Видео

}     

ҒАСЫР ҚАСІРЕТІ МЕН АТА ЗАҢҒА АРНАЛДЫ

                   ҒАСЫР ҚАСІРЕТІ МЕН АТА ЗАҢҒА АРНАЛДЫ

 

Биылғы жыл байтақ Отанымыз үшін, әсіресе, Абай елі үшін айрықша маңызға ие жыл. Осыдан 25 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда тек еліміз үшін ғана емес, бейбітшілік сүйгіш күллі әлем үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, халқымызға зор қасірет әкелген Семей полигоны мәңгілікке жабылды. Осынау қуаныштың соңын ала көп ұзамай қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялады. Ширек ғасыр толып отырған қос қуаныш әлбетте, ұлылар елі үшін де айрықша мәнге ие.

Осы сөзіміздің жарқын айғағы болар, Абай елінде осынау атаулы мерекелер құрметіне арналып, түрлі сипаттағы көптеген іргелі шаралар жалпыхалықтық деңгейде ұйымдастырылып өтуде. Атап айтар болсақ, жуырда, тамыз айының 29 жұлдызында қастерлі шаңырақ М.Әуезов атындағы орталық кітапханада кітапхана қызметкерлері Айман Көкебаева мен Шынар Рахымжанованың ұйытқы болуымен 29-тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні және 30-тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік кеш өткізілді. «Жер жарасы - ел наласы» және «Ата Заңым аялайды елімді!» тақырыбында ұйымдастырылған мерекелік мәні зор шараға аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлы, «Нұр Отан» партиясының Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайырғазы Нұрлыбекұлы, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлінің басшысы Еркебұлан Сағындықов, бөлім орынбасары Елдар Оразалы, «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Қарауыл ауылындағы қызмет көрсету орталығының бастығы Күдерина Сая Аманбекқызы және ауданымыздың қадірменді ардагер ағалары, әлеуметтік қызметкерлер мен «Асыл» қоғамдық қорының көмегін алушы ата-аналары мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Еліміздің Әнұранымен бастау алып, іле кітапханашы А.Көкебаеваның кіріспе сөзімен ашылған мерекелік кеш әсіресе жас ұрпақ үшін тағылымға толы болды. Сонымен қатар, еліміздің өткені мен қасіретті тарихы жайлы танымдық сипатын да атап өтуге болады.  Мәселен, ғасыр қасіреті атанған Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай кітапханашы Шынар Рахымжанова «Жер жарасы - ел наласы» атты тақырыптық көрмеге  библиографиялық шолу жасады. Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкер Ләззат Ибраева да полигон қасіреті жайлы өзінің ой-толғамын ортаға салса, «Үйден әлеуметтік қызметтер көрсету» бөлімшесінің тәрбиеленушісі Слямжанова Елдана «Егемен ел – Қазақстан!» әнін асқақ дауыспен көпшілікке арнап тарту етті. Келесі кезекте сөз алған кітапханашы А.Көкебаева Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі болатын Ата Заңымыз жайлы кең көлемді баяндама жасап, «халқымыз бірлікте, татулықта тыныш өмір сүрсін, еліміздің абыройы мен мәртебесі асқақтай берсін» деген ақжарма тілегін де жеткізе кетті. Сонымен қоса, мемлекет тірегі Ата Заңымыз туралы тақпақтарын тақылдата айтқан жас өрендерімізге де көпшілік сүйсіне қол соқты.

Баяндамашылар қатарында әлеуметтік сала қызметкері Нұргүл Мырзахметова да Ата Заңымыздың еліміз үшін сенім, мақсат, мұратты істерге жол ашатынын айта келе, Конституцияның басты құндылықтарына ерекше екпінмен тоқталып өтті. Мазмұнды өрбіген тақырыпты қатысушылар ұйып тыңдады.

Мерекелік кеш барысында аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қайырғазы Нұрлыбекұлы, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Серікбосынұлы да өткізілген кештің  үлкен тәрбиелік маңыздылығы бар екендігін айта келе, Семей полигоны тақырыбы жайлы өз пікірлерін білдіріп, осындай игі іс-шара жалғасын таба берсін деген тілекпен түйіндеді.

Мерекелік кеш «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің дәстүрлі әншілері Қайрат Қабышев пен Қонысбек Байдашевтің туған жер туралы әсерлі әндерімен айшықтала, ажарлана түсті. Мұнымен қоса ғасыр аждаһасының зардаптары жайлы қаншама жылдардан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан тарих пәнінің мұғалімі Таңат Сәрсенбин Қазақстандағы Семей сынақ алаңынан өзге полигон аймақтарын айта келе, қанша рет  жер дүмпуінің болғанын, ол жарылыстардың адамзат үшін әкелген қайғы-қасіретін дәйекті деректермен түсіндіре келе, полигон жабылса да әлі де артында қалған сызы бар екендігін айтты.

Семей сынақ полигоны – әлемдік қарулану бәсекесінің салдары. Жапонияда алғаш рет атом бомбасын жарған АҚШ-тың күштілігін мойындағысы келмеген КСРО өз бомбасын жасап, оны сынау үшін қазақ жерінде полигон ашады. Сынақ алаңы бұрынғы Семей облысы, Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды.

Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы шақырым «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонналық ядролық заряд орнатылды. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанармай құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды. Сонымен, 1949 жылы 29 тамызда таңғы сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару, ал 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды. 1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жүргізілген. Осылайша, Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Сондағы зардабын ойлана беріңіз...

29 тамыз күні адамзаттың игілігі үшін Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жапты. Бұл, әрине, ең алдымен Қазақстан халқы мен оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі әрі ерлігі. Осы күн - ең алғаш рет бейбіт атомды дамытуға негіз салынған күн. Осылайша, қос тақырыпты қамтыған ауқымды да тәрбиелік мәні зор мерекелік кеш  соңы көпшіліктің «Атамекен» әнін аспандата шырқауымен өз шымылдығын түсірді.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі».

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар