Бейсенбі, 28 Мамыр 2015 00:00

«Мың бұралаң өмірдің көшесімен...»

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Жаңа кітап тұсаукесері

 

Арман ШЕРИЗАТ:

«Мың бұралаң өмірдің көшесімен...»

 

            Мамыр айының 15-інде Семей қаласының Мәдениет сарайында ауданымыздағы Медеу ауылының тумасы, Қарауыл гимназиясының түлегі, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбын тәмамдаған жас ақын, бүгінде Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің филология ғылымдарының магистрі Арман Шеризаттың «Тәңірқұт» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.

            Арманның есімі бүгінде алаштың көзіқарақты оқырмандарына біршама танымал. Әдеби ортада, әсіресе, қолына қалам ұстаған кейінгі толқын арасында А.Шеризаттың шығармашылығы өз бағасын алып үлгерген. Қазақтың жазба поэзиясында өзіндік қолтаңба қалыптастыра бастаған ақынның сезімтал жырларына құмартатындар көп.

Қарағанды қаласында «Қасым.KZ» сериясы аясында жарық көрген жыр жинағына жас ақынның 50-ге тарта өлеңі енген екен. Жоба басшылары ұйымдастырған іріктеуде дарын иелерінің ішінен Арманның жырлары үздік деп танылып, баспаға жол тартқанынан аталмыш тұсаукесер рәсімде құлағдар болдық.

Жинақтың алғысөзін қаламдарының қарымдылығымен танымал ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Төлеген Жанғалиев сынды белгілі ақын ағалар жазған екен. Жазушылар одағының мүшесі, Арманның поэзия әлеміндегі алғашқы бағдаршы-ұстазы Төлеген Жанғалиев кітапқа білдірген өз пікірінде: «Алғашқы жыр кітабын оқырмандар назарына ұсынып отырған ақын шәкіртім Арман Шеризатовтың қазіргі қазақ поэзиясының алдыңғы шоғырында шоқтай болып жанатындығына сенімім мол» деп пікір білдірген екен. Бұл ұстаздың шығармашылық қуаты бар шәкіртінің сөз өнеріндегі ертеңі шұғылалы боларына деген үміті екені анық.

Республикалық, облыстық жыр бәйгелерінің алдында жүрген Арманның жыр кешіне жиналған қауымның қарасы мол болды. «Тәңірқұт» аталатын жинақтың тұсауын сенатор, философ-жазушы Ғарифолла Есім мен абайтанушы Төкен Ибрагимов кесіп, ақ баталарын берді.

Ал жерлестері атынан сөз алған, Арманның ақын болып қалыптасуына себепкер болған, өлең әлеміндегі тұсауын кесуші ұстазы Төлеген Жанғалиев жас ақынның өмір жолына тоқталып, ақ тілегін жыр жолдарымен өрнектеді. Сөзінің соңында Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының арнайы құттықтауын табыс етті.

Өнер кешінде Қарауыл гимназиясы ұжымының атынан Арманның ұстазы Күлзия Нұрғалиева шәкіртіне деген ыстық лебізін білдіріп, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының мүшелері Ділдә Уәлибекова мен Марал Түгелжанова ақын ағаларына арнап жыр маржандарын тарту етті.

Семей төріндегі жыр мерекесіне айналған шығармашылық кеште белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, Шәкәрім университетінің филология факультетінің оқытушылары Фарида Задақызы, Раушан Қойшанқызы және алаштың рухани астанасындағы «Халықтық ақындар орталығының» төрайымы, белгілі ақын Дәметкен Омарбаевалар да пікір қосып, дарын иесіне ақ жол тіледі.

            Біз де Арманның жаңа жинағына көрімдік ретінде автордың осы жинаққа енген бірнеше өлеңдерін газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Қарауыл-Семей-Қарауыл

Оқылды 1216 рет Соңғы өзгеріс Бейсенбі, 28 Мамыр 2015 04:51
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!