Бізге биыл 10 жыл

Республикалық байқау

 

Осыдан біраз уақыт бұрын Республикалық «Аяла» қайырымдылық қоры «Эйр Астана» әуе компаниясының қолдауымен ел журналистері арасында «Жақсылықтың  баспасөз қызметі» атты республикалық шығармашылық байқау жариялаған болатын.  «Жақсылық туралы айтайық, сонда әлем жақсара түседі» ұранымен ұйымдастырылған аталмыш шара байтақ Отанымыздың әр түкпірінде ізгі ниеттен туған қайырымдылық шараларын сәтімен жүзеге асырып жүрген осынау қордың құрылғанына 10 толуына арналған болатын.

Айта кету керек, республика журналистеріне арналған бұл байқаудың тағы бір мақсаты телеарна көрермендері мен мерзімдік басылымдар оқырмандарына Қазақстандағы жүзеге асырылып жатқан игі істер мен қайырымдылық шаралары туралы хабардар ететін шығармашылық жұмыстарды анықтау мақсатында өткізілген-ді. Сол себепті де, аталмыш конкурсқа телевизиялық сюжеттер, бағдарламалар, баспасөз және электрондық БАҚ-тағы жарияланымдар түріндегі жұмыстар қабылданған еді. Ал осынау бәйгеге аудандық «Абай елі» газетінің атынан жауапты хатшы, мол тәжірибелі, өз мамандығының  мықты маманы журналисіміз Анар Сәрсенбина қатысып, байқау биігінен табылды. Анар Қабдуәлиқызы осыған дейінауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс тақырыбын жиі қозғап, тағылымдық тұрғыдағы сүбелі мақалалар жариялап келген болатын. Міне, төл басылымымызда жарық көріп келе жатқан осынау материалдар байқау талабының үдесінен табылып, жоғары бағаланыпты.

-Аталмыш конкурска Шығыс Қазақстан облысынан жалғыз мен ғана қатыстым. Жалпы саны республика бойынша 200-ден аса жұмыс қаралып, оның ішінде үздік деп танылған мақалалар иелерінен 20 журналист таңдалып алыныпты. Алайда, жүлде тек төртеу ғана. Қалған жеңімпаздарға ынталандыру сыйлықтары мен арнайы сертификаттар тарту етілді. Дегенмен, біздің газетімізде жарық көрген материалдар қазылар алқасының көңілінен шығып, заттай арнайы сый-сияпат берілді. Осы орайда республикалық  байқауға  баруға зор  қолдау көрсеткен аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына, мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлына, аппарат басшысы Серік Бимұратұлына, Қарауыл ауылдық округінің әкімі Құсман Берлешұлына  шексіз ризашылығымды білдіремін. Қойнауы құтты, ұлылардың ізі қалған қастерлі мекеннен барып қатысқанымның өзі мен үшін үлкен мәртебе, - дейді Алматы қаласынан оралған  әріптесіміз. Тоқтала кетсек, байқау талаптары қатаң. Яғни, мақалаларда игі істер және қайырымдылық жасаушылар туралы оң ақпарат қамтылуы тиіс, қайырымдылық жасаушылардың аттары аталуы керек, материал авторлық, өзекті, ақпараттық тұрғыдан толық болуы тиіс екен. Сонымен қатар, тағы бір талап, игі істер туралы материалдардың жүйелі түрде шығуы да барынша құптарлық саналыпты.

Ал осынау байқау нәтижелерін құрамына  Алматы «Аяла» қайырымдылық қорының, «Эйр Астана» әуе компаниясы  және «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығы өкілдері кіретін қазылар алқасы бағалапты. Осы орайда, «Жақсылықтың  баспасөз қызметі» атты осынау байқаудың конкурсанты атанған әріптесімізді алған марапаттарымен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да ізгілік пен қайырымдылық жолында қалам қарымымен қызмет атқара беруіне тілектестік білдіреміз.

 «Абай елі» газеті ұжымы

 

Аудандық басылымның мерейтойы

 

ОҚЫРМАН  НАЗАРЫНДАҒЫ 10 ЖЫЛ

 

Ол күндер бүгінде естелікке айналды. Сонау 2006 жылы қыркүйек айының 1-7 күндері аралығында сан түрлі атаулармен шығып келген аудандық басылымдардың жалғасы «Абай елі» қоғамдық-саяси газетінің ең алғашқы №1 (001) саны жарық көрді. Содан бері міне, 10 жыл өткен екен. Уакыттың зымырап жатқаны осыдан-ақ белгілі. Осыған дейін түрлі атаумен ашылып, жарық көруі көпке бармаған газеттердің жолын жалғап жаңа атаумен жарық көрген «Абай елі» басылымының тарихы өзіндік соқпағымен ерекше. Олай дейтініміз, өзге газеттердің жұрнағы да қалмағандықтан жаңа редакция өз жұмысын «нөлден» бастады. Бұл әрине оңайға соқпады. Қажырлылық, табанды еңбек, ең бастысы ертеңгі күнге деген сенім ұжым мүшелерін алға жетеледі.

Газет 2006 жылдың 21 маусымы күні сол кездегі аудан әкімі Үйсімбаев Бақыт Сүлейменұлының арнайы қаулысы негізінде «Абай елі» газеті коммуналдық мемлекеттік казыналық кәсіпорыны болып құрылды. Кейіннен, 2012 жылдың 18 қаңтарында «Абай елі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып жаңа атауға ауыстырылды. Құрылтайшысы - Абай ауданы әкімі аппараты және басқару органы - Абай ауданының ішкі саясат бөлімі болып бекіді. 

Газеттің жаңадан құрылу жылдарына шолу жасасақ басылымның директор - Бас редакторы лауазымына Нұртазина Сәуле тағайындалды. Сәуле Зәрерқызының өз таңдауы болар, тілшілік қызметке Рүстем Еркінұлы мен бас бухгалтерлікке мен тағайындалдым.

Газет 2006-2009 жылдар аралығында айына екі рет 12 беттен 24 бетке дейін жарық көріп тұрды. Жұмысы жүйеленген редакция қызметі тек 2010 жылы ғана айына 3 рет, яғни, 10 күнді қамтып, кейін осы жылдың аяғынан бүгінгі күнге дейін аптасына бір реттен айына 4 сандық газет болып шыға бастады.

Алғашқы жылдарға оралсақ, бастапқыда оқырман түгілі журналистер отыратын арнайы кабинеті, мәтін теретін компьютері жоқ «жетім қыздың жүгіндей» жұтаң редакцияда тек КМҚК «Абай елі» газеті деген мөр мен екі қызметкер ғана болатын. Бүгінде  Сәуле Зәрерқызының тынымсыз еңбегі мен қызметіне деген сүйіспеншілігінің арқасында штат саны кеңейіп, 2 кабинет пен бір автокөлікке қол жеткізіп, «Абай елі» газетінің редакциясы деп ауыз толтырып айтатын деңгейге жеттік.

Ең алғашқы газеттің 1-ші нөмірін шығарған кезіміз күні кешегідей әлі есімде. Газетке салатын ешқандай лайықты материал жоқ, тек қана сонау көктемдегі су тасқыны мен сел  қаупі туралы өңделмеген бірлі-екілі мақала және ұстаздардың тамыз мәслихатында, сол кездегі білім бөлімінің бастығы Имаханов Ерлан ағамыздың баяндамасы ғана болды. Бұл «ойдан-қырдан терген» материалдар әрине 1-7 қыркүйек аралығындағы газетке тіптен үйлеспейтін еді. Газет осылайша 4 бет болып жарыққа шықты. Дизайн, көркемдеу деген мүлде жоққа тән, мақалалар жұтаң, көзге тым қораш көрінетін-ді. Ең қызығы – жаңа басылымды кімге тарататынымызды білмей дал болдық. Себебі газетке жазылған бірде бір адам жоқ.

«Қой, бұлай отыра бергеніміз жарамас, әкімдікке апарып көрсетіп, таратып келейін» деп Сәуле апайымыз бір бума газетті алып шығып кетті. Қайтып келіп басқа мекеме басшыларына, туыстарына, көршілеріне, таныстарының бәріне «ауданымызда жаңадан газет шығып жатыр, жазылыңыздар» деп хабарлап шықты. Бірі «құтты болсын, жақсы болды, жазыламыз, қазір жібере беріңдер» деп қолдау көрсетсе, енді бірі «бұл да қалар ертең» деп күліп, сенімсіздік танытып жатты. Бірақ бұл редактор мен тілшіні мұқалтпады, керісінше жігерлерін қайрағандай болды.

Осылайша, күндер өтіп жатты. Қиындықтармен қатар тәжірибе де жинала бастады. «Абай елі» басқа республикалық, облыстық, жеке меншік газеттерге, журналдарға қарап бой түзеді. Бұл ретте Сәуле апайымыздың ізденгіштігін, еңбекқорлығын атап өткен жөн. Түрлі айдар ойлап тауып, дизайнға аса мән берді. Біртіндеп ауданымыздағы мекемелер қызметкерлері де бұрын газетке жариялай алмай жүрген материалдарын беріп жатты. Оқырман қатары көбейе бастады. 

Ал араға жыл салып Өскемен қаласында журналистердің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында газетіміз облыс әкімінің арнайы марапатымен 1000 доллар сыйақыға ие болды. Ол кезде бұл қомақты қаражат болатын. Бұл біз үшін күтпеген қуанышты жайт болды. Шығып жатқанына жылдан енді ғана асқан газет басқа үлкен газеттермен бірдей марапатқа ие болды. Төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалды. Сәуле апайымыз келе сала «жалғыз менің ғана еңбегім емес, айлап еңбекақы алмасақта маған сеніп, маған еріп жүрген сендердің де еңбектеріңнің жемісі» деп Рүстем екеуімізге де сыйақыдан бөліп берді.

«Абай елі» газеті бұдан кейін де жыл сайын облыстық, аудандық марапаттарға ие болып жүрді. Дегенмен небір қиын күндерді бастан өткердік, арнайы берілген кабинет жоқ болғандықтан бір сақтандыру компаниясымен бірге бір бөлмеде отырдық. Ол кабинеттің артық кілті болмағандықтан Сәуле апай, Рүстем үшеуіміздің далада отырған күндеріміз де болды. Кейіннен әкімдіктің қолдауымен бір кабинет берілді, оны өз күшімізбен жөндеп алдық.

Ал, компьютерге қолымыз тек бір жылдан асқанда бір-ақ жетті. Оған дейін газетке баратын мақалалар мәтінін кез-келген мекеменің есігін қағып жүріп тердік.

Газет ашылған 2006 жылы бюджеттен ақша бөлінбеді, тек 2007 жылы 450 мың ғана бөлінді. Содан бергі аралықта редакцияның қаражат қоржыны 8 млн-ға жетті. Әлбетте, онымен бірге басылымның әлеуеті де артты.

2010 жылы қатарымызға бүгінгі күні жауапты хатшы әрі тілшілік қызметті қатар атқарып жүрген Анар Сарсенбина қосылса, корректор болып Баян Дүкенбаева, пошташы қызметіне Сайрагүл Наушабаева келіп, ұжым қатарын толықтырды. Қосымша тағы компьютерлер, фотоаппарат алынды.

Айта кетер бір жайт, газеттің алғашқы номерінен бастап тегін жүргізушіміз болды. Ол өзіміздің Сәуле апайымыздың жолдасы Нұртазин Төлеубек (Иман) аға еді. Газеттің материалдары сұрыпталып әзір болған соң күн демей, түн демей Сәуле апайды Семей қаласына, «ТВК-6» арнасының ғимаратында орналасқан «Спектр» баспаханасына апарып, түнімен тосып отырып алып қайтады. Иман ағамыздың өзі жеке кәсіпкерлікті ашқанға дейін осылай Сәуле апайды тегін тасып жүрді. Бұл да аудандық басылымға үлкен көмек, Сәуле апайымызға деген жолдасының құрметі екені анық.

С.Зәрерқызы редакция көлігін алғанға дейін таксимен, арасында Иман ағамен газет беттеуге қалаға жиі қатынап жүрді. Жаздың аптабы мен қыстың аязы, боранында да газетті уақытынан кешіктірмей шығару үшін жанкештілік танытты.

2012 жылы қазіргі Бас редакторымыз Нұржан Байтусов тілші болып жұмысқа орналасты. Сәуле апайымыз жас маманның қабілет-қарымын шыңдап, кәсіби тұрғыдан толысуына елеулі күш жұмсады. Осыған дейін жазба ақын ретінде танылып үлгерген Н.Мейізханұлына сенім артып, қаламын ұштап, нағыз журналист ретінде қалыптасуына жағдай жасады, баулыды.

Ал 2013  жылы жас тілші Тоғжан Рахымбекқызы жұмысқа орналасып, ұжым құрамы жаңа мамандармен толыға түсті. Осы 10 жылдың ішінде бірнеше жас мамандар еңбек етуге келгенімен, көпшілігі басқа жұмыстарға ауысып кетті.

Газетіміз көркейіп, «төртінші билік» деген дәрежеге жеткенде Сәуле Зәрерқызы тосыннан қатерлі ауруға шалдықты. Басылымды ойлап, күні-түні қала мен екі ортаны даңғыл қылған ардақты апайымыз жұмысбастылықпен денсаулығына да мән бермей келіпті. Полигон әсерінен болған дертпен бір жылдай арпалысып, көз жұмды. Бұл кезең редакция ұжымы үшін өте ауыр күндер болды. Басылымның шаңырағы ортасына түскендей күй кештік. Тіпті, алдағы күндер бұлыңғыр көрінген кездер де болды.

Әйтседе, «орнында бар оңалар» демей ме?!. Сәуле апайымыз соңынан мықты шәкірттер дайындап кеткен болатын. Тәжірибелі тілші Анар Сарсенбина мен уақытша Бас редактордың міндетін атқарушы Тоғжан Рахымбекқызының басшылығымен газет әрі қарай да жарық көре берді.

Сәуле апай өмірден өткеннен кейінгі алғашқы нөмірді көзімізден жасымыз тамып отырып жасадық. Ол кісінің еңбегін, қажырлылығын сол кезде айқын түсіндік.

С.Зәрерқызы ақтық демі таусылғанша газеттің қамын ойлап кетті. Тіпті, өмірінің соңғы сәттерінде де, дерт меңдеп қиналып отырса да, басылымның макетін жасап, беттелген мақалалардың қатесін оқып, тексеріп бергені есімізде.

Бүгінгі күні Сәуле Зәрерқызының шәкірттері тәлімгерлерінің ізін жалғастырып, газетті ойдағыдай шығарып келеді. Өткен 2015 жылдан бастап Бас редактор болып  Нұржан Байтөс тағайындалды. Қазіргі таңда үлкен ұжым болып, ауданымыздың айнасына айналған «Абай елі» газетінің өзіндік оқырманы бар. Әлбетте, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен аудан басшылары да өзіндік қамқорлықтарын танытты.

 Осы ретте «Жас келсе іске» деген, бағыт-бағдарларың жақсы екен, Сәуленің жаққан шырағын өшірмедіңдер!» деп ақ жол тілеген, жылы сөздерімен демеген алдыңғы толқын ағаларымызға алғысымыз шексіз. Рас, сын айтушылар да болды. Оның да берері бар, сыналған сайын шыңдалып келеміз.

Осы бір бір жылдан аса уақытта «Абай елі» ұжымы бірнеше дипломдар мен мадақтамаларға ие болды. Соның ішінде ерекше айтар мақтанышымыз 2015 жылы «Абай елі» газетінің ғаламтордағы сайты күллі республика бойынша  «Ең үздік арнайы жоба» номинациясын жеңіп алды. Бұл да үлкен жетістік.  Тілшілеріміз де өз алдына жыл сайын түрлі номинциялар бойынша республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі мадақтама, дипломдарға ие болып жүр.

Газеттің он жылдығы ұжым мүшелері үшін, оқырман үшін елеулі мезет деп есептеймін. Осы орайда қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін осынау мамандықты таңдап, бірге қызмет істеп келе жатқан әріптестеріме шығармашылық табыс, тың ізденіс, жаңа идеялар мен соны жетістіктер тілеймін.     

 

Жадыра ҚАМБАРОВА,

«Абай елі» газетінің бас есепшісі

 

 

 

                                                                                         

                                                                   

Биыл ауданымыздағы бірегей басылым «Абай елі» газетінің жарық көре бастағанына 10 жыл толады. Осы орайда басылым негізін қалаушы, қаламы ұшқыр журналист, білікті басшы Сәуле Зәрерқызы атындағы «Шыңғыстаудың Сәулесі» атты шығармашылық байқау екінші жыл қатарынан өткізілмек. Өткен жылы да байқауға ынта білдіріп, қызығушылық танытқан қаламгерлер де өзіндік үлестерін қосқан еді. Биыл бұл жоба өз жалғасын жаңашыл тақырыппен тауып отыр. Сондай-ақ, жыл сайынғы дәстүрге айналдыруды да мақсат етіп отырмыз. Өзекті мәселелерді арқау ететін шығармашылық байқау бұл жолы қоғамның кеселді індеті сыбайлас жемқорлыққа арналып отыр.
Байқауға қатысушы өзге үміткерлермен қарсылас. Себебі байқауға қатысушылар жасына шектеу қойылмайды. Тапсырылған материалдар газет бетінде тұрақты жарық көріп, оқырманға ұсынылады. Мақалаларыңыз тамыз айының 1- нен қыркүйек айының 15- не дейінгі аралықта қабылданады.
1. Байқаудың мақсаты
Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру формаларының және әдістерінің тиімділігін арттыру, жұртшылық арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру.
2. Байқау міндеті
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті іске асырудың тиімді формаларын іздеу және насихаттау.
2. Байқаушыларды қоғамда орын алған сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды және жоюды насихаттау арқылы ынталандыру.
3. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
4. Мемлекеттік қызмет мәртебесін жоғарылату, жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа халықтың сенімін арттыру, қоғам тұрақтылығын одан әрі күшейту.
5. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру формаларының және әдістерінің тиімділігін арттыру.
6. Мемлекеттік қызметтегі меритократия, ашықтылық, қолжетімділік принциптерін көрсету.
7. Мемлекеттік органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне талдау жасау.
3. Байқау шарттары:
1. Жолданатын мақала көлемі А4 форматымен бір беттен аспауы керек.
2. Мәтін қарпі 14, интервалы 1,5 (тек электронды түрде)
3. Өлең түріндегі туындылар қабылданбайды. Автор кез келген публицистикалық жанрды қолдануына болады.
4. Материалдар қыркүйек айының15-не дейін қабылданады. Байқау қорытындысы газетіміздің он жылдығына орай өтетін мерекелік іс-шарада жария етілмек.
5. Әділ-қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды.
4. Бағалау критерийлері
1. Көтерілген тақырыптың өзектілігі.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін ашудағы кәсіби біліктілігі.
3. Тақырыпты ашу тереңдігі.
4. Автормен ұсынылған материалдың жанрлық әртүрлілігі.
5. Жарияланымды қоғамның оң қабылдауы.
6. Жарияланым мәтінінің бұқараға қолжетімді болуы.
6. Жеңімпаздарды марапаттау
Бас жүлде – біреу
І орын – біреу
ІІ орын – екеу
ІІІ орын – үшеу
және ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Ескерту:
Материалдар (қағаз және электрондық нұсқалары) «Байқауға» деген белгісімен Халыққа қызмет көрсету орталығының 2- қабатындағы «Абай елі» редакциясына әкелінуі шарт. Материалдарды қабылдау 2016 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жүргізіледі.
Анықтама телефоны: 9-23-43;
Ұйымдастыру алқасы

Облыс әкімдігінің мұрындық болуымен және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен  Журналистер қауымының төл мерекесін шығысқазақстандық БАҚ өкілдері де ерекше атап өтті.

1 шілде күні Өскемен қаласындағы  сол жағалаудағы Этнопаркта орталық киіз үйде өткен Журналистердің облыстық форумына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, қоғам игілігі жолында аянбай тер төгіп, қалам тербеп жүрген үздік журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

-Құрметті әріптестер, құрметті журналистер! Бүгін ерекше күн. Себебі, журналистиканың қоғамдағы алатын орны ерекше. Әсіресе, бүгінгідей ақпараттың ағыны жүйрік, түрлі жаңалықтар құйылып жатқан кезеңде журналистер күнін ерекше маңызды деп айтуымыз қажет,-дей келе журналистика саласының кешегі мен бүгінгі кезеңін салыстыра отырып, қызығы мен қиындығы мол мамандықтың тынымсыз еңбектеріне тоқталып, қоғам мен биліктің  арасында алтын көпір болып жүрген журналистерді тағы бір мәрте кәсіби мерекелермен құттықтады. Бұдан кейін сөз кезегін Мемлекеттік  қызмет істер жөніндегі министрліктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы  Тоқтамыс Жұмағұлов алып, облыс журналистерінің мемлекеттің дамуына қосқан үлесінің зор екендігін айрықша атап айтып,  ақжарма тілегін жеткізді.

Бұл күні қуанышқа кенелген қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналистер қатары мол болды. Бір байқағанымыз көптеген  облыстық телеарналар, облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттері мол марапатқа кенеліп, қалалық және аудандық БАҚ-қа арналған өңір журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін "Өңірдің және елдің тірегі" номинациясы бойынша  "Абай елі" газетінің жауапты хатшысы,  журналисі Сәрсенбина Анар марапатталды. Марапатқа кенелген әріптесімізді сөзге тартқанымызда:

 –Журналистердің облыстық форумынан айрықша әсер алып қайттым. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлына және ұйымдастырушы облыстық ішкі саясат басқармасына ризашылығым шексіз. Журналистер арасында осындай байқаулардың  ұйымдастырылып тұруы журналист беделін көтеріп қана қоймай қарым-қабілетін де айғақтайды.   Бұл марапат білімі  мен біліктілігі мол, ұзақ  жылғы қызмет өтілі бар журналистерге ерекше сый болды деп ойлаймын. «Абай елі» газетінде 2007 жылдан бастап «штаттан тыс» тілші болсам, 2010 жылдан бастап міне, тұрақты еңбек етіп келемін. Әр жұмыс күнім сүйіспеншілікпен басталып, шығармашылықпен жалғас табуда. Олай дейтін себебім, ең адал оқырман - «Абай елінің» оқырманы. Сол себепті мен әр таңда жұмысқа баруға асығып тұрамын. Ұлылар елінің басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлының  «Абай елі» газетіне деген қолдауы ерекше деп білемін.  Уақытпен санаспайтын, өзгеден өз уақытын аямайтын, журналистер қауымы кəсіби мерекеміз құтты болсын! Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де, құрметті! Журналист бұқара халықтың мұңын шағып, жоғын жоқтап қана қоймай, ел жағдайы, экономика, саясат – барлығын дерлік бір мезетте қамтитын жан-жақты тұлға. Ақпарат майданындағы барша сарбаздарға тілерім: денсаулық, бақыт, қуаныш. Шабытымыздың шыңына ұшқан құс жетпесін, қадірлі қаламдастар»,- деп құттықтауын білдірді.

Облыс басшысының марапатына және қаржылай сыйақысына сондай-ақ, "Информационное сопровождение хода реализации Послания Президента РК" номинациясымен "Хабар" арнасының ШҚО меншікті тілшісі Вячеслав Ветлугин, қазақ радиосының ШҚО бойынша меншікті тілшісі Дәулет Әбілқасымов, "Дидар" газетінің тілшісі Оңдасын Елубай, "Бейбітшілік пен жасампаздықтың  25 жылы» номинациясымен «24 kz» телеарнасының меншікті тілшісі Эльмира Ахметова мен облыстық "Рудный Алтай" газетінің қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Серафима Березовская, "Елдің тағдыры - менің тағдырым" аталымы бойынша "КТК" арнасының Семейдегі меншікті тілшісі Олеся Бабченко мен облыстық "Рудный Алтай" газетінің ардагер журналисі Шәкерхан Әзмұхамбетов, «Инвестициялық саясат» номинациясымен "ОҢ ТВ" телеарнасының ШҚО бойынша меншікті тілшісі Жанар Асылханова мен "7 дней" газетінің бас редакторы Вадим Обухов, 

«Освещение актуальных вопросов» номинациясымен "Мой город" газеті редакциясы мен "Казинформ" халықаралық ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Людмила Малько, «31 канал» телеарнасының меншікті тілшісі Антон Сергиенко және "КазТАГ" халықаралық ақпараттық агенттігінің Семей қаласындағы меншікті тілшісі Лейла Уразбаева, "Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы" номинациясымен "Қазақстан-Семей" телеарнасының бағдарламалар қызметінің редакторы Әсия Қабдолданова мен "Астана" телеарнасының меншікті тілшісі Ирина Якунина, "Әлеуметтік желідегі белсенді жұмысы үшін" номинациясы ШҚО аймақтық коммуникация қызметінің маманы Камилла Тастанбекова, "Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру" номинациясымен "Дидар" облыстық газетінің журналисі Есімжан Нақтыбай, «Антикоррупционные меры, как фактор стабильности общества» номинациясы "Вести Семей" газетінің бас редакторы Флора Левина мен "Қазақстан-Өскемен" теларнасы директорының орынбасары Аида Жабағиева, "Жизнь в объективе" аталымымен республикалық "Хабар" теларнасының телеоператоры Дмитрий Пыхин, қалалық және аудандық БАҚ арасында "Өңірдің және елдің тірегі" номинациясы Үржар ауданы "Уақыт тынысы -Пульс времени" газетінің ұжымы марапатталды.

 Нұржан БАЙТӨС

«Абай елі»

Қарауыл-Өскемен

Өз газетім өз елім!

Саясатқа сықитып әр парағын,

Мақтаудан тауып жатқан мал табарын.

Бас газетке басымды ауыртпай-ақ,

"Абай елін" ақ таңдай қарсы аламын.

 

"Датқа" да шұқшимаймын дат сұраған,

Тырнақтың кірін ашып топшылаған.

Көшірме көп газетті оқығанша,

"Абай елін" ашқаным жақсы маған.

 

"Абай елі" - өз елім, өз газетім,

Басшыға да, қосшыға да сөз беретін.

Әр бетінен халықтың үнін естіп,

Теңіздей қуанышқа тербелесің.

 

Қайғыдан хабар алып, күйінесің,

Той жасаған туысқа сүйсінесің.

"Абай елі" - біз үшін "Орда басы",

Ой мен қырдың ойлары бірігетін.

 

Бір саны бір санынан тәуірленіп,

Мақаласы тұратын маңыз беріп.

"Абай елі" алда да жарқырай бер,

Абай елі айнасы тәрізденіп!

         Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ,

ақын, Журналистер одағының мүшесі

Абай елінің ардақтысы бола білген, аяулы қыздарының бірі, қаламы қарымды журналист, аудандық «Абай елі» газетінің бас директор- Бас редакторы Сәуле Нұртазина 57 жастан асқан шағында ауыр дерттің салдарынан  дүниеден өтті.

Сәуле Зәрерқызы өткен ғасырдың 1980-ші жылы сол кездегі Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң өзі өскен Қарауылына оралып, аудандық «Совхоз туы» газетінде тілші болып еңбек етті. Сондай-ақ, 1985-1988 жылдар аралығында Семей облыстық телерадио кешенінде диктор, редактор мамандықтарын атқарады. Танымдық бағдарламалар жасауға ат салысты.

Ал 1988-1991 жылдарға дейін  Абай аудандық кеңесі атқару комитетінде кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі, сондай-ақ әкімшілік комиссиясының жауапты хатшысы болды. 1991-1996 жылдар тұсында Абыралы аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Десек те, өлшеулі ғұмырының ең мағыналы жылдары ретінде бұрынғы Абыралы мен Абай ауданында еңбек еткен кезеңін айтуға болады. Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрамында сол тұстардағы ел ағаларына жәрдемші болды. Бұрынғы полигон өңірін шарлап, сынақ зардабын шеккен халықты құжаттандыру жұмыстарының бел ортасына жүрді. Өзі туып-өскен Саржал ауылы мен Қайнарға келген жапондық өкілдермен бірге шағын елді-мекендерді аралады, мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік көмек көрсету жолында белсенділік танытты. Қазақ елінің қасіретін әлем халықтарының тануына, полигон жарасын жазу жолында осылайша перзенттік парызын атқара білді.

Халық игілігі үшін қызмет ету Сәуле Зәрерқызының өмірлік ұстанымы еді. Мәселен 1999-2001 жылдары  БҰҰ-ның кәсіпкер әйелдерге шағын несие беру орталығының мониторы қызметін атқарды. Шыңғыстау өңіріндегі кәсіпкерлік саланың қарқын алуына да қосқан сүбелі үлесі бар.

Негізгі мамандығы радио саласындағы журналистика болғанымен табиғатына тән алғырлық пен ізденімпаздық Сәуле Зәрерқызын баспасөзге алып келді. 2006 жылы Абай ауданы әкімдігінің құрылтайшылығымен ашылған «Абай елі» газеті редакциясының шығармашылық һәм материалдық жұмысын бас редактор ретінде жолға қоя білді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білікті басшы еді. Басылым таралымының артып, онда берілетін мақалалардың мазмұндылығына баса мән берді. Тектілердің ізі қалған, қазыналы өңір саналатын Абай жерінің төл газетін талап пен талғамға сай етуді мұрат етті. Басылым түрлі қысылтаяң кезеңдерді де өткерді. Бірақ жабылып қалмады. Жаңа айдарлармен толықтырылып, оқырманды өңірдегі өркенді істер, ел арасындағы шежіре әңгімелер, өнер иелері жайлы тұщымды дүниелермен қауыштырды. Осынау еңбектері бағаланып, редакция алқасы облыс әкімінің Алғыс хатын, түрлі марапаттар да иеленді.

Иә, сырғыған уақыт бір орында тұрмайды. Абай хакім айтқандай әркім үшін таусыншақ бір күн бар. Міне, саналы ғұмырын халқының игілігіне арнаған Шыңғыстаудың бір қызы өмірден өткеніне 1 жыл толды. Артында жан-жарымен көзінің ағы мен қарасындай қызы мен ұлы қалды. Өзі меже етіп алға қойған армандары қалды...

 

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!