Күшікбай батыр

Күшікбай батыр

Күшікбай – ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген қазақ батыры. Орта жүз Уақ тайпасынан шыққан. Батыр жайын­дағы нақты деректер мардымсыз болғаны­мен, ел ішіндегі аңыздан мәлімі, қоныс ет­кен жеріне тосыннан шабуылдап, ауыл­дас­тарының малын тартып әкеткен ойрат-қалмақтардың соңынан түре қуып келіп, осы жерде айқасқа түскен. Өн бойына шешек қаптап, ауыр халде жатқанына қарамастан, атқа қонған ол жаудың бетін қайтарғанымен, жарақаты ауырлап, жасы 20-дан енді асқанда осы жерде найзасына сүйеніп тұрып жантәсілім еткен. Ұлы жерлес жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Ол қолбасы атанған тұста шешек тиіп, көп уақыт қозғала алмай жатып қалады. Осыны білген дұшпандары оны қапыда алмақшы болады. Кек буған батыр жалаңаш денесіне желбегей жамыла салып, жауға атой беріпті. Жауын жеңген ол осы асуда ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантәсілі етіпті» деп суреттейді. Күшікбай Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырлардың бірі. Ол батырлығына қоса нашарға қайырымды, әділдігімен аты шыққан адам.

Күшікбай кезеңі - Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Семей қаласынан Абай еліне дейін 60 шақырымдай, Арқалық тауынан асатын тұсты «Күшікбай кезеңі» деп атайды. Арқалық тауының биік төбе басында Күшікбай батыр жерленген. М.Әуезов «Қорғансыздың күні» деген әңгімесінде Күшікбай кезеңінде болған қайғылы оқиғаны шынайы бейнелеген.

Семейден ұлылар мекенін бетке алып, Қарауылға жол тартқанда алдымен көзге түсетін өзгеше мекен бар. Ол – дерекке бергісіз аңыздары­мен әйгілі Күшікбай батыр бұлағы. Қойнауына қасиет тұнған қарт Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті көрінетін бұл жердің өткен-кеткен жолаушы үшін жөні бөлек. Себебі ұлы Абай топырағына аяқ басқан жан алдымен осы Күшікбай бұлағының басына аялдайды. Жай ғана тоқтамай, тұнық суды қасиет тұтып, арна­йы ыдыстарына да толты­ра  алып кетіп жатады. Тау бауырынан сарқырай ағып жататын бұлақтың ерекшелігі сол – қыста қатпайды, жазда да суы бір толастамайды.

Бұл жердің тарихи мәні зор, ұрпақ үшін ұғымы терең. Алғаш рет ел аузындағы Күшікбай бұлағының баян­далуы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде көрініс табады. «Қорғансыз­дың күнінде» баяндалған оқиға 1914 жылы болған екен, М.Әуезов оны 1921 жылы жазған.

Ерте күннен жортуылға атта­нып, уақтың көп батырларының арасында бұ­ғанасы қатпағанына қарамай, талай қиын-қыстау сәтте ақыл тауып, қажымас қай­рат, ерен ерлік көрсеткен. Осындай өне­рінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көзде­ген мақсаты қолбасылық болып, аяғында оған да жеткен.

Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлген­дігінен моласы тұрған биіктің ба­уыры­нан боран, ызғар айықпайтын болған екен...»

Бұл – жоғарыда сөз еткен Әуезов шығармасындағы үзінді. Жазушының жазықсыз зорлық көрген Ғазиза қыздың тағдырын суреттеген әңгімесіндегі осынау шағын үзінді уақыт өте келе Күшікбай батырдың тарихта қалуына түрткі болды.

Кейіннен  Шыңғыстау сырының құпия­сын ашар кілт іспетті Күшікбай батыр бейі­тінің басына монумент қойылып, көпшілік кө­кейіндегі игілікті іс жүзеге асты. Сал­танат­ты шараға қатысқан Семей қала­сы­ның әкімі Айбек Кәрімов Күшікбай батырға белгі қою тек бір ғана мақсатты көздеген біржақты іс емес, жалпы қазақ батырла­рына көрсетілген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.

«Бітер істің басына, жақсы келер қа­сына» дегендей, Күшікбай батырдың басы­на тұрғызылған монумент «Күшікбай ба­тыр» қоғамдық қорының ұйытқы болуы­мен жүзеге асқан болатын. Тарихи нысан құрылысы 2010 жылы қолға алынған. 20 шақырымнан көз тартатын батыр­дың дулығасы пішіндес монумент Маңғыстаудан әкелінген ақ таспен көмкерілген. Маңдайшасындағы қазақтың дом­бырасы мен еркіндікке ұмтылған аққу­дың да өзіндік айтар сыры бар. Ал дулы­ғадан сәл кейінірек қойылған белгітастың оң қапталына найзасы мен қалқаны орналастырылған. Ертістің жағалауынан әдейілеп әкелінген алып тастың бетіне ақын Т.Жанғалиевтің батыр жайындағы толғанысы бедерленген. Тұғыртасы мәр­мәр­мен қапталған монументтің дулыға пішіндес болып иіліп келуі ұлылар мекеніне апаратын қақпа бейнесінде де көрінеді. Монумент эскизінің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, СМПИ көр­кемсурет-графика кафедрасының мең­геру­шісі Мадвақас Сексенбаев.

Семейде бір күн түнеп, Жидебайды бетке аламыз. Жидебай бағытына бет алған жолда алғаш болып тоқтаған орнымыз Күшікбай батыр асуы болды. Күшікбай асуы – Семейден 51 шақырым қашықтықта орналасқан Арқалық тауынан асатын тұсы. Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Күшікбай бұлағының тарихы да ерекше. Бұлақ басында Абай да, Мұхтар да талай болған
тарихи орындардың бірі.

Сондай-ақ, Абаймен 25 жыл жолдас болған ақын әрі шәкірті Көкбай Жанатаев та осы асуда 1925 жылы Омбыға бара жатқан жолында көз жұмған. «Күні бүгінге дейін Шыңғыстауға бет алған жолаушылар осы бекетке тоқтамай өткен емес. Батыс жақтағы ана тау үстіндегі бейіт -Күшікбайдікі. Осы өңірді иемденгісі келген жауларының зорлығына көнбей, бұлақ басында күші басым топқа қарсы шауып, қаза тапқан батыр азамат» деп жерлес жазушы Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат атты кітабында жазылады. Батырлар –ел қорғаны. Өлкемізге ерекше еңбек сіңіріп, үлес қосқан адамдарды, тарихи тұлғаларды дәріптеу борышымыз бен міндетіміз.


                                                                   Әсел Жүнісова

                                                 М.Әуезов атындағы орта мектептің

                                                   тарих пәнінің мұғалімі

                            

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!