өздеріңізге белгілі, сол жылдарда елдің зиялы қауымын халық жауы деген жаламен айыптау басталған еді. Менің әкем және Атымтаев Ораз, Боябаев Мұрат деген азаматтар да асыра сілтеудің, жазықсыз жаланың кесірінен Ресейдің Қиыр Шығысындағы Магаданға жер аударылып, кейіннен үшеуінің де кінәсі жоқтығы дәлелденіп, ақталып келген екен. Мен ол кезде іштегі нәресте екенмін. Әкемнің жолын оңғарсын, аман-есен келсін деп мені Оңғар атапты. Содан кейін соғыс басталып, 1941 жылы Красноярский край, Красноярск қаласы, Киров ауданынан Отан қорғауға аттанған екен. Содан қайтып оралмаған әкемді талай жылдардан кейін тауып отырмын.

- Майдангердің ұрпақтары жайлы айтып өтсеңіз?

- Әкемнен менің үлкем ағам 1932 жылы дүниеге келген Қасым Сыдықбаев және мен, кіші қарындасым Қапиза тараған. Алайда, Қапиза ерте өмірден өтсе, ағам да қазір бұл өмірде жоқ. Мен анамнан ерте айырылғаннан соң Сақып деген нағашы апамның қолында тәрбиеленіп, ер жеттім. Қасым ағам мен Дәмеу жеңгемізден бүгінде Әлия, Бота, Еренғайып, Рымтай, Айсұлу, Алтай есімді балалары өсіп-өнген. Мен де Төлеуғайшамен отасып, бүгінде 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырмыз. Қыздарымыз Нұргүл, Назгүл, Гүлжан, Балнұр, Бейбіткүл және Ержан, Серікжан, Нұржан атты ұлдарымыз бүгінде бір-бір жанұя болып кетті.

- Адам ұрпағымен мың жасайды демекші ұрпақтарыңыз өсіп-өне берсін. Майдангер атасының ерлігін үлгі етуден жалықпасын. Берген сұхбатыңызға рахмет!

- Сіздерге де рахмет! Сапарымда қол үшін берген барша ауылдастарыма, туған- туыстарға, Кипино әкімшілік қызметкерлеріне алғысым шексіз. Соғыс атты нәубет енді болмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Кәмен Оразалиннің туғанына 95 жыл

АЙТУЛЫЛАР АЙМАҚТЫҚ БАЙҚАУДА  

 

Ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше кітаптардың авторы, ақын, абайтанушы ғалым, «Парасат» орденінің иегері болған Кәмен Оразалиннің дүниеге келгеніне биыл 95 жыл. «Ғасыр тұлғасы» атанған, Абайдан кейінгі ақындық мектепті жалғастырушы қаламгер мерейтойы қарсаңында аудан төрінде Семей, Аягөз, Бесқарағай аудандары қатысушыларын қамтыған аймақтық Кәмен оқулары байқауы болып өтті.

            Мамырдың 21 күні аудандық Мәдениет үйінде өткен шараға ауданымыздың барлық мектептерінен және өзге аудандардан да ынта білдірген оқушылар қатысты. 16 байқау үміткері бақ сынаған шараға Кәмен Оразалиннің жасында бірер жылдар оқыған, Аягөз қаласындағы С.Ғаббасов атындағы орта мектеп шәкірттерінің де келіп қатысуы мереке маңызын еселей түскендей болды.

            Сахна шымылдығы Кәмен ағаның көзі тірісінде түсірілген деректі бейнефильммен түрілді. Танымдық туындыда абайтанушы ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан сүбелі үлесі, қаламгерлік қарымы туралы дарын иесінің өз аузымен кеңінен сөз қозғалыпты. Осыдан соң сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеубек Аманғазин жазушының ғұмырына, шығармашылық жолына кеңінен тоқталып, ағамен бірге өткізген өткен күндер естелігінен сыр шертті. Ал, өз кезегінде ұйымдастырушылар атынан лебіз білдірген аудандық Білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы және ардагердің ұлы Елдар Оразалин қатысушы оқушыларға ақ жол тіледі.

Сахна төрінде сөз алғандар қатарында Кәмен Оразалиннің ұлағатына ие болып, тағылымын терген шәкірттері де болды. Атап айтсақ, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Төлеген Жанғалиев өнер әлеміндегі ақылшы ағасы жайлы айшықты ойларымен бөлісіп, ұстазына деген ыстық сағынышын де жеткізе кетті. Осыдан соң өңіріміздің алдияр ақсақалы, «Абай ауданының құрметті ақсақалы» Манатай Толғанбаев байқауға  қатысушыларға ақ батасын берді.

            Кәмен оқулары «Достықты жаздым ту етіп», «Абай ауылына саяхат», «Ақын боп жырлау бір бақыт» деп аталатын негізгі үш бөлімді құрайды екен. Бірінші оқушылар Кәмен Оразалиннің шығармаларынан үзінді оқыды. Әр қатысушыға бар жоғы үш минуттан ғана уақыт берілетін бұл бөлімде шығарма текстологиясының сақталып оқылуына және орындау шеберлігіне мән берілді.

            Екінші бөлімде қатысушылар экраннан көрсетілген тарихи жерлер туралы суреттерді жазушының кітап желісімен байланыстырып баяндаулары талап ретінде қойылды. Бұл бөлімде әр сайыскердің тіл көркемдігі назарға алынды.

            Ал, үшінші бөлімде байқауға қатысушылардың ақындық өнері сын тезіне алынды.

            Сонымен үш бөлімнің қорытындысы бойынша, құндыздылық Құмарұлы Алтынбекке ауданның Білім бөлімінің атынан арнайы сыйлық бұйырды. Үшінші орынға Шәкәрім орта мектебінің оқушысы Сайлаубекова Адина, ордалық Айымғазин Ерасыл және Семей қаласынан келген Шәкәрім атындағы дарынды балаларға арналған мектептің оқушысы Болатбекова Аяулым лайық деп танылды. Қасқабұлақтық Болатқазиева Гүлжауһар мен Семей қаласының №8 орта мектебінің оқушысы Қанатова Адияға екінші орынды өзара бөлісті. Аягөз ауданының атынан қатысқан Төлеутаева Динара мен көкбайлық Тұрғазина Арайлым тең түсіп, бірінші орынды қанжығаларына байлады. Ал Бас жүлде ерекше қабілетін мойындатып, сөзсіз жеңіске жеткен Қарауыл гимназиясының 10 сынып оқушысы Уәлибекова Ділдәға берілді.

            Кеш соңында байқау жүлдегерлеріне арналған сыйлықтарды ұйымдастырып, демеушілік жасаған Кәмен Оразалиннің немересі, Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Асхат Амантайұлы барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, аясы кеңейген айтулы шараның аймақтық кезең деңгейіне көтерілгендігі үшін разылығын білдірді.

            Сондай-ақ, аталмыш шара барысында көрермен қауым Жанболатова Сәулет пен Маратова Жанель сынды бұлбұл үнді жас әншілердің әндерімен сусындап, «Қаламқас» ән-би ансамблі бишілерінің орындауындағы «Ой, жайлау» биін тамашалай алды.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Абай жолы, Мұхтар жолы дегенде аты қоса аталатын ардақты есімнің бірі – Кәмен Оразалин есімі. Ұлылар мекенінде дүниеге келіп, Абай мен Шәкәрімді терең білген, Мұхтарды қаламына арқау еткен қаламгер қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орнын алуға тиісті тұлғалардың бірі. Ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғастырған Кәмен Оразалин жайында ірі көлемде зерттеу жұмысын жүргізу қажет-ақ. Әрине, Кәмен аға жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен жазушы ағаның шығармашылығы әдебиеттен орнын ойып алатындай өз дәрежесінде зерттелді деп те айта алмаймыз.

2003 жылы ұстаздарыммен бірге Кәмен ағаның үйіне бардық. Ол кісі маған «Шәкәрімнен не білесің?» деп сұраған еді. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасын жатқа айтқанда, ризашылығын білдіріп, ақ батасын берген еді. 2010 жылы «Кәмен Оразалин шығармашылығы» тақырыбындағы магистрлік диссертациямды қорғауда да ол кісінің жаныма бір қадам жақындығының әсері болса керек. 

         Кәмен Оразалин 1920 жылы 16 маусымда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Құндызды ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Семей қаласындағы №11 гиназияны тәмамдағаннан кейін, әскер қатарына шақырылады. Бұл жайлы жазушы өзінің жазып кеткен өмірбаянында неғұрлым толық мәлімет берген. Биыл Жеңістің 70 жылдық мерейтойы болғандықтан да, жазушы өмірінің белгілі бір кезеңінің осы бір тарихи кезеңге қатысын көрсету үшін, оның өз айтқандарынан артығы жоқ деп білеміз. Соны толығырақ тоқталуды жөн көріп отырмыз. «1939 жылы Краснояр қаласының 365-атқыштар толқынына қабылдандым. Сол жылы,  40-жылдың басында Финляндиямен  болған шайқасты да өз көзіммен көрдім. Хасан көліндегі ұрыстың жай-жапсарымен де танысуға тура келді.

      1941 жылдың  сәуір айында Сібірдің әскери округінің дайындығын тексеру басталды. Тексеруге әскерлердің барлық түрлерінен бір-бір бөлімше түссін деп ұйғарылса керек. Жабық, жасырын іріктеу жүргізілген кезде Новосибирскіде тұратын 418-атқыштар полкының бірінші ротасының бірінші бөлімшесі әскери дайындықтың барлық түрлерінен тексерілетін болады. Бұл менің солдаттарымның бөлімшесі еді. Ең ақырғы сайыс – атыс шеберлігінен сынға түсу. Менің қарамағымдағы 15 солдат кез келген қашықтықтағы нысаналардың бәрін де атып, өте жақсы бағаға қолдары жетті. Тексерудің барысын округтік «Красноармейская газеті» бір ай бойына жариялаумен болды. Сібір қалаларындағы гарнизондардың солдаттары алдында өз тәжірибемді ортаға салып, кездесулерде сөз сөйледім. Ең ақыр аяғында 18-сәуір күні «Красноармейская газетінің» бетінде округ әскерлерінің штаб бастығы генерал-майор П.Глинский менің еңбегімді өте жоғары бағалап, «ерекше құбылыс» деп атады.

418-атқыштар полкының қарамағында Калинин қаласын азат ету жолында 21-қазан күні басымнан ауыр жараланып, 13-қарашадан 9 –желтоқсанға дейін емделіп, ұрысқа қайта қатыстым. Сол жылы желтоқсанның аяғында жеңіл жарақаттанғаныммен, ұрыс даласынан кеткенім жоқ. Үшінші рет 930-атқыштар полкында екі аяғымнан  бірдей ауыр жараланып, 1942-жылы 24-қаңтар күні Калинин облысының Сычевка қаласының жанында әскер қатарынан  мүгедек боп, біржола шықтым.

Әскери атағым старшина еді, екінші топтағы мүгедекке жатқызып, №289 әскери госпиталь еліме қайырды. 1942 жылы, ұзақ жылдардан кейін, екі балдаққа сүйеніп, Абай ауылына оралдым» [1].

Жазушының өз қолымен жазып отырған майдан жылдарындағы өмірбаянын еш өзгеріссіз, автордың өз сөзімен беріп отырғанымыздың өз сыры бар. Өйткені, автордың өзінен өзге оның жауынгерлік сәтін ешкім де біле бермес. Ал, бұл мәліметтер алдағы уақытта тарих қойнауына бойлай беретін ақиқат шындық, тарихи оқиға болып қала бермек.

Сұрапыл соғыс күндеріненмүгедек болып жараланып қайтқанымен, Кәмен аға еш тынымсыз еңбек етті. Ең әуелі, 1944-1947 жылдары Семей қаласындағы педагогикалық институтта білім алып шығады. Бұдан кейінгі өмірін ұстаздыққа арнаған майдангер жазушы 39 жыл бойы туған жеріндегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет жасады. 40 жылға жуық «Абай ұрпақтары» қолжазба журналында редакторлық қызметін атқарып, сан ұрпақтың қаламын ұштады.

Кәмен Оразалиннің тырнақалды туындысы өз өмірінде белгілі дәрежеде ізін қалдырған, дүниетанымдық әлемінен жақын орын алған Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған еді. Кейіннен «Жексен» деген атқа ие болған шығарма әуел баста «Қасиет» аталған көрінеді. Өйткені жазушының өзі осы аталған шығарма туралы төмендегі бір мәліметтерді берген: «1948 жылы «Қасиет» (Жексен) атты повесімді бітіріп, Алматы жазушыларының талқысына ұсындым.

«Сенің «Қасиет» атты повесің маған негізінде ұнайды. Бірінші рет қалам тартқан бұл тырнақалды шығармаң да мен жазушыға тән бірнеше белгілеріңді көрсеткенсің», -деді Сәбит Мұқанов.

«Повесттің құрылысында адамдарды, өмірді суреттеу тәсілдерінде қазақ әдебиетіне әлі енбеген жаңалық ұшқындары бар», деп Ғабиден Мұстафин ерекше атап көрсетті.

«Жас автордың әдебиетімізге елеулі шығарма әкелгендігі сүйсінерлік іс. Жазушылар Одағы көмектесіп, баспаға ұсынғаны жөн»,-деп Қалижан Бекхожин да ағалық көңілін білдірген».

Міне, жазушының ең алғашқы жазған шығармасына қазақ әдебиетінің классик жазушылары тарапынан берілген баға осындай болған.

Шығармадағы бас кейіпкердің прототипі Кәмен Оразалиннің өзі екендігіне ешкім дауласа қоймайды. Әрине, Жексен – типтік бейне. Жазушы шығармасы психологиялық иірімдері мол, аса көркем шығарма.

Кәмен Оразалин өз өміріне төмендегідей медальдармен марапатталған.

1. За победу над Германией. 1946 г. 28 май.

2. За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945. 1946 г. 31 март.

3. 20 лет, 30 лет, 40 лет, 50 лет победы.

4. Медалью Маршала Жукова. 26.02.1997.

  1. Ветеран труда 15 февраль 1977 г.

Әрине, бұл тек республикалық, халықаралық деңгейдегі марапаттаулары. Соңына, «Абайдан соң» атты тетралогиясын, «Абай ауылына саяхат», «Абайдан соңғы арыстар» тәрізді өміршең туындылар қалдырған жазушының «Ғасыр ғұламасы» құрметті атағына әбден лайық екендігі даусыз.

 

Ғалымов Еркін

ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы

 әдебиет және өнер институты

 

     Жеңіс мерекесінің 70 жылдығына да санаулы күндер қалды. Осынау мерейлі мезет қарсаңында байтақ еліміздегі тәрізді Абай ауданында да ардагерлерді ардақтау акциялары ұйымдастырылуда. Әсіресе, олардың кешегі ерлікке толы жолдарын бүгінгі жас ұрпаққа үлгі ету бағытында ұйымдастырылып жатқан танымдық-тағылымдық шаралардың қатары мол.

 

Бүгінде жасы тоқсаннан асқан қарт жауынгер, өмірі өнегелі аталарымыздың бірі – еңбек және соғыс ардагері, ауданымыздың  сыйлы  қариясы,  Абай ауданының «Құрметті азаматы», жасы 90-нан асқан қария Жағыпар Жүнісжанов. «Қариялы ел - қазыналы ел» - деген нақыл тегін айтылмаса керек. Бүгінде Жағыпар ата – немере, шөбере сүйіп, ұрпақ бақытын  көріп  отырған  батагөй қария.

Жуырда  Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің жанынан құрылған  оқушылар арасындағы «Еріктілер» қозғалысы тың бастама көтерген болатын. Олар өздеріне  еңбек және соғыс ардагерлеріне қамқорлық жасауды міндеттеп алды. Осы орайда, 10 «А» сынып оқушыларынан  құрылған  «Болашақ» тобына еңбек және соғыс ардагері, Жағыпар Жүнісжановқа  қамқорлық жасау жүктелген еді. Бұл істі қуана-қуана,  құп алған мектеп ұжымы мен  шәкірттер зор ынтамен, белсенді түрде кірісіп кетті. 

«Ақылды қария - ағынды дария» демекші, осындай ақылгөй, батагөй ақсақалға шын пейілдерімен қолғабыс жасауды қолға алған 10 «а» сыныбы оқушыларының өз елдерінің  патриоты болып өсіп келе жатқанына шүбә келтірмейміз.

Мен жетекшілік жасайтын  10 «а» сыныбындағы 14 оқушы, міне, екі жылдай ардагер атамызға қамқорлық жасауды қолға алған болатынбыз. Сынып старостасы Мұратұлы Ерболат пен көмекшісі Маратова Ақерке бастаған оқушылар ай сайын  ақсақалдың хал-жайын біліп,  үй шаруашылығына қолғабыс жасап, көмектерін көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Жағыпар ақсақалдың соғыс жайлы естеліктерін тыңдап, өткен күндер жайлы таным көкжиектерін де кеңейтуде.

Осы ретте, болашақ ұрпақты тәрбиелілікке, үлкенді сыйлап-құрметтеуге, патриоттылыққа бағыттап, саналы тәрбие, сапалы білім беру ісін ұйымдастырып, жүйелі жүргізіп отырған мектеп басшысы Роллан Тілеухановтың да ұстаз ретіндегі ұтымды ісін айта кеткен жөн. Бұл иігілкті шара сонымен қатар білім ордасы ұжымының Жағыпар ақсақалға деген зор құрметі  дер едім.  

Жуырда сынып оқушылары ақсақалдың үйіне барып, тағы да жәрдем жасады. Ал олардың жұмысына разы болған қарт жауынгер, өңірі медаль-орденге толы костюмін киіп, балалармен бірге суретке түсіп, ақ  батасын берді.

«Батаменен ел көгерер» демей ме, алдағы уақытта да батагөй  атамызға  қамқорлығымызды  жасай бермекпіз. «Ардагерін құрметтеген ел озар» деген бар.

 

                                                                                                               Бақтыгүл ИСКАКОВА,

                                                                                                                Абай мектеп-лицейіңің

10 «А»  сыныбының

жетекшісі

Ауданымыздың әл-ауқатының артуы жолында аянбай еңбек еткен ақ жаулықтылар арамызда көп. Кешегі ана, бүгінгі ақ кимешекті әже атанған солардың бірқатарының еңбек жолы бүгінгілер үшін аңызға бергісіз. Осы ретте аудан өміріне белсене араласып, ел құрметіне бөленген ардақты ана, «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының құрылғаннан бергі  белді мүшесі, ауылының үлгі тұтар аяулы анасы  Уәсила Нұрсейіткелінін айрықша атаумызға болады. Бүгінде 70 жасқа толған ардақты жанды Жеңіс мерекесінің 70 жылдығымен орайласа келген мерейтойына орай әңгімеге тартқан едік.

 

- Уәсила Кәберқызы,  әркім үшін өзінің балалық шағынан тәтті шақ жоқ қой. Бала кезіңізге шолу жасап  өтсеңіз?

- Мен  1945 жылы 22 ақпанда Архат елді мекенінің Орда тауының бөктерінде дүниеге келіппін.  Өздеріңе де мәлім, соғыстан кейінгі ауыртпалыққа толы қиын кезең болатын. Ес біле еңбекке араластық. Үлкендерге қолғабыс жасадық. Жастайымнан сиыр да бие де саудым. Ер-азаматтың жұмысын атқаруға тура келді. Туған әкем  сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен болатын. Анамнан да ерте айрылдым. Әкемнің інісі Кәбер өз қамқорлығына алып, өсіріп жеткізді. Қалған балаларға да өмірінің соңына дейін әкелік шарапатын аяған жоқ. Жиыны сегіз баланы бағып-қаққан оның өмірі өнегеге толы десем артық айтпағандығым. Соғыстан аман-есен оралып, басшылық қызметтер атқарған еліне сыйлы азамат болды. Ал оқушы шағыма тоқталар болсам, 1953 жылы Абай орта мектебінің 1-ші сыныбына қабылданып, 1964 жылы 11 жылдықты тәмәмдадым. Алғаш қолыма қалам ұстатып, әріп үйреткен қажы ана, ардагер ұстаз Бағдаш Сақалова еді. Ұстаздарымды әркез мақтан тұтамын.

Соғыстан кейінгі қиын кезеңдер болғандықтан ба, ол кезеңдері қыз балалар ер мінезді болатын. Сол себептен болар, мен спортқа жақын болдым. Қашықтыққа жүгіруден жан салмадым. Ұлдармен бірге «ләңгі» ойнайтынбыз. Ол күндер бүгінде естелікке айналды.

- Ал жас кезіңізде қандай болдыңыз?

- Жалпы, мектеп қабырғасында жүргенде үлгілі тәртібіммен, үздік өнеріммен көзге түсіп, қоғамдық шараларға белсене ат салысқан шәкірттердің бірі  болдым. Бойға сіңген  өжеттілік, алғыр  мінезімнің арқасында болар мақсатыма жетуге талпындым. Сахнада ән айтқанды жақсы көрдім. Әсіресе, алаштан ән оздырған халқымыздың біртуар ұлы кешегі Жәнібек Кәрменовпен  бірге ән шырқаған кездерім есімнен кетпейді.

- Өнерге жасыңыздан жақын екеніңізді білдік. Ал еңбек жолыңыз сол өнермен бірге өрілді ме? 

- Мектеп бітірген соң  Семейдің мал дәрігерлік жоғарғы оқу орнына түсіп, оны бітірген соң 1969 жылы алғашқы еңбек жолымды  өз мамандығым бойынша туған ауылымнан бастадым. Кейінірек Семей қаласына қоныс аударған соң екі жылдай қалада қызмет етіп,  қайтадан аудан орталығы Қарауыл ауылына көшіп келдік. Мұндағы малдәрігерлік  ветеринариялық бөлімде лабороторияда жемісті еңбек етіп, 1996 жылы зейнеткерлікке шықтым. Отыз жыл бойы табан аудармастан бір мекемеде қызмет еттім.  Кезінде еңбегімнің нәтижесі ретінде төсбелгімен марапатталдым. Облыс, аудан көлемінде бірнеше «Алғыс  хаттармен»  марапатталдым. Кейіннен  аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының қолынан 2013 жылы  «Ардагер ана» марапатын иелендім.  Өнер саласында еңбек етпесем де, кішкентайымнан бойыма дарыған қазақы өнер өзіммен бірге жасасып келеді. Олай дейтін себебім, Қаныша Нұрғалиева бастаған «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығында  құрылғаннан бергі мүшесімін,  қазақы нақышта ән айтып жүрмін. Осынау өмірден азды-көпті жинаған өнегемді бүгінгі халқыма арнап, кейінгі буын жастарға үлгі болудан артық бақыт жоқ қой.

 -Өмірде адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

- Мені өсіріп-жеткізіп, қанаттандырып, болашағыма жол сілтеген әкем Кәбер жетім қалған 5 баланы да оқытып, тәрбиеледі деп жоғарыда айтқанымдай, сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы, адамгершіліктері, қиын-қыстау кезде  бір-біріне жәрдемдесіп, көмек көрсетуінің өзі неге тұрады?!. Бұл сыйластықтың  кереметтігі, озық үлгісі дер едім.

- «Әйел - бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз сізге арналғандай...

- Отбасында төрт баланы өмірге әкеліп, қазірде Айгүл, Айнагүл атты екі қызымнан өрбіген   Ерқанат, Темірлан және Қанат есімді үш немеремнің қызығына кенелген бақытты әжелердің бірімін.  Ұрпағымның амандығын тілеп, еңбегімнің зейнетін  көріп, Аллаға  мың қайтара шүкіршілік айтып отырамын. Айгүл Абай колледжінде ұстаздық қызметте. Күйеу балам Бауыржан КАМАЗ жүк көлігін жүргізеді.  Қызым Айнагүл үлкен немерем Қанат екеуі Алматыда тұрады. Дегенмен, ғұмырдың көлеңкелі сәттері де болады. Өмірде өкінбейтін пенде жоқ. Жалғыз ұлым Ұшқын мен қызым Алмагүлді ер жеткізіп, үлкен азамат болды-ау дегенде қапалыста айрылып қалғаным маған қатты соққы болып тиді. Тағдырдың басқа салғанына көнбеске амал қанша, қиындыққа мойымай құдай қосқан қосағым мен екі балам, яғни  үш бірдей қимас жандарымды  ерте жоғалтсам да қайратыма мініп, жасымай, «бәрі Алланың жіберген сынағы» деп сабырлыққа салдым.  Бүгінде дос-жараным көп, ағайын-туысқа қадірлімін, ұрпағыма үлгілі анамын, немерелеріме сүйікті әжемін. Жастарға айтарым, қандай қиындық кездессе де  мұқалмай, бірлесе, ақылмен шешіп, сабыр мен төзіммен қараңдар дегім келеді.  Салған әуезді әніммен  ауданымыздың мәдениетінің дамуына «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығы ұжымымен бірге сәл де болса үлесім тиіп жатса, сол мен үшін зор қуаныш.

- Еліңізге айтар бір ауыз аналық тілегіңіз?

- Биыл міне, 70 жасыммен қоса  әкелеріміз қаны мен жанын бере жеткізіп кеткен Жеңістің 70 жылдығын да қарсы алғалы отырмын. Сол бір жылдары бар ауыртпалықты көзіміз көрді ғой.  Елімізде енді мұндай алапат болмасын,  қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбітшілік заман болсын деп тілеймін. Жақсылықтар қашан да мол болғай. Ауданымыз жыл өткен сайын құлпырып, жаңару үстінде. Бұл да ертеңгі ұрпақ үшін жасалып жатқан игілікті қадамдар. Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына аудан аналары атынан айтар алғысым шексіз. Қарауылымыздың қала тәрізді абаттанып, көркеюіне бар күші-жігерін  жұмылдырып жатыр. Елбасымыздың көрегендігінің арқасында әлемнің дамыған 50 елінің қатарына еніп отырмыз. Осының барлығы бүгінгі бейбіт заманның жемісті нәтижесі дер едім. Еліміз аман болсын, ел қамын ойлар ер аман болсын, аналық ақ тілегім сол...

- Сұхбатыңызға көптен көп алғыс білдіреміз. Торқалы мерейтойыңыз қайырлы-құтты болсын. Ауыл-аймағымыздың көркі болып арамызда ұзақ ғұмыр сүріңіз!..

 

Әңгімелескен Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Мөлтек сұхбат

Ауданымыздағы ақ желеңді арулар арасында алтын құрсақтылары көп, Алла бергенін көпсінбесін. Солардың арасынан абайлық қауым Гүлжанат Мұхаметәлиқызын да көпбалалы ана ретінде жақсы біледі. 8 Наурыз қарсаңында шаңырақ ұйытқысы болып отырған анаға арнайы жолығып аз-кем сөзге тартқан едік...

 

- Гүлжанат Мұхаметәлиқызы, сіздің түркінің бір бұтағы саналар Шығыс Түркістанды ен жайлаған ұлттың өкілі екеніңізден хабардармыз. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Осынау игілікті шара мен Аналар күні қарсаңында өзіңізден арнайы сұхбат алуды ұйғардық. Жалпы, болмысыңыздың қазақы сипаты мол екенін білеміз, бұл жөнінде не айтасыз?

- Иә, бұрындары дәстүрге сай ұлттық киім үлгілерін киіп, ұлттық ас мәзірін қамдауды  дағдыға айналдырған едік. Бірақ, қазақы тәрбие мен қазақтың әдет-ғұрпы қанымызға мейлінше сіңісті болып кеткен. Қазаққа тән барлық ізгі қасиетті өз бойымнан іздейтінімді жасырмаймын. Дархан мінезді далалық мәдениет ешкімді жатсынбайды, баршаны бауырына тартып, барымен бөлісуге әзір. Қазақты өзгеден ерекше етіп тұратын ізгі қасиеттің бірі осы дер едім. Өзім көп балалалы отбасында өстім, сол себепті көпшіл болдық. Ал қазақ әрдайым өз үйінің баланың сыңғыр күлкісіне толы болуын тілеген. Мектеп жасынан бастап Абай мен Шәкәрімнің даналық сөздерін бойымызға дарытып өстік. Қазақы мінез бәлкім осы себептерден қалыптасқан болар...

-Көп балалы ана екенсіз. Жанұяңыз туралы тоқтала кетсеңіз...

- Отағасы Тұрсын Шакуруков ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы болып қызмет етеді. Өзім 6 құрсақ көтердім, бұл күндері 5 бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Ұлым Бекзат Еуразия колледжін тәмамдап, өрт сөндіруші мамандығын алып шыққан. Қазіргі уақытта отау құрып, Қуаныш атты тәтті немеремнің қызығына бөлеп отыр. Келінім Төлтаева Назерке Семей қаласында бала-бақша тәрбиешісі болып қызмет атқарады. Қызым Гүлзат оқуын үздік бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі атанды, бүгінде ауданның «Қазақтелеком» бөлімшесінде жұмыс істеп жүр. Екінші ұлым Ернұр Семей қаласындағы Геодезия және Картография колледжінің студенті. Ал, Жандос есімді ұлым биыл Абай мектеп-лицейін тәмамдайды. Ұлттық біріңғай тестілеуге қызу дайындық үстінде. Әйгерім атты кенже қызым мектеп-лицейдің 3-ші сынып оқушысы. «Балалы үй базар» деген рас, шүкір, қуанышымыз қуанышқа ұласып жатады. Перзенттерімнің спорттағы, білімдегі, өнердегі және өмірдегі жетістіктеріне әрдайым марқайып, мерейленіп отырамын.

- Отбасыңыздың қызығы тарқамасын! Халықаралық аналар мерекесіне орай аудан тұрғындарына айтар лебізіңіз болса, мархабат...

-«Алып та анадан туады» дейді қазақ даналығы, отбасының ұйытқысы болып отырған аналарды көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Егемен елдің ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелеріміздің, ақ самайлы аналарымыздың үлесі зор.  Аналық пейілмен тілерім - көзіміздің ағы мен қарасындай осы ұрпақ имандылық пен білімді қатар сіңіріп, әрдайым еңбектеріңізді ақтай берсін! Шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін! Дастархандарыңыз ырысқа толы болсын! «Әке – асқар тау, ана баурайындағы – бұлақ, бала –жағасындағы құрақ» дейді халқымыз. Ел іргесі аман болып, әр шаңыраққа берекесі ұяласын дегім келеді.

-Айтқаныңыз келсін! Отбасыңызға мол жақсылық тілейміз! Тұрсын ағамыз екеулеріңіз перзент қызығына кенеле беріңіздер! Сөз соңында Халықаралық әйелдер мерекесімен және де көктемнің осынау көрікті мейрамымен тұспа-тұс келген туған күніңізбен құттықтауымызды да қабыл алыңыз!

 

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Page 6 of 7

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!