Руханият

Шәкір Әбеновке 115 жыл

ДАЛАНЫҢ  ДАРА ШАЙЫРЫНА АРНАЛДЫ

 

Биылғы жылы шежірелі қарт, батагөй қария, даланың дархан мінезді ақыны Шәкір Әбеновтың туғанына 115 жыл толады. Кешегі ұлылардың сарқытындай болған қадірменді ақсақалдың арамыздан кеткеніне көп бола қоймаса да оған деген жұртшылықтың құрмет-ілтипаты, сағынышы әлі де суып үлгерген жоқ. Қайта рухани мұраларын жыл сайын жаңғыртып, жаңа буынға жаңа қырынан танытып, өнеге тұтуда. Бұл ретте ақынның торқалы тойы абыз ақсақалдың туған мекенінде, қаймағы бұзылмаған қазақы өлке Құндызды ауылында болып өтті.

Салтанатты кеш аталмыш ауыл төріндегі Шәкір атамыздың мұражай үйінің алдында мерекелік іс-шарамен шымылдық түрді. Шара беташарында кіріспе сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев пен ауыл әкімі Тілек Үркімбаевтар құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік жиынды ашып берді. Аталмыш іргелі басқосуға ауданымыздың көзіқарақты зиялы қауым өкілдері, мекеме-ұйымдар басшылары мен ақынның туыстары, Құндызды ауылының тұрғындары мол жиналған болатын.

Тартымды өрбіген кештің маңызын арттырған жайт Шәкір атамыз жайлы толғанған естеліктер болды. Әсіресе абыз ақынның туысқан інісі, бүгінде өзі де ауылдың қадірменді ақсақалына айналған Көлембай Әлімбеков тағылымды әңгіме өрбітіп, Шәкір атамыздың өмірінен қызықты естеліктер айтты.

Сонымен қатар, құндыздылық жас дарын ақындар жиналған қауымды аталарының жыр-өлеңдерімен сусындатты. Расында, кешегі жыраулар үлгісімен жазылған, қуатты ойдан құралған, көркем кестелі ақын шығармалары бүгінгі күні де маңызын жоймаған.

Құндызды ауылының тумасы, ұзақ жылдар бойы Шәкір атамыздың шәкірті болған, Алматы облысына қарасты Қапшағай қалалық Мәдениет үйінің директоры Серік Бекбосынов аталмыш шараға арнайы келген болатын. Қадірменді мейман абыз ақынға арнау өлеңін оқыды. Бір бұл емес, жергілікті ақын Қожағұлов Еркін де жүрекжарды туындысын көпшілік алдында паш етті.

Кеш барысы осылайша әсерлі өрбіді. Шәкір атамыздың 115 жылдық тойы Абай елі үшін елеулі мереке. Сондықтан да болар, ақынның артындағы ұрпағы, жалғыз тұяғы Сана апайымызға қазақы дәстүрмен ақ орамал тарту етіліп, камзол кигізілді. Мұндай сый-сияпат Көлембай Әлімбеков, Абай елінің бас ақыны Төлеген Жанғалиев, туысы Тоқтарбек Күнғалиев және осынау тойды ұйымдастыруға ат салысқан, басы-қасында жүрген ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайырбек Тайтөлеуовке, қасиетті ұлылар мекенінде, Құндызды елінде еңбек еткен, Шәкір атамыздың қасында талай жыл бірге жүріп, інісіндей болған Меллат Дүйсенбаевқа да көрсетіліп, құрмет ретінде қазақы салтпен оюлы шапан жабылды.

Мұнымен қатар, бүгінде атамыздың ән-жырын насихаттап жүрген бірегей шәкірті Амангелді Жікенов те көпшілік алдында сөз сөйлеп, кезінде үйренген екі әнін нақышына келтіре орындап, тыңдарман көңілдерін серпілтті. Одан кейін жас әнші Қайрат Қабышев Шәкір атаның жұртшылық арасында танымалдылыққа ие бірқатар әндерін тамылжыта орындады. Өз кезектерінде мектеп оқушылары да жергілікті сазгер Ақылбек Нұрахметовтың «Шәкір ұрпақтарының үні» атты әнін ерекше жігермен орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

Аталмыш кеш әдеби композициямен де көркем өрбіді. Бірнеше оқушы «Шәкіртану» сабағында үйренген Шәкір ақынның тақпақтарын мәнерлеп жатқа айтып, көпшіліктің алғысына бөленді. Расында, ақын өлеңдері осынау ұрпақтармен өміршең.

Салтанатты шара аяқталғаннан кейін жиналған көпшілік қауым қыр басында тұрған Шәкір атамыздың зиратына барып зиярат етіп, сүре оқып, дұға бағыштады.

Сонымен қатар, ауылымыздың тойханасында ақын рухына арналып, үлкен ас беріліп, Құран бағышталып, қатым түсірілді. Бұл жиында да абыз ақсақалдың көзкөргендері сөз сөйлеп, Шәкір жайлы естеліктер айтылды. Ал соңын ала Шәкірдің ұрпақтары Сана мен Арнұр ауыл азаматтарына алғыстарын айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Түс ауған соң ақын тойы жаңаша сипатпен жалғастық тапты. Анығырақ айтсақ, қазақтың аламан бәйгесі, құнан, тай жарыстары ұйымдастырылды. Жүлде қоры да қомақты екен. Аламан бәйгеге «жигули» автокөлігі тігілді.

Бір бұл емес, осынау ұлан-асыр шара барысында ұлттық ойындар: қазақ күресі, жаяу жарыс, қол тірес өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Аламан бәйгеде бас жүлдені Құрманғазин Ерсіннің «Дос» сәйгүлігі иеленсе, құнан жарысында Нұғымаров Мараттың «Құндызды қасқа» аты және тай жарысында Мамытұлы Айбектің «Жалын» аты сәгүлігі І орынды еншіледі. Шабандоздар тиісінше сый-сияпатқа кенелді.

Қол күресінен ерлер арасында Нұғымаров Айдос І орынды жеңіп алса, жаяу жүгіру жарысы бойынша Еңсебаев Айдын жүлделі жеңісті қанжығасына басты. Нағыз ұлттық ойын қазақ күресі екені хақ. Түйе палуан сайысынан І орынды Нұғымаров Марат, ІІ орынды Батырбаев Аян, ІІІ орынды Еңсебаев Айдын иеленді.

Осы спорт түрінен 25 келі салмақ пен 55 келі салмақ арасында шеберлік байқасқан құндыздылық жас балуандар белдесуі де тартысты өтті. Бұл жарыста І орынды Серікханұлы Роллан, ІІ орынды Дарынұлы Біржан, ІІІ орынға Сұлтанұлы Мирас ие болып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Ауыл халқы осынау іс-шараларды тамашалап, бек риза болысты. Думанды шара мұнымен тәмамдалған жоқ. Кешкі сағат 20-00-де Жастар саябағында «Қаламқас» ән-би ансамблінің гала-концерті ұйымдастырылды. Соңынан Құндызды ауылының талантты жастарының әні мен биі орындалды. Әсіресе, көрермендердің сұрауымен Шәкірдің шәкірті Алмаз Мадиева мен тікелей ұрпағы Арнұр Шәкеровтың бірнеше әндері орындалды.

Бұл дүбірлі той көптің көмегімен орын алып отыр. Шәкір атамыздың 115 жылдығы құрметіне арналған шараны ұйымдастырып, ойдағыдай өтуіне ауылымыздың 1973 жылдан 1993 жылға дейінгі туған азаматтар мен Шәкір атаның туыстары, «Наз» ұрпақтары, ынталы ауыл тұрғындары демеушілік көрсетіп, атсалысқан болатын-ды. Осы тойды ұйымдастырушы ауыл азаматтары қатарында 2013 жылғы «Қазақстан барысы» жеңімпазы Айбек Нұғымаров және «Наз» ұрпағы Сырым Дүйсекин, ауыл әкімдігі мен клуб үйінің қызметкерлерінің қосқан үлестерін баса атап өткен ләзім. Ал аталмыш шараның сценарийін жазып, ұйымдастырып өткізген Құндызды ауылының клуб үйінің меңгерушісі Төлендиев Ерқанаттың да еңбегі зор.

Абыз ақсақалға, оның мұраларына деген құрмет – ұрпаққа ұлағат. Бұл ретте заманының біртуар шайыры Шәкір Әбеновтың торқалы тойы Шығыс жерінде, Абай еліндегі Құндызды ауылында тұңғыш рет ауыл тұрғындарының демеушілік жасап, атсалысуымен ұйымдастырылып өткізілді. Бұл сөз жоқ, елдігіміздің, береке-бірлігіміздің кемелдігінің бір белгісі екендігі анық.

 

«Абай елі» ақпараты

Шүкір, бүгінде талабы мен таланты ұштасқан жастар Абай елінде де жетерлік. Биіктерді бағындырып, өнердің әр саласы бойынша еліміздің маңдайалдысы атанып жүрген өрендердің көптігі қуантады. Жуырда сондай жастардың қатары тағы бір есіммен толықты. Бұл жолы жерлесіміз Нұрқыз Мырзаханова топ жарды.

Сөз басында айта кетелік, осыдан біраз бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жарияланған "Дін және тарих тағылымы" жылы аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ақындар арасында "Бағытым-Ислам, Бақытым-Тәуелсіздік" атты діни жырлар мүшәйрасы ұйымдастырылған болатын. «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, республикамыздың әр түкпірінен кіл мықтылар қатысып, бақ сынаған айтулы байқауға  Қарауыл гимназиясының "Ақсұңқар" ақындар сыныбының шәкірті, бүгінде Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің ІІІ- курс студенті Мырзаханова Нұрқыз да қатысқан-ды. Нұрқыздың айы оңынан туып, нәтижесінде аталмыш байқаудан жүлделі І-орынды иеленіп аудан абыройын асқақтатып қайтты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген мүшәйраға  республиканың түкпір-түкпірінен жасы 18-ден асқан ақындар қатысып, өз жырларын ұсынған болатын.

Өскемен орталық мешітінде бас қосқан ақындар сол жерден таулы Алтайдағы көрікті мекен Теректіге жол тартты. Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданы, Теректі ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты барысында мүшәйраға қатысушылар, барша жамағат  салтанатты жиын мен мерекелік концертті тамашалап, соңында марапаттау рәсіміне куә болысты.

"Бақ шаба ма, бап шаба ма" демекші, мүшайраға сайланып келген жиыны 60-тан астам жазба ақынның 26-сы іріктеліп, өзара қайта сайысқа түсіпті. Сөйтіп, төрт турдан сүрінбей өткен ақындар ақтық нәтиже бойынша жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтсақ, Бас жүлде - Умра қажылығына Әскерхан Ақтай ие болса, І- орынды Мырзаханова Нұрқыз, ІІ- орынды Игембаев Айдын, ІІІ- орынды Саят Қамшыгер иеленді. Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің арнайы жүлдесімен Ұларбек Дәлейұлы марапатталды. 

Ал І- орынды қанжығасына байлаған Нұрқыз Мырзаханованы сөзге тартқанымызда  "алдағы уақытта өлең атты қасиетті мекеннің шырағын сөндірмей, өнер атты өлкеде әрі қарай өрлесем деймін" деп тілек білдірді. Талапты жасқа біз де талантың мұқалмай биіктерге самғай бер деп ізгі лебіз білдіреміз.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

"Абай елі"

Ұлы Отан соғысының ардагері, 40 жылдан астам ұстаз болған әкем Қапақов Қабдуәли Қайнар-Абыралы өңіріне де сыйлы жан еді. Осы өңірдегі «Социалистік Қазақстан»,  «Келдібай» жерлерін сағынышпен еске алып айтып отыратын-ды. Атом алапаты басталған тұста Қайнар өңірінен  Құндызды ауылына көшіп келген екен. Әкем марқұм Қайнар өңірінің, Абыралы ауданынан  болғандықтан ба ақын Төлеужан Ысмайыловты, ауданымыздағы тұңғыш дәрігер Сарбас Исақұлының есімдерін, оған  қоса Камал Махметұлы мен Рақыш тәтені, ұлы  Совет ағаны да  жиі аузынан тастамаушы еді. Қарауылға келгенде жолыға қалса қауқылдасып, өткен-кеткенге ой жіберіп бір жасап қалатын. Бала кезімде  әкемнен   бір елі қалмайтын мен де Совет ағаны жақсы танып өстім. Ағамыз «Совхоз туы» газетінде қызмет етіп жүргенде мен мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушы едім. Аудандық «Совхоз туы», кейіннен «Абай ауылы» газетіне мақалаларым  мен өлеңдерім жарияланып тұрды. Газеттің сол жылдардағы қос қабатты ғимаратына ақ тер, көк терге малынып  баспалдақтарымен жоғары көтеріліп, редакторы Мейрамбек Жанболатов ағамен   алғаш рет әңгімелескенім де есімде қалыпты. Әйтеуір қалам ұстаған ағалар мен апайлардың ақылын тыңдап, соларға болмасақ та ұқсап бағуға тырыстық. Әкеммен жақсы сыйласқан сондай ақылшы да, аптал ағаларымыздың бірі осы бір мен үшін қадірлі жан Совет Махметов дер едім.

Әдебиет пен мәдениеттің, руханияттың өлкесі саналатын Ұлылар елі өнер иелеріне, оның ішінде қаламгерлерге бай ел.  Олардың барлығын тізбелеп жатудың қажеті болмас, көпшілігінің есімдері кейінгі ұрпақтың құлағына сіңісті дей аламыз. Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналистер қатарындағы Совет ағамызды барша абайлықтар да жақсы біледі.  Қасиетті Ораза айтының қарсаңында Абай елінде ағамыздың есімімен байланысты ерекше жаңалық орын алды.  Атап айтсақ,  М.Әуезов  атындағы орталықтандырылған кітапханада КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, «Қазақстанның еңбегі сіңген мемлекеттік қызметкері» орденінің иегері   Совет Камалұлының «Тек» атты кітабының тұсаукесері өтті.  Бұдан бұрын да, 2011 жылы Ресейдің Новосібір қаласындағы баспадан «Тұяқ», «Ел ағалары» атты әңгімелер мен эсселер кітабы жарық көрген болатын. Қаламгердің «Тек» атты тектілікті паш еткен үшінші кітабы да өмірден алынған шынайы кейіпкерлерімен құнды болмақ.  

Редакциямызға келген мақалалардың ішінде Совет Махметовтің қолтаңбасы бізге етене таныс. Олай дейтініміз  әрбір жазған эссе, мақалаларының басына  өлең шумақтарын эпиграф етіп қойып шығарманың мазмұнын арттырып, айшықты ой беретін. 

Байсалды да сабырлы, өзінің салмақты мінезімен әр нәрсені саралап, салмақтап сөйлейтін, көргені мен өмірден түйгенін қағазға түсіретін Совет ағаның  «Тек» атты кітабының тұсаукесеріне аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Төлеген Жанғалиев, сондай-ақ ардагер ағалар мен мекеме басшылары, мұрағат  ұжымы, кітапхана қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Елдар Кәменұлы Оразалы шығармашылық кешті кіріспе сөзбен ашып,  өз мәнінде жүргізіп отырды. Сол жылдарда «Совхоз туы» газетінде Совет ағамызбен бірге қызмет еткен ақын Төлеген Жанғалиев «Тек» атты жаңа кітаптың мән-мазмұнына, құндылығына тоқтала келе, ел тіршілігінің елеулі тұстарын, ауданның абзал азаматтары есімін жас ұрпақ санасына  жаңғыртып жүрген қадірлі інісіне қаламының мұқалмауын тілеп, ізгі лебізін арнады.

Бұдан соң сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Б.Болатұлы алып, спорттан да қара жаяу болмаған қаламгер ағамыздың еңбегіне мол табыс, жанұясына бақыт тілеп, қаламының қарымды болуына тілектестігін білдірді.

«Кітап - руханияттың кәусар бұлағы» десек,  «Тек» атты жаңа кітаптың лентасын қию құрметі Ұлы Абайдың туысы, еңбек ардагері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Манатай Толғанбаев,  еңбек ардагері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Байбота Орынбаев, спорт ардагері, аудандық спорт мектебінің тұңғыш   директоры, «Абай ауданының құрметті азаматы» Майдан Мұқановқа берілді.  Ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Нағила Шаңбаева ұлттық рух есіп тұрған  тұсауы кесілген жаңа кітаптың құрметіне қазақы дәстүрмен шашу шашып, сый-сияпатын ұсынып, жылы лебізін жеткізіп кеш ажарын арттыра түсті. Осылайша, салтанатпен жаңа кітаптың  лентасы қиылып, шашу шашылған бұл күн құттықтау тілектермен толыға түсті. Ауданымыздың сыйлы ақсақалдары  Манатай Толғанбаев, Байбота Орынбаев, Қарауыл ауылының әкімі Құсыман Берлешов,  Абай қорық мұражайының меңгерушісі, әдебиеттанушы Әсет Мырзақасым,  аудандық тарихи-өлектану мұражайының меңгерушісі Малғаждар Жүнісжанов, спорт ардагері, аудандық спорт мектебінің тұңғыш директоры, «Абай ауданының құрметті азаматы» Майдан Мұқановтар  ақжарма тілектерін ағытты. Бірі шығармашылық жолдағы жетістіктерін әңгімелесе, бірі спорттағы қадамдарын алға тартты.

Мағыналы да әсерлі кеште дәстүрлі әншілер әсем әндерден шашу шашты. Абайдың «Көзімнің қарасы», Мейрамбек Жанболатовтың «Ән домбыра» әндерін нақышына келтіре орындаған «Қаламқас» халық   ән-би ансамблінің әншісі Қайрат Қабышев пен  Ж.Кәрменовтің «Толғау» әнін төгілткен ансамбльдің әншісі Қонысбек Байдашевке көпшіліктің  ықылас-ілтипаты ерекше болды. 

Тұсаукесер кештің соңында кітап авторы қорытынды сөз сөйлеп, аудан кітапханасына және жекелеме адамдарға өз қолтаңбасы жазылған  кітаптарын сыйға тартты. Пайғамбар жасынан асып, тектілерден нәр алып, текті жандардың қадір-қасиеттерін, еңбектегі, өмірдегі жолдарын әдеби тілмен көркем түрде өрнектеп жүрген Совет ағамызға  біз де ел құрметіне бөленіп, абырой шыңнан көріне бергейсіз деп тілектестік білдіреміз.

Мамыр айының 4-ші жұлдызында мәдениет үйінде Республикалық XVII Абай, Шәкәрім оқуларының аймақтық кезеңінен іріктелген өрендердің аудандық деңгейдегі бәсекесі болып өтті. Сөз өнерін серік еткен кіл жүйріктер байқауында аудан намысын алдағы күзде өтетін Абай, Шәкәрім оқуларының республикалық кезеңінде қорғайтын өрендер дараланды.

            Сонымен, жыл сайын дәстүрден жаңылмай ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш бәсекенің биылғы жеңімпаздарымен таныстырайық. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімі бойынша Мамай негізгі орта мектебінің 4 сынып оқушысы Маржан Карчалова мен Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Мадина Мәденовалардың бабы келісіп, биіктен көрінді. Өрендер осылайша жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Ал ІІ орын Ж.Молдағалиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Лаура Айдынқызы мен Көкбай орта мектебінің 4 сынып оқушысы Заңғар Нұртасұлына бұйырды. Сондай-ақ, І орынды Шәкәрім орта мектебінің 6 сынып оқушысы Гүлбақыт Ақшекина жеңіп алып, үлкен сынға жолдама алды.

Айта кету керек, даналарымыздың 156 өлеңін жатқа меңгерген Гүлбақыт өз білім-білігін сахна төрінде жоғары деңгейде дәлелдеп шықты. Көкбайлық өрен Заңғар да биылғы маусымға тыңғылықты әзірленіп келген екен. Абайдың «Ескендір», Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмаларын еш мүдірместен мәнерлеп оқып шықты. Дауыс ырғағын нақышына келтіре, әр әріпті айқын айтқан көркемсөз шеберлерінің өздері жаттаған өлең нақылдарын көңілге түйіп, көкейге тоқығандарын әсерлі образ, ойлы пішіндерінен айқын аңғардық. Аталмыш байқаудың бір мұраты осы екенін ескерсек өрендердің бағы жанды.

            «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша саз өнерінен сынға түскен Медеу орта мектебінің 6 сынып оқушысы Айзере Қабышева, Қарауыл гимназиясының 6 сынып оқушысы Жаннұр Жанатқалиқызы, саржалдық Хапан Есбол ІІІ орынды өзара бөліссе, Әуезов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Жанерке Әділбекова, архаттық Қаламқас Әкімбаева, құндыздылық Жібек Амангелдина ІІ орын тұғырына көтерілді. Ал І орынды Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейі иеленді.

Келесі кезектегі «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімі бойынша жас ақындар өз өлеңдерін ортаға салып, сайыс нәтижесінде қасқабұлақтық Әділет Айтмұхамбетов пен Шәкәрім орта мектебінен келген Бағжан Кәріпбаева жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ал, ІІ орын тоқтамыстық Аружан Мейрамғалиева мен Ордадан келген Байқуат Төкеновке бұйырды. Сондай-ақ, І орынды Қарауыл гимназиясының 9 сынып оқушысы Ажар Уатжанова иеленді.

Ендігі аралықта жас өнерпаздар күллі Республикадан жиналған жыр жүйріктерімен сынға түседі. Алдағы бәсекеде бабы да, бағы да келіссін деп тілейміз!

Жүлделі болған жас ақындар өлеңдерін оқырман назарына ұсындық.

Ұлтымыздың ұлы тұлғалары туған құнарлы топырақтан жаралған қазақтың тағы бір көрнекті ақыны, сазгер, әнші әрі күйші, сал-сері, батагөй қария Шәкір Әбенов. Атамыз тар жол, тайғақ кешкен тағдырды басынан өткерсе де  артына мол мұра қалдырды.  Сол асыл мұрасын өшірмеу мақсатында жылма жыл Шәкір оқулары өткізіліп келеді. Көзінің қарашығындай болған жалғыз қызы Сана, ақын атындағы мектеп ұжымы ақын мұрасының өміршең болуына атсалысуда.

«Халық ақыны Шәкір Әбеновті құрметтеу - Қазақ елін құрметтеумен бірдей» деген екен заманында жазушы Әзілхан Нұршайықов. Жылдағы дәстүрге сай  ақын шығармашылығына арналған байқау биылғы жылы да ақынның туған ауылы Құндызды ауылындағы  клуб үйінде өткізілді. Өлең жырдың өлкесі Жүрекадырда бас қосқан жас таланттар Шәкір абыздың 115 жылдығына орай ұйымдастырлған «Ән мен жырым халқыма сыйым» атты байқауда жырдан бұлақ ағызып, ән- термелер төгілтті. Үкілі үміткерлер  зор дайындықпен келгендіктерін байқатты.

Байқау беташарында мектеп директоры Серік Кемерханов, қазылар алқасының төрағасы Бектөлеу Имантай жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Жалпы, Шәкір оқуларына ұзын саны 40-қа жуық өнерпаз  қатысып, бақ сынасты. Төрелік жасаған  қазылар алқасының құрамында төрағасы, Абай ауданының білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантай, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы,  Шәкер Әбеновтың інісі, шәкіртанушы Көлембай Әлімбеков, «Қаламқас» ән-би ансамблінің дәстүрлі  әншісі Қайрат Қабышев және осы мақаланың авторы өнерпаз жеткіншектердің  талабы мен өрісін, қарымының өлшемін сараптап,  өнеріне лайықты  бағаларын берді.

Бұл байқаудың бір өзгешелігі, бұған дейінгі сайыстарда айтыс көрігін қыздыратын өрендер ендігі арада халықты Шәкір абыздың әндері мен термелерімен сусындатты.

«Қаламқас» халық ансамблінің дәстүрлі әншісі Қайрат Қабышев Шәкір әндерін шебер орындаушылардың бірі. Әннен байғазы сұраған көпшілікке бірнеше ән орындаған әнші ыстық ықыласқа  бөленді. Әншінің жұбайы Ақмарал Маңғыстау өңірінің тумасы, Махамбет жырларын өз мақамына салып орындағанда арқаланбайтын жан жоқ сірә да.

Жаратылыс сыйлаған дарыны өнер,

Өлсеңде өнер өлмес, өмір сөнер.

Мен үшін өлеңдерім сен жауап бер,

«Мен кіммін?» - деп сұраса кейінгілер,- деп өзі жырлап кеткендей, байқаудың  «Өлең-өнер, ойыншық, емес ермек»  атты І- бөлімінде жиыны 14 қатысушы Шәкір өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл бөлімде әсіресе ақын атындағы мектептің кішкентай бүлдіршіндерінен бастап таңдайлары тақылдап тақпақ айтқандықтарының куәсі болдық. Сонымен қатар  ақынның 35-45 өлеңіне дейін жатқа соғатын  Көкбай, Шәкәрім атындағы мектептің шәкірттері де осал еместіктерін көрсетті. «Әсерлі ән арбайды тыңдаушыны» атты ІІ- бөлімде жиыны 11 сайыскер композитор Шәкірдің ән әлеміне бойлап, жүрекке жылы тиетін ойнақы да әсерлі әндерді бірінен соң бірі тарту етіп жатты. Бұл бөлімде ұлттық аспапты шебер орындайтын саржалдық жас әнші Хапан Есбол  өзінің ән айту мәнерімен де, дауысының әсерлігімен де көпшілікті бірден баурап алды. Сондай-ақ бұл сайыста мектептің гимніне айналған «Шәкір ұрпақтарының әні» өлеңінің авторы Ақылбек Нұрахметов ұстазының баянмен сүйемелдеуімен «Ал, Дауа», «Гек кідік-ай» әндерін тамылжыта орындаған Қажыбекова Гүлнұр мен Шадаева Назымның өнеріне сүйсіне қол соқпаған жан болмады. Ал «Ақында бар тілі өткір, алмас қылыш» атты жас ақындар сайысында көмейінен жыр, жүрегінен сыр төгілткен дүлдүлдер тыңдармандарын селт еткізіп, көңілдерге шуақ шашты. Абай елі ақыннан кенде болған емес. Сайыста бақ сынаған 13 ақынның алғашқысы болып сахна төріне шыққан  ақын Төлеген Жанғалиевтің шәкірті, Қарауыл гимназиясының М.Ибраев атындағы  «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті  Садырбекқызы Диана кең сарайдай көңілін паш етіп, жүрегінен сарқырай  құлай аққан жырларымен ерекше әсерге бөледі. Тау суындай мөлдір тұнық жырлары жүрекке там-тұмдап жетіп жатты. Жас ақындар қатарында Молдағалиев орта мектебінен Рамаазанова Айпара, Тоқжігітов орта мектебінен Болатова Айзада, Көкбайлық Тілеуғабыл Нұрлы,  Ш.Әбенов орта мектебінен Төкенов Айбар, Ақылтаев Дархан, Қажыбекова Гүлнұр сынды дарындардың  болашағынан мол үміт күтуге болатындығын байқадық.   

Сайыс барысында мектеп оқушылары  өнерлерін орта салып, әннен шашу шашып, би биледі.Сайысты тамашалауға жиылған көпшілікке Шәкір ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд көрсетіліп тұрды.

«Алуан - алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын».  Елбасына бата берген ел ардақтысына арналған сайыс та өз мәресіне жетіп, бағалау, марапаттауға да кезек келген-ді. Сахна төрінен орын алған қазылар алқасы жүректері лүпілдеп, сайыс нәтижесін асыға тосып, толқып  тұрған үміткерлердің қуаныштарын еселеп,  мерейлерін үстем етті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демей ме, сонымен,  сайыс қорытындысы нәтижесінде   І- бөлім «Өлең-өнер, ойыншық, емес ермек» бөлімі бойынша  жүлделі І- орынды Ш.Әбенов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Серікқалиұлы Қайсар қанжығасына байласа, ІІ- орын даусыз- ақ абыз ақын атындағы мектептің 3-сынып оқушысы, барлық өлеңдерін мүдірмей мәнерлеп оқып шыққан сүйкімді Лаура Мұратжанова мен Шәкәрім орта мектебінің 7-сынып оқушысы 45 өлең жаттаған зерделі де зейінді Бағжан Кәріпбаеваға тиесілі болды. Ал жүлделі ІІІ- орын  Көкбай орта мектебінің 10-сынып оқушысы, абыз ақынның 35 өлеңін білетін Айнұр Төлеутаева мен  М.Әуезов орта мектебінің 6-сынып оқушысы Шуақ Серікқалиеваға бұйырды. «Әсерлі ән арбайды тыңдаушыны» тақырыбындағы ІІ- бөлім қорытындысы нәтижесі мынадай, жүлделі І-орынды саржалдық, Тоқжігітов орта мектебінің 6-сынып оқушысы, талай өнер сайыстарының жеңімпазы Хапан Есбол иеленсе, ІІ- орын екеу: әнді нақышына келтіре орындаған Шәкір мектебінің шәкірті Қажыбекова Гүлнұр мен  ғұлама Мұхтар мектебінің шәкірті Сәкенова Нұрдана иеленді. Ал, ІІІ- орынға Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінің шәкірті Алтынбекұлы Бекнұр мен С. Бекбосынов атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Төлеуғазин Олжас лайықты деп танылды.

Шәкір Әбеновтің әндерінің ерекшелігі сол, тек домбырамен ғана емес, эстрадамен де, баян, әр түрлі аспаппен құйқылжыта салуға болатындығы бізді қайран қалдырды. «Әнді сүйсең, менше сүй» дегізген бөлім осылайша шын таланттарын танытты. 

Сайыстың «Ақында бар тілі өткір, алмас қылыш» атты ІІІ- бөлімінің қорытынды нәтижесі бойынша жүлделі І- орынды «Ақсұңқарлық» жас  ақын Диана Садырбекқызы өзінің отты жырларымен жеңіп алса, ІІ- орынды  ойлары озық Тілеуғабыл Нұрлы мен Ақылтаев Дархан, ІІІ- орынды жырлары мәнді, мағыналы  саржалдық Айзада Болатова мен тоқтамыстық Айпара Рамазанова иеленді.

Сайыста үздік өнер көрсеткен өнерпаздарға  ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Ш.Әбенов орта мектебінің 1-сынып оқушысы, атасының 15 өлеңін жаттаған Серікқызы Аяжан, «Геккідік-ай» әнін әуелетіп, әдемі қылығымен сүйсіндірген Назым Шадаева, осы мектептің 10-сынып оқушысы Секенова Жадыра, медеулік Қорлан Берікқазина, Шәкәрім орта мектебінен Кәріпбаева Назгүл,  жас термешілер көкбайлық Қалиев Дәулет, құндыздылық Асхатұлы Ерназдарға үлкен үміт артылды.

Байқауға қатысушылар мен ұстаздар  мектептегі мұражаймен танысып, ауыл тынысынан мол мағлұмат алды.

Мен ризамын, өскен жер, өз еліме,

Жырдан мәйек сіңірген өзегіме.

Мен кеткен соң мадақтап кейінгі ұрпақ,

Орын берер  тарихтан өлеңіме...

— деп ақын өзі айтқандай бүгінгі ұрпақ Шәкір атамызды жадынан шығармауы тиіс. Осы орайда  айтпағымыз үлкенді-кішілі шаралар көпшіліктің көмегінсіз өтпейтіні белгілі. Қашанда ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен ел ұтады. Сайысқа демеушілік жасап, қол ұшын созған елжанды,  жомарт пейіл, мәрт  жандарды атап өтсек, атамыздың туыстары Қошқарбаев Мұхамедияр, Әлімбеков Көлембай, әкеден қалған жалғыз тұяқ Шакерова Сана, Әлімбекова Гүлжанат, Еңсеханов Мақсат, Дүйсекин Айдар, Қошқарбаев Батыржан, Айтмұханбетов Төлеуқасым, Саржанов Нұрлан, Рәмиаш апа, Көкіләй апай, Жүнісов Болат, Хайруллин Сабыржан, Кемерханов Серік, Мұхаметқалиев Мұхит,  жеке кәсіпкерлер: Мағауин Махмұт, Сыдықова Динара, Егеубаева Айман және ауыл әкімшілігіне ел атынан ризашылығымызды білдіреміз.

 Осылайша, «Талаптыға нұр жауар» демекші,  Шәкір баба шығармашылығы шарықтаған бұл күні сан шәкірттер мерейге бөленіп, куә болған барша жұрт баба мұрасының тұнығынан сусындады.

 Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

Қарауыл-Құндызды-Қарауыл

«Абай елі»

19 сәуір күні  Көкбай орта мектебінде Абайдың үздік ақын шәкірттерінің бірі Көкбай Жанатайұлының 155 жылдық мерей тойына орай мектеп оқушылары арасында өнер бәсекесі өтті. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байқауға 40-тан астам жас өрен қатысып, бақтарын сынады.

            Абай ауданында білім саласы бойынша жас ұрпақ - мектеп оқушыларының талабын арттыру бағытында соңғы жылдары көптеген игі шаралар жолға қойылғаны көңіл марқайтады. Айтар болсақ, дәстүрден жаңылмай өтіп келе жатқан Абай, Шәкәрім оқулары, Көкбай, Шәкір оқулары, Махамбет оқулары, Мұқағали оқулары, Кәмен оқулары келер ұрпақтың ұлылар елінің ұланы ретінде қалыптасуына негіз болуда.

            Биылғы Көкбай оқулары да ерекше өтті. Үш бөлімнен тұратын байқаудың І бөлімінде оқушылар Көкбай өлеңдерін жатқа оқудан сынға түссе, ІІ бөлімде жас ақындар жыр маржандарын төгілтті. Ал, ІІІ-ші бөлім бойынша оқушылардың қолөнер бұйымдарынан  жасаған көрмелері бағаланды. Сайысқа аудандық білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантаев, ақынның немересі Амангелді Ахметқалиұлы,аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы, білім бөлімінің әдіскері Гүлмира Қасеева, Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайының қызметкері Дархан Көкебаев және «Абай елі» аудандық газетінің бас редакторы Нұржан Байтөс қазылық етті.

            Байқау қорытындысы бойынша І бөлім "Көл-көсір өлеңдеткен Көкбай ақын"  тақырыбында ақын өлеңдерін жатқа айту бөлімі бойынша Бас жүлдені Мамай негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Дәлелханова Аңсаған жеңіп, І орын Қарауыл гимназиясының 6-сынып оқушысы Тоқтарбеков Бекзатқа бұйырды. ІІ орынды Көкбай орта мектебінің 8- сынып қушысы Бекенова Диана иеленсе, ІІІ орынды Бекбосынов орта мектебінің 8- сынып оқушысы Берікжанов Бақытбек қанжығалады.

ІІ бөлім "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін" жас ақындар сайысы өз шығармашылығы бойынша Қарауыл гимназиясының 10 сынып оқушысы Досбол Бекзат І орынды жеңіп алса, Тоқжігітов орта мектебінің 9-сынып оқушысы Саясатова Аружан ІІ орынды еншіледі. ІІІ орын Шәкәрім орта мектебінің 7 сынып оқушысы Кәріпбаева Бағжанға бұйырды.

"Өнерге әркімнің-ақ бар таласы" аталатын ІІІ бөлім бойынша І орынды Көкбай орта мектебінің 7 сынып оқушысы Әбутаева Сана, ІІ орынды Әбенов орта мектебінің 5 сынып оқушысы Әскерғазина Айнагүл, ІІІ орынды Әуезов орта мектебінің 6 сынып оқушысы Н.Маратқызы иеленді. Сондай-ақ, Шәкәрім орта мектебі 10 сынып оқушысы Кәріпбаева Назгүлге І бөлім бойынша үздік өнер көрсеткені үшін және Бекбосынов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Есенғалиев Бекзат ІІІ бөлім бойынша үздік өнер көрсеткені үшін республикалық тарихи, мәдени және өлкетану мемориалдық мұражайының атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

            Көкбай ақын мұраларын ұрпақтан ұрпаққа насихаттап, жеткізу бүгінгі күннің еншісіндегі елеулі істің бірі болмақ. Сол мұраның мәңгілік мирасқа айналуы жолында ақын атындағы білім ордасының да атқарып отырған еңбегі орасан. Жарқын Жәукенов басқаратын педагогикалық ұжым дәл осы күні ақын Көкбай Жанатайұлының атындағы залдың ашылу салтанатын өткізді. Шараның ресми бөлімінде ақынның немересі Амангелді Ахметқалиұлы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Елдар Оразалы салтанаттың лентасын қиып, ұйымдастырушы басшыларға алғыстарын жаудырды. Айта кеткеніміз жөн, бұл залда Көкбай Жанатайұлының өмірбаяны, ақынның шығармашылығы туралы естеліктер мен жергілікті ақындардың арнау жырлары қойылған. Мектеп директоры Жарқын Жәукенов қашаған ақынның мүсіні де зал төрінен орын алды.

 «АЕ» ақпараты

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

 Балталасаң да айрылман.

Сыртым – құрыш, жүзім –болат,

Тасқа салсаң да майрылман.

  Ақтамберді жырау

   Атақты Ақтамберді жыраудың өршіл рухтағы осы бір өлең жолдары маңдайына жазылған қатал тағдыр сынына мойымай, қайта шарболаттай қайралып қарсы тұрған қайсар рухты абыз ақын Шәкір Әбеновке арнап айтылғандай болады да тұрады. Алпыс жасқа дейінгі өмірі мен шығармашылық жолы небір шырғалаң мен аңызға бергісіз шытырман оқиғаларға толы, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, өмірден ақындық таланты мен мен тектілігін, асқақ тұлғасы мен азаматтық келбетін жоғалтпай өткен данагөй қарт ақын Шәкір Әбенов – шынында да ғажайып тағдыр иесі. Ойлап қараңызшы, ғұмырында бес рет түрмеге түсіп, бес ретінде де аман шыққан; нағыз қалам сілтер қуатты шағында жазықсыз жапа шегіп, отыз жыл бойы қысым мен жөнсіз қудалаудың небір құқайын көрген; сонда да елім деп соққан жүрегімен қолынан қаламын тастамай, жанкешті қайсарлық танытқан; тек алпыс жасында ғана ақталып, ақыр аяғында осы тартқан бар азап-мехнатының өтеуіндей – тоқсан жасында өзі өмір бойы аңсап өткен азаттықты, туған халқының бақытты сәті – Тәуелсіздік таңын көріп, тұңғыш Елбасына бата беру бақытына ие болып, тағдырды жеңген жан атануы – әдебиет әлемінде болмаған ерекше құбылыс.

            Қазақ әдебиетінің асыл қазынасын өміршең де өнегелі туындыларымен байытып, төкпе жырдың тарланы атанған Шәкір Әбеновтің шығармашылығын сөз еткенде, оның басты ерекшеліктеріне тоқталмай өту мүмкін емес. Бұл орайда ақын шеберлігінің ең басты ерекшелігі – оның халық ауыз әдебиетінің  бай қазынасынан рухани нәр алып сусындауында, оның асыл үлгілерін – шұрайлы сөз мақамдары мен айшықты сөз кестелерін сезімге толы шалқар шабытпен құлпыртып қолдана білуінде дер едік. Және де оның Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Иса сынды алыптармен үзеңгілес жүріп, иық теңестіре сөз қағысқанда, Нартай, Нұрлыбек, Сапарғали, Төлеу сияқты небір дуалы ауыз дүлдүлдермен айтысқа, сан сайысқа қатысқанда да қарсыласының мысын басып, өткір де өршіл сөздерімен, тауып сөйлейтін тапқырлығымен таң қалдыруы – халық поэзиясының құнарлы да қуатты әсерін айқын аңғартады.

            Ақын талантының тағыда бір айрықша көзге түсер тұсы – оның Абай дәстүрінен өнеге ала отырып, ауыз әдебиетінің озық үлгілерін, әсіресе қазақтың жыраулық дәстүрін бүгінгі жазба поэзияның озық үлгілерімен ұтымды ұштастыра білгендігінде жатыр. Сол себепті де ақынның өлеңі мен дастандарындағы жыр кестесі алымды да арынды болып келеді. Оқырманын нәрлі де өрнекті сөз айшығымен, тіл шұрайлылығымен, шымырлығымен тәнті етіп отырады.Оған дәлел ретінде ақын шығармаларында хас шебердің қолынан шыққандай жұп-жұмыр, жүрекке жылы тиетін жыр жолдарының жиі кездесетінін айтсақ та жеткілікті. Мысалға ақынның табиғат тылсымын суреттейтін мына бір өлең жолдарын алып қарайық.

                     Сай-сайда таза бұлақ, сыңқыл дыбыс,

                     Жаз жайраң, қыста қатал, күзде құныс.

                     Жарасып жағасында көрік берген,

                     Қарсақ жон, толықсыған шалғын жыныс.

                     Құздардан құлап аққан мөлдір бұлақ,

                     Мөлшеріндей суы бар жұлма құлақ.

                      Құздардың ең басында ақ қарлы тау,

                     Көлденең нардай шөгіп жатқан сұлап.

Немесе:

                     Түгі түлеп, өзгеріп, мал ыраңдап,

                     Ойда орман, қырда тастан күй-жыр аңдап.

                     Майда желмен тұрғандай әзілдесіп,

                     Көктемдегі гүл біткен бұралаңдап.

            Үлкен суреткерлікпен жазылған бұл өлең жолдарын классикалық үлгідегі қазіргі көркем поэзияның озық көрінісі деуге болады. Бұндай көркемдік қуаты мен тілдік кестесі қатар өрілген жыр жолдары ақынның әйгілі эпикалық шығармалары - «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Кейпін батыр», «Таңшебер-Жапал», «Ортақ арал», «Тоқтамыс» поэмаларында да молынан ұшырасып отырады. Қазақ әдебиетінің эпикалық қазынасына үлкен үлес болып қосылған дастандарын ақын халық поэзиясының ежелгі дәстүрімен баяндау, суреттеу, портрет жасау негізінде жазғанымен, көп ретте қазіргі классикалық поэзияға тән көркемдік тәсілдерді жиі қолданып отырады.

            Дастан жолдарынан бірде сонау Ақтамберді, Махамбеттерге тән өршіл де асқақ романтизмге толы жампоз жырдың үлгісі қылаң берсе, бірде лиризмге толы бүгінгі поэзияға сай жыр жолдары жарыса өріліп отырады. Ақын поэмаларының өміршеңдігі де осы бір құндылығында жатыр. Ақынның лексикалық тіл байлығы бар болмысымен жарқырай көрінген аталмыш поэмаларда сол замандағы ел өмірі мен дәуір шындығы, тыныс тіршілігі мен салт-дәстүрі, махаббат пен зұлымдық, кейіпкерлердің кесек тұлғалары шынайы суреттеліп, үлкен ақындық қуатпен жырланған. Поэмадағы оқиғалардың сюжеттік желісі шығарманың композициялық құрылымына сай шебер жымдаса өріліп отыруы – Шәкір Әбеновтің кең құлашты эпик ақын екенін айқын дәлелдей түседі.

            Кезінде талантты ақынның туындыларын көре тұра мойындамай, керісінше жала жабылғаны, «жаңалықтан түңілген, ескішіл, өткенді көп аңсайды» деп кінә артылғаны белгілі. Оны айтқан әрине, азаттықты аңсаған көреген ақынның шығармаларындағы астарлы ой мен озық идеяны көруге өресі жетпеген шала сауатты дүмбілез әдебиетшілер болатын.

            Ақын шығармаларының ішінде шоқтығы биік туындысы – «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасы. Көркемдік қуаты жағынан классикалық дәрежеге дейін көтерілген осы бір асыл туындыға ғұлама суреткер Мұхтар Әуезов: «Қазақ ауыз әдебиетінің бар қасиетін өз бойына дәл осы дастандай мол жинаған шығарма жоқ» - деп жоғары баға берген болатын. Бұл поэмаға сондай-ақ қазақ әдебиетінің классиктері: шығарманың жарыққа шығуына көмек жасап, мұрындық болған Сәкен Сейфуллин мен қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіров те зор баға берген.

            Тумысынан сан қырлы талант иесі Шәкір бабаның талайды таң қалдырған тағы бір қасиеті – оның есте сақтау қабілетінің ерекшелігі еді. Оны феномендік қасиет деп айтсақ та артық емес. Сонау әлемдік әдебиеттің алыптары Фердоуси, Низами мен Науаидан бастап, берісі Бұхар, Дулат, Жанақ, Балта, Түбек, Сабырбай, Байкөкше сынды жыраулардың, ұлы Абай мен оның шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Әріп сынды көптеген ақындардың өлең-жырларын тоқсан жасқа дейін жадында сақтап, жатқа айтуы – таңқаларлық құбылыс. Ол ол ма, Шәкірдің Байрон, Гете, Пушкин, Лермонтов, Блок, Есенин сияқты алыптардың да өлеңдерін таза орыс тілінде жатқа айтатынын екінің бірі біле бермеуі мүмкін.

            Осындай ерекше қабілет иесі Шәкірдің Қазақстан Ғылым академиясына ауызба-ауыз жатқа айтып, өткізген сан мыңдаған жол әдебиет үлгілері мен қазақ ақындарының өлең-жырлары қаншама! Егерде Шәкірдей іздеушісі болмаса, қазақ әдебиетінің эпикалық жанр қазынасының бір бүйірі бүгінге дейін олқы соғып, ойсырап тұрған болар еді-ау деген ой келеді осындайда. «Дулат Бабатайұлының ешбір өлеңі сақталмай жоғалып кетер ме еді, егерде Шәкір оның алты мың жол өлеңін жатқа айтып, академияға өткізбесе», - деп жазады ақын талантына таңқалған белгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықов. Жанақ, Түбек, Сабырбай, Шөже, Байкөкше, Уәйіс сиқты ақындардың да мұрасы Әбенов әрекетінің арқасында сақталып қалғаны белгілі. Осыдан-ақ үнемі қуғын-сүргінде жүрсе де Шәкір Әбеновтің қазақ әдебиетінің алтын қорына қаншалықты үлес қосқанын бағамдай беріңіз. Сондай-ақ ақынның айтуымен ел аузында жүрген көптеген ән мен күйлер нотаға түсіріліп, бүгінгі ұрпаққа жетіп жетіп отыр. Сонымен қатар оның жас кезінде серілік құрып, қолына үш ішекті домбыра, сырнай ұстағанын, шаршы топқа түсіп, үлкен әнші әрі айтыскер ақын атанғанын, отыздан астам ән мен күйдің авторы болғанын ескерсек, Шәкір Әбеновтің шын мәнінде сан қырлы тума талант, майталман өнер иесі екеніне көзіміз жете түседі.

            Жалпы қаламгер атаулының биік мұраты – өз дәуірінің жаршысы болу, жақсылыққа үндеуші, шындықты жырлаушы бола білу десек, Шәкір Әбенов бұл ұлы миссияны үлкен абыроймен орындап өткен ақын. Оған ақынның өзі өмір сүрген ортаның ащы шындығын жасырмай жайып салған жалынды жырлары айқын дәлел. Алайда  сол ақиқатты айтқаны үшін талай рет басына қара бұлт үйірілген сәттері де аз емес. Қазақ ұлтына қарсы бағытталған кеңестік идеологияның келеңсіз көріністерін көзімен көріп, ұжымдастырудағы асыра сілтеушілікті, әпербақан Голощекиннің озбыр саясатын, отызыншы жылдардағы қолдан жасалған аштықты, отыз жетінші жылдардағы зобалаңды басынан кешкен, жан-тәнімен күйзелген ақын кеңес үкіметін, партия мен оның көсемдерін ешқашан жырламағаны белгілі. Бұл да оған «үкіметті жырламадың, үкіметке қарсысың деген» негізсіз айыптың тағылуына себепкер болды. Осы айыптың кесірінен оның әрбір өлеңіне қатаң тексеру-цензура қойылып, аңдуға алынғаны, айтыстан да шеттетілгені белгілі.

            Жалпы тумысынан турашыл, шарт мінезді, шақпа тілді ақынның не айтса да өзіне тән өткірлікпен өмір шындығын арқау еткен өлеңдері зілді кекесінге, әжуаға толы болып келеді. Шындықты шырағдан еткен арқалы ақынның қырағы көзінен еш нәрсе де қағыс қалмайды. Әсіресе жамандыққа жаны қас ақын өңін айналдырған екіжүзді қуыс кеуделерді, жағымпаздар мен жандайшаптарды, жатыпішер жалқаулар мен масылдарды әрдайым уытты жырларымен өткір түйреп отырады. Сол бір аласапыран заманда шындықты шырқыратып бетке айтып, бас кетер-ау деп тайсалмай кеңес үкіметінің келеңсіздіктерін көзге шұқып, өткір тілмен түйрейді. Мәселен қанқұйлы Голощекин дәуіріндегі асыра сілтеудің ауыр зардаптарын ақын:

                  Халыққа әперді деп теңдік, азат,

                  Азат, теңдік дегені – сайқымазақ.

                  Ертедегі арабтың күң-құлындай,

                  Азат, теңдік орнына тартқызды азап, -

деп заман шындығын төрт-ақ жол өлеңмен бүкпесіз ашып тастайды. Жақсылыққа жаны құмар ақынды ұрпақ тағдыры терең толғандырып отырған. Жан-тәнімен шынайы азаттықты тілеген ойшыл да көреген ақын өз өлеңдеріне өмір, қоғам, халық, шындық сияқты ұлы ұғымдарды арқау ете отырып, халық қамқоршысы, саналы қайраткер дәрежесіне дейін көтеріледі. Алайда осындай арқалы ақынның көзі тірісінде өлеңдер жинағының шықпауы, қысастық жасалып, жалпы шығармашылық өнерінің дұрыс бағаланбауы – оқырманды түрлі ойға қалдыратыны рас. Тіпті сонау 1946 жылы оған «Қазақ ССР-нің халық ақыны» атағы беріліп, үш жылдан соң қайтарылып алынуының өзі жоғарыда айтылған көп жайды аңғартқандай...

      Сонау 1928 жылдан бастап қудалауға түсіп,  туған жерден жырақ кетуі, 1933 жылы «халық жауы» деген айыппен сотталуы, 1942 жылы екінші рет түрмеге түсіп, одан өзі сұранып майданға баруы, майданда жараланып 1944 жылы он алты жыл дегенде туған елге оралуы – осы ауыр айыптардың кесірі. Ақын қырық төрт жасында отбасын құрып, біраз уақыт тыныштық тапқандай болады. Алайда ақынның маңдайына жазылған қиямет мұнымен бітпейді. 1948 жылы бұрынғы айыптарына енді «кертартпа, үкіметке қарсы, байшыл ақындарды дәріптеді» - деген айыптар қосылып, тағы сотталады. Солақай саясаттың кесірінен еш кінәсі жоқ қайран ақын тағы да он жылды арқалап кете барады. Содан 1955 жылы түрмеден босап, бес жыл сергелдеңмен жүріп, 1960 жылы ғана толықтай ақталады.

     Қарап отырсақ, бір адамның басына бұл аз қиянат емес. Осыншама ауыр азапты бастан кешіп, тағдыр тауқыметін бір кісідей-ақ тартқан, өмірден өгейлік көрсе де, бар өнерін туған халқына арнап, оның азаттығын аңсап  өткен тарланбоз ақынның аңызға айналған ерекше тағдырына, қайсар рухына қалайша таң қалмассың...

            Бірде ақын сексеннен асқан шағында өміріне шолу жасай отырып:

               Сексеннің астым міне белеңінен,

               Жас ұрпақтар нәр алса өлеңімнен.

               Мен өлген соң, тарихтың дәптеріне,

               Жас ұрпақтар тіркейді, сенемін мен –

деп жазған екен. Бүгінде ардақты ақынның аяулы есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріптермен жазылып, шығармалары әлдеқашан тиісті бағасын алған. Туған ауылы Құндыздыдағы орта мектепке ақын есімі берілген. Мектепте жыл сайын  Шәкір Әбенов атындағы жас ақындар айтысы, ақын өлеңдерін жатқа айтудан, әндері мен термелерін орындаудан аудандық өнер сайысы жүйелі өткізіліп келеді. Осылайша «Өлсең де: өнер өлмес, өмір өлер» - деп Шәкір ақын өзі айтқандай, оның өлмес өнері мен есімі халқымен, ұрпағымен бірге мәңгі жасай бермек.

 Имантай Бектөлеу, әдебиеттанушы

 

 

 Ұлылық бар, даналық бар, мұрат бар,

Шың аталған қырат бар.

Бірақ соның бәрінен,

Биік тұрған бір күш бар.

Дидарына жер де ұүштар, күн құштар,

Ол-нәзіктік, мәңгі шуақ, нұры құт,

Сарқылмайтын жылылық,

Ол- тірліктің қуаты,

Әйел атты ұлылық!

 Ана жүрегіндей мейірімі төгіліп, күн нұрының шапағы шашылған, көгілдір  көктемнің шуақты мерекесінің бірі-8 наурыз  халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік  салтанатты кеш өтті. Кеш шымылдығы «Шыңғыстау»  ұлт аспаптар оркестрінің  «Шаңды жорық» күйімен күмбірлете ашылды.  Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы абзал аналарды, ақ жаулықты әжелерді, қыз-келіншектерді меркелерімен құттықтап, ақжарма лебізін жеткізді.  

 Аналары мен қыздары белсенді елдің мемлекеті мен әлеуеті, экономикасы да мығым болмақ. Әйел-ана, әйел-қайраткерлер қажыр-қайратының арқасында қоғамның әр саласында  ерлермен бірге тізе қосып, жауапты қызметтер атқаруда.  Бұл кеште кәсіпкер аналар мен өнерде, білім саласында биік белестерді бағындырып жүрген аналар ерекше ілтипатқа ие болды. Атап айтсақ, есімі аталып, марапаттауға ие болған жандардың бірі ауыл шаруашылығы саласында үздік еңбек сіңірген «Қуат» шаруа қожалығының жетекшісі - Тілеубике Шырахметқызы. Сонымен қатар мәдениет саласындағы  үздік еңбегі үшін  Зәйра Кәріпжанова   аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, білім саласындағы үздік еңбегі үшін  ұлағатты ұстаз Бекбосынова Қайникамал мерейге бөленді.

Осыдан соң залдағы барлық аналарға аудан әкімінің атынан гүл шоқтары табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

Келесі кезекте жерлесіміз, Евразия Ұлттық университетінің оқытушысы,  саяси ғылымдар докторы, профессор Нәубат Қалиев сахна төріне шығып, тебірене сөз сөйлеп, ақ жаулықты аналарға жылы лебізін білдірді. Ал аналар мерекесіне орай асқаралы 60 жасқа толып отырған жерлесіміз Абай ауданының және Шығыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» және «Барыс» орденінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, академик-ғалым,  танымал қоғам қайраткері,   жерлесіміз  Сыдықов Ерлан Бәтташұлының атынан  залда отырған үлкен аналардың иықтарына ақ жаулықтың жабылуы мереке ажарын аша түсті. 

Кезек мерекелік концертке ұласып, халықаралық фестивальдардың лауреаты Нұрбек Өмірбеков «Абайдың елі» әнін асқақтата орындаса, Республикалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қайрат Қабышев Абай бабамыздың «Сегіз аяқ» әнін шырқап көрерменнің құлақ құрышын қандырды. 

Қасиетті Абай жерінен шыққан ақын, ғалым, сазгер, қоғам қайраткерлері, меценат, өнер иелері қаншама! Солардың бірі де берегейі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты,   бүгінде Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, Архат ауылының тумасы,  ақын жерлесіміз Қалқаман Сарин аналарға арнаған жыр шумақтарын оқып берді. Ал Н.Тілендиевтің күйіне қойылған «Аққу» биін билеген «қаламқастық» бишілерге көрерменнің  ыстық ықыласы ерекше болды.

Сахна төрінен орын алған  тағы бір жерлесіміз, әнші, өнертанушы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі  Кенжеғали Мыржықбай  «Бақыт құшағында» және «Маржан қыз» әндерін  тарту етті. 

Жасынан домбыраны жанына серік етіп, жиырма жылдан астам уақыт аралығында айтыс өнерінде қара сөзден қамшы өрген, талай республикалық жыр додаларында топ жарған арқалы ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті - Серікзат Дүйсенғазы да  жыр маржанын төгілтті.

Лена Әбдіхалықованың «Өмір деген» әнін нақышына келтіре шырқаған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тамара Көзбаеваға да көпшілік қошеметі мол болды. Астана қаласынан арнайы келген жас әнші, ЕҰУ-нің  студенті  Мөлдір Ерназар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әуелетсе, ЕҰУ қызметкері, «Еуразия» вокалды-инструменталды ансамблінің жетекшісі, Құрманғазы атындағы халықаралық байқаудың лауреаты, танымал күйші, жерлесіміз Айбек Бекбосын мен  танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ән мен күйден шашу шашып көңілдерге шуақ сыйласа, ҚР –ның «Мәдениет саласының үздігі» Жанат Хайсина «Өсиет»  термесін орындап, ұлттық киім нақыштары айшықталды. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Абай ауданының құрметті азаматы», Шыңғыстаудың бұлбұлы  Бақыт Шағатаева  «Бұлбұл» әнін шырқап жиылған жұртшылық әсем дауыстың әлдиінде тербелді. Концерт соңында жігітерден құралған квинтет қырмызы қыздарға арнап әдемі ән жолдаса, «Қаламқастық» өнерпаздар «Ана» әнімен баршаны тәнті етті.

Осындай тартымды да тағылымды, әсерлі кеш сыйлаған аудан әкіміне, елдің игі жақсыларына ел аналарының алғыстары шексіз.

 

                              ЕЛ МАҚТАНЫ ЕР АҒА ТУҒАН ЕЛДЕ

 

 Аналар мерекесі қарсаңында Абай ауданының және Шығыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» және «Барыс» орденінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, академик-ғалым,  танымал қоғам қайраткері,   жерлесіміз  Сыдықов Ерлан Бәтташұлы да  60 жылдық мерейтойына орай туған жерге ат басын тірей келген еді.

«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінерге жарар ол» деп данышпан Абай бабамыз айтқандай, кейінгі жылдары ғана  «Қаламқас» ансамблінің шығармашылық өрісін кеңейтуге зор үлес қосып, Астана қаласына шақырып,  үлкен концерт берулеріне көмек көрсеткені, барлық шығынды өзі  көтеріп алғандығы Ұлылар еліне деген перзенттік пейілден туған үлкен махаббатының дәлелі іспетті. Сондай-ақ Қарауылда зәулім қонақ үйін тұрғызып, ел игілігіне ұсынғаны да «Туған жерге тағзым» акциясы аясында  атқарған елеулі ісінің жарқын айғағы емес пе?!

Қашанда туған жердің туын биіктетіп, ел абыройын асқақтатып жүрген ұрпақтарын Абай елі әспеттеп, құрмет көрсетіп, төбелеріне көтеруден еш жалыққан емес.  Аудандық мәдениет үйіне иін тіресе  жиылған  Абай елі жұртшылығы  кешегі күні ауданның дамуына зор қызмет еткен,  кемеңгер, текті аға  Бәтташ Сыдықовтың тұяғын тағатсыздана күтті.  Еңбектеген баладан еңкейген  ақсақалына, ақ жаулықты аналарына  дейін «баламыз келеді» деп  елеңдеген  мерейлі күнде  елінің мақтанышына айналған,  күллі Алаш жұртының ақ таңына  балаған  Ерлан ұлдарын көруге асыққан еді.

Осылайша туған жерге деген жүрегі алып-ұшып  Ерлан Бәтташұлы да келді. Қалың қауым  ұлдарын құшақ жая қарсы алды.  Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы құттықтау лебізін білдіріп, иығына  Абайдың бейнесі бар зерлі  шапан жауып құрмет көрсетті.

«Болар елдің батыры бірін-бірі батыр дейді» демекші, ақын Төлеген Жанғалиев текті ұлға,  ғалым інісіне арнап жыр оқыса, М.Әуезовтің тәрбиесін көрген елдің қадірменді ақсақалы Манатай Толғанбаев, туысы Сәкен Есімжанов, майдангер жазушы, ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғастырған  Кәмендей текті атаның ұрпағы, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы  Елдар Оразалин, балалық шақтың базарын бірге татысқан досы әрі  сыныптасы, аудандық білім бөлімінің бас маманы Бектөлеу Имантай арнау жырларын оқып, иығына шапан жапты. Ал, сахна төріне көтерілген бір топ сыныптастары  атынан Зайтуна Ғалымова «арғымақтай жүрісіңнен жаңылма» деп тілек айтып,  ескерткіш сый табыс етті.

Келген қонақтардың қатарынан ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұналбаева,   ақын Маржан Ершу, «Шалқар» радиосының бас редакторы Серік Сейітман, Семейдегі «Абай» мұражайының директоры Болат Тұрысбеков  те  жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Ерлан Бәтташұлын асқаралы 60 жас мерейтойымен құттықтады. Осылайша, «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» дегендей, ұлылардың жалғасы болған Ерлан Сыдықовтай мерейтой иесіне арналған мерекелік кештен Абай елі жұртшылығы  ізгілік пен  сыйластықтың,   мәдени-руханияттың қайнар бұлағынан сусындай тарасты.    

 РУХАНИ ҚАЗЫНАМЫЗ МОЛАЙДЫ                                     

 Кітап - руханияттың кәусар бұлағы. Қай елдің, қай халықтың болмасын оның мәдени деңгейі, сауаты әрине кітаппен байланысты. Абай бабамыз дәлелдеп кеткендей, мәдениеттің шыңы ол - мәртебелі кітап.  Ерлан Бәтташұлы бастаған қонақтар аудандық кітапханаға ат басын бұрып, кітапхана директоры Рыс Молдаханаованың таныстыруынан соң  сыйға тартылған кітаптар  презентациясының куәсі  болды.  

Баға жетпес байлық, үлкен мұра  - 7 000 дана кітапты М.Әуезов атындағы орталық  кітапханаға тарту еткен мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер, дипломат, ғалым,  Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым министрі, бір туар жерлесіміз  Тайыр Аймұхамедұлы Мансұровтың есімі Қазақстан, Ресей мемлекеттеріне жақсы таныс.

Кітапхананың бір бұрышына эстетикалық талғамға сай әсемделіп, көркеліп жинақталған 7 000 дана кітап көздің жауын алады. Абай еліне деген осынау зор құрметтің иесі Тайыр Мансұров жайлы қысқаша тоқталар  болсақ, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі болған, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметтеріне тағайындалған. 2003-2007 жылдары солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған. Бірнеше монографиялық еңбектердің авторы. ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерімен, Ресейдің «Достық» орденімен, медельдармен, Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым министрі лауазымын атқарады.  Саржал ауылындай  ата –бабасының шыққан жерін, олардың рухтарына тағзым етіп жүретін текті ұрпақтың осынау сыйы абайлықтарды зор қуанышқа бөлегені хақ. Әрине, Ерлан Сыдықов, Ғарифолла Есім, Нәубат Қалиев, Әуезнұр Қаженов, Еркін Байғабыл, Серікзат Дүйсенғазы, Қалқаман Сарин, Ерлан Рысқали, Айбек Бекбосын сынды тағы бір топ қонақтар мен оқушылар қызыға да тамсана тамашалаған кітап әлемін  кітапхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Оразова Серікгүл Әбенайқызы  түсініктеме бере отырып, таныстырып өтті. «Бұл өте құнды кітаптар»,-дейді ол. «Атап айтсақ, ғалымның Мәскеуден басылып шыққан «Қазақстан Президенті Н.Назарбаев. Мәңгілік достық стратегиясы Қазақстан- Ресей» атты үш тілде шыққан кітабына байырғы достығы ажырамаған көршілес Ресей мемлекетінің бұрынғы президенті Б.Ельциннің хаты бұл үлкен еңбекке зор баға бергені айғақталып тұр. Ірі саясаткер  Қазақстан-Ресей қатынастары туралы көптеген маңызды монографияларды  жазды. Соның бірі «Қазақстан және Ресей егемендену кірігу стратегиялық әріптестік тәжірибесі» атты кітап 1999 жылы Қазақстан баспасынан аудармамен жарық көрді. Сондай-ақ қазағымыздың алты Алаштың ардақтысының бірі, елші Нәзір Төреқұловтың өмірі мен өнегесін жарқыратып жазып, кейінгі ұрпаққа керек алтын қазынаға айналып тұр. Өзінің еңбектері мен өзге ұлт әдебиеті мен мәдениетінің інжу-маржандарының кітаптары, атап айтсақ, ұлы Абай бабамыздың, жыр алыбы Жамбылдың, мақтанышымыз Мағжанның шығармалары бар», - деді ол сөзін жалғастырып.

Кітапхананың бір бұрышына жинақталып қойылған Ерлан Сыдықовтың  шығармалары да рухани құндылығымызды паш еткендей. Сыйға тартқан кітаптары да бір төбе.  Осыдан соң тілектестік білдірушілер арасында  Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Мұналбаева Үмітхан Дәуренбекқызы және  философия кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім жылы лебіздерін білдіріп, пікірлерін айтып өтті. Осы игілікті шараға мұрындық болып келген Ерлан Бәтташұлына халқы дән риза еді. Алғыс арқалаған  қонақтарға арнап «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірттері жыр арнаса,  аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы кітапханаға 7000 дана құнды кітаптар тарту еткені үшін Тайыр Мансұровты «Алғыс хатпен»  марапаттап, аманат етіп тапсыруды ұсынды.

Бүгін бізде ұлан-асыр қуаныш,

Жыл құсындай жетті бізге жылы ағыс.

Кітапхана қоры мыңдап көбейді,

Тайыр атам тағы жасап ұнар іс.

Мұрындық боп игілкті шараға,

Мол қуаныш сыйлап тұрған балаға.

Мақтанышы ұлы Абай елінің,

Мың сан алғыс Ерлан сынды ағаға.

Мұналбаева Үмітхандай апамыз,

Сізге де біз жырдан шашу шашамыз.

Астанада арқа сүйер сіз барда,

Кітап іздеп кімге алақан ашамыз,-деп жырдан бұлақ ағызған Диана, Жалғас, Іңкәр сынды жас ақындарға қонақтар қошеметі мол болды. Барлық оқушыларға қолтаңбаларын беріп, ағалық баталарын арнаған қонақтар  ұлылар еліне келген  сапараларын ауданның  тарихи-өлкетану мұражайын тамашалауымен тәмамдады.

 

  1. S. Өткен аптаның дидары осындай болды. Рас, мерекелік күндерге дөп келген бұл мерейлі шаралар Абай елінің руханият саласын тағы бір мәрте байытып, жаңа белеске шығарды десек қателеспейміз. Бұл ретте аталмыш игілікті іс-шараларды өз деңгейінде ұйымдастыра білген аудан әкімдігі мен ауданымыздың көзіқарақты зиялы қауымының да қосқан үлесі мол екені даусыз. Түйе айтсақ, бұл күндердегі орын алған игілікті іс өңіріміздің бүгінгі буын өскелең ұрпағы үшін һәм ертеңіміз үшін де керек-ақ. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, астана шаһарынан ат терлетіп келген Ерлан Бәтташұлының 60 жылдық мерейтойы осылайша Абай елінің абыройын тағы бір мәрте еселеді.

Сыйластығымыз сарқылмай, көрер қызық-қуаныштарымыз таусылмасын, ағайын!

 Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»                     

 

           

 

Page 4 of 7

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар