ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫҒА ӘН АРНАДЫ  

Рухани жаңғыру: ұлттық сана серпілісі

                Өз дәуірінде ұлт ұстазы атанған Ахмет Бай­тұрсынов: «Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған» деп аса жоғары бағалаған дала данышпаны, қазақтың бас ақыны Абайдай дананың әкесі аға сұлтан Құнанбай қажыға бүгінде аз құрмет көрсетіліп жатқан жоқ. Таяу арада  бюсті орнатылып, кітап та шығарылмақ.  Міне, тарихи тұлғаға ән де арналды. «Дарынды - дархан, талантты - тарлан, тектіні - тұлға» деп бағалай білетін халықтың ұрпағымыз ғой. Ендігі әңгімеміздің арқауы Құнанбай қажыға байланысты туған ән мен сол әннің авторы жайлы болмақ. 

   Тектінің тұяғы, асылдың сынығы болған  Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы өз жерлесіміз, 1965 жылы 26 қаңтарда Архат  ауылында дүниеге келген. «Тектіден текті туады» демей ме,  Ернұр Абайдың үлкен атасы Өскенбайдың туған ағасы Мырзатайдан тарайды. Мырзатайдың  Жұман деген ұлынан сегіз ұл туған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында сол замандағы сатирик, сыншы, сайқы мазақ әңгімешіл етіп бейнеленген адам. Тарихта қазақтың бірінші сатиригі болып аты қалған.   Рахымжан, Толғанбай, Әзімбай т.б. Әзімбайдан Қыдыр, Шыңғыс, Айтқазы деген үш ұл бар. Бір кезде  «Социалистік Еңбек Ері» атанған  Шыңғыс Әзімбаевты білмейтін ел кемде-кем.  Қыдыр атасы ҰО соғысының мүгедегі болған еңбекқор жан болған деседі. «Еңбек Қызыл ту» ордені мен бірнеше медаль, ордендердің иегері атанған атасы ауданның іргетасын қаласқан адамдардың бірі болған. Ал Айтқазы соғыста  хабарсыз кеткен.  Өзінің шыққан тегін термелеген Ернұр  атасы Қыдырдың Мұсабай деген ұлынан тараған он баланың бірі  екендігін айта келе, Ерсін, Ернар деген ағаларының Астана қаласында тұратынын әңгімеледі. Алтын құрсақты  аяулы анасы Теңдік  Семей қаласында кенже ұлы  Бақытжанның қолында тұрады. Ал, апа-қарындастары Нұргүл  Алматыда, Гүлнар, Дария, Лаура ел ордасы Астанада, Нұрпан, Назгүл Семей қаласынан орын тепкен.   

1983 жылы әскер қатарынан азаматтық борышын өтеп келген Ернұр Қарағанды қаласындағы арнаулы милиция жоғары мектебіне түседі. Аталмыш білім ордасын абыроймен тәмәмдаған болашақ тәртіп сақшысы ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылы Семей облысы Жаңасемей аудандық  ішкі істер басқармасының алдын алу қызмет инспекторынан бастайды.

Зеректігімен, талапшылдығымен көзге түсіп үлгерген жас маман қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметте белсенділік танытады. Еңбек жолын тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімшесінің бастығы, ІІМ-нің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметін адал іспен, қырағылықпен атқарып шыққан Ернұр Мұсабайұлы 2007 жылы Көкшетау станциясының ЖІІБ  бастығы лауазымына тағайындалады. Ұжымда зор бедел мен құрметке ие. Ішкі істер саласында ауыр қылмыстарды ашу кезеңінде ерекше шеберлік, ептілік пен жоғары жауапкершілік танытқаны үшін Ернұр Мұсабайұлы «Ең үздік полиция бастығы», «Үздік қызметі үшін», І,ІІ, ІІІ дәрежелі  медальдармен,  ҚР  ІІМ-нің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 

Жалпы, кейіпкеріміздің сан қырлылығына тоқталар болсақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру жолында зор еңбек жасап жүрген азамат. Өзінің үйінде атадан мирас етіп сақтап келген Шәкәрім қажының мүліктерін мемлекет меншігіне табыстады. Қарағанды қаласындағы орталық мешітке Әнет баба атын беруге ат салысып бабамыздың асын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бойында зиялылықтың дәні бар  Ернұр Әзімбаев Құнанбай қажының Қарауылдағы және Қарқаралыда ескерткішін қоюға да бар көмегін аямай жүр.  Ағайындарын ұйымдастырып Құнанбай мешітіне автокөлік сыйға тартты. Елге,туған  жерге деген тағзымын осылайша ісімен дәлелдеп жүрген  Ернұрға жерлестері де дән риза. Жақсының көзіндей болған Ернұр аталары Әнет бабаға, Құнанбай қажыға, мұзбалақ ақын Мұқағалиға, әйгілі Шәмшіге арнап толғаулар жазып, ән шығарып елге таратып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуде. Бұдан бұрын да 20 дан астам әндерді өмірге әкелген Ернұр Әзімбаевтың  енді міне, «Құнанбай қажыға арнау» әні тыңдармандарына жол тартпақ. 

Отан алдындағы борышын да жақсы атқарып, құқық қорғау саласында адал еңбегімен танылып, шәкірттер тәрбиелеген полковник мырза 35 жылдан аса талмай қажырлы қызмет етіп келеді. Халық үшін жасаған еңбегі еленіп «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды. Өз саласы бойынша «Қолдаушы» медалінің және  Ішкі Істер  органдарындағы мінсіз қызметі үшін бірнеше медальдар мен ордандерді өңіріне жарқырата тақты.

Бүгінде зайыбы Әзімбаева Зария Орынғалиқызы екеуі 4 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 5 немере сүйіп отыр.Үлкені  Дархан жанұялы, Айпара,Омар,  Айлана атты үш баласы бар. Егіз қыздары Еңлік пен Теңлік тұрмыста. Олардан Жәния, Байсал атты жиендер өсіп келеді. Талғат есімді кенже ұлы 12 жаста.   Барлығы да Астанада тұрады.  Кім-кімге болса да көмегін аямайтын, бүкіл қазақ балаларына қамқор бұл жанұя - үлгілі отбасы.

Тағы бір айта кетерлігі,  бүгінгі таңда қазақты әлемге танытқан Абайды дүниеге әкелген Құнанбай қажының бойына сіңірген діни тәрбиенің бастауы Алла әмірімен, одан соң Расул Алла сүннетімен, одан кейін ата-ана тақуалығымен, содан соң барып Тобықты ішіндегі Әнет баба мен Нысан абыз, Кеңгірбай би секілді тұлғалар әсері десек еш қателеспейміз. 1875-1876 жылдары Құнанбайдың қажылыққа барған сапары да ел жадында. Бұл сапарында дана тұлға қазақ қажылары тегін түсіп тұрсын деген ниетпен шамамен 1876 жылы тәкия салғызды. Әрі 280 адамды өзімен бірге сол сапарға ерте барған екен. Құнанбай қажы мешіті ең алғаш Мекке Мәдинада салынса бүгінгі таңда Қажы атындағы мешіт Абай елінде орналасқан. Жақында осы мешітке Тобықты елінің Ырғызбай руынан тараған, атағы үш жүзге мәлім болған Өскенбай бидің көзі тірісінде жомарт атанған, туған ағасы Мырзатайдан туған Жұман атаның сегіз ұлынан тараған ұрпақтары Рақымжанов Ертай Арғынғазыұлы мен  әннің авторы Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы ағайындырын жиып  автокөлік сыйға тарту етті.

Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген Ақшоқының қазақ тарихында алар орны бөлек. Ақшоқының өзі Кіші Ақшоқы, Шеткі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы деп үшке бөлінеді. Әрине, Ақшоқыны жұрттың көбі ең әуелі данагөй Құнанбай бабамыз мәңгілікке тыныс тапқан киелі мекен ретінде біледі. Алайда, Абай еліне ке­ле­тін туристер мен басқа да қонақтардың көпшілігінің Бөрілі мен Жидебайға ғана со­ғып, Ақшоқыны айналып өтіп кетіп жүргені мәлім. Бұл сірә, Ақшоқының ең әуелі жолдан қиыс, екіншіден, насихаттың аздығынан, басының қараусыз жатқандығынан болар деп топ­шыладық. Ал Ақшоқының ұлы Абай өмірінде алар орны, ақынның алғаш­қы жарын сүйген ләззатты шақ­тары мен Әбдірахмандай аяулы ұлын өз қолымен ақтық сапарға аттан­дырған қамырықты сәт­терін өткер­ген қасиетті өлке екен­дігін ескермей жүрген секіл­діміз. Біріншіден, Ақ­шоқы – ұлы тұлғаның қыстау салған жері. Екіншіден, алғашқы жары Ділдәмен шаңырақ көтерген құтты қонысы. Ақшоқының Құнан­бай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы әлі күнге дейін сақ­талған. Ақын әуелде Үлкен Ақшоқыны мекен еткенімен, көп ұзамай бір жарым шақырымдай жер­дегі Кіші Ақшоқыға көшкен көрінеді. Аз ғана ғұмырында «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп», «боямасыз ақ көңіл жүрегін кірлетпей» дүниеден өткен сүйікті ұлы Әбіштің сүйегін 1895 жылы наурыз айында осы Кіші Ақшоқыда қарсы алған дейді.

«Әбішті Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қасына жерлеуге алып жүргенде Абай пәуес­ке соңында салт бара жатыр еді. Сақ руына сіңген керей Байысұлы Қыдыралы артынан барып сөйлесіп еді, Абай пәуескені тоқтатып, жолдың оң жағындағы шиді нұсқап, солай жіберді» – деген көргендер», – дей келіп, «бір ғажабы, осы зарлы қоштасу болған орында түп-түп ши  бүгін де өсіп тұр» деп жазады Бекен Исабаев.

Нар тұлғаның ерекше жақсы көрген, келешегінен зор үміт күткен ұлдарының бірі, «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Абы­лай» поэмаларын жазған Ма­ғауия Шеткі Ақшоқыда дүние салған. Ақын ұлының сүйегін Үлкен Ақшоқыға қарай алып жүргенде «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жүріп отырған деседі. Осындай шерлі де шежірелі тарихы бар Ақшоқыны Құнанбайға ғана қатысты деуге бола ма?  «Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5 мыңнан астам кісі есімі аталады екен.

«Шіркін-ай, осы 407 жер-су атауы түгелдей тізімделіп, «бұл жерде ұлы Абай қыстау салған», «мына жерде ақын сүйікті ұлымен қоштасқан» деген белгілер қойылса қандай ғажап болар еді дейміз.

Ақшоқыдағы Құнанбай қоры­мын мемлекет қамқорлығына алу жөнінде соңғы жылдары аз айтылып жүрген жоқ. Әуезовтің ұлылығы сол, «Абай жолында» жер-су атауларының бәрін жазып, айтып кеткен. Тарихи жер атауларын сақтау үшін бәріне белгі қою керек. Ұлы Абайдың 150 жыл­дық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқор­лығымен Жи­дебайда алыптарға ғажай­ып кесене салынып, Шыңғыс елі ру­хани жаңғыруды бастан кешсе, Ақшоқыға да осындай бір рухани серпіліс  қажет-ақ.

Ақ­­шоқыға келсек, дәл қазір Құнан­бай бабамыз халқымен қайта қауышқан тұста ұлы ақын­ның әкесі жатқан мекен алаш баласы аялдайтын қасиетті орынға айналуы қажет. Қазір Ақшоқыға кісі бармайды. Бара қалғанның өзінде келушілерді қарсы алатын, Ақшоқының тарихы, қорымда кімдердің жерленгені туралы тәптіштеп айтып беретін адам жоқ. Біз Абайдың басына қалай келетін болсақ, ақынның әкесіне де солай келуіміз керек. Ақшоқыға дейінгі 21 шақырым жол асфальт­талса тіпті ғажап болар еді. Ернұр Мұсабайұлы Әзімбаевтың Құнанбай туралы әнін тыңдап отырып осындай сан түрлі ойға қаласың. Аға сұлтан Құнанбайға  арналған ескерткіш ашыларда осы ән орындалса деген ниет де жоқ емес. Ал ән авторына Абай еліне жасап отырған қаншама қыруар істері үшін  құрметтеп «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағын  берсек, тақиямызға тар келмесі анық. «Әнді сүйсең менше сүй...» деп хакім Абай айтып кеткендей, енді тұсауы жаңа кесілген жаңа әннің сөзі мен нотасын  назарларыңызға ұсынайық!..  

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

                                                                                                                                          

Жаңа ән

 Құнанбай қажыға арнау

 

Атағы мәлім үш жүзге,

Құнанбайдай көреген.

Шыңғыстау мен Қарқаралы,

Елінде әмір жүргізген.

Арын қорғап қазағымның,

Қарадан хан сайланған.

Егеменді ел болуға,

Бұхараға ой салған.

 

Қайырмасы

Аға сұлтан айбарым,

Рухым сенде мәңгілік.

Жетті міне осы күнге,

Ұрпақтарың  жаңғырып.

 

Қарауылда құйып қойды,

Мүсініңді ел болып.

Кіндігінде жер шарының,

Отырғандай ой шолып.

Аруағы қажы атамның,

Риза болсын  халқына.

Бақ-дәулеттен адастырмай,

Мәңгілік ел жолында.

Қайырмасы

 

 

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар