Хакімге тағзым
Расында, дана Абайдың дүние есігін ашқан күні 10-шы емес, 23-ші тамызда екенін бүгінде зиялы қауым өкілдерінен бастап барша қауым мойындап қойғандай. Хакім өмірін жете зерттеген Қайым Мұхамедханов пен абайтанушы Төкен Ибрагимовтың тұжырымдары Ибраһим Құнанбайұлының шынында да дәл осы күні өмірге келгенін дәлелдеп бере алады.
Хакім мұралары қашан да қадірлі. Әйтседе, оның артында қалдырған рухани мирасын туған күнінде тағы бір түгендеп, өсиеттерін ардақ тұту жарасымды іс. Осы ретте, тамыздың 23-і күні Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішінің алдында дана бабаға тағзым ету, шығармаларын насихаттауға арналған әдеби-сазды шара ұйымдастырылып өткізілді. Ұлттық ортақ мақсатқа ұйысуы, рухани жаңғырудың негізі Абайдан басталатыны дау тудырмас ақиқат. Бұл орайда осынау баға жеткісіз құндылықтарды мұқым көпшілікке паш ету мақсатында өткен шараға аудан басшылары, мекеме қызметкерлері мен ұлы ақынды ұлық тұтатын барша тұрғындар қатысты.
«Абай әлемі және Рухани жаңғыру» тақырыбындағы осынау мәдени һәм рухани шара ауданымыздың қадірменді қариялары Манатай Толғанбаев пен Байбота Орынбаевтың ескерткіш алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қоюымен басталды.
Айта кету ләзім, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан қазақ елінің бас ақыны, данышпан ойшыл, кемеңгер Абай бабамыздың туғанына 172 жыл толуына орай мерекеге қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдіріп өтті. Сонымен қатар, Абай атамыздың туған күні келесі жылдан бастап 10 тамыз күні атап өтілетінін жеткізді. Басшылар мұндай шешімге ақсақалдар қауымымен ақылдаса отырып келіпті.
Ауданымыздағы әрбір мерекелік шара халықтық өнермен көмкерілетіні белгілі. Бұл жолы да ұлы бабамыздың ескерткіші алдына жиылған жұрт «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі әншілерінің өнеріне тәнті болды. Абай бабамыздың ұрпағы, бұлбұл үнді әнші, «ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» Бақыт Шағатаева Абайдың «Татьянаға жазған хатын» ерекше тебіреніспен орындады.
Сонымен қөатар, Абайдың туысы, Мұхтар Әуезовтің тәлімін көрген ақсақал, ел ағасы Манатай Балтақайұлы да хакім жайлы ой толғап, жастарды Абай тәліміне терең бойлап, өлеңдерін жаттап қана қоймай мән-мазмұнын түйсініп оқуға шақырды. Ізінше дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Абайдың «Сегіз аяғын» нақышына келтіре орындап, құлақ құрышын қандырды. Осылайша Шыңғыстау аспанында Абайдың әуезді әндері қалықтады. Жанат Хайсина «Желсіз түнде жарық ай», Еркежан Мәнненова «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әндерін орындаса, кішкентай бүлдіршін Әсем Оразалина Абайдың бірінші қарасөзін мәнерлеп оқып берді. Қарауыл гимназиясының оқушылары Іскежан Арман мен Ғазизова Әмина да Абай аталарының өлеңдерін жатқа оқып көпшіліктің зор қошеметіне ие болды.
Қазақтың бас ақынына арналған әсерлі кеш әншілердің орындауындағы «Айттым сәлем Қаламқас» әнімен өз шымылдығын түсірген-ді.
«Абайдың қайтқан күнінен қаншама алыстасақ, оның рухына соншалықты жақындай түсеміз», - деген екен заманында алашорда арысы Міржақып Дулатұлы. Абай атамыздың есімін, қалдырған рухани құндылығын бұдан да жоғары көлемде, халықаралық деңгейде насихаттау керектігі бүгінде айқын байқалуда. Ол күн де алыс емес шығар, бәлкім. Руханиятсыз халық болмайды. Бүгінде ақыл-өсиеті телегей теңіз Абай атамыздың ұлылығын басқалар да танып жатыр. Бізден тілек - ақынның мұраларын насихаттау жұмысы алдағы уақыттарда бұдан да ауқымды бола түссе екен дейміз.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Абай елі»
