Басқа айдарлар

 

 

Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің арасында «Самғау» ұлттық байқауының қорытындысы жарияланды.

«Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясының ұйымдастыруымен өткен байқауда қазақстандық брендтер тақырыбына арналды.

Онда еліміздің жер-жерінде экономика тақырыбына қалам тартып жүрген әріптесіміз жеңімпаз атанды.

 Жиында конкурстың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Римма Тәжібаева байқаудың отандық өндірушілердің беделін арттыру арқылы төл нарығымызды қалыптастыру және халық арасында отандық өнімді насихаттау үшін БАҚ өкілдерінің күшін біріктіруге арналғанын атап өтті.

–Біз қашаннан бері отандық өнімдердің шетелдікінен артық болмаса, кем еместігін айтып келеміз. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, елімізде жасалған өнімдердің сапасы мен пайдалы қасиеттері, дизайны жағынан айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Алайда, өз тауарларымыздың артықшылықтарын насихаттау жағы кемшін қалып келеді. Мұны жасыра алмаймыз. Сондықтан байқауды ұйымдастырғанда да, осы олқылықтың орынын толтырып, журналистер қауымын жұмылдыруды көздедік. Біз сол міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймын. Яғни, журналистер арасынан қызығушылық толқынын тудыра алдық, - деді ол.

Оның айтуынша, байқауға 200-ге жуық журналист қатысты.  Олардың денін 18 бен 29 жас аралығындағы жастар болды.

Сонымен бірге ол биылғы наурыз айында байқау жеңімпаздарының Мәскеу қаласына барып, еліміздің өнімдерін насихаттауға арналған көрменің жұмыстарымен танысатынын атап өтті.

Жиында осы іс-шара туралы Еуразиялық Іскери Одақтың атқарушы директоры Сергей Шубин айтып берді. Ол Мәскеу қаласында Еуразиялық Іскери Одақ-ЭКСПО көрмесінің ашылғанын, сол жерде Қазақстанның 20-дан астам бренді ұсынылып отырғанын, наурызға дейін олардың саны 100-ге дейін жететінін айтты. 

«Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Римма Тәжібаева осы мақсатnа өзі жетекшілік ететін ұйым мен Еуразиялық Іскери Одақ арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт жасау бойынша даййындық жұмыстарының жасалып жатқанын мәлімдеді.  

– Біз отандық өнімдерді барынша насихаттап жатырмыз. Елімізде бүкіл жер-жүзіне қазақстандық бренд болатын, соны ұялмай көрсететін өнімдеріміз жеткілікті. Сол үшін 8 наурызда «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында Астана қаласында «Ұлы дала» қазақстандық тауарлар павильонын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда халық маркасы сертификатына ие болған 100 үздік отандық брендтің өнімдері шетелдік туристер назарына ұсынылады, – деді Р.Тәжібаева.

         Жиын соңында конкурсты ұйымдастырушылар «Самғау» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапаттап, оларға дүниежүзі елдерін аралауға мүмкіндік беретін сертификаттар табыс етті. Енді бас жүлдегерлердің қатарында болған  «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі Арнұр Асқаров Грузияға баратын болса, Bag.kz порталының журналисі Дәулет Жиенқұлов Біріккен Араб Әмірліктеріне жолдама алды. Сол сияқты «Самғау» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша номинациясының иегерлері – блогер Вера Ляховская Қытайға, Nur.kz порталының шығарушы редакторы Ақырыс Сейтқазы Үндістанға барады. Байқаудың Акмола облысы бойынша номинациясының иегері – «Қазақстан» РТРК Ақмола облыстық филиалы, Қазақстан-Көкшетау телеарнасының жүргізуші-редакторы Раушан Сайлауқызы Ресей Федерациясына, «Bnews.kz» ақпарат агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Хасан Еспанов Әзербайжанға, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат Қанафин Украинаға жолдама алса, «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова Түркияға жолға шығады. Сонымен бірге «Самғау» ұлттық байқауының Жамбыл облысы бойынша номинациясының иегері – «Shyraiber.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Айшат Жуасбаева Беларуське, Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Жәмила Мамырәлі Арменияға, «Неделя СК» облыстық апталық жарнамалық-ақпараттық газетінің шолушысы,  «Информбюро» ақпарат агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Алена Любушак Тайландқа барып келеді. Ал Қазақ радиосының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Дәулет Абылқасымовқа Египет Араб Республикасына жолдама берілді.

 

 

16 қараша күні С1 және С2 павильондарының арасындағы декоративтік конструкцияның құлағандығы белгілі. Құрылым тек декоративті болғандықтан, ешқандай функционалдық қызметті атқармады. Қосылған павильондарға ешқандай зиян келтірілмеген.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасының орынбасары В.Лютовтың басқаруымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия бұзылу себебін анықтау үшін тәуелсіз сарапшы компаниялар «КазНИИСА» мен «КазМИР» тартылды.

Бүгін біз сарапшылардың зерттеу нәтижелері белгілі болды.  Олар құрылыс барысында пайдаланылған материалдардың анализін жасады, декоративтік конструкцияның құрылысы мен жобалық жұмыстар зерттелді.  

Нәтижесінде комиссия конструкцияның құлауына жобалық кемшіліктер себеп болды деген шешімге келді. Атап айтсақ, мәселе дәл осы декоративтік конструкцияның жобалауында қателер кеткен. Бұл тек осы құрылым конструкциясының жобалауында кеткен қателіктер. Жобалауды жүзеге асырған субмердігер компания – «ЭМК» ЖШС (директоры Вайнштейн М.М.)

Көрме кешенін тапсырыс беруші қабылдап алмағандықтан декоративтік конструкцияның барлық шығынын мердігер компания - BI GROUP пен жобалаушы компания көтереді.

Жалпы, көрме кешенінде мұндай 8 декаративті конструкция бар. 16 қараша күні болған оқиғадан кейін олардың барлығы мұқият тексерістен өтті. Құрылыс не жобалық ақаулар табылмады. Десе де, констуркцияларды күшейту бағытында қосымша жұмыстар жасау бойынша шешім қабылданды.

 

 

 

Кітапхана қызметі 

Желтоқсанның бірінші жұлдызы – еліміз үшін елеулі мереке – Қазақстанның тұңғыш Президенті күні. Мемлекет басшысының қазақ елінің іргесін бекемдеудегі ерен еңбегін бағамдайтын, егемендіктің осынау жолындағы қайраткерлігін салмақтайтын күн. Президентіміз биік мінбелерден сөйлеген сөздерінде қалың елі қазағына тебірене тұрып – «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ» десе, енді бірде: «Қазақтың өзінің ұлттық қасиеттеріне қайта қалыптасуына қамқорлық жасау Президенттік те, перзенттік парызым» деген болатын.

Елбасының бастауымен Қазақстан әлемге танылды. Ұлт Көшбасшысының өмір жолынан үлгі ала отырып жас ұрпақты Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа, патриоттылыққа тәрбиелеу, Ұлылылар жұртының рухани қазынасын ортайтпау біздің де басты парызымыз. Бұл ретте аудандық М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі заманның ағымына ілесе отырып, көп салалы толыққанды ақпараттармен оқырмандарды қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде Абай ауданы халқын кітаппен қамтуда 10 кітапхана жұмыс атқарады. Бір аудандық, 9 ауылдық кітапханалар бар. Кітап қоры – 143 384 дана. Оның ішінде саяси -  қоғамдық  әдебиеттер – 39 000 дана. Осы орайда, оқырман арасында түрлі тақырыпта шаралар ұйымдастыру ісі кеңінен жолға қойылған. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Елбасы - Кемеңгер  көшбасшы» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді. Барлық ауылдық кітапханаларда «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Тәуелсіздік тұғыры» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, Архат, Қасқабұлақ ауылдық кітапханаларында «Тәуелсіздік және ұлттық рух» тақырыбында саяси сабақ өткізілді.  «Абай мұражайы – руханият ордасы» атты библиографиялық шолу Саржал, Тоқтамыс, Медеу кітапханаларында өтті.

      Орталық кітапханада «Нұр шашқан Тәуелсіздік алауы» бұрышы ұйымдастырылған болатын. Кітап қорындағы «Тарих ғылымдары» сөресінде Елбасының еңбектері жеке бөлімдермен тұрады.

         Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай М.Әуезов атындағы орталық кітапханада жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, дипламат ғалым Т.А.Мансұров мырза 7000 кітап сыйға тартты. Бұл сыйлық өте құнды кітаптардан тұрады. Ішінде ғалым өзі жазған Қазақстан-Ресей мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастары туралы монографиялар, Елбасымызға арналған Москвадан «Молодая гвардия» баспасынан 2015 жылы «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев» атты еңбек өте көп данамен келіп кітап қорымыз толықты. Осы ретте «Сыйлық» атты презентация өтті.

 Аталмыш іс-шараға мұрындық болып арнайы Астанадан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ ғалымдары мен өнерпаздары келіп, ректор Е.Сыдықов, академик Ғ.Есім, прфессор Н.Қалиев және басқада зиялы азаматтар келді. Е. Бәтташұлы 400-ге жуық кітаптар тарту етті. Сондай-ақ кітапханамызға педагогика ғылымдарының докторы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедрасының доценті ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының бас директоры Үмітхан Мұңалбаева ханым «Абайдың сөз өрнегі» атты бас кітапхана шығарған құнды дүниені тарту етті.

     Ал Архат ауылдық кітапханасында Президент күніне байланысты мектеп оқушыларымен «Ел ертеңін ойлаған Елбасы»  атты танымдық-тағылымдық кеш өткізілді. Оқушылар Елбасына арнаған өлеңдерін оқыды.

     Сонымен қатар, «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа оқушылар екі топқа бөлініп қатысты. Үш бөлімнен тұратын сайыстың «Сен білесің бе?» атты І бөлімінде оқушылар сұрақтарға жауап беріп жарысса, «Тәуелсіздікке тарту» атты ІІ бөлімде оқушылар екі шумақтан тұратын өлеңдерін оқыды. «Нұрсұлтан ата мақтанышымыз» бөлімінде оқушылар өз арман, ойларын қағаз бетіне сурет арқылы бейнеледі. Сайыс қорытындысы бойынша топтар мен белсенділікпен қатысқан жекелеме оқушылар марапатталды.         

     Бір бұл емес,  Қасқабұлақ ауылдық кітапханасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  елдігіміздің ертеңіне  ерекше бағдар беретін «Ұлт жоспары қазақстандықтарды арманға  бастайтын  жол» атты мақаласына орай хабарлама сағаты өтті.  

        Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына, өз алдымызғы отау көтеріп, әлемге танылып жатқанымызға 25 жылдың жүзі болды. Осы жылдың ішінде Қазақстан халқын бір атаның баласындай бір шаңырақ астында бауырластырып, олардың әрқайсысына туған тілін, дінін, мәдениетінің гүлденуі мен ұлт ретінде ұйыса дамуына мүмкіндік жасап, соларды қанаттандырып отырған Елбасының еңбегі ерен. Президенттің еңбегі – зор тарихи мәні бар еңбек. Мемлекет басшысы тек Қазақстан халқының ынтымақтастығын жарастырып отырған жоқ, ол бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниедегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға қосып отырған үлесі одан да зор. Жас ұрпақ арасында Елбасының осы күнге дейінгі жетістіктерін кеңінен насихаттау - кітапхана қызметкерлерінің негізгі мақсаты бола бермек.

 

 

Әсия БІТІБАЕВА,

М.Әуезов атындағы орталық

кітапхана әдіскері

 

Айналайын  Нұрсұлтан 

Абай  елі  атынан

Берейін  ақ  батамды

Тілейі  тілек  Алладан,

Пір  тұтып  Абай  атамды,

Ұлылар  рухына  табынған,

Қабыл  болсын  ниетің!

Құран  оқып,  бас  иген,

Парыз ғой  Алла  сүйетін,

Сапарын  келген  оң  болсын,

Сауапқа  жазсын, жол  юолсын

Алдағы  сайлау  кезінде,

Қолдаушылар  мол  болсын!

Үдей  түссін  шабысың,

Қомақты  болсын  табысың

Егемен  ел – қазақтың,

Маңдайдағы  бағысың.

Мұхаммедтей  кіршіксіз,

Алланың  сүйген  құлы  бол

Абылайдай  айлалы,

Қазақтың  адал  ұлы  бол!

Бетіңді  құдай  оңдасын,

Ақиқат  болсын  жолдасын.

Аяқтан  шалып,  қас  қылған,

Дұшпандарын  оңбасын!

Алдағы  сайлау  әділ  боп,

 Берген  батам  қабыл  боп,

Шәкәрім, Мұхтар, Абайдың

Аруағы  қолдасын!

 

Сөз - басқарма басшысында!

Бақтыгүл Сүбәтілғазықызы:

ҚАРЖЫЛЫҚ  ҚЫЗМЕТКЕ ҚАЖЫРЛЫЛЫҚ  ҚАЖЕТ

 

Елдігімізді,  Тәуелсіздігіміздің тұғырлылығын, өзге елдермен тереземіздің теңдігін танытатын бірден бір нышан - ұлттық валюта. Ол күндер бүгінде естелікке айналды. Сонау 1993 жылдың қараша айында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қолданысқа енген төл теңгеміз биыл  жиырма үш жасқа толды. Сол бір жылдары ел әлеуетінің өркендеуіне, экономикамыздың күш алуына ұлттық валютамыздың тигізген үлесі елеулі болғаны анық.

Теңгеміздің кескін - сипаты дизайны да мемлекеттік рәміздермен, еліміздің сәулет нысандарымен, табиғи ландшафтарымен бейнелене отырып, халық қолданысына тез сіңісті болып кетті. Ал, бүгінде теңгеміздің айналасында тың өзгерістер орын алуда. Осыған орай, ауданымыздағы қаржылық құрылым саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың төл мерекесіне орай ШҚО бойынша Қазынашылық департаменті Абай аудандық Қазынашылық басқарамысының басшысы Бақтыгүл Сүбәтілғазықызымен арнайы сұхбат өткізген едік.

 

-Бақтыгүл Сүбәтілғазықызы, алдымен сізді және сіз арқылы ұжымыңызды еліміздегі кәсіби мереке қаржыгерлер күнімен құттықтаймыз. Осы күн тарих парағында Ұлттық валюта күні болып, яғни төл теңгеміздің айналымға енген күні ретінде есте қалды. Сөз басында осынау атаулы күн жайлы пікір білдіріп өтсеңіз...               

-Рахмет! Қалыптасқан дәстүрге сай, жыл сайын төл мерекемізді әр түрлі іс-шаралармен атап өтуді игілікті дәстүрге айналдырғанбыз. Кәсіби мерекемізде, әсіресе, зейнетке шыққан ардагер жандарды ортамызға алу үрдісі қалыптасқан. Яғни, барлық қызметкерлермен бірігіп, қызығы мен қиыншылығы мол сала жайында арнайы сайыс ұйымдастырып, үздік әріптестерімізді марапатқа бөлеп, қал-қадірімізше атап өтеміз.  

- Жалпы Қазынашылық басқармасының қызметі, алға қойған мақсат-міндеттерімен бөліссеңіз?

-Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы қаржы министрінің қазынашылығын құру туралы №1526 жарлығына сәйкес, жер-жерде қазынашылық Департаменттері мен олардың жүздеген бөлімшелері құрылған еді. Осы жылдың 20 мамырында ҚР қаржы министрлігінің қазынашылық комитетінің ҚР қаржы министрлігінің қазынашылық құру туралы жөніндегі №549 қаулысына сәйкес, ШҚО бойынша қазынашылық Департаменті қаралып, оның Абай аудандық бөлімшесі де өз жұмысын бастаған еді. Жаңадан құрылған қызметте осылайша  қарқынды жұмыстар орын ала бастады. Айталық, Абай аудандық бюджеттік банк бөлімінің ғимараты мен материалдық құндылықтары ауданның жаңа қазынашылық бөліміне өткізіліп берілді. Осылайша 1998 жылдың 2 қаңтарынан штаттық кестеде 9 қызметкері бар қазынашылық бөлімі өз жұмысын бастады. Содан бері басқарма жұмысы байыппен алға басып келе жатыр.

Ал ел Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі №387 Қаулысымен «бөлім» «басқарма» атауына ауыстырылды. Міне, содан бері егеменді еліміздің жаңа құрылымдарының бірі, экономикамыздың қарқынды дамуына бюджеттік мекемелерге қызмет көрсету арқылы сүбелі үлес қосып келеміз. Биылғы жылы Қазынашылық органдарына 22 жыл толып отыр.

Қазынашылық – аты айқындап тұрғандай, ол мемлекеттік қазынаның, яғни мемлекеттік бюджеттің кіріс және шығыс түрлерінің атқарылуын іс жүзіне асыратын және оның мақсатты жұмсалуына бақылау жасайтын мемлекеттік атқарушы орган.

Қазіргі таңда Абай аудандық қазынашылық басқармасында облыстық бюджетке  қарайтын 4, аудандық бюджеттен қаржыландыратын 38, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшасын бақылау шоттары -23, квази секторлық субъекті -1, ақылы қызмет көрсетуде 2 шот ашылған.

-Ағымдағы жыл сіздер үшін несімен есте қалмақ? Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қызметтеріңізде қандай жаңашылдықтар орын алуда?

-Сауалыңыз орынды. Бұл тарапта айта кетер болсам, бүгінгі күні біздің жұмысымызда қазіргі заман талабына сай бірқатар ілкімді жаңашылдықтар орын алуда. Мәселен, қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелермен жұмыс барысында «Қазынашылық-клиент» жүйесі жақсы қалыптасып, алған бағытының дұрыстығын іс жүзінде дәлелдеді. Бір ауыз сөзбен айтсақ, қазынашылық жүйеде қағазбастылық азайып, артық сұраныстар мен хабарлар азайды. Бұл - үлкен жетістік.

Сонымен қатар, бүгінде Қазынашылық басқармасы мен мекемелер арасында электрондық байланыс орнап, электронды түрде аударымдар жүргізілуде. Қазынашылық жүйесі үшін ағымдағы жылдың жағымды әрі ең басты жаңалығы - келісім шарттарды электронды өтінім арқылы тіркеу болып табылады. 

Сөз орайында айта кетейін, біздің салада маманның біліктілігіне баса мән беріледі. Бұл ретте басқарма қызметкерлері үш жылда бір рет республикалық деңгейдегі қайта  даярлаудан өтіп отырады.

-Тәуелсіздік аясында 23 жасқа толған теңгеміздің тарихи таңбасы күн санап түрленіп, дизайны да заман талабына сай жаңартылу үстінде. Жуырда ғана Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы бейнеленген 10 мың теңгелік кәдесыйлық ұлттық валюта мен монеталар таныстырылған еді. Желтоқсан айынан бастап қолданысқа енетін жаңа банкноттар жайлы анығырақ баяндасаңыз.

-Иә, өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдарынан құлағдар болып отырғандарыңыздай, Ұлттық Банк төрағасы  Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы бейнеленген 10 мыңдық кәдесыйлық банкнот пен монеталардың шығарылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жаңа банкноттар осы жылдың 1 желтоқсанында айналымға енгізілетінін де жеткізді. 

Аталмыш банкнот бірегей технология нәтижесінде ерекше қорғаныш қабілетіне ие. Онда өмір ағашы, сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарихты жинақтау белгісі ретінде жасалған жәдігерлік элементтер ерекше дизайнмен орналастырылған. Бұл теңгеліктерді алған адам оны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығынан естелік ретінде сақтап қояры анық.

-Жалпы өзіңіз осынау жауапты міндет жолында қай жылдардан бастап еңбек етіп келесіз? Мекемедегі абырой иелері атанған қызметкерлеріңіз жайлы тоқталсаңыз...

-Мен осы саладағы еңбек жолымды 1992 жылы 11 мамырда Қарауыл ауылының есеп –айырысу касса орталығында оператор болып бастап, осы мекеменің ішінде сектор меңгерушісіне дейін жоғарыладым. 1997 жылы мекемеміз Бюджеттік банк болып атауы өзгерді. Ал 1998 жылдың 2 қаңтарынан Абай аудандық қазынашылық бөлімі болып өзгертілгенде қызметімді бас маман-бас қазынашы болып бастап, бөлім бастығының орынбасары лауазымына дейін жоғарыладым. Осылайша, 2008 жылдың 23 қыркүйегінен бастап басқарманың басшысы қызметіне тағайындалдым. Осынау қызметке деген сүйіспеншілік, жұмысқа деген ынта адамды үнемі алға ұмтылдыратыны анық. Бұл ізгі қасиетті өзге әріптестерімнің де бойынан байқаймын. Мәселен, Абай аудандық қазынашылық бөлімінің алғашқы құрылған күнінен бастап мемлекеттік қызметкер деген атқа кір келтірмей өз лауазымдарын жауапкершілікпен атқарып келе жатқан, төлемдерді алдын – ала бақылау және енгізу тобының бас маман-бас қазынашысы Н.Г.Жакишбекова, операциялық топтың бас маман-бас қазынашысы Л.Мұхаметқалиева және басқарма басшысының орынбасары С.Әсетұлын осындай өз мамандығына шексіз берілген жандар қатарына жатқызамын. Сонымен қатар, ізімізді басып келе жатқан кейінгі толқын жас буын мамандар А.Байжуманова, Ж.Шәкенова және А.Кентбекұлының абыройлы қызметтерін атап өткен орынды дер едім. Біздің қызмет асқан жауапкершілікті, іс барысында мұқияттылықты талап етеді. Осынау үдеден табыла білу біз үшін үлкен абырой.

-Мекемелеріңіздің  материалдық-техникалық базасы қалай қалыптасқан?

-Басқарманың материалдық техникалық жағдайына келсек, барлық қызметкерлер жеке жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Басқарма бүгінгі заман талабына сай сканьер, ксерокс және принтерлермен, кәсіби бағдарламалық жүйе орнатылған компьютерлік құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда материалдық тұрғыдан ешқандай мұқтаждық жоқ.

-Сұхбатымыздың соңында ауданымыздағы қазынашылық жүйесінің жетістігі жайлы айтып өтсеңіз. Облысымыздағы рейтингілік көрсеткіш бойынша  қандай межеден табылуда?

-Ағымдағы жылы ШҚО бойынша қазынашылық Департаментінің рейтинг қорытындысы нәтижесінде орташа деңгейдеміз. Себебі, штат бойынша 8 адам жұмыс жасауы тиіс мекемеде биылғы жылдың ақпанынан бері небары төрт адам ғана зор жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді. Басты себеп сол, салаға қажетті мамандардың жеткіліксіздігі жұмыс қарқынын шамалы тежеп, аймақ бойынша сараланған көрсеткішімізді сәл төмендетіп тұрған жайы бар. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орынын толтырып, жоғары көрсеткішке қол жеткізуге барымызды салатын боламыз.

- Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.Еңбектеріңіз әрдайым табысты болғай. Ауданымыздың да, байтақ отанымыздың да қазынасы ортаймасын!

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

Аудандық конференция

 

                         

Әрбір саналы азамат өз елінің,  кіндік қаны тамған жерінің өткен тарихын тани білуі һәм қадір тұтуы тиіс. Атамекеннің арғы-бергі тарихын, ондағы орын алған тағылымды жайттардан мол мағлұматта болу оңай нәрсе емес. Қазақ елінің де ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан талайлы тарихы, мол рухани қазынасы бар. Бірақ сол қазынаны қаншалықты игеріп жүрміз. Барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуде қол жеткізген жетістіктеріміз қандай? Міне, бүгінгі Тәуелсіздік биігінен көз тастар мәселелердің негізгі дені осылар. Бұл бүгінгі азат елдің жаңа буыны үшін, ертеңгі келер ұрпақ үшін аса қажет. Қамти айтар болсақ, жалпықазақстандық құндылықтарды игеруде кенжелеп қалуға болмайды. Бұл ретте абайлық көзіқарақты қауым бірқатар ілкімді істерге бастамашы болуда.  

 

Жуырда Қарауыл гимназиясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Өлкетану - өңір мұрасы» атты ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Осынау білім ошағынан түлеп ұшқан, бүгінде ауданның тарихи-өлкетану мұражайында қызмет етіп жүрген Бауыржан Асқардың  ұйымдастыруымен өткен  бұл шара ауданымыз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл басқосудың мазмұны тым ауқымды -  туған өлкемізді танып-білу, Абай елінің тарихи жерлерін еске сақтау, Алаш ардақтыларын құрметтеу және оқушыларға патриоттық тәрбие беру болатын. Осы мақсатында өткізілген шара барысында әр ауылдан даярлықпен келген шәкірттер үш бағытта ғылыми жоба қорғады. Атап айтсақ, архелогия секциясы бойынша 4 өрен, «Тәуелсіздік тірегім» секциясы бойынша 6 бала, «Алаш орданың құрылғанына 100 жыл» секциясы бойынша 10 оқушы қатысты.

Білім сайысы басталмас бұрын Қарауыл гимназиясының тарих пәні мұғалімі Тоғжан Абламбаева сөз алып, өткізіліп отырған шараның маңыздылығын, мәнін түсіндіре келе, ендігі аралықта жыл сайын жалғасып отыратындығын жеткізді.

Сонымен үш кабинетке бөлінген жоба қорғаушы оқушылар аталмыш тақырыптар бойынша өз білім-біліктерін сарапқа салды.

Археология секциясы бойынша алғашқылардың бірі болып сөз бастаған Көкбай орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дулатқызы Құралай ауданымыздағы бірегей тарихи орын Сарыкөл ғибадатханасы жайлы слайд көрсете отырып, кеңінен әңгімеледі. Расында Сарыкөлдің біз білмейтін, тарих қатпарларында жасырылған құпиясы мол екен. Бұл орыннан ежелгі Түркі қағанаты дәуірінен қалған жәдігерлер табылған болатын. Әлі күнге дейін археологтардың қызығушылығын тудыруда.

Ал Молдағалиев орта мектебінің 10 сынып оқушысы Маратқызы Жанерке «Туған өлке-тұнған шежіре» тақырыбында өз ауылының тарихи жерлерін сипаттап, Тоқтамыстай баһадүр бабамыздан қалған ту, қылыш, найзасының ұшы сынды  жәдігерлердің құндылығын паш етті.

Сонымен қатар, Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы Кәкімова Жұлдызай «Архелогия - бабалар мұрасы» тақырыбында ауданымыздағы Шілікті кезеңі, Күңке, Айғыз  қоражайы т.б. сынды орындардағы тарихи тұлғалар жерленген жерлерді слайд арқылы көрсетіп, әр жылдардағы басылым беттерінен алынған деректермен таныстырды. Ал Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Зейнелова Айпара аудан бойынша жүргізілген археоргиялық зерттеулер бойынша әңгімелеп берді.

«Тәуелсіздік тірегім» секциясындағы жоба қорғаушылар да ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті тереңнен қозғап, егеменді еліміздің бүгінгі тынысын теберене жеткізді. Ұлт Көшбасшысы, Астана жайлы да слайдтан көрсетіліп, елін сүйген, елі сүйген Елбасының елі үшін сіңірген еңбегі жырға қосылды. Алаштың ардақтыларының есімдері аталып, азаттық жолында жан қиған күрестері айтылды.

Осылайша,  «Өлкетану –өңір мұрасы» атты ғылыми- танымдық конференцияда өрендердің ой-танымы,  жиған-терген білімі сарапталған мезет те өз мәресіне жетті.  Қатысқан оқушылардың ғылыми жобаларының тақырып ауқымы, жетекші ұстаздарының еңбектері бағаланып,  жоба үздіктері анықталды. Ғылыми-танымдық конференцияда үздік жобаларымен топ жарған оқушылар тізіміне тоқтала кетсек:«Археология» секциясы бойынша: І орынды  Көкбай атындағы орта мектеп  11 сынып  оқушысы Дулатқызы Құралай, ІІ орынды  Ж.Молдағалиев атындағы орта мектептің   10 сынып  оқушысы Маратқызы Жанерке, ІІ орынды «Қарауыл гимназиясының»   8 сынып   оқушысы  Кәкімова Жұлдызай иеленсе, 

      ІІІ орынға Абай мектеп- лицейінің 10 сынып оқушысы   Зейнелова  Айпара  лайық деп танылды. «Тәуелсіздік тірегім» секциясы бойынша:І орынды  Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы   Белгібаева  Зарина қанжығасына байласа,

ІІ орынды М.Әуезов орта мектебінің 8 сынып оқушысы   Қазбеков Ерасыл еншіледі. Ерасыл Мұхтар атамыздың Бөрілі мұражайы жайлы тың декректер қамтылған банер әзірлеп әкеліпті. Тағы бір ІІ орынды Ш.Әбенов орта мектебінің 9 сынып оқушысы Батишева Ақнұр бағындырды. Ал ІІІ орын Қарауыл гимназиясының 8 «ә» сынып оқушысы Әнуарова Ақбатаға, Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Бейбітқызы Аидаға, сондай –ақ Шәкәрім орта мектебінің 9 сынып оқушысы Толымжанова Мадинаға берілді.  «Алаш Орданың құрылғанына 100 жыл» секциясы бойынша: Қарауыл гимназиясының оқушысы Алтынбекқызы Іңкәр І- орынды қоржынына салса, жүлделі ІІ орын үш өренге: Тоқжігітов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары  Саясатова Аружан мен Абылғазина Дианаға және Абай мектеп- лицейінің шәкірті Мәденова Мәдинаға бұйырды. ІІІ орын да екі үміткерге берілді. Қарауыл гимназиясының оқушысы Скежан Арман мен Бекбосынов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Төлеуғазин Олжас олжалады.  Бұған қоса Қарауыл гимназиясының оқушысы Құрманов Алмас пен Тоқжігітов орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әділ Ақерке және Абай мектеп-лицейінің шәкірті Кенжеғалиұлына Алғыс хаттар табысталды.  Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен һәм сыйлықтармен марапатталды.  Өскелең ұрпаққа тәлім болардай осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын тауып, маңыздылығын арттыра жалғасын таба бермек деген ойдамыз. Ғылыми- танымдық конференция деген атына сай зор мән беріле өткілсе деген ой да жоқ емес.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

                   ҒАСЫР ҚАСІРЕТІ МЕН АТА ЗАҢҒА АРНАЛДЫ

 

Биылғы жыл байтақ Отанымыз үшін, әсіресе, Абай елі үшін айрықша маңызға ие жыл. Осыдан 25 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда тек еліміз үшін ғана емес, бейбітшілік сүйгіш күллі әлем үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, халқымызға зор қасірет әкелген Семей полигоны мәңгілікке жабылды. Осынау қуаныштың соңын ала көп ұзамай қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялады. Ширек ғасыр толып отырған қос қуаныш әлбетте, ұлылар елі үшін де айрықша мәнге ие.

Осы сөзіміздің жарқын айғағы болар, Абай елінде осынау атаулы мерекелер құрметіне арналып, түрлі сипаттағы көптеген іргелі шаралар жалпыхалықтық деңгейде ұйымдастырылып өтуде. Атап айтар болсақ, жуырда, тамыз айының 29 жұлдызында қастерлі шаңырақ М.Әуезов атындағы орталық кітапханада кітапхана қызметкерлері Айман Көкебаева мен Шынар Рахымжанованың ұйытқы болуымен 29-тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні және 30-тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік кеш өткізілді. «Жер жарасы - ел наласы» және «Ата Заңым аялайды елімді!» тақырыбында ұйымдастырылған мерекелік мәні зор шараға аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлы, «Нұр Отан» партиясының Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайырғазы Нұрлыбекұлы, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлінің басшысы Еркебұлан Сағындықов, бөлім орынбасары Елдар Оразалы, «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Қарауыл ауылындағы қызмет көрсету орталығының бастығы Күдерина Сая Аманбекқызы және ауданымыздың қадірменді ардагер ағалары, әлеуметтік қызметкерлер мен «Асыл» қоғамдық қорының көмегін алушы ата-аналары мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Еліміздің Әнұранымен бастау алып, іле кітапханашы А.Көкебаеваның кіріспе сөзімен ашылған мерекелік кеш әсіресе жас ұрпақ үшін тағылымға толы болды. Сонымен қатар, еліміздің өткені мен қасіретті тарихы жайлы танымдық сипатын да атап өтуге болады.  Мәселен, ғасыр қасіреті атанған Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай кітапханашы Шынар Рахымжанова «Жер жарасы - ел наласы» атты тақырыптық көрмеге  библиографиялық шолу жасады. Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкер Ләззат Ибраева да полигон қасіреті жайлы өзінің ой-толғамын ортаға салса, «Үйден әлеуметтік қызметтер көрсету» бөлімшесінің тәрбиеленушісі Слямжанова Елдана «Егемен ел – Қазақстан!» әнін асқақ дауыспен көпшілікке арнап тарту етті. Келесі кезекте сөз алған кітапханашы А.Көкебаева Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі болатын Ата Заңымыз жайлы кең көлемді баяндама жасап, «халқымыз бірлікте, татулықта тыныш өмір сүрсін, еліміздің абыройы мен мәртебесі асқақтай берсін» деген ақжарма тілегін де жеткізе кетті. Сонымен қоса, мемлекет тірегі Ата Заңымыз туралы тақпақтарын тақылдата айтқан жас өрендерімізге де көпшілік сүйсіне қол соқты.

Баяндамашылар қатарында әлеуметтік сала қызметкері Нұргүл Мырзахметова да Ата Заңымыздың еліміз үшін сенім, мақсат, мұратты істерге жол ашатынын айта келе, Конституцияның басты құндылықтарына ерекше екпінмен тоқталып өтті. Мазмұнды өрбіген тақырыпты қатысушылар ұйып тыңдады.

Мерекелік кеш барысында аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қайырғазы Нұрлыбекұлы, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Серікбосынұлы да өткізілген кештің  үлкен тәрбиелік маңыздылығы бар екендігін айта келе, Семей полигоны тақырыбы жайлы өз пікірлерін білдіріп, осындай игі іс-шара жалғасын таба берсін деген тілекпен түйіндеді.

Мерекелік кеш «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің дәстүрлі әншілері Қайрат Қабышев пен Қонысбек Байдашевтің туған жер туралы әсерлі әндерімен айшықтала, ажарлана түсті. Мұнымен қоса ғасыр аждаһасының зардаптары жайлы қаншама жылдардан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан тарих пәнінің мұғалімі Таңат Сәрсенбин Қазақстандағы Семей сынақ алаңынан өзге полигон аймақтарын айта келе, қанша рет  жер дүмпуінің болғанын, ол жарылыстардың адамзат үшін әкелген қайғы-қасіретін дәйекті деректермен түсіндіре келе, полигон жабылса да әлі де артында қалған сызы бар екендігін айтты.

Семей сынақ полигоны – әлемдік қарулану бәсекесінің салдары. Жапонияда алғаш рет атом бомбасын жарған АҚШ-тың күштілігін мойындағысы келмеген КСРО өз бомбасын жасап, оны сынау үшін қазақ жерінде полигон ашады. Сынақ алаңы бұрынғы Семей облысы, Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды.

Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы шақырым «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонналық ядролық заряд орнатылды. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанармай құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды. Сонымен, 1949 жылы 29 тамызда таңғы сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару, ал 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды. 1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жүргізілген. Осылайша, Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Сондағы зардабын ойлана беріңіз...

29 тамыз күні адамзаттың игілігі үшін Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жапты. Бұл, әрине, ең алдымен Қазақстан халқы мен оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі әрі ерлігі. Осы күн - ең алғаш рет бейбіт атомды дамытуға негіз салынған күн. Осылайша, қос тақырыпты қамтыған ауқымды да тәрбиелік мәні зор мерекелік кеш  соңы көпшіліктің «Атамекен» әнін аспандата шырқауымен өз шымылдығын түсірді.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі».

 

 

                     Тұңғыш Президент күніне орай

Тарихи тұлғаға арналған көрме

Қазақстан халқы 1 желтоқсан күні еліміз үшін елеулі оқиға-алғаш рет Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Алайда кейбіреулерді бұл мерекенің шығу тарихы ойландырары анық. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар бергенТұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы-Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78%-ы жақтап дауыс берді. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Сондай-ақ 1991 жылдың 25 қазанында Президенттің Жарлықтарымен Қауіпсіздік кеңесі және мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Оған дейін Президент «Одаққа бағынған мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды ҚКСР иелігіне ауыстыру туралы» және «ҚКСР-ның алмас және алтын қорын құру туралы» Жарлық шығарды. Қысқасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің іргетасы осылай қаланды.                

           Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз жоқ, үлкен саясаткер, әлемдік деңгейдегі бірегей тұлға. Еуропаның қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің арқасы. Әлем Қазақстанды Елбасының арқасында таныды, мойындады. Елбасы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Айтқаны келді. Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің керемет сәулетшісі.

                    Тарихи күннен сыр шертетін тарихи көрме 

Тәуелсіздіктің ақ таңының арайлап атуы Елбасымыздың есімімен байланысты десек, Тарихы маңызы зор мереке – Тұңғыш Президент күні де айрықша аталуы тиіс. Осы атаулы мерекеге орай облыс әкімі Д.Ахметовтың тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстанда осы датаға байланысты онкүндік өткізу жоспарланған болатын. Осыған сәйкес Қарауылдағы тарихи – өлкетану мұражайында еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа арналған «Заманымыздың Ұлы тұлғасы» атты көрме ашылды. Көрменің ашылуында тектінің тұяғы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы Оразалы кіріспе сөз сөйледі.   Көрмеге аудан орталығындағы жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Өздеріңізге мәлім, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Абай еліне үш рет келді, алғаш рет тұңғыш президент болып сайланған 1991 жылы абыз ақын Шәкер Әбеновтан бата алды. Сол батасы бойына құт болып дарыды.

            1995 жылы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай ЮНЕСКО көлемінде өткізілген мерей тойға қатысып кең көлемді сөз сөйледі. Ұлылар еліне келген екінші сапарында ұлы Абай жайлы тереңнен толғап, көсем сөздің шебері екендігін танытты.

            Үшінші рет 1998 жылы қараша айында келген сапарында Ұлы Отан соғысының ардагері, қадірменді қария, Абай ауданының батагөй қарты Жағыпар Байгелұлы Жүнісжановтан бата алды. Бұл бата да өте құнды бата іспетті әлі күнге шейін ел жадында сақтаулы. Бүгінгі ұрпақ осыны білуі тиіс. Көрмеге еліміздің тұңғыш президентінің Абай еліне келген сапарларын бейнелейтін түрлі – түсті фотолар қойылды. Сондай-ақ келушілер ел Президентінің кітаптарымен танысты. Көрме тұңғыш Президент күніне арналғандықтан, бір ай бойы жалғасады. Көрмені тамашалаймын деген жандар үшін әрдайым мұражай есігі ашық екендігін де айта кеткенді жөн көрдік.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

 

 

 

 

Page 2 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!